Өлең, жыр, ақындар

Жыр қыраны - Жұбан ақын

Сервис және жаңа технологиялар колледжі
Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің
оқытушысы Джумагалиева Жанар Крыкбаевна

Сабақтың тақырыбы: Жыр қыраны - Жұбан ақын

Мақсаты:

Білімділік: Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығын меңгерту, жеке тұлғасын таныту, ақын шығармашылығына қызығушылықтарын ояту.

Дамытушылық: Оқушылардың ой – белсенділігін арттыру, шығармашылық ізденіске бағыттау, ізденімпаздылық қасиеттерін арттыру, ой шеберлігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру.

Тәрбиелік: Ақынның шығармаларын талдай отырып, мейірімділікке, сезімталдыққа, ұлтжандылыққа, адами қасиеттерге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Конференция сабақ

Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, баяндау.

Пәнаралық байланыс: Тарих, география

Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, ақынның суреті, өмірбаяны, естеліктері бейнеленген  слайдтар.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру бөлімі:

ІІ. Жаңа сабақ

«Ешқашан елден оқшау жүрмедім мен,

Тәж – тақ та іздемедім жер – көгінен

Ақын аз, ақын болып күнелткен көп,

Сақтасын сондай көптің дүрмегінен».

                               Жұбан Молдағалиев

Кіріспе.

Халықтың рухани бай, әдеби мұрасынан күш – қуат алған Жұбан қазақ әдебиетіне, қазақ поэзиясына  шалқар шабытпен, қаламдас достарының ішінен ерекше өз үнімен оқшау келген дара тұлға.Олай болса,  жерлес ақынымыз туралы оқушылардың өз беттерімен ізденіп, тереңірек білу мақсатында ұйымдастырылып отырған «Жыр қыраны-Жұбан ақын» тақырыбындағы конференция-сабаққа қош келдіңіздер.

1-оқушы.  «Ұмытар ма өз елім» (Ақынның өмірбаянына шолу)

Елжандылық – ақыл, ой-сананың, табанды тәрбиенің жемісі. Бұған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біз Қазақстан барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз»,-деген стратегиялық даму бағдарламасында айтылған сөзі дәлел.

Жайық – арғыны айтпағанда, қазаққа Исатай мен Махамбетті, Құрманғазы мен Динаны, Мәншүк пен Әлияны, Роза Жаманова мен Қадиша Бөкееваны, атақты суретші Сәкен Ғұмарды, ақындарымыз Қадыр, Тайыр, Сағынғали, Ақұштап Бақтыгерееваны, Жұбан Молдағалиевты сыйлаған қасиетті өлке.

Жайық – ел тарихында биіктен көрінер ұлы тұлға, «қазақпын» деуге ұлтшыл атанудан қорқып, көбіжалпақтап жүрген заманда, «Мен қазақпын» деп жариялап келген, өмірде де, поэзияда да оңай жол іздемеген, қазақтың халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, ақын Жұбан Молдағалиевтің кіндік қаны тамған жер. Қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген, кешегі кеңестік идеологияның жалын атып тұрған кезінде:

                     Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген

                     Жөргегімде таныстым мұң тілімен

                     Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

                     Қуанғанда күлкімнен түн түрілген, -

деп тұтас бір ұлттың атынан әнұранға пара-пар поэма жазған, ең алдымен ақындығымен, азаматтығымен, қайсарлығымен талайды тәнті еткен, көзінің тірісінде-ақ қазақ өлеңінің жыр-дариясы атанған Жұбан Молдағалиев Қазақстанның кең байтақ даласынан алақандай ғана орын, ару да, асау Ақжайықтың жағасында орналасқан Жыландыда қазан айының 5 жұлдызында дүниеге келген.

Ақынның шежіресімен таныстырып өтейін. 

 Жұбан Молдағалиев елімен бірге есейіп, халқының қарышты қадамдарын  көзімен көріп, қаламына арқау еткен қаламгер. Ол қашанда туған жерін, «Ақжайық-Тайпақ менің туғам жағым,

Сайқұдық ауылында өтті балғын шағым»,- деп өскен ортасын есіне алып, «елім, жерім» деп аңсап, ат басын туған ауылына жиі бұрып тұрған. 

Балалық, жастық шағы Сайқұдық деген жерде өтті. Мектептен кейін Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқыған. 1940—1947 жылға дейін әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әскерден оралғаннан кейін түрлі қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен айналысады. "Жас алаш", "Қазақ әдебиеті" газеттері мен "Жұлдыз" журналы редакцияларында жұмыс істейді. 1953-1954 және 1963-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, 1958-1956 жылдары «Жұлдыз» журналының Бас редакторы болды. 1979-1988 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметінде жүріп те, шығармашылықтан қол үзбей, өнімді еңбек етті.

Жүргізуші: Ж.Молдағалиев әртүрлі тақырыпта қалам сермеген ақын. О дүниелік болған анасы Зеріпке  арнап шығарған «Түсімде көрдім, анажан» өлеңі. Оқитын Ахметқалиева Гүлия

«Софияға» өлеңі. Оқитын Алғалиев Даурен

2-оқушы. «Жайығың тыныстайды жырларыңмен......»  (Ақынның шығармашылығына шолу)

Ақын туған өлкесіне келген сайын өзі өскен ортаның өткені мен бүгінгісін салыстыра қарап, қай жақта жүрсе де өзі туып өскен жерлестерінің мерейін өсіріп, жігерін тасытып тайпақтықтардың жүрегіне жылы тиер өлеңін, талай жылы жүздесулер, қымбат кездесулер қалдырған екен. Жұбан әуелі өзінің кіндік қаны тамған топырағын, туған жерді қастерледі. «Отан – отбасынан басталады» деген қағиданы естен шығармады.

«Жағаңда тұрмын, Жайығым»-өлеңінде

Жағаңда тұрмын, Жайығым,                  
Кесермін, сенен бас танса.
Туған жер қандай жай ұғым,
Отан да содан басталса?

Жағаңда өстім, Жайығым,
Анау бір қайың жас талша.
Кешерсің көздің айыбын,
Еріксіз бірер жас тамса –

деп ақын, туған, өскен жерге деген сағыныш сезімін өзен, толқын, т.б. нақты, дәл берілген суреттер арқылы оқырманның көз алдына келтіреді. Жайықтың әсем көрінісі өрнектеледі. Енді мына бір өлеңінде,

Тайпағым менің, Тайпағым,       

Көңілдің кездім байтағын
Саған мен дәйім баламын,
Анам деп саған айтамын.
Жаяулап қалса қаламым,
Жыр мініп сенен қайтамын,-деп ақындық шабытты туып өскен жерінен алады.                             

Ақынның тұңғыш жинағы "Жеңіс жырлары" деген атпен 1949 жылы жарық көреді. Адуынды жырларымен  ұлттық әдебиет әлемінде тез танылады. Жұбан - өзінің атақты "Мен - қазақпын" деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол - Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Сондай-ақ, азаматтық намыс, кек, елге, жерге деген сағынышқа толы болды. Осы ерекшеліктер Жұбан Молдағалиевтің 1949 жылғы "Жеңіс жырлары" кітабында анық байқалады.  Алғашқы жырларынан-ақ Жұбан жалаң ұраншылдыққа берілмей, адамның шынайы көңіл күйін, сезімін қоршаған ортаның шындығымен астастыра жырлайды. Сондай-ақ,

Ақын Үнді еліне барған бір сапарында Одақтың гимнін қазақтың қара домбырасымен орындап береді. Ол туралы мақтанышпен былай дейді:

Ол маған ұқтырып та үлгермеді,
Мінекей, залды ғажап үн кернеді.
Гимні ұлы Совет Одағының
Құйылып домбырада күмбірледі.
Жүреміз қолда барды күнде елемей...
Ерекше естілді бұл күй телегей.
Домбыра шықса әлемнің сахнасына,
Немене, Ол Одаққа гимн емей?

Сол кездің өзінде шетелдің төрінде қазақтың қара домбырасын сөйлете білген ерлігіне бас иеміз. Жұбан жыры тереңдік пен биіктіктің өлшемі. Жұбан жыры жоқтықты - тоқтыққа айналдырған, шалқар кеңдікті -кемеңгерлікпен толықтырған, жалғызды топқа, топты торқалы тойға ұластырған ұлылық пен ізденістің айғағы.   

Ақын өлеңдерінде кездесетін Төке, Василийлер қаламдас достары болса, Бисен Досқалиев көп жылдар Базартөбе совхозын басқарып келген ақынның ауылшаруашылық техникумында бірге оқыған досы.

 Туған жерге арналған өлеңдерінің бірі-«Базартөбе» Оқитын Климова Бибігүл

 3-оқушы. «Ұлы аманат етейік еркіндікті...» («Мен қазақпын» поэмасына талдау)

Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы - "Мен  қазақпын" поэмасы (1964). Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік -дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді. Бүгінде бұл өлеңді білмейтін жан жоқ.

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен  қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен, — деген өлең жолдарынан-ақ ақынның қазақтық азаматтық, патриоттық намысын бірден танимыз. Өзінің "қазақ" екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы - оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз.

Бұл поэмада ақын қазақ халқының басынан кешірген небір қиын кезеңдерді суреттейді. Ақын қазақ халқының сан ғасыр бойында ауыр азаппен өткен тағдырын еске түсіреді. Қазақ елінің талай шапқыншылыққа ұшырағанын, бірақ халық бәріне төтеп беріп, өзін қорғай білгенін, елдігі мен салтын, ұлттық қасиетін сақтап қалғанын мақтана, асқақтата жырына қосады.

..Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,                                
"Мен  қазақпын" дегенді айта тұрдым, -  деп, оқырманды жігерлендіре түседі. Ерлік, қарсылық, күш, қуатты жырға қосып, "құласа да қайта тұрып" өзінің қазақ екенін тағы да жүрек жара, жан даусымен қуана, шаттана жеткізеді. Енді бірде қазақтың ән-күйінің құдіретін өзгеше бір үнмен суреттейді:

....Күй емес пе, ботасыз нар идірген?                                 
Ән емес пе, аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда қалайша тарылды іргем? — деп, қазақ халқының ән-күйі мен жырының өзіндік ерекшелігін, даралығын паш етіп, мұндай өнері бар халықтың ешқашан мойымайтынына үлкен сенім артады. Поэманың келесі бір шумағында ақын:

Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,
Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.
Кең далаңда керіліп, атыңды атап,
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді... - деп, қазақ халқына жаңа заманға сай болуға, еркіндікті, елдікті, бірлікті сақтауға үндейді. Елі үшін құрбан болған Әлия, Мәншүк, Төлегендерді жырына қосып, олардың ерлігін, олар бастаған жол, халық бақытының түп қазығы болғанын суреттей отырып, олардың ісін жалғастырушы бүгінгі ұрпақ екенін мақтан ете жырлайды. Мерейі өскен бүгінгі бақытты халқымыздың қуанышы жыр боп төгіледі. Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, осы азаттық жолындағы "мың өліп, мың тірілген" кездерді еске алғанда ақын арманы поэма шумақтарынан анық байқалады.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті,
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең.
"Қазақ болу - зор бақыт" дер күн тіпті... - деген өлең жолдары бүгінгі "егемендікті" жыр еткендей әсерге бөлейді. Ақын болашаққа сенеді. Сондықтан да ол ақынша желпіне, көңіл күйдің ырқына беріле жырлайды. Енді бірде ақын:

Мен  қазақпын қаныммен, сүйегіммен.
Сән-салтанат, салтымды сүйемін мен,
... Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып.
Қазақстан гербі де, жалауы да, - деп шаттанады, қазақ елінің ешкімнен кем емес екенін дәлелдей түседі. Ақын өз жырының елі үшін ешқашан таусылмайтынына ерекше қуанады.

Мен — казақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске -
Айта бергім келеді, айта бергім,- деген өлең жолдары бүгінгі күн үшін айтылғандай сезіліп, ақындық даңқын көтере түседі.

Ж. Молдағалиевтің поэмалары бүкіл одақ көлеміндегі үздік еңбектердің қатарында бағаланып, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Оның шығармаларында қазақтың ұлттық мінезі, сипаты терең ашылып бейнеленді.

Жүргізуші: «Қазақ тілі» өлеңі.  Оқитын Атуов Нұрсұлтан

4-оқушы. Суреттер сөйлейді «Естеліктер»

Ақынмен 40 жыл отасқан жары София Молдағалиева:

Менің арманым – Жұбақаң өлеңдерінің толық томын шығаруға бас-көз болу еді. Әдеби мұраға деген жауапкершілік менің мойнымда ғой. Қазір Жұбақаңның әдеби мұрасының шырақшысы болып отырған жәйім бар.

Балаларым да, өзім де Жұбақаңның жаңа кітаптарының халқымен қауышуына қызмет етеміз,- десе, жерлес ақын апамыз

Ақұштап Бақтыгереева «Ерлікті көзбен көрген күн» өлеңінде:

Тастайтын талай өлең жазып бүгін,
Білмеймін өліміңе жазықты кім?...
Өзіңді өжет қазақ деп жүргенде,
Сезбеппіз жүрегіңнің нәзіктігін.
Дейміз-ау ерте үзілді бекер демің,
Бір жырлап мына өмірді кетер ме едің,
Соғыстың төрт жылына төтеп беріп,
Бір күнін Желтоқсанның көтермедің.
Ақынға жараспайды өлді деген,
Қалды ма лайланып мөлдір өлең.
Жүрегің жазылар ме ед көрсең егер
Көк туын еркіндіктің желбіреген!-деп жан тебірерлікпен жырлайды.

1990 жылдың қыркүйек айында Өлеңті ауылында Жұбан Молдағалиевтің 70 жыл толуына арналған мерейлі мерекеде сөйлеген жерлес ақынымыз С.Сейітов:

Кешір мені, кешіре гөр Жыланды
Мен қаншама болсам-дағы шыдамды.
Топырағыңа тиген шақта табаным,
Көзім мөлт-мөлт, моншақ шықпен шыланды.
Шыланбады, ағыл-тегіл бұланды,
Серпе алмадым жанарымнан тұманды.
Кешір мені, келе алмадым ертіп мен.
Дара дарын, дана ұлың Жұбанды.-
деген жан тебірентер жолдарын оқығанда залда отырған жерлестеріміз тіпті толқып, теңселіп кеткен-ді.

Жұбан Молдағалиевтің 80 жыл толуына арналған мерейлі мерекеге арнаған жыр жолдарында жерлес ақынымыз Қадыр Мырза Әлі

 «Жұбан ағаның рухымен сырласу»:

Тебіреніп тобылғы мен тораңғы,
Туған жердің шуағына орандың.
Азамат боп кетіп едің бір кезде,
Ауылыңа ескерткіш боп оралдың!
Өтті заман көлеңкеден қорыққан,
Өтті заман құса болған,
Торыққан,
Қақырамас сауыт киіп мәрмәрдан
Қайтқандайсың елу жылдық жорықтан!

Қайсар ақын өмірден өтсе де, оның оқырманы, жоқтаушысы, Ақұштап Бақтыгереева, Үзілдік Елеубаева, Сағынтай Бисенғалиев, Тлес Жазықбай сияқты  ізбасарлары бар. Бүгінде ақынның туған жерінде біз білмеген жұмбақ сырлары мен жайттарды зерттеп «Жұбантану» курстарын жүргізіп жүрген ақынның шәкірті-Үзілдік Елеубаева апамыз бар.

Қорытынды. «Жұлдызды Жұбан ақын» қадірлі азаматымыз, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев рухына бас ие отырып «Азамат адамгершіліктен ғана жаралады», «Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын, ата мирас мәңгілік дүние боп» - деген Жұбан сөздерімен аяқтағым келіп отыр.

Жағаңда тұрмын, Жайығым

Жағаңда тұрмын, Жайығым,                  
Кесермін, сенен бас танса.
Туған жер қандай жай ұғым,
Отан да содан басталса?

Жағаңда өстім, Жайығым,
Анау бір қайың жас талша.
Кешерсің көздің айыбын,
Еріксіз бірер жас тамса.

Жағаңда тұрмын, Жайығым,
Қалаға кірген жарқабақ.
Біз білген сусыз сай ығын
Жайлапты жасыл алма бақ.

Анау ғой сірә Хан тоғай,
Жаңа атын кешір білмеймін.
Өтті ғой менсіз таң талай,
Жас талға жатпен бір деймін.

Жұбаным, деші, Жайығым,
Жасықсың деме, жас тамса.
Туған жер қандай жай ұғым,
Отан да содан басталса!?,

ІІІ.Ізденіс шеберханасы  «Берейін өмірімнен өлең арнап»

Ізденіс шеберханасы “Берейін өмірімнен өлең жасап”

1.Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу, талдау

Поэманың аты

Идеясы

Өлеңдегі ақын мінезінің көрінуі

“Жыр туралы жыр”

Қиындықтан қорықпау,өзіне деген сенім

Өр, қайсар мінез,

табандылық, алға ұмтылу

“Туған жер”

Елге деген сағынышы мен ішкі сезімдері

Үлкен жүрек, үлкен махаббат иесі

“Жесір тағдыры”

Әлеуметтік-тарихи теңсіздіктер

Әділдік

“Мен қазақпын”

Тіл мәселесі. Елдегі бұрыс көзқарас

Өткірлік, шешендік

2. Жұбан поэзиясына қандай анықтауыштарды таңдар едің?

1. Шынайы
2. Шыншыл
3. Тура  т.б.

3. Ақпарат-карточкалармен жұмыс

Көп нүктенің орнына қажетті сөздер мен сөз тіркестерін қойып жазу қажет)

А) Ж.Молдағалиев .........................    дүниеге келген.

ә) Ж.Молдағалиевтің ақын,азамат болып қалыптасуына  .............           әсер етті.

б) 1964 жылы поэмасы ......................... деген атпен жарық көрді.

в)  Ақын өлеңдерінің тақырыбы   .........................................

г)       ............................ Жұбан мәңгілікке көз жұмды.

д) Ақынның  ........................ поэмасы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған.

Сабақты қорыту

Бағалау


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз