Өлең, жыр, ақындар

«Алтын қақпа» ойыны

Қызылорда қаласы
№101 мектеп-лицей
Бекпенбетова Әсел

Тақырыбы: «Алтын қақпа» ойыны

Мақсаты:

Білімділігі: балалардың ойы дамып, дүниетанымы қалыптасып, нағыз адам болуы үшін, ана тілінде сөйлеу шеберлігін арттырып, сөздік қорын және тіл байлығын молайту. Тіл үйренуге құштар балалардың тілін одан әрі өрбітіп, ойы мен қиялын шарықтатып, сауатын жетілдіру.

Дамытушылығы: оқушылардың тіл мәдениетін, тіл байлығын, сөздік қорын, білім-білік дағдыларын қалыптастыру, ой-өрісін кеңейту, баланың шығармашылық жұмыс істеу қабілетін дамыту.

Тәрбиелігі: оқушыларды ізденімпаздыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: интерактивті тақта

Барысы:

Армысыздар, қадірлі ұстаздар және білім мен өнерге құштар шәкірттер! Бүгінгі біздің «Алтын қақпа» атты жарысымызға қош келдіңіздер!
Бүгінгі шәкірт - ертеңгі азамат. Сол азамат бойында тапқырлықты, алғырлықты қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталады. Бүгінгі білім сайысына 2-сынып оқушылары қатысқалы отыр.

Бүгінгі сайысымызға әділ баға беретін әділқазы алқасымен таныстырып өтейік.
Сайысымыз бірнеше кезеңнен тұрады. Олар:

1- айналым. Таныстыру
2- айналым. «Алтын қақпа» ойыны
3- айналым. «Алтын сандық» ойыны

1- айналым. Таныстыру

Жалғайтын достастырып бар елменен,
Жолдардан тұрады ғой әлем деген.
Бүгінгі бізге келген қонақтарға
Ертеңгілік басталсын сәлемменен - дей келе, бүгінгі сайысымыздың бірінші шартына кезек берейік. Әр топ өзін таныстырып, сәлемдеседі.

- Әділқазы алқасынан бірінші сайыстың қорытындысын сұраймыз.
2-айналым. «Алтын қақпа» ойыны. Ойын үш қақпадан тұрады:
І. Тас қақпа

ІІ. Күміс қақпа

ІІІ. Алтын қақпа

ІҮ. Алтын сандық – «Көне кебеже» (мақал-мәтел).

Үш қақпаны да ашқан топ «Алтын сандықтағы» сұраққа жауап береді.
Әр қақпаға жету үшін тапсырма беріледі. Әр топ 30 секунд уақыт ішінде сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Мықты болсаң - алдағыны басып оз,
Мықты болсаң - арттағыны жеткізбе.
Мықты болсаң - тайғанама көк мұзда,
Мықты болсаң - бөгеттерді бұзып өт – деп келесі сайысымыз - «Алтын қақпа» ойынына кезек берейік.
«Тас қақпа» ойыны. «Тіл тас жарар, Тас жармаса, бас жарар» - дегендей, төменде берілген сөздердің мағынасын ашып көріңдер.

Қауышу – кездесу

Дәуір – тарихи кезең

Бәкі – ашпалы-жаппалы қалта пышақ, шаппа

Дәруіш – дүние қызығынан безген адам

Күзге салым – күзге жуық уақыт

Ғаріп – ауру, мүгедек жан

-Жауап дұрыс берілсе, тас қақпаның есігі ашылады.

 «Күміс қақпа» ойыны. «Ескірмейтін есті сөз»
Жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруда қазақ халқының тыйымдары мен ырымдарының орны ерекше. Бұл халықтық этнопедагогиканың үлкен бір бөлігі. Бұл ырым-тыйымдарды, наным сенімдерді кейде халықтың ұзақ жылғы тәжірибесінен шыққан түсінігіне, кейде қарапайым әдеп қағидаларына жатқызуға болады. Мысалы, адамзаттың алтын бесігі - табиғатқа байланысты: құмырсқаның илеуін бұзба, суға түкірме, көкті жұлма, ысырапшылдыққа жол берме, т.с.с.
(Берілген суретке қарап, сайыскерлер заттың атауын қатыстырып ырым-тыйым сөздер айтып, оның болжамын түсіндіру керек)
1. Аққуды атпайды (киесі ұрады, аққу - киелі құс)
2. Ауылға атпен шауып келуге болмайды (қаралы хабар жеткізгенде немесе ауылға жау шапқанда шауып кіреді)
3. Жақын адамға мысық, ит  сыйламайды (араздасып қалады дейді)
4. Ішінде суы, тамағы бар ыдыстың бетін ашық қалдырмау (тазалық жағынан шөп-шалам, шіркей түсіп кетеді және жын-шайтан жалап кетеді дейді)
5. Суға дәрет сындырма (су – тіршілік көзі)
6. Отпен ойнама (отпен ойнама - күйерсің)
 

«Алтын қақпа» ойыны. «Өткірдің жүзі, Кестенің бізі, Өрнегін сендей сала алмас», - деп ұлы Абай атамыз таңырқап, тағзым еткен де осы қасиетті тіліміз. Келесі кезең – тұрақты сөз тіркестерінің баламасын табу. Мысалы, ит арқасы қиянда – алыста, қызыл кеңірдек болу – дауласу т.с.с.

«Алтын қақпа» сұрақтары
1. Асығы алшысынан түсті – жолы болды
2. Төбесі көкке жетті – қатты қуанды
3. Екі көзі төрт болды - ұзақ күтті
4. Жүрегі зу етті – қорықты
5. Тонның ішкі буындай – жақын, тату
6. Қолтығына су бүрку – қолпаштау мақтап-мадақтап,, айдап салу
7. Жерден жеті қоян тапқандай болу – қатты қуану
8. Жанын шүберекке түю – қорқу
9. Тайға таңба басқандай – анық
10. Аузына құм құйылу – сөзден жеңілу
11. Қой аузынан шөп алмау – момын
12. Таяқ тастам жер – жақын жер
13. Бет - аузына бес ит тойғандай – нас, лас, кір
14. Екі езуі құлағында – қатты қуану
15. Иығынан су кетті – жолы болмау
16. Қас пен көздің арасында – тез арада, жылдам
17. Ат шаптырым жер – алыс жер
18. Қабағынан қар жауғандай - ашулы
 

Алтын сандық

Ғасырлар бойы сұлуланып, салмақтанған асыл сөз, сөз мәйегі - мақал келесі қақпамыздың мазмұны. Дана халқымыздың көне де, көркем мәдени мұрасы-мақалдар мен мәтел сөздер. Мына алтын сандықта сары майдай, көздің қарашығындай сақталған асыл дүние – мақалдар жазылған. Берілген сөздерден қажеттісін қолданып, бір мақал-мәтел шығарыңдар.

1. Шың
2. Тау
3. Төбе
4. Құз
5. Тәуекел
Жауабы: Тәуекел тау жығады.

Қорытынды:   

Өрендер, өрлей берсін өнерлерің,
Айналаң бәрі сенің көрерменің.
Тілеймін дәл осылай барлығыңның,
Тек қана биіктерден көрінгенің.- дей отырып ойынымызды аяқтаймыз.

Ойын барысында әр ойыннан кейін сөз мағынасын дұрыс тапқан оқушылар жұбаныш сыйлықтарымен марапатталады.

Осымен сайысымыз аяқталады.Сөзді қазылар алқасына береміз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер