Өлең, жыр, ақындар

Отан - отбасынан басталады

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Отан – отбасынан басталады.»

Тәрбие сағатының мақсаты:
1) Отбасындағы қарым - қатынас мәдениеті туралы түсінік беру, бақытты жанұяның моделін дайындау;
2) Отбасы - Отанның бір бөлшегі екенін ұғындырып, оқушылардың бақытты жанұяға
деген қызығушылығын арттыру;
3) Жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Үлкенді үлгі, кішіні мақтан етуге, отбасының бірлігін сақтап, жанұяның мақтаны болуға тәрбиелеу.

Тәрбие сағатының әдістері: Топтастыру, Эйлор дөңгелегі, Екі жақты күнделік, РАФТ стратегиясы

Тәрбие сағатының көрнекілігі: нақыл сөздер мен сұрақтар жазылған бетшелер, жүрекшелер, т. б.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:

Оқушыларды отбасының бірлігін сақтап, ата - ананың алдындағы парызын өтеуге, жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отырған «Отан – отбасынан басталады» аталатын тәрбиелік шараға қош келдіңіздер!
Құрметті қонақтар, оқушылар!
Біз бүгін керемет бір ғажайып әлемге саяхатқа барамыз. Ол өзі бір шағын мемлекет. Ол мемлекеттің аты «Бақытты жанұя» деп аталады. Сол мемлекетке саяхат жолында біз көптеген сатылардан өтіп, нәтижесінде барлығымыз бірігіп біз аңсаған «Бақытты жанұяның» моделін жасап шығарамыз. Ендеше, барлығымыз да белсенді түрде қатысайық!
Ал ол үшін, әрине, бірнеше сатыдан өтеміз. Алдымен «отбасы деген не?» деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Адамзат бесігін тербеткен ұя

Үлгі – өнеге бастауы

Жағымды қасиеттерге баулиды

Отбасы - адамзат бесігін тербеткен ұя болса, «Баланың бас ұстазы - ата - анасы». Бұлар балаға отбасылық өмірдің қыры мен сырын, тылсым дүниенің жұмбақтарын танытып, жағымды қасиеттерге баулиды. Себебі, отбасы - таным бесігі, отбасы - үлгі - өнеге бастауы. Ата - ананың үйдегі қарым - қатынасы, киім киісі, мінез - құлқы бәрі - бәрі балаға үлгі. Өйткені, «Қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бала отбасында «Әкеден – ақыл, анадан - мейір алады». «Әке - асқар тау болса, ана - бауырындағы бұлақ, ал бала - жағасындағы құрақ». Осы бір үш сөз әке, ана, бала - отбасы ошағының үш тағаны іспеттес. Бала тәрбиесі - бесіктен. Ертеде бір кісі балалы болып, баласы 6 айға толғанда бір данышпаннан баласын тәрбиелеуді қашан, қалай бастайтынын сұрапты. Сонда әлгі данышпан «Егер балаң 6 айлық болса, онда сен тәрбиені бастауға 6 ай кешігіпсің» деген екен.
Сондықтан да әрбір ата - ана баласына кішкентай күнінен бастап еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін ұғындырып, баланың артық қылығын бақылауға алып, бос уақытына назар аударып, барлық жағдайды жылы сөзбен түсіндіріп отыру керек.

Ал бала да өзін ойландыратын мәселені ата - анамен ақылдасып шешу керек, артық қылықтың ата - анаға әсер ететінін, ата - ананың баласына жамандық тілемейтінін ұмытпау керек.
І. Ендеше, осы аталған қасиеттер біздің осы жерде отырған отбасы мүшелерінен табылар ма екен? Сонымен «Бақытты жанұяға» жетудің алғашқы сатысында ата - аналар ситуациялық сұрақтарға жауап береді. Ал бұл кезде балалар да жазбаша сұрақтарға жауап береді:
Ситуациялық сұрақтар қоры:
1. «Ура, мама, мен бес алдым!»- деп бірінші сыныптың оқушысы өзінің қуанышын жасыра алмай үйге жүгіре басып кірді. Бірақ жылдар өте келе мұндай қуанышты сөздер сирей бастайды. Неліктен?
2. Мектепте озат, үлгілі оқушы үй шаруашылығымен айналысқаннан гөрі бос отырғанды жақсы көреді, ештеңе істегісі келмейді. Оны қалай қызықтыруға болады? Сіздің пікіріңіз?
3. Қызы мектептен келіп анасына: «Сізге маңызды бір нәрсе айтқым келеді»- десе, анасы: «Сенсіз де басым ауырып тұр, мазамды алма»- депті. Сіз қалай жауап берер едіңіз?
4. Балаңыз үйге мектептен уақытынан кеш келді. Қалай қарсы аласыз?
5. Сіз балаңызға дүкенге барып келуін өтіндіңіз. Ол: «Ән тыңдап отырмын» - деп барудан бас тартты. Сіздің әрекетіңіз?
6. Балаңызға үй шаруасымен айналысуды тапсырдыңыз. Бірақ ол оқитын сабағы көп екенін айтып жасағысы келмеді. Сіздің әрекетіңіз?
7. Сіз шаршап, өзіңізді нашар сезініп тұрсыз. Сіздің балаңызға достары қонаққа келетінін естідіңіз. Сол сәттегі әрекетіңіз?
8. Сіз балаңыздың кез келген ортада көп өтірік айтатынын байқадыңыз. Қандай әрекет қыласыз?
9. Сіздің балаңыз соңғы кезде мұғалімдер туралы жағымсыз пікірді көп айтады. Сіз бұл жағдайда не істер едіңіз?
10. Балаңыздың досы сізге ұнамайды. Сіз бұл достыққа өзіңіздің тарапыңыздан әсер етесіз бе?
11. Сіз балаңыздың күнде сабаққа барғысы келмей, көңіл - күйі төмендеп жүргенін байқадыңыз. Онда тәрбиенің қай түрін пайдаланасыз?
12. Жоғарғы сыныпта оқитын ұлыңыздың темекіге әуестеніп жүргенін білдіңіз. Оны дұрыс жолға қалай саласыз?
13. Бала мектептен қатты ашуланып келді. Себебін сұрадыңыз, бала сынып жетекшісіне ренжіп келгенін айтып шағымданды. Сіздің әрекетіңіз?
14. 9 - сыныпта оқитын кенже ұлыңыз немесе қызыңыз сыныптасының туған күніне сұранды. Бірақ сіз ондай мерекелерді мектеп оқушысына үйде тойлауға болмайтынын естіп жүрсіз. Қайтесіз? Рұқсат бересіз бе, әлде?

Оқушыларға берілген сұрақтар қорытындысы психологқа тапсырылады.

ІІ. Екінші қадам:
*Ұлттық ойын ойнату

ІІІ. Үшінші қадам:
А) Ата - аналарға «Екі жақты күнделік» әдісі бойынша тапсырма беріледі.

Оқиға Сіздің пікіріңіз
Менің баламның бастауыш сыныпта оқу үлгерімі өте жақсы еді. Мұғалімдер мақтайтын. Мен баламды бетінен қақпадым. Оның алып келген 5 - тік бағаларына үнемі ақша беріп отырдым. Елден ерекше киіндірдім. Себебі ол менің жалғыз ұлым еді. Өсе келе ол мектепте соңғы сабақтан қашып кететін болды. Күнде ақша сұрайды. Бір күні сынып жетекшісі келіп, баламның мектептегі өрескел қылықтарын айтты. Әкесі қатал еді, ұрды, ұрысты. Бірақ соңғы кезде балам маған өкпелі сияқты. Бұрынғыдай еркелемейді, ашылып сөйлеспейді. Мен түсінбедім. Маған қандай ақыл айтасыздар?

Ә) Эйлор дөңгелегін әке, ана, балаға қатысты мақал - мәтелдермен толықтыру.

ІҮ. Сонымен құрметті қонақтар!
Тәрбиелік шарамыздың басында айтып өткеніміздей «Бақытты жанұяның» моделін жасайтын сәт те келіп жеткен секілді. Біз бұл істі бүгін бізге қонаққа келіп отырған ата - аналар мен балаларға тапсырайық. Сонымен, бақытты отбасы болудың негізгі шарттарына нені жатқызар едіңіздер?

Бақытты жанұяның моделі

Ү. Жүректен жүрекке.
Жүрекшеге тілек жазып, ата - аналар балаларына, балалар ата - аналарына, ұстаздарына береді.

ҮІ. Қосымша айтарымыз, бала тәрбиесінде ата - ананың ғана емес, ұстаздардың да рөлі зор. Ендеше, құрметті ата-аналар! Сіздерден сұрайтынымыз балаларыңыздың ұстаздарымен, мектеппен үнемі, жиі байланыс жасауларыңызды сұраймыз. Сонда ғана сіздің балаңыз тәрбиелі де тәртіпті болып өседі.
Сонымен мен бүгінгі тәрбиелік шарамызды А. С. Макаренконың «Балаға берілген дұрыс тәрбие - бұл бақытты қарттық, ал нашар тәрбие - біздің болашақтағы сорымыз, біздің көз жасымыз» деген ұлағатты сөзімен аяқтағым келеді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз