Өлең, жыр, ақындар

Абай - дана, Абай - дара қазақта

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы
№24 жалпы орта білім беретін мектебі
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Кульмагамбетова Назира Советовна

Тақырыбы: «Абай - дана, Абай - дара қазақта» (дөңгелек үстел)

Мақсаты:

а/ Оқушыларды Ұлы ақынның балалық және жастық шағы, өскен ортасымен таныстыру. Ақындығы мен композиторлығын таныту. 
ә/ Абай шығармашылығын сүйіп оқуға, өмірін, қасиеттерін үлгі ете отырып, білім-ғылымға құмарлығын арттыру.
б/ Жас ұрпақты Абай шығармашылығын танып өсуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: А.Құнанбаев суреті, ақын туралы айтылған қанатты сөздер, слайд, Абай өмірі мен шығармашылығы туралы бейнематериал "Абайдың мұражай-үйі"
Өту барысы:
1-жүргізуші:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес.
Ол бірақ қайтіп келіп ойнап – күлмес.
Мені мен, менікінің айырылғанын,
“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған – дегендей, бүгін біз артында өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақын атамыз – Абай Құнанбайұлы
туралы сөз қозғамақпыз.

2-жүргізуші:  Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: “Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс “деген екен.

1-жүргізуші: Ұлы ағартушы , ақын, сазгер Абай өмірінің соңына дейін қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті. Ендеше, ұлы ақын  Абай  Құнанбаевтың туып - өскен жері, білім алған жерлері туралы не айта аласыздар?

1-оқушы: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамыз күні Семей өңірінің қазіргі Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Абайдың шын аты Ибраһим. Әжесі еркелетіп «Абай» деп атап кеткен

2-оқушы:Ауыл молдасынан  арабша сауат ашқан Абайды әкесі он екі жасында Семейге оқуға жібереді. Абай Ахмет-Ризаның медресесінде оқыды. Медреседе  араб, парсы тілдерін жақсы меңгереді. Шығыс ақындары Низами, Сағди, Фзули, Хафиз шығармаларымен танысады. Медреседе оқып жүріп, үш ай «Приходская школада» орысша оқиды.

2-жүргізуші: Ал, ақынның отбасы туралы не білесіздер?

3-оқушы: Абайдың ата-тегі, тәрбиеленіп шыққан ортасы Тобықтының шынжыр  балақ, шұбар төс, ауқатты отбасы болған. Әкесі Құнанбай аға сұлтан, болыс болса, аталары Өскенбай, Ырғызбай атақты, әйгілі билер болған.

4-оқушы: Болашақ ақын жас кезінен өлең, әңгімеге әуес болып, әжесі Зере мен анасы Ұлжан аңыз- әңгімелерін барлық ынтасымен тыңдайтын.

Абай алғаш өлеңдерін досы Көкпай ақынның атымен жариялап жүрген, 1886 жылдан ғана бастап өз атынан шығара бастаған. Абайдың ғылымға, өлең жазуға белсене кірісуі 40 жасынан.

1-жүргізуші: Иә, Абай артына өшпес рухани мол мұра, өзіне өлмес мәңгілік ескерткіш қалдырып кетті. Оның бізге қалдырған мұрасы - поэзиясы. Оның өлеңдері туралы не білесіздер?

5-оқушы: А.Құнанбаев  келешек білімде, оқуда деп ұғынған ақындардың бірі. Жастарды оқытуға бар күш - жігерін салған болатын. Абай шығармаларында ғылым, білім тақырыбы кеңінен қозғалады.

2-жүргізуші: Ортаға осы тақырыптағы өлеңдерді оқитын оқушыларды шақырайық. /білім туралы өлеңдері үш тілде оқылды/

"Ғылым таппай мақтанба"

"Жасымда ғылым бар деп ескермедім"

"Әсемпаз болма әрнеге"

1-жүргізуші: Көріп отырғандай ақын өз өлеңдерінде қараңғылық, надандық, кертартпалықпен күрескен, халық қамын ойлаған, жастарды білімге, еңбекке, өнерге шақырған.

2-жүргізуші: Ұлы ақынның туған жері – табиғаты тамаша Семей жері, Шыңғыс тауының етегі. Осы туған жердің табиғаты, туған отбасы, заманы –барлығы Абайдың сезіміне, жүрегіне әсер етіп, оның ақындығына ықпал етті. Енді өзіміз білетін Абай атамыздың жылдың төрт мезгілін суреттейтін өлеңдеріне кезек берелік. /орысша қазақша ағылшынша/

"Қыс"

"Жазғытұры"

"Жаз"

"Күз"

1-жүргізуші: Ұлы Абайдың мұрасы өте бай. Ол халық туралы ойлаған, болашаққа сенген. Ақын кімдердің шығармаларын қазақ тіліне аударған?

6-оқушы: Абай- данышпан ақын.Абай орыс классиктерінің өлеңдерін қазақ тіліне аударып, халқының игілігіне айналдырды.Абай – ұлттық әдебиетте, оның ішінде қазақ поэзиясында көркем аударманы тұңғыш енгізген екеудің бірі.

7-оқушы: Ақынның әдеби мұрасы ішінде аударма үлгілерінің де өзіндік орны мен салмағы бар.Сан тілмен келтірсек: аудармаға арналған өмірінің 15 жылында Абай үлкен- кішілі 50-ден астам шығарманы орыс тілінен қазақшаға аударыпты. Ол А.С.Пушкиннің « Евгений Онегин» атты әйгілі шығармасынан 7 үзінді, М.Ю.Лермонтовтан 30-ға таяу өлең, И.А.Крыловтан 12 мысал және басқа да авторлардан 7 өлең шамасында аударған.

8-оқушы: Орыстың атақты жазушы, ақындарын аударуда Абай тек қана қазақ емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде, 1889 жылға дейін Пушкиннің « Онегині» тек Азербайжанда ғана аударылған.Содан кейін аударған қазақ - Абай.

9-оқушы: Абай туралы Л.Соболев былай деді: « Абай поэзиясы қазақ халқын Пушкинмен таныстырады. Пушкин арқылы бүкіл орыс әдебиетімен таныстырады».

10-оқушы: Г.Бельгер айтқан: « Есть имена,которые олицетворяют целую страну, целый народ.При слове Италия в нашем сознании мгновенно вспыхивает Данте. При слове Англия- Шекспир. Со словом Германия неразрывно связано имя Гете, как с Россией- Пушкин. Все истинно казахское вмещается в звучное-Абай.Это как символ.Знамя народа на разноплеменной планете».

11-оқушы: Өзінің ақын болып қалыптасуын Абай ұлылығы әлемдік деңгейде бағаланған А.С. Пушкинмен байланыстырады. Орыс ақыны А. С. Пушкинге жақындауы, екі алыптың іштей ұғынысуы, бірін-бірі тамыршыдай тап басып танып алуында үлкен сыр жатыр.

12-оқушы: А. С. Пушкиннің «Письмо Татьяны к Онегину» өлеңіндегі:

Я к Вам пишу — чего же боле?
Что я могу еще сказать?
Теперь, я знаю, в вашей воле
Меня презреньем наказать.
Но вы, к моей несчастной доле
хоть каплю жалости храня,
Вы не оставите меня.
Сначала я молчать хотела
поверьте: моего стыда
Вы не узнали б никогда,
Когда б надежду я имела
Хоть редко, хоть в неделю раз,
В деревне нашей видеть вас, — деген жолдарды аудару арқылы қазақ жағдайындағы соған ұқсас тағдырлар мұңын жоқтады.

13-оқушы: Татьяна сөзі қазақ даласына ән боп тарады.

Амал жоқ-қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан,
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.,- депАбай  А.С. Пушкин өлеңдерін сөзбе- сөз жеткізбесе де, оның ішкі мағынасын, қыз жүрегінің нәзік сезімін қазақ танымына жақын етіп жеткізді.

2-жүргізуші: Озық ойлы Абай орыс мәдениетін, өнерін, білімін үлгі еткен. Бұл да Абайдың даналығы.

1-жүргізуші:

«Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй» деген ақын «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Татьянаның әні», «Айттым сәлем Қаламқас» сияқты әндер шығарып музыка өнерінің дамуына да үлкен үлес қосты. Ендеше Абай танымындағы ән мен күйге кезек берсек.

"Желсіз түнде жарық ай"

"Көзімнің қарасы" /әндері орындалады/

2-жүргізуші: Абай-ойшыл дегенде біздің есімізге оның қара сөздері түседі. 
Қара сөздері терең ой мен күрделі пікірге құрылған. 
Жақсы мен жаман туралы баяндайды, халқын алға ұмтылуға шақырады. Абайдың 46 қара сөзі бар. Олай болса сол қара сөздерінен үзінді тыңдайық.

(Үнтаспадан қара сөздер тыңдау)

1-жүргізуші: Әр сөзінде астарлы ой тұрады.
Оқысаң, ашылады ой тұманы.
Сүрініп, жығылмауға Абайды оқы,
Абай сөзі – қазақтың бойтұмары

2-жүргізуші: Абай – дара, Абай – кемел, озат та,
Жол салады әр өлеңі ғажапқа!
Бар жазғаны даналық боп саналған,
Жалғыздардың жалғызы ол – қазақта,-демекші, ұлы
Абайдың тарихымызда, әдебиетімізде алар орны қандай деп ойлайсыңдар?

14-оқушы: Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады.

15-оқушы: Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған.

16-оқушы: Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.  Ал биыл ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойы аталып өтпек.

1-жүргізуші: Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Абай болашақ ұрпаққа, яғни сендерге сөзін осылай арнады. Бұл өзі сүрген ғасырдан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жақын болашаққа сенімді жол салған ақынның сөзі еді. Ол жарқын болашаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті.

2-жүргізуші: Ол жол ғылым, білім, өнер, мәдениет жолы еді. Абайдың «даналығы» да осында. Ал «дара» деген себебіміз сол заманда көзі ашық, көкірегі ояу, түрлі тілді меңгерген қалың қазақ арасында жалғыз Абайдың өзі болды. 

1-жүргізуші: Бүгінгі дөңгелек үстелге ат салысқандарыңызға рахмет. Абай Құнанбайұлының өмірінен сыр шерткендеріңізге көп - көп рахмет! Енді Абай өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер бейнематериалдарды тамашалаңыздар.

2-жүргізуші: Назарларыңызға рахмет. Келесі кездескенше сау болыңыздар!


Пікірлер (2)

Жанна Молдабекова

Рахмет үлкен мына іс шарадан мен өзіме көп мағлұмат алдым
Шара өье дұрыс құрылыпты

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз