Қызылорда қаласы
Үш тілде оқытылатын мамандандырылған сыныптары
бар дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің
психологы: Даниярова Мереке Султанбекқызы
Тренинг-сабақтың тақырыбы: «Мамандықтың бәрі жақсы, қалауыңша таңдап ал!»
Тренинг-сабақтың мақсаты: Оқушы жеке тұлғасының бәсекелестік қабілетін, өзінің қалауына сай белгілі бір еңбек әрекетіне дайындық білімділігін қалыптастыру. Оқушының түрлі еңбек жағдайына араласуға деген тәрбиелік ұмтылысын қалыптастыру. Оқушылардың шығармашылық, сауаттылық белсенділігін дамыту. Оқушыларға алдағы уақытта заман талабына сай дұрыс мамандық алу үшін бағыт-бағдар беру. Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы болатындығын жете ұғындыру. Мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу.
Көрнекілігі: слайдтар, нақыл сөздер, қима қағаздар, түрлі–түсті жіп орамы.
Жоспар:
І. Кіріспе сөз
ІІ. Мамандық таңдаудың қыр-сыры (тренингтер)
ІІІ. Қорытынды сөз
І. Кіріспе сөз
Кіріспе сөз: Құрметті қонақтар және мектеп оқушылары! Бүгінгі өткелі отырған «Мамандықтың бәрі жақсы, қалауыңша таңдап ал!» деп аталатын психологиялық тренингке қош келдіңіздер!
Профессия- латын сөзінен шыққан , “professio”- анықталған іс, мамандық дегенді білдіреді.
Мамандық- қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі.
Кез - келген саналы баланы «Мен болашақта қандай мамандықты таңдасам екен?» немесе «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген ойлар мазалайтыны анық. Мамандықты таңдау үшін адам, ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз - өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?»- деген сұрақ қойып, соған жауап іздеуі қажет. Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес.
Мектеп – шәкірттерді тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, олардың болашағына даңғыл жол салып береді. Әрбір шәкірттің ертеңіне алаңдаған ұстаз олардың кемел келешектің иесі болуын көздейді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа мазмұн білімнің тұлғаға бағытталуын, олардың белгілі бір мамандықты игеруіне ықпал етуін қамтиды. Сондықтан шәкірттеріміздің өз қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарай жүрек қалауымен жақсы мамандық таңдау жолында бағдарлы білім алып, әрқайсысы дүниенің бір – бір кірпіші болып қалануын тілейміз. Тренигіміздің мақсаты да – осы. Болашаққа дайындықты бүгіннен бастауымыз қажет. Әбу Насыр Әл Фараби: «.... адам кез - келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады»,- деген.
ІІ Мамандық таңдаудың қыр-сыры (тренингтер)
«Мамандықтың бәрі жақсы» тренингі
Тренинг мақсаты: Оқушылар мамандық түрлерін, олардың атқаратын қызметтерін, адамға пайдасын, жақсы жақтарын талдап, саралауға үйреніп, меңгереді.
Жүргізілу барысы: 10 оқушыны ортаға шығарып, олардың қолына бір-бір парақтан беріп, алдында тұрған оқушының арқасына сүйеніп парақта жазылған мамандық бойынша, сол мамандықтың жақсы жақтарын, сол мамандық жайлы мағлұмат жазу
Нәтижесі: Жаңа мамандық түрлерімен танысады және олардың өмірдегі орнын біледі.
«Мамандық сыры» тренингі
Тренинг мақсаты: Оқушылардың көзбен көруін және ым-ишараларын, диаспарантты рецепторларын дамытуға бағытталған тренинг.
Жүргізілу барысы: 2-2-ден оқушыларды кезегімен шығарып, бір оқушыға құлаққап (наушник) беріп, екінші оқушыға таратпаны (карточка, мамандық аттары жазылған) таратып ойнатылады.
Нәтижесі: Абстракциялық ойлауы дамиды.
«Қойма (бункер)» тренингі
Тренинг мақсаты: Оқушыларға мамандық таңдауда олардың негізгі түрлері, классификациясы белгілері, мамандық тобы, таңдау әдістері туралы білімдерін, түсініктерін кеңейте отырып, мамандықтарға деген ынта – ықыласын, қызығушылықтарын арттыру.
Жүргізілу барысы: 12 оқушыны ортаға дөңгелек үстелге шақырып, қолдарына парақша таратып, сол парақ бойынша өзін бункерден шығу жолдарын қарастыру қажет. Шарты: Бункер жер астында орналасқан. Бункерден тек 4 адам ғана шығады.
1. Мен-военный (әскери) адаммын. Мен тәртіпті ұстаған және сіздерге дұрыс бағдар беріп, жол көрсетеін адамның бірі мен. Сол үшін осы қоймадан сіздерді алып шығатын адамның бірден-бірі мен. Сол үшін маған дауыс беріңіздер.
2. Мен – дәрігермін. Сіздер осы қойнаудан шығамын дегенге дейін алдарыңызда бірнеше кедергілер келіп, жарақат алуыңыз мүмкін. Сол кезде жараңызды таңып, алғашқы көмекті беретін адамыңыз мен. Сол үшін мені таңдаңыздар.
3. Мен – психологпын. Менің көмегім арқылы сіздер стресске түспей, аман–есен жер бетіне шығасыздар. Сол үшін мені таңдаңыздар.
4. Мен – журналистпін. Бункерден шыққаннан кейін, сіздер жайлы, елдің жасынан, кәрісіне дейін жүректі тебірентер мақала жазып, атақ-абыройларыңызды шығаратын мен боламын. Сол үшін мені таңдаңыздар.
5. Мен – тігіншімін. Осы бункерден қанша жылда шығатынымыз белгісіз. Сол себепті, жыртылған киімдеріңізді жамап, тігіп беретін адамдарыңыз менмін. Мені таңдаңыздар.
6. Мен – бизнесменмін. Жер бетіне шыққаннан кейінгі өмірлеріңізді ойлаңыздар. Мені таңдасаңыздар, материалдық жағынан жер бетінде көмектесемін.
7. Мен – мұғаліммін. Жер бетіне шыққанда сіздердің балаларыңызға саналы тәрбие, сапалы білім беремін. Мені таңдаңыздар.
8. Мен – аспазшымын. Мен сіздерге осы бункерден шығамын дегенге дейін тамақ әзірлеп, күш-қуаттарыңызды арттырамын. Мені таңдаңыздар.
9. Мен – үй шаруасындағы 8 баланың анасымын. Мен сіздерге тігін де тігемін, тамақты да әзірлеймін. Балаларыма баруға көмектесіңіздер, бұл жерден мен де шығайын.
10. Мен – заңгермін. Жер бетіне шыққанда заң жағынан сіздерге көмектесемін.
11. Мен – археологпын. Мені таңдасаңыздар өкінбейсіздер. Зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, тез бункерден шығу жолын қарастырамын.
12. Мен – әншімін. Мені таңдасаңыздар мен сіздердің көңілдеріңізді көтеріп, стреске де түсірмей, жақсы көңіл – күй сыйлаймын. Мені таңдаңыздар!
Нәтижесі: Әрбір оқушы өз мамандығын қорғап, басқа мамандыққа сыйлата білуге үйренеді.
«Мамандығым-мақтанышым» әдістемесі
Әдістеменің мақсаты: Оқушылардың қандай–да болмасын жағдаяттан шыға білу қабілетін дамыту. Мамандығының қыр-сырын меңгеруге баулу.
Жүргізілу барысы: 5 жағдаятты, 5 оқушыға беріп, осы жағдаяттан шығу жолын іздеуге баулу және рөлдік ойынды сомдау (сынып жетекшісінің келбеті).
- Сіз-дәрігерсіз. Ауырған адам сізге келіп, қойған диагнозыңызбен келіспейтінін айтты. Сіздің шешіміңіз қандай?
- Сіз – мұғалімсіз. Сабаққа ата-ана қатысып отыр. Сіз үй тапсырмасын сұрадыңыз, ешбір оқушыңыз дайын емес. Не істер едіңіз?
- Сіз – әншісіз. Сахнадан ән салып тұрсыз, көрермен ұйықтап отыр, бұл сізге ұнамады, не істейсіз?
- Сіз өзіңізге ұнаған мамандықты таңдадың, бірақ ол мамандығыңа ата-анаң қарсы.Сен ол кезде не істер едің?
- Ата-анаң саған бір мамандықты таңдап берді, бірақ ол мамандық саған ұнамады. Сен ата-анаңның шешіміне қарсы боласыз ба?
Нәтижесі: Оқушылар миға шабуыл бағытын меңгереді.
«Менің таңдауым осы» тренингі
Тренинг мақсаты: оқушыларға болашақ мамандық және оқу бағдарын таңдауда көмектесу, мамандық әлемі және оның ерекшеліктері туралы дүниетанымын кеңейту.
Жүргізілу барысы: ортада тұрған орындықтардың үстіндегі сұрақтарға жауап беру қажет. Ол сұрақтарға жауап беру үшін, сол орындықты таңдап, артына тұру қажет.
- Кім дамыған аймақта жұмыс жасағысы келеді?
- Кім көп ақша тапқысы келеді?
- Кім мемлекеттік мекемеде жұмыс жасағысы келеді?
- Кім жұмыс жасағысы келмейді?
- Кім ата-анасының жолын жалғастырғысы келеді?
- Кім бастық болғысы келеді?
- Кім атақты болғысы келеді?
Нәтижесі: өз қалаулары бойынша мамандықты дұрыс таңдай білуге, мақсат қоя білуге икемділіктерін қалыптастырады. (Оқушыларды ортадағы дөңгелек үстелге 15-15 тен отырғызу).
«Менің баспалдағым» тренингі
Тренинг мақсаты: оқушылардың өмір туралы, мамандықтар туралы көзқарасын дамыту, алдағы уақытта мамандық таңдауда дұрыс жолда болуына себепкер болу, таңдаған мамандығының өз бейімділігі мен қабілетіне сәйкес келуін нақтылау, өз-өзін танудың жалпы әзірлігін қалыптастыру.
Жүргізілу барысы: оқушылар алдындағы парақта берілген 7 баспалдаққа болашақтағы өзінің арман, мақсатын жазу.
Нәтижесі: оқушылар мақсат қоя білуге қалыптасады.
«Менің арманым.....» тренингі
Тренинг мақсаты: Оқушының өзі таңдайтын мамандық туралы ойын бір жүйеге келтіріп, өз бетінше шешім қабылдап, өзіндік мақсатын айқындай білу қабілеттілігін арттыру, жауапкершілік, міндеттілік, зерттеушілік әрекетін іске асыру мүмкіндіктерін кеңейту, оқушының тұлғалық және өмірлік өзін-өзі тануын қамтамасыз ететін болашақ кәсіби бағдарына сәйкес дербес дамуына жағдай жасау
Жүргізілу барысы: оқушыларға ақ парақ және қарындаш таратылып беріледі.
- Оқушылар, алдымыздағы парақты басымызға қоямыз. Қарындашпен параққа сурет саламыз. Ол сурет: ЖОО бітіріп, өзіміз қалаған мамандық иесі атанып, сол бойынша жұмысқа орналастық. Ол жұмыс орнымыздың ғимаратын парақтың дәл ортасына саламыз. Ғимараттың жоғарысына Мемлекеттік Туымызды ілеміз. Ғимараттың кірер есігіне өзіміздің суретімізді саламыз. Ал, енді, сол парақтарыңызды алып қараңыздар.
Нәтижесі: оқушылар арманына жетуге ұмтылысы артады.
«Өрмекшінің торы» тренингі
Тренинг мақсаты: Мамандық таңдауда оң шешім қабылдауға, еңбек қуанышын сезінуге, өзінің бойындағы қасиетін тани білуге үйрету.
Жүргізілу барысы: Өрмек жібек құрты жібіне ұқсас, ауада тез қатады, серпімді және жабысқақ келеді. Өрмекті өрмекшелердің кейбір түрі жемін ұстауға, тор құруға, жауынан жасырынатын баспана жасауға, жемін шырмауға қолданады. Сол өрмекшінің торы секілді біз де, бір-бірімізге жылулық сыйлау, көмектесу, қамқор бола білу барысында, жіптен тор құрамыз. Ол үшін, мен жіптің басын ұстап, сіздерге тілек айтамын «Өздеріңіз армандаған мамандыққа түсіп, үлгілі, жеке тұлға ретінде қалыптасуларыңызға тілектеспін!» айтамын да, келесі адамға жіпті беремін. Осылайша кезектесіп жіпті бір-бірімізге береміз.
ІІІ. Қорытынды сөз
Қорытынды сөз: Мамандықты дұрыс таңдау - табысты өмірдің кілті. Сондықтан сіздерге мамандық таңдау жолында адаспай, өмірден өз орындарыңызды тауып, дүниенің бір кірпіші болып қалануларыңызға шын жүректен тілектеспіз
Көк жүзіне алаулы,
Міндет емес ай болу.
Ең бастысы қалаулы,
Кәсібіңе сай болу!
Ең қиын мамандық - адам боп қалу» демекші мамандық таңдауда адаспай, адамдық биіктен аласармай, жақсы азамат болуларыңа тілектеспін.
«Мамандықтың бәрі жақсы, қалауыңша таңдап ал!» атты тренинг-сабағымыз аяқталды. Естелікке барлығымыз плакатқа өзіміздің қолымызды суретпен салып, болашақ мамандығымызды жазып қалдырайық.
Наргиза
Маған өтте пайдасын тйгізді мен өз тәжрибемде қолдандым рахмет!!!