Өлең, жыр, ақындар

Үй жануарлары

Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Қаратоғай елді мекені
"Еркемай" балабақшасының "Ертөстік" тобының тәрбиешісі
Тілепбаева Сәуле Жанзадақызы

Білім беру саласы: Қатынас, Таным, Шығармашылық.

Бөлімі: Көркем әдебиет

Тақырыбы: Үй жануарлары

Мақсаты: Балалардың үй жануарлары туралы түсініктерін кеңейту, адам өміріне пайдасын, төрт түлік малға не жататынын, дыбыстарын ажыратып,төлдерін тануға баулу.

Дидактикалық ойындар арқылы танымдық, ойлау қабілеттерін,әлеуметтік құзыреттілігін дамыту.

Үлкендердің еңбегін бағалай білуге үйрету.

Көрнекіліктер: Үй жануарларының суреттері, жануарлардың дыбыстары, үн таспа.

Билингвальді  компонент: Үй жануарлары-домашние животные.

Алдын- ала жүргізілетін жұмыс: Дидактикалық ойындар, тақпақ жаттау, тілдерін дамыта отырып іс- қимыл әрекеттерін жетілдіру. Үй жануарларының суреттерін қарастыру, еңбек туралы, тиым сөздер, әңгімелесу.

Барысы:

Шаттық шеңбер:

Біз ерекше баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Достарымды көргенде,
Қуана қарсы аламыз

Балалар, сендердің жайлауға  қонаққа барғыларың келе ме?

Олай болса қазір бәріміз ауылға Ата мен Әжеге қонаққа барайық!

Ауыл алыс, біз жаяу жете алмаймыз.

Атамыз өзінің атшанасын беріп жіберген екен, соған мініп, жақсы көретін әнімізді айтып барайық. «Қошақаным»

Балаларды Ата мен Әже қарсы алды. Айналайындар, келдіңдер ме, құлындарым, ботақандарым. (Осы кезде сиырдың мөңіреген дыбысы естіледі).

Ата: Балалар, қорадан қай жануардың дыбысы естіледі?

Балалар: Сиырдың дыбысы естіледі.

Дидактикалық ойын: «Дыбысынан тап»

Шарты: Дыбыстаған жануардың атын атау.

Ата: Балаларым, біз сиырдан басқа қой, жылқы, ешкі асыраймыз, қыс мезгілі болғасын қазір қорада тұр.

Атаға, балалар қораны тазалауға, қарды ашуға  көмектесіп, малдарды қораға қамасады.

Ата:үй жануарларының адамға пайдасы көп,Әжелерің сиыр сауады, сиырдың сүтінен май, қаймақ, құрт, ірімшік жасап, айран ұйтады.

Әже: Қарақтарым, мен бауырсақ пісірейін деп қамыр ашытып қойып едім, бауырсағымды  пісірейін.

- Балалар, Әже біз де бауырсақ пісіруге көмектесейік.(Балалар,ермексаздан бауырсақ жасайды )

- Балалар, ата мне әженің қорасында неше сиыр, жылқы, түйе бар екенін санап берейікші (балалар санайды).

Ата: Ой, балалар, санауды жақсы үйреніпсіңдер.Жарайсыңдар!

Міне, ауылға келіп үй жануарларымен таныстыңдар, осылай жиі-жиі келіп тұрыңдар.

Ата, Әже енді біздер балабақшамызға қайтайық. Рахмет, сау болыңыздар!

Сергіту сәті:

Аяздан бір қорықпаймыз,
Қорықпаймыз суықтан.
Біз қолғаппен тон киіп,
Шаңғы мен шана тебеміз.

Дидактикалық ойын: «Төлдерін тап»

 Шарты: Үй  жануарларының суреті ілініп тұрады, қасына төлдерін тауып қойып, атын атау.

Балалар, жануарлар туралы қандай тақпақтар білесіңдер?.

            Түйе малдың үлкені,
            Жылқы малдың үркегі.
            Сиыр малдың сүттісі,
            Қой түліктің құттысы.

Жануарлар туралы қандай тиым сөздер білесіңдер?.

Малды теппе.
Ақты төкпе.
Малды басынан ұрма.
Малды теріс мінбе.

Еңбек туралы қандай мақалдар білесіңдер?.
         Гүл ексең терлеп,
         Оның аты – Еңбек.
         Кесте тіксең зерлеп,
         Оның аты – Еңбек.
         Қиындықтың бәрін,
         Еңбек қана жеңбек.

Қорытынды: Балалар үй жануарларын адамдар өсіреді, асырап, олар үшін қоражайлар салады,олардың төлдеріне қамқор жасайды. Сендерде үлкендерге көмектесіп жануарларға қамқор болыңдар.

Осымен ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті аяқталды.

Қош сау болыңыздар.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз