Өлең, жыр, ақындар

Қимылдық ойындар

1-ші сәбилер тобы

Қуыршақтарға қонаққа.

Кілемнің үстіндегі кішкентай орындықтарда қуыршақтар отырады (ойнаушылар санына қарай 8-10). Тәрбиеші балаларды ойынға шақырып, қазір олардың қуыршақтарға қонаққа баратынын айтып, олардың қайда отырғанын көрсетеді. Балалар тәрбиешімен бірге көрсетілген бағытта, жай ғана қуыршақтарға келеді де, олармен амандасады. Тәрбиеші қуыршақтарды алып, олармен билеуді ұсынады. Қуыршақтармен азғана секіріп ойнағаннан кейін балалар олардың орындарына отырғызады да үйлеріне оралады.

Ойын қайталанғанда балалар қонжықтарға, қояндарға (тәрбиеші оларда алдын-ала бөлменің басқа бір бөлігіне орналастырады) қонаққа бара алады. Бұл ойыншықтармен балалар үйіне қайтады да олармен қалағанынша ойнайды.

 

Қоңырау қайдан естіледі?

Балалар қабырғаға беттерін беріп тұрады. Күтуші әйел бөлменің басқа бір шетіне тығылып тұрады да қоңырау соғады. Тәрбиеші балаларға: «Тыңдаңдар, қоңырау қайдан соғылып тұр, қоңырауды табыңдар», - дейді. Балалар қоңырауды тапқан кезде, тәрбиеші оларды мақтайды, одан кейін балаларға тағы да қабырғаға беттерін беріп тұруды ұсынады. Күтуші әйел басқа жерге тығылады да қайтадан қоңырау соғады.

 

Жолмен (жалғыз аяқ жолмен).

Тәрбиеші өзіне балаларды шақырады да суретті көрсетіп, жолдың қандай түзу екеніне назар аударады (аралығы 20-30см екі қатар сызық). Бұдан кейін балаларға, сызықтан шықпастан, осы жол бойымен қыдыруды ұсынады. Балалар бірінің артынан бірі бір бағытпен жүреді де сол тәртіппен қайта қайтады.

Бұл ойынды учаскеде өткізген жақсы. Балалардың бір-бірімен соқтықпасы үшін, ойынға бір мезгілде 5-6 адам қатыстырылады.

Күзде учаскедегі жолды ағашқа қарай бағыттап, балаларға сол жолмен жүріп отырып 2-3 жапырақ әкеліңдер деп ұсынған жақсы болады. Бұл тапсырма ойынды жандандыра түседі. Ойын үйдің ішінде өткізілгенде, жолдың аяқталар жеріне жалаулар немесе басқа ойыншықтар қою керек, балалар оларды алып келеді.

 

Кішкене өзен арқылы.

Тәрбиеші екі сызық сызады да (үйдің ішінде жіпті пайдалануға болады) балаларға: мынау – «өзен», - дейді; оның үстіне тақтайдан көпір (ұзындығы 2-3м, ені 25-30см) салады да балаларға: «Көпір арқылы жүруді үйренейік», - деп ұсынады. Балалардың бір-біріне соқтығыспай тек тақтайдың үстімен ғана жүруін бақылай отырып, тәрбиеші балаларға суға құлап кетпеуі үшін жай жүру керек деп ескертеді: балалар тақтаймен ары-бері 2-3 рет жүріп өтеді.

 

Поезд.

Тәрбиеші «Поезд» ойынын ойнауды ұсынады: «Мен паровоз боламын, ал сендер кішкентай вагонсыңдар». Балалар бірінің соңынан бірі алдында тұрғанның киімін ұстап колоннаға тұрады. «Кеттік», - дейді тәрбиеші, балалардың бәрі «шу-шу» деп дабырлап, оның артынан жүре бастайды. Тәрбиеші поезды бір бағытта, одан кейін екінші бағытта жүргізеді, одан кейін жүруді баяулатады, ақырында тоқтайды да: «Кідіріс» («Аялдама»), деп хабарлайды. Біраз уақыттан кейін тағы да гудок беріледі де поезд қайтадан жолға аттанады.

 

Жел көбік.

Балалар бір-бірінің қолынан ұстап, жақын-жақын дөңгелене тұрады. Тәрбиешіге қосылып олар мына өлеңді айтады.

Көпіре гөр көбік-шар,

Көпіре гөр кеңіп шар.

Осы күйі қал тұрып,

Кете көрме жарылып.

Өлеңді айтып бара жатып балалар дөңгелек шеңберді кеңейте түседі. Тәрбиеші: «Жел көбік жарылды» деген кезде барлық балалар қолдарын төмен түсіріп, бір дауыспен. «Тарс етті», - дейді де тізерлеп отыра кетеді. Тәрбиеші жаңа көбік үрлеуді ұсынады: балалар орындарынан тұрады, қайтадан дөңгелектеніп тұрады, ойын қайта басталады.

 

Жалаушаны әкел (таяқ арқылы аттап өту).

Бір топ балаларды (4-6 адамды) жинап алып тәрбиеші оларға жалаушаны көрсетеді, онымен ойнауды ұсынады.

Тәрбиеші кезекпен кімнің жалаушаға баратынын айтады да балалардың әрқайсысының кедергіден дұрыс аттап өтуін бақылайды. Орындықтан жалаушаны алғаннан кейін бала сол жолмен кері қайтады.

Балалардың барлығы жалаушамен оралғаннан кейін тәрбиеші жалаушаларды көтеріп, маршпен жүріп өтуді ұсынады. (тәрбиеші ритммен қолын соғады немесе бір-екі, бір-екі деп дауыстап тұрады.)

Одан кейін ойын балалардың басқа тобымен жүргізіледі.

 

Күн мен жаңбыр.

Балалардың алаңның бір шетінен немесе бөлменің қабырғасынан біразырақ жерге қойылған орындықтардың артында тізерлеп отырады да «терезеге» (орындықтың арқасындағы тесікке) қарайды. Тәрбиеші: «Аспан ашық, күн шығып тұр! Серуенге шығуға болады», - дейді. Балалар бүкіл алаңда жүгіріп жүр. «Жаңбыр! Тез үйге жүріңдер!» деген сигналды естіп, бәрі өз орындарына қарай жүгіріп келіп, орындықтардың артына отырады. Тәрбиеші қайтадан: «Күн шықты! Барыңдар, серуендеңдер», - дейді, ойын қайта басталады.

 

Допты қуып жет.

Тәрбиеші балаларға доп салынған кәрзеңкені көрсетеді де алаңның бір жағында өзімен бірге қатарласа тұруды ұсынады. Одан кейін кәрзеңкеден доптарды алып, балалардан алысқа, әр жаққа лақтырады. Балалар доптарға жүгіреді, оларды алып кәрзеңкеге салады. Ойын қайталанады.

Балалар қанша болса, доп та сонша болуы керек. Олардың әрқайсысы допты қуып жетіп, кәрзеңкеге салатын болсын.

Ойын варианты.

Ойын үшін түрлі түсті шарлар (ағаштан немесе пластмассадан жасалған) таңдап алынады. Оларды кәрзеңкеге салып, тәрбиеші балаларды шақырады, шарлардың қандай әдемі, олардың түсі қандай екендігін де айтып береді. Одан кейін: «Қараңдар, шарлар қалай домалап кетті... қуып жетіңдер де қайтадан кәрзеңкеге салыңдар» - дейді. Балалар кішкене шарларды қуып жетеді де кәрзеңкеге апарып салады.

Ойын қайталанған кезде педагог кімнің қандай шар әкелгенін жариялайды: қызыл, сары, т.б.

Пластмассадан жасалған шармен ойынды учаскеде де, тоғай ішіндегі алаңда да өткізуге болады; ағаштан жасалып, сырты жылтыратылған шармен оның бүлінбесі үшін, үй ішінде, кілем үстінде ойнаған дұрыс.

Тәрбиеші балалардың бір жерге шоғырланбай, бүкіл алаңның бойымен жүгіруін (әр бала өз шапшаңдығымен жүгіреді) қадағалайды.

Алғашқыда ойын азғана балалармен жүргізіледі, одан соң бірте-бірте ойнаушылардың саны көбейе түседі.

 

Күн шұғыласы (сәулесі).

Тәрбиеші өзінің жанына бір топ балаларды жинап, айнаның көмегімен күн шұғыласын қабырғаға түсіреді де:

Қабырғаға елбеңдеп,

Ойнайды сәуле құбылып.

Ымдасаң болды «кел» деп,

Жетеді демде жүгіріп.

Сәл үзіліс жасайды да: «Сәулені ұстаңдар» деген сигнал береді. Балалар қабырғаға жүгіріп, қолға тұрмай жалтаңдап тұрған күн сәулесін ұстауға тырысады.

 

Мені қуып жетіңдер.

Балалар бөлменің бір қабырғасын бойлай қойылған орындықтарды немесе алаңда отырады. Тәрбиеші: «Мені қуып жетіңдер», - дейді де алыңның қарсы жағына жүгіреді. Балалар тәрбиешінің соңынан жүгіріп, оны ұстауға тырысады. Одан кейін тәрбиеші тағы да: «Мені қуып жетіңдер», - дейді де қарсы жаққа қарай жүгіреді, балалар оны қайтадан қуалайды. Екі рет жүгіргеннен кейін балалар орындықтарға отырып дем алады. Одан кейін ойын қайта басталады.

Ойынды азғана балалар тобымен өткізген дұрыс: балалардың бір тобы ойнап жатқан кезде екінші тобы қарап тұрады, одан кейін балалар рөлдермен ауысады.

 

Маған қарай жүгіріңдер.

Балалар бөлменің бір қабырғасын бойлай қойылған орындықтарда немесе алаңды жағалай отырады. Тәрбиеші бөлменің қарсы бұрышына немесе алаңның ең алыс бұрышына барып: «Маған қарай жүгіріңдер», - дейді. Балалар оған қарсы жүгіреді. Тәрбиеші оларды қолын жайып, ишаратпен қарсы алады. Балалардың бәрі келіп, тәрбиешінің қасына жиналып болғаннан кейін, ол серуендеуді ұсынады. Балалар өздері жүргісі келген жерде емін-еркін тәрбиешімен бірге бөлме ішінде жүреді. Тәрбиеші бұдан кейін: «Үйге қарай жүгіріңдер» - дейді. Балалар жүгіріп барып орындықтарына отырады.

Ойын осылай 4-5 рет қайталанады. Алғашқы кезде ойынды азғана балалар тобымен өткізген дұрыс, кейін ойнаушылардың саны арта түседі (үйлеріне қайтқан кезде балалардың кез-келген орындыққа отыруына болады).

 

Мысық пен тышқандар.

Ойын азғана балалар тобымен бөлмеде (кілем үстінде) немесе далада, жұмсақ шөпті алаңда, өткізіледі.

Қырынан қойылған гимнастикалық сатының, рейканың немесе кендір жіптің көмегімен тышқандарға арналған орын қоршалады. Мысық таңдап алынады. Ол үлкен орындыққа немесе кесілген ағаштың түбіріне отырады. Тышқандар індерінде отырады.

Тәрбиеші былай дейді:

Тышқанға сақшы санап өзін мысық,

Жатады ұйықтағансып көзін қысып.

Тышқандар індерінен жүгіріп шығып (сатының баспалдақтары арасынан өтеді немесе жіптен секіреді), жүгіре бастайды.

Біраз уақыттан кейін тәрбиеші:

Тынышталыңдар, тышқандар, бекерге шулап күлмеңдер.

Ұйқыға жатқан мысықты оятып алып жүрмеңдер, - дейді.

Бұл – мысыққа берілген сигнал; ол орындықтан түседі, төрт аяқтап тұрады, керіледі, қатты даусын шығарып «мияу» дейді де індеріне қашып бара жатқан тышқандарды ұстай бастайды.

Ойындарды басқа тышқандармен 3-4 рет қайталауға болады.

Алғашқыда мысықтың рөліне мықтылау, тез қимылдайтын балалады, ал кейін істеген ісін мақтап қойып, ұялшақтау балаларды да қоюға болады.

 

Үрпек төбет.

Балалардың біреуі төбетті бейнелейді; ол кілем үстінде жатады, басын алға созылған қолымен аяғына қояды.

Қалған балалар жай ғана оған жақындай түседі, ал тәрбиеші осы кезде былай дейді:

Алдыңғы екі аяққа басын сұғып,

Әнеки жалбыр төбет жатыр сұлық.

Белгісіз жатқаны ұйықтап, яки қалғып,

Момақан, сырты пішіні жуас салғырт.

Ояталық жақындап барайық та,

Қайтер екен содан соң – қарайық та.

Төбет орнынан ұшып тұрып үре бастайды. Балалар қаша жөнеледі. Төбет оларды қуа жөнеледі. Балалардың бәрі жан-жаққа қашып тығылады. Төбет қайтадан кілемге жатады. Ойын жаңа бастаушымен қайта басталады.

Ойын азғана балалар тобымен жүргізіледі.

 

Айдарлы-мекиен тауық.

Тәрбиеші мекиен тауықты, балалар балапандарды бейнелейді. Бір бала (сәл үлкендеу) – мысық. Мысық шеттеу тұрған орындыққа отырады. Тауық пен балапандар бөлмеде жүреді.

Тәрбиеші:

Ертіп сары балапандарын,

Айдарлы әсем шықты тауық.

«Кетпеңдер ұзап, балақандарым,

Қыт-қыт», - дейді ауық ауық.

Мысыққа жақындап келіп тәрбиеші былай дейді:

Тұрған жолдың бойында

Орындыққа бүк түсіп.

Не бар, қайдам, ойында

Жатыр ұйықтап бір мысық.

Мысық көзі ашады,

Балапандар қашады.

Мысық көзін ашады, мияулайды да бөлменің белгілі бұрышына, - «үйіне», тауық-мамаға қашқан балапандарды қуа жөнеледі.

Тәрбиеші (тауық) қолын жан-жаққа бұлғап, балапандарын қорғайды да: «Кет, мысық, балапандарымды саған бермеймін!», - дейді.

Ойын қайталанғанда, мысықтың рөлі басқа балаға тапсырылады.

 

Негізгі қимыл – секіру.

Доп.

Тәрбиеші ойынды бір баламен ойнаудан бастайды. Қолын оның басына қойып, доп сияқты секіруді ұсынады. Бала қос аяқтап секіреді, ал тәрбиеші мынадай өлең айтады:

Секең, секең секеңдеп,

Қайда зырлап кетпес доп.

Төмен, төмен, төмендеп,

Жерге жетер-жетпес боп.

Доп болып осылай секіргісі келетіндер міндетті түрде табылады. Тәрбиеші әрқайсысымен кезекпен ойнайды.

 

Менің зымыраған көңілді добым.

Ойнаушы балалар тобы (5-6 адам) жартылай дөңгелек құрып, тәрбиешінің жанында тұрады. Допты бейнелейтін бір бала орнында тұрып секіреді, ал тәрбиеші алақанын оның басына қойып, мынадай өлең айтады.

Көңілді добым, о , менің,

Домалап қайда жөнелдің?

Қызыл, сары, көгілдір,

Жел аяқсың-ау өзің бір!

Бұдан кейін доп қашып кетеді, тәрбиеші балалармен бірге оны ұстайды. Ойын жаңа доппен қайта басталады. Балалар ойынды әбден үйреніп игергенде, бәріне де доп сияқты секіруді ұсынуға болады.

 

Отырған мынау ақ қоян...

Алаңның бір жағында қояндардың орны белгіленді. Әр бала өз орнына тұрады. Тәрбиешінің: «Қоршауға жүгіріңдер» деген сигналы бойынша барлық балалар дөңгеленіп тұрады, ал қоянның біреуі ортаға шығады.

Балалар тәрбиешімен бірге тақпақ оқиды да текстің мазмұнына қарай қимыл жасайды.

 

1. Отыр аппақ, бір қоян.

Неткен сап-сақ бұл қоян.

Құлақтары делеңдеп,

Әр дыбысқа елеңдеп.

Балалар дөңгеленіп тұрады. «Құлақтары делеңдеп» деген сөз тіркесінен бастап ойын аяғына дейін балалар қолдарын жоғары көтеріп білезіктерінен бастап қимылдатады.

2. Қоян, жаурап суықта

Отырсың не күзетіп?

Аяқтарын сіресіп,

Табаныңнан сыз өтіп.

Оданда ырғып, ырғып ал,

Аяқтарын жылынар. Балалар «ырғып» деген сөзден бастап, аяғына дейін бір орында екі аяқтап секіреді.

3. Тұра, тұра суықта,

Қоян жаурап, торықты.

Алайын деп жылынып,

Әрлі-берлі жорытты. Балалар «әрлі-берлі жорытты» деген сөз тіркесінен бастап ойынның аяғына дейін бір орында тұрып, екі аяқтап секіреді.

4. Секең-секең, секең-секең,

Секіріп жылынады қоян-екең.

Үркітті де бір ноян,

Зытып берді сұр қоян. Тәрбиеші алақанын шапалақтайды, балалар өз үйіне тарайды.

Бұдан кейін ойын жаңа қоянмен қайта басталады.

Ойын басталғанға дейін тәрбиеші балалармен бірге қояндарға орын әзірлейді. Қыста алаңдағы қардың үстіне бояумен жақсылап қоршау сызуға болады: бөлмеде қояндар үшін орын (орындықтар) болады.

 

Сұр қоян жуынып жатыр...

Ойнаушылар біреуі қоян болады. Барлық қалған балалар дөңгеленіп тұрады. Қоян дөңгелектің ортасынан орын алады. Балалар тәрбиешімен бірге мынадай өлең айтады:

Бармақ боп тойға сұр көжек,

Жуынып жатыр бүгжеңдеп:

Тұмсығын жуды,

Құйрығын жуды,

Құлағын жуды – түртінді,

Құп-құрғақ боп сүртінді.

Қоян текстке байланысты қимылдардың бәрін жасайды – тұмсығын, құйрығын, құлағын жуады, бәрін сүртеді. Бұдан кейін ол қос аяқтап секіреді, дөңгеленіп тұрғандардың біреуіне жақындай береді (қонаққа келе жатыр). Ол баланың орнын басады, ойын қайталанады.

5-6 қоян ауысқаннан кейін ойын аяқталады.

 

Негізгі қимыл – лақтыру (лақтыру, ұстау).

Шарларды домалату.

Тәрбиеші балаларға бір топ түрлі түсті шаралар көрсетеді, балаларға тек көруге ғана емес, тіпті ұстауға да мүмкіндік беріледі, олардың түр-түсін айтуды сұрайды. Бұдан кейін тәрбиеші шарды қалай домалатуды көрсетеді, одан соң балаларды біртіндеп шақырып, бір-екі шарды домалатуды ұсынады. Шарды домалатып бара жатқан бала өзі соның артынан жүгіреді және шарды кәрзеңкеге немесе жәшікке салады.

Ойын қайталанған кезде тәрбиеші балалардың шардың түсіне қалай назар аударатынын байқап алады. Мысалы, өзі қызыл шарды домалатады да балаға да сондай шар ұсынады. Немесе бірінен кейін бірін 2-3 шарды домалатуда тапсырма береді де (қызыл, жасыл), әр жолы түсін айтады. Тапсырманы әр жағдайға қарай өзгертіп тұруға болады.

 

Допты ұста.

Тәрбиеші ашық түсті үлкен допты алады да 2-3 балаға онымен ойнауды ұсынады. Балалар тәрбиешіге қарама-қарсы 80-100см жерде тұрады. Тәрбиеші әрқайсысына кезек-кезек доп лақтырып: «Ұста» - дейді. Балалар допты қайтадан тәрбиешіге лақтырады.

 

Доп шеңберде.

балалар жерге дөңгеленіп отырады да допты бір-біріне домалатады. Тәрбиеші балаларға екі қолымен қалай және қай бағытқа қарай итеруді үйретеді.

8-10 баладан құрылған топта ойын қызықты да ширақ өтеді.

 

Допты қақпаға түсіру.

Тәрбиеші балаларды доп (немесе әртүрлі шарлармен) ойнауға шақырады да ойнағысы келген немесе ойынға тартылған балалар жиналған жерде сызық жүргізеді. Сызықтан 1-1,5м жерде кішкентай қақпа тұрғызылады. Балаларға бір-бір доп таратып бергеннен кейін, тәрбиеші оларға допты қақпадан өткізуді ұсынады. бала допты домалатып, қуып келеді де сызыққа жеткеннен кейін кері оралады.

Ойынға 5-6 бала қатысады. Ойнаушы топтардың ауысуына болады; 2-3 рет ойнаған балаға тәрбиеші енді дем алуды, басқалардың қалай өткізетінін көруді ұсынады.

Қақпаны ірі құрылыс материалынан жасауға немесе оның орнына балалардың орындығын пайдалануға болады. Олардың аяғының арасынан балалар доп өткізеді.

 

Допты кәрзеңкеге түсір (дәл көзде).

Балалар дөңгеленіп тұрады. Әр баланың қолында бір-бір кішкентай доп. Шеңбердің ортасында жәшік немесе үлкен кәрзеңке. (Балалар мен меженің арасы бір жарым-екі метрден аспайды.) Тәрбиешінің сигналы бойынша балалар допты жәшікке лақтырады, одан кейін ол доптарды қайтадан алады да өз орындарына барып отырады.Егер бала межені дәл көздемесе, допты жерден(еденнен) көтереді де басқалар сияқты шеңберге тұрады.

Ойын қайтадан басталады.

Ойында бір мезгілде 8 -10 бала қатысады.

 

Негізгі қимыл – өрмелеу, еңбектеу.

Бақшадағы тауықтар

Рейканы немесе жіптің көмегімен аздаған жер қоршалады

Ол – бау-бақша. Одан қашық емес жерге орындық қойылады, бұл күзетшінің күркесі.Күзетшінің ролін алғашқыда тәрбиеші орындайды, ал кейін тәрбиешінің белгілеуімен белсенді балалар атқарады. Қалған балалар тауықтар.Күзетші орындыққа отырған бойда тауықтар бақшаға түседі, қорғанның астынан өтіп, бақшада жүреді, жерді шұқиды, қытқылайды.Күзетші тауықтарды байқап оларды бақшадан қуа бастайды – алақанын шапалақтайды, «Қыш –қыш» деп дауыстайды.Тауықтар қашып кетеді .Қорықшы бақшаны бір айналып шығады да қайтадан отырады.Ойын қайта басталады.Одан кейін басқа күзетші тағайындалады. Ойын осылайша 4-5 рет қайталанады.

 

Сылдырауықты сылдырат

(сылдырауыққа дейін еңбектеп жет).

Балалар орындыққа отырады; олардан 2,5-3 м жерде сылдырауық жатыр. Тәрбиеші балаларды кезекпе-кезек атап, сылдырауықпен ойнауды ұсынады. ол үшін сылдырауыққа еңбектеп барып, оны алады, орнынан тұрады, сылдыратады қайтадан орнына қояды, сөйтіп, өз орнына келеді.

Балалар еңбектеуді үйренген кезде 3-4 сылдырауық қою ұсынылады, сонда қанша сылдырауық болса, сонша бала ойнай алады.

 

Маймылдар.

Ойында гимнастикалық қабырға немесе (учаскеде) үш қырлы кішкене дуал пайдаланады.

Тәрбиеші бүгін балалар маймылдарша өрмелеуге үйренетінін айтады да екі-үш балаға сатының қарсы алдында тұруды, сөйтіп, бірнеше баспалдаққа көтерілуді ұсынады. Балалар 5-6 баспалдақ көтерілгенде тәрбиеші: «Міне, көрдіңдер ме, маймылдар қалай ағашқа өрмелеп кетті! Ал енді қайтадан төмен түсіңдер», - дейді.

Балалар жоғары қарай өрмелеп және төмен қарай түскенде әрбір баспалдақты басуын міндетті түрде қадағалау керек.

Әр түрлі қимылды ойындар.

Дөңгелекті ұста.

Тәрбиеші балаларға жіптің көмегімен ұзындығы 0,5 м таяққа ілінген жарқыраған дөңгелекті көрсетеді.

4-6 баладан топ жиналған кезде тәрбиеші дөңгелекті көтеріп, балалардың басынан жоғары айналдырып әкеледі де: «Ұста», «ұста», - дейді. Балалар дөңгелекке тырмысады. Дөңгелекке жетуге онша құмартпай тұрған балаларға тәрбиеші дөңгелекті, олардың қолы тиюіне мүмкіндік беріп, таяқты сөл төмендетеді де, балалардың белсенділігін арттыру үшін, қайтадан тез көтере қояды.

Дөңгелекті балалар төбесінен осылай 2-3 рет айналдырғаннан кейін тәрбиеші кімнің қолы жеткенін атап өтеді де олардың әрқайсысына бір-бір дөңгелектен береді. Бірте-бірте балалардың барлығы бір-бір дөңгелектен алады. Тәрбиеші дөңгелекті машинаның рулі ретінде ұстап, енді «шофер» болып ойнауды – бөлмеде жүгіруді ұсынады.

 

Кішкентай және үлкен аяқтар.

Балалар орындыққа жартылай дөңгелене отырады. Тәрбиеші оларға қарама-қарсы отырып, балаларға аяқтарын көрсетуді сұрайды. Балалар аяқтарын алға созып, көтереді. Тәрбиеші көңілді түрде былай дейді: «Кішкентай аяқтар жолмен жүгіріп кетті. Қараңдар олардың қалай жүгіргенін». Осыны айтады да аяғымен бірнеше рет тез-тез жер тепкілеп: «тымпыл, тымпыл, тымпыл!» - дейді. Балаларда соны істейді. Одан кейін тәрбиеші қимылын баяулатып былай дейді: «Үлкен аяқтар жолда тымпыл-тымпыл жүріп бара жатыр».

Тәрбиеші алдымен кішкентай аяқтар, одан кейін үлкен аяқтар жөніндегі тексті осылайша бірнеше рет айтады. Балалар оның артынан тез және баяу қимылдарды алмастыра қайталайды.

 

Кішкене қоян, шыға ғой...

Бір топ бала тәрбиешімен бірге дөңгелене тұра қалады. Тәрбиеші кім кішкене қоян болады деп сұрайды. Бәрі айналып жүріп мынадай өлең айтады.

Жүр, көжегім, шыға ғой,

Сұр көжегім, шыға ғой!

Айтқанымды ұға ғой.

Міне, былай шыға ғой!

Кішкене деп атаған бала ортаға шығады. Өлеңнің ендігі шумағын айтып болғаннан кейін, барлық ойнаушылар, қоянға не істеу қажеттігін көрсеткендей, тиісті қимылдар жасайды. Ол да балалардың істеген қимылдарын қайталайды.

Жүр, көжегім, тап-тап бас!

Сұр көжегім, баптап бас!

Міне былай тап-тап бас!

Міне былай нақ-нақ бас!

Жүр, көжегім, билей ғой,

Сұр көжегім, билей ғой!

Міне былай билеп көр,

Міне былай билеп бер.

 

Жүр, көжегім жүгірші,

Сұр көжегім, жүгірші.

Міне былай бір ыршы,

Міне былай жүгірші. Жүр, көжегім, таңдап ал,

Сұр көжегім, аңдап ал!

Міне былай таңдап ал,

Дәнеңе жоқ таңданар!

Бұл сөздерден кейін кішкене қоян балалардың біреуіне жақындайды. Қалғандары орындарында тұрып өлең айтады.

Жүр, көдегім, тәжім ет,

Сұр көжегім тәжім ет!

Ұқпа мұны әзіл деп

Міне былай тәжім ет!

Ол кімге иіліп сәлем берсе, сол жаңадан кішкене қоян болады, ойын қайтадан басынан басталады.

Ескерту. Өлеңнің әп шумағынан кейін, қимылдың бағытын өзгертіп отыру керек.

 

Күнім, күнім ... (Сәулем, сәулем...)

Балалар өлең оқып, қимылдың бағытын көрсетіп тұрған тәрбиешіні айнала қоршай тұрады. Балалар оның артынан қайталайды.

О, алтын күн, алтын күн,

Әйнектен қара, жарқын күн!

Балаларың жылауда,

Сүрініп тасқа құлауда. Балалар әннің ырғағына қарай қолдарын соғады, тізе бүгіп жүресінен отырады (сөз екпіндерінде).

Қол соғуды тоқтатпай, жалғастыра отырып, бір орында секіреді.

 

 

Қолдың буындары мен саусақтары бұлшық еттерін жетілдіруге арналған ойындар

Саңырауқұлақтар

Ойын үшін балаларға тесіктері бар кішкентай стол мен түрлі түсті саңырауқұлақтар береді. Ойынның басында тәрбиешіні балаларға саңырауқұлақтарды столдың тесігіне қалай тығуды көрсетеді. Балалар мұны жақсы меңгергеннен кейін тәрбиеші балалардың назарын саңырауқұлақтардың түр-түсіне аударады да тапсырманы қиындатады: саңырауқұлақтарды сол түспен дөңгелектеліп көрсетілген тесіктерге тығу керек дейді.

 

Ойынның варианты

Ойын үшін балаларға үсті төртке бөлініп, негізгі төрт бояумен боялған кішкентай стол беріледі. Мұндай жағдайда балалар саңырауқұлақтарды столдың тиісті түсі бар жағында орналасқан тесікке тығуы керек.

Балалар бір-біріне үйреніп, бірге ойнауға дағдыланған кезде екіден төрт адамға дейін біріктіруге болады. Тәрбиеші бұл ойынға балалардың майда бұлшық еттері мен саусақтарының қимылдарын жетілдіру мақсатымен, бірте-бірте балаларды тартады. Барлық балалар ойынның ережесін әбден игергеннен кейін, оны емін-еркін пайдалануға береді.

 

Мұнара жасайық.

Мұнарамен (шығыршықтармен, шариктермен) ойынға тәрбиеші бір мезгілде 5-6 баланы қатыстырады. Бұл балаларға уақытылы көмек көрсету үшін жасалады.

Алғашқыда ойынның мәні мынада: балалар шығыршық пен шарларды алады да білекке (стержень) кигізеді: мұны істеу өте қиын, майда бұлшық еттердің қатты жұмыс істеуіне тура келеді және табандылық керек. Балалар шығыршықты білекке кигізу процесін үйренгенде тәрбиеші олардың назарын құрастырылған мұнараның формасына аударады да («Ол түп түзу») әр жолы ең үлкен шығыршықтарды таңдай отырып, осындай мұнараны қалай жасау керек екенін көрсетеді.

Одан әрі ойынды әртүрлі етіп құруға болады: мысалы; мұнараны бір размерлі шығыршықтардан құрастыруға («Бағандар жасаймыз») тапсырма беріледі немесе білекке бір түсті шарлар немесе белгілі бір сан мөлшерінде тізбектеледі.

 

Моншақ

Бұл ойын үшін балаларға жақсы есілген жіп және әр түсті шариктер, ағаштан, пластмассадан жасалған тесіктері бар цилиндр беріледі. Балаларға сол формаларды жіпке тізіп, ұзын моншақ жасау ұсынылады. Балалар бұл қимыл әдісті меңгергеннен кейін, бір жіпке екі бала бірігіп тізуге болады деген ұсыныс жасалады (екі жағынан). Тек балаларға тізу кезінде моншақтарды формасы және түр-түсіне қарай алмастырып отыру ұсынылады.

 

Қазық қақ.

Ойын үшін қазықтармен бірге станок және балға беріледі. Балаларға кішкентай балғаның көмегімен қазықты қалай қағуды көрсету керек. Бір қазықты қаққаннан кейін бала екіншісін қағады т.б. Бұдан кейін станокты аударады. Қазықтар тағы үстінен көрінеді. Бұған бала таңданып қалады, қуаныш пайда болып, оның жаңағы қимылды қайталағысы келеді.

Тәрбиеші баланың ретсіз кез келген қазақты ұра бермей, оларды кезекпен ұруын бақылауы керек.

 

 

II ші сәбилер тобы.

Негізгі қимылдар – жүру мен жүгіру.

Жалаушаны тап.

Балалар (6-8 адам) орындықтарда немесе көгалда отырады. Тәрбиешінің сигналы бойынша балалар көзін жұмады, осы кезде тәрбиеші жалаушаларды (балалардың санына қарай) әр жерге тығып қояды.

«Жалаушаларды іздейтін уақыт жетті», - дейді тәрбиеші. Балалар көздерін ашып, іздеуге кетеді. Жалаушаны тапқан бала өз орнына қайта келеді. Балалардың барлығы да жалаушаларды тапқаннан кейін, бірінің артына бірі тізіліп, алаңды жағалай жүреді. Колоннаның алдында жалаушаны бірінші тапқан бала жүреді. «Орындарыңа барыңдар!» деген сигнал естілгенде, балалар өз орындықтарына барып отырады, ойын қайта басталады.

Тәрбиеші балалардың бір жалаушадан ғана алуына бақылау жасауы керек. Бұл ойынды орман ішінде, алаңда өткізген жақсы болады: жалаушаларды шөптің арасына, бұталарда, ағаштардың артына жасыруға болады.

 

Қыдыруға барайық.

Балалар алаңның (бөлменің) жан-жағына қойылған орындықтарда отырады. Тәрбиеші балалардың біреуіне жақындап келеді де оны өзімен бірге қыдыруға шақырады. Ол бала тәрбиешінің артына тұрады. Ендігі бала одан кейін тұрады да, тағы сондай. Тәрбиеші осылайша 6-8 баланы жинайды да, олармен бірге алаңды бір-екі айналып өтеді. «Үйге, үйге!» деген сигнал бойынша балалар өз орындарына жүгіреді. Тәрбиеші басқа балаларға келеді, ойын одан әрі жалғастырылады.

 

Өз үйіңді тап.

Балалар алаңның немесе бөлменің бір жағын жағалай отырады. «Қыдырып қайтайық», - дейді тәрбиеші. Балалар алаңда (бөлмеде) тобымен немесе жеке-жеке, кім қайда барғысы келсе, сонда аралап кетеді. Тәрбиешінің «Үйге қайтыңдар», - деген сигналы бойынша өз үйлеріне қарай жүгіреді. Ойын үш-төрт рет қайталанады.

Е с к е р т у: Егер алғашқы кезде балалар кеңістікті онша дұрыс бағдарлай алмайтын болса, онда кез келген орындыққа отыруға рұқсат ету керек. Кейін барып тек өз орындығына отыру ережесін енгізуге болады.

 

Ойынның басқа варианты.

Жеке үйдің – орындықтың орнына балаларға бөлменің әр бұрышында коллектив үйлер құрып, онда 4-6 баладан жиналуды ұсынуға болады. «Үйлеріңе қайтыңдар» деген сигнал бойынша балалар өз үйлеріне қарай жүгіреді.

 

Өз түсіңді тап.

Балалар үш-төрт жалаушалар алады. Біріншісі – жасыл, екіншісі – көк, үшіншісі – сары жалауша алады да 4-6 адамнан бөлменің (алаңның) бұрыштарында топтасады. Әр бұрыштағы тұғырдың үстіне тәрбиеші әр түрлі жалаушалар (жасыл, көк, сары) қояды.

Тәрбиешінің: «Қыдыруға барыңдар», - деген сигналы бойынша балалар топтанып немесе жеке-жеке алаңды (бөлмені) аралап кетеді. «Өз түсіңді тап деген жаңа сигнал бойынша балалар өздеріне лайықты түстегі жалаушаға қарай жүгіреді.

 

Тышқандар мен мысық.

Балалар-тышқандар бөлменің қабырғасын жағалай немесе алаңның жан-жағына ұзыннан-ұзақ қойылған орындықтарда немесе скамейкаларда – індерінде отырады. Алаңның бір бұрышында мысық отыр. Оның ролін тәрбиеші атқарады.

Мысық ұйықтап қалады, тек осы кезде ғана тышқандар бөлмеде жүгіріп жүреді. Бір уақытта мысық оянады, мияулайды да тышқандарды ұстай бастайды. Тышқандар індеріне қарай қашады, орындықтардағы өз орындарына барады. (Тәрбиеші тек біреуді ұстағысы келген түр білдіреді.) Тышқандардың бәрі өз індеріне оралғаннан кейін, мысық бөлмені тағы бір аралап шығады да қайтадан өз орнына келіп, ұйықтап қалады. Ойын қайталанады.

Тәрбиеші ойынға қолға кигізілетін ойыншық мысықты пайдалана алады.

 

Поезд.

Балалар алаңның бір жағында немесе бөлменің бір қабырғасын жағалай колонна құрып тұрады. Колоннаның ең басында тұрған бала – паровоз, ал қалғандары – вагондар.

Тәрбиеші гудок береді де балалар алға қарай жылжи бастайды (бірін-бірі ұстамаған күйде). Алғашқыда жай қимылдайды, одан кейін тезірек, ақырында жүгіруге көшеді, жай қимылдаған кезде балалар «чу-чу-чу» деген дыбыс білдіреді. «Поезд станцияға жақындап келеді», - дейді тәрбиеші. Балалар бірте-бірте жүріс қарқынын баяулатады да тоқтайды. Тәрбиеші қайтадан гудок береді, поезд қайтадан қозғалады.

Тәрбиеші балалардың жүріс қарқынын және оның мерзімін реттеп отырады. Алғашқы кезде ол балалар колоннасын өзі басқарады, ол кейін екпінділеу баланың бірін алға қояды.

 

Ойынның басқа варианты

Балалар ойынды жақсы меңгергеннен кейін, яғни бірінің артынан бірі тіркесіп жүре алатын болғанда, ойынды күрделендіруге болады – поезд тоқтағаннан кейін балалар серуенге шығады: гүл, жеміс-жидек, қозықұйрық тереді. Гудокты естіген кезде балалар белгіленген жерге (қабырғаға) қарай жүгіреді де колоннаға қатарға тұрады.

Алғашқыда балаларға қалай болса солай тұруға рұқсат етуге болады, ал жылдың аяқ кезінде колоннадағы өз орнын білуге - өз вагонын табуға – үйрету қажет. Жылдың екінші жартысында ойында бірқатар құрал-жабдықтарды пайдалану ұсынылады, мысалы, поезд көпірден өтер кезде (гимнастикалық скамейкалардан немесе екі басқыштың арасына салынған тақтайдан немесе екі рейканың арасынан, сызылған линиялардан, төселген жіптерден, т.б.).

 

Жел көбік.

Алғашқыда балалар осыдан бұрынғы топтағыдай ойнай береді, кейін барып ойын күрделене түседі. «Жел көбік, кете көрме жырылып» деген сөз тіркестерінен кейін балалар отырмайды, ал тәрбиеші: «Көбік ұшып барады», - дейді. Балалар жан-жаққа бытырап (сол алаңның ішінде) тұра-тұра қашады, ал тәрбиеші: «Ұшты, ұшты, ұшты», - дейді. Бұдан кейін тәрбиеші балаларды қайтадан дөңгелене қатар тұруға шақырады, ойын қайта басталады.

Ойынды 3-4 рет қайталауға болады.

 

Қараторғай ұялары.

Алаңда дөңгелек шеңберлер сызылады: ойнаушылардың санынан кем болады. Бұл – торғай ұялары.

Барлық балалар – қараторғай. Олар алаңда емін-еркін жүгіріп – ұшып жүреді. «Үйге қайтыңдар» деген сигнал бойынша барлығы ұяларға жүгіреді. Ал балалардың ішінен біреуі ұясыз қалады. Осылайша ойын бірнеше рет қайталанады.

Тәрбиеші ойынның аяқ кезінде (балалар әлі жүгіріп жүрген кезде) тағы бір дөңгелек сызып қояды. Балалар қайтып оралған кезде, бәрінің де ұясы бар болып шығады.

 

Негізгі қимылдар – секіру.

Шымшық торғайлардың балапандары мен мысық.

Балалар бөлменің қабырғасына жағалай қойылған кішкентай скамейкада, үлкен текшелердің (биіктігі 15-20 см) үстінде тұрады. Бұл – үй төбесінде немесе ұяларда отырған шымшық торғайлардың балапандары. Шеткеректе мысық отырады, оның ролін балалардың біреуі орындайды. Тәрбиеші: «Шымшық торғайлар балапандары ұшты», - дейді. Шымшық торғайлар балапандары төбеден немесе ұялардан секіріп-секіріп түсіп, қанаттарын қағып, яғни қолдарын екі жағына созып, бөлменің ішінде жүгіріп жүреді. Бұл уақытта мысық ұйықтап отырады. Бірақ мысық тез ояна қалады, «мияу-мияу» деп керіліп алады да шымшық торғайдың балапандарын қуа жөнеледі. Олар үйдің төбесіне немесе ұяларына, өз орындарына бару керек. Ұстаған шымшық торғайлар балапандары мысық өз үйіне әкетеді.

 

Масаны ұста.

Ойнаушылар бір-бірінен қол созымдай жерде дөңгеленіп, бетін ортаға беріп тұрады. Тәрбиеші ортада тұрады, оның қолында шыбық (ұзындығы 1-1,5 м) оған картон қағаздан жасап жіпке байланған маса ұзындығы 0,5м бар. Тәрбиеші масаны шыбықпен балалардан жоғарылау етіп айналдырып өтеді. Маса үстерінен ұшып бара жатқан кезде, балалар оны ұстауға тырысып, секіреді. Масаны кім ұстаса: «Мен ұстадым» , - дейді.

Бұдан кейін тәрбиеші шыбықпен балалардың үстінен тағы да айналдырады. Ойынды қайталап бастар алдында тәрбиеші балаларға 1-2 қадам кейін шегіну керек екенін ескерту керек, өйткені балалар масаны ұстаймыз деп секірген кезде шеңберді аздап тарылтады.

Шыбықпен масаны айналдырған кезде, тәрбиеші балалар масаны ұстап алатындай биіктікте, біресе жоғарлатып, біресе төмендетіп тұруы керек.

Ойын варианты.

Егер ойнаушылар тобы шағындау болса, тәрбиеші картон маса байланған шыбықты ұстап алға қарай жүгіруіне болады, ал балалар оны қуып жетуге тырысады.

 

Бақалар.

Алаңның ортасында үлкен дөңгелек шеңбер сызады немесе дөңгелек форма етіп жуан жіп тастайды. Балалардың бір тобы шеңберді жағалай тұрады, ал қалғандары алаңның екінші бір жағына орналасқан орындықтарда отырады. Орындықтарда отырған балалармен бірге тәрбиеші мынадай өлең айтады:

Бақалар басы қалтаңдап,

Шоршиды жолда талтаңдап.

Бақ-бақ, бақ-бақ, бақ,

Жүгіреді талтақтап.

Шеңберді жағалап дөңгеленіп тұрған балалар бақа сияқты секіреді. Өлең аяқталғаннан кейін, орындықта отырған балалар алақандарын соғады (бақаларды шошытады); бақалар шалшық суға – сызықтан секіреді де жүресінен отыра кетеді. Ойын қайталанған кезде, балалар рольдерімен алмасады.

 

Кішкене өзен арқылы.

Ойынға бір топ (6-8 адам) бала тартылады. Алаңда бір-бірінен 1,5-2 қашықтықта екі линия сызылады. Бұл – өзен.

Ойнаушылар сызықтың жанында – өзеннің жағасында тұрады. Олар өзеннен анық сызылған дөңгелектер арқылы аяғын суламай, тастан-тасқа секіріп өтуі керек. Дөңгелектердің арасының қашықтығы балалардың оларға бірінен-біріне секіре алатындай болуы керек. Өзеннен қатарынан екі-үш бала өтеді, ал қалғандары тәрбиешімен бірге оларды бақылап тұрады. Секіре алмай, аяғын сулап алғандары оны күнге кептіруге кетеді – орындыққа отырады. Кейін олар ойынға қайтып араласады; тәрбиеші оларды қалай болса да мақтап, жағаның екінші жағына өтуіне көмектеседі.

 

Аттар.

Балалар аттарды бейнелейді. Бөлменің немесе алаңның бір шетіне жиналып, мынадай өлең айтады:

Топ-топ түсіп төрт тұяқ,

Шоқырақтап шап, атым.

Құйрық-жалын суылдап,

Ұш оғындай садақтың. Өзен кешіп, тау асып,

Шабысыңнан танба сен.

Дүрсілдетіп дүниені

Ытқып, ытқып заула сен.

Соңғы сөзді айта бергенде, балалар алға қарай ұмтыла секіреді. Тәрбиешінің «үйге» деген сигналы бойынша жай ғана орындарына оралады. Тәрбиеші тексті қайталайды, аттар қайтадан бөлмені айнала шаба жөнеледі.

Тәрбиеші өлеңді түгел айтып болмайынша, балалардың орындарынан қозғалмауын қадағалаған жөн.

 

Кегли.

Ойынды пластамассадан жасалған кеглилер қолданылады.Оларды бір-бірінен 10-15см қашықтықта орналастырады.

Балалар 1-1,5 м жерден бір-бір доптан домалатады.

Тәрбиеші балалардың қайсысының кеглиге тигізгенін белгілеп тұрады; жеңілгеніне онша назар аудармай, тигізе алмағандарға көмектеседі.

 

Допты домалат.

Балаларға әр түрлі түсті доптар немесе онша үлкен емес шағын ғана (диаметрі 6-8 см) шарлар беріледі де, оларды балалардан онша қашық емес жерге орналастырған жалаушаға (линияға) дейін домалатып жеткізу ұсынылады. Тәрбиеші допты жақсы домалатып жеткізген балаларды атап өтеді, тапсырманы дұрыс орындағаны үшін алғыс айтады, допты тағы да домалатуға мүмкіндік береді. Балалар допты бірнеше рет домалатқаннан кейін тәрбиеші оларды кәрзеңкеге жинауды ұсынады.

 

Құрсауды дөңгелет.

Үш-төрт бала тәрбиешіге қарама-қарсы 1,5-2 м жерде тұрады. Тәрбиеші құрсауды кезекпен әр балаға қарай дөңгелетеді, ол ұстайды да керісінше тәрбиешіге қарай дөңгелетеді.

Балалар құрсауды дөңгелетуді және ұстауды жақсы үйренген кезде бір-бірімен өздері ойнай алады.

 

Кішкене шарды өз жалаушаңа қарай домалат.

Алаңның немесе бөлменің бір жағында сызық жүргізіледі, оның арғы жағында балалар тұрады. Ал бұған қарама-қарсы жақта 1-1,5м жерде әр түрлі түсті жалаушалар қойылады.

Тәрбиеші балаларға жалаушалардың түсіне сәйкес келетін екі-үш түсті кішкене шарларды таратып береді. Бұдан кейін кішкене шарлардың қандай түсті екенін көріп алуды ұсынады да сол түсті жалаушаның қасына тұрып, соған қарай шар домалатуды ұсынады. Балалардың барлығы шарларын домалатып болғаннан кейін, тәрбиеші енді оларды корзинаға салуын сұрайды, одан кейін қайтадан таратып береді, ойын қайта басталады.

 

Ұя басқан тауық пен балапандар.

Балалар балапандарды, ал тәрбиеші ұя басқан тауықты бейнелейді.

Бөлменің немесе алаңның бір жағында қоршалған орын. Бұл – үй (жалаушалар тізбектеле жіп 40-50см биіктіктегі ағаштардың немесе бағандарының арасымен тартылады). Үйде балапандарымен ұя басқан тауық орналасқан.

Тауық балапандарына тамақ (жем) іздеп кетеді. Біраз уақыттан кейін ол: «Ко-ко-ко-ко» деп балапандарын шақырады. Бұл сигналда естіген балапандар жіптің астынан өтіп, енесіне келеді


Пікірлер (10)

Лиза Жолекенова

Өте керемет

Алиева Гүлнар

Ойындардың көптігіне рахмет

Ойындарына рахмет

Мусина Ақмарал

ойындардың саны көбейе берсін

ойындардың саны көбейе берсін

Мира

рахметтт

Бейсембева Қарлығаш Рамазанқызы

ойындардын саны көбе берсін. шығармашылық табыс тілеймін

Гаухар

Ересектердыкы барма

БАҚЫТ

Ұлттық қимылдық ойындар керек еді

Асылзат

Екінші сәбилерге арналған ойындар екінші кіші топка ойнатамыз ба

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз