Ақтөбе қаласы, Ақтөбе орта мектебі
бастауыш сынып мұғалімі
Молдашева Алтынгул Асхатовна
Дүниетану 3 «Г» класс
Сабақ тақырыбы: Сезім мүшелері: көз, құлақ, мұрын тіл, тері.
Олардың адам өміріндегі маңызы мен қызметі.
Сабақ мақсаты:
1. Сезім мүшелерінің атқаратын қызметі, олардың маңызы жайында түсінік қалыптастыру. Сезім мүшелерін қалай сақтау керектігін үйрету.
2. Оқушылардың ойлау, топпен жұмыс істеу қабілетін дамыту.
3. Оқушыларды ұйымшылдыққа, ұқыптылыққа, сезім мүшелеріне ұқыпты болуларына,денсаулықтарын сақтау, жеке бас гигиенасын талаптарын сақтауға тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, топтастыру, сұрақ–жауап, әңгімелеу
Сабақ көрнекілігі: слайд, суреттер, парақтар, ойыншықтар, жеміс-жидектер.
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі
- Бүгінгі біздің сабағымыз ерекше сабақ. Яғни, зерттеу сабағы болмақшы.
Үй тапсырмасын тексеру
- Үйге қандай тапсырма берілді?
- Үйге берілген тапсырма, сезім мүшелері туралы мағлұмат қарастыру.
Жаңа сабақ
- Сендердің қолдарыңда айна бар. Айнаға қарап айтыңдаршы, не көріп тұрсыңдар?
- Көз, құлақ, мұрын, тіл, тері.
- Оларды бір сөзбен қалай атауға болады?
- Сезім мүшелері.
- Дұрыс. Бүгінгі біздің тақырыбымыз «Сезім мүшелері. Олардың адам өміріндегі маңызы мен қызметі»
- Қай сезім мүшесі адам өміріне ең маңызды?
- Біздің мақсатымыз: осы сезім мүшелерінің ең маңыздысын тауып, дәлелдеу.
- Осы сұрақтарға жауап беру үшін, зерттеу жұмысын өткізуіміз керек.
- Зерттеуші деген кім? Ол бір нәрсені бақылап, зерттейтін адам.
- Олай болса, біз барлығымыз зертханада отырған зерттеушілерміз. Ал біздің зерттеуші затымыз - ол адамның дене мүшелері болады. Зерттеуді бастайық.
ОЙЫН «Сиқырлы қоржын»
(Қоржынға әр түрлі заттар: ойыншық, кітап, щетка, сызғыш, бутылка...)
- Менде ғажайып қоржын бар. Оның ішінде әртүрлі заттар жатыр. Кім айтады, қандай заттар жатыр?
- Оның түсі қандай?
- Неге айта алмай отырмыз?
- Олай болса, қандай заттар жатыр екенін көрейік. Ол үшін барлықтарың көздеріңді жұмыңдар.
- Қандай затты алып шықтым?
- Көздеріңді ашыңдар. Неге сендер сұраққа жауап бере алмадыңдар?
- Сендерге не көмектесті?
- Айналадағы заттарды көретін мүше – ол көз.
- Олай болса жұмбақты шешіп көрейік:
Көреді бәрін өзгенің,
Көре алмайды өздерін. (Көз)
Адам сыртта болып жатқан түрлі ақпараттардың 80-90 пайызын көзбен біледі. Көру мүшесі көз алмасы және қосымша мүшелерден тұрады. Көз алмасы 3 түрлі қабықтан тұратын шар тәрізді мүше.
Сыртқы қабық: көзге пішін береді, жарық сәулесін өткізеді.
Ортаңғы қабық: қантамырлы нұрлы қабық. Ортаңғы қабықта қарашық орналасқан. Қарашық арқылы көздің ішіне жарық өтеді. Нұрлы қабық бояғыш заттарға бай. Бояғыш заты аздау көз көк немесе боз болып келеді.
Ішкі қабық: торлы қабық та жарықты қатты сезетін жасушалар орналасқан.
Көздің қосымша мүшелеріне – кірпік, қас, қабақ, бұлшықеттер, жас бездері жатады.
Қабақ пен кірпік: көзді шаң тозаңннан, қоқымнан, сұйық тамшылардан қорғайды.
Бұлшық еттер: көзді жоғары, төмен, ішке-сыртқа қарай қозғалтып тұрады. Жас бездері-ұдайы жас бөледі. Көзді ылғалдап,жылытады.
Қас: аққан терді көздің ішіне жібермей ұстап, қорғап қалады.
Көз зақымдалған кезде көрсетілетін алғашқы жәрдем:
1. Егер көзге бөгде зат түссе, дереу қайнатылған жылы сумен көзді сыртынан ішіне қарай жуу. Көзге қышқыл сілті сияқты сұйықтықтар тисе, суды ағызып қойып жуу керек. Көзді уқалауға болмайды,тек таза шүберекпен сүртеді. Сондай–ақ ерте кезде әжелеріміз халықтық емдерді қолданған. Мысалы, көзге бөгде зат түссе ,тіл салу арқылы алған.
Көру қабілетін сақтау үшін не істеу керек?
1. Көзді бөгде заттардың түсуінен қорғау керек.
2. Көзге бөгде зат түссе, қолмен уқалауға болмайды. Кір орамалмен сүртпе. Түрлі микробтар түсуі мүмкін. Таза қол орамалын пайдалаң.
3. Қартайғанша көз жанарын сақтап қалу үшін кітапты жатып оқыма. Оқығанда кітап,дәптер 30-35 см қашықтықта болуы керек.
4. Көлікте келе жатып кітап оқыма. Көз тез шаршайды. Егер ұзақ оқу керек болса, әрбір 10 минут сайын 15 минуттан көзді демалдырып отыр.
5. Шамның жарығы сол жақтан түсу керек.
6. Күн сәулесі, электр жарығына тік қарауға болмайды. Көздің жанарын әлсіретеді. Жасыл түс көзге пайдалы.
7. Теледидарды ұзақ уақыт көрме. Экраннан 3-6м алыс отыру керек.
8. Компьтермен ұзақ ойнама 10-15 минут. Аптасына 3 рет қана күн аралата. Көзді үшкір заттардан сақта. Қолыңда үшкір ағаш,қайшы болғанда жүгірме.
9. Көзілдірігіңді таза ұста.Окклюзияны үнемі тақ. Көзді қорға.
10. Көзге үнемі жаттығу жасау керек.
Өткізген зерттеу арқылы қандай тұжырым жасаймыз?
Көз - ол көру мүшесі.
«Сен білесің бе?» айдары
Мұғалім:Көз – адам денесіндегі жұмбағы өте көп сезім мүшесі. Оны барлаушы деуге де болады. Бір бірлеріннің көздеріңе қараңдаршы. Оның түсі қандай? Көздің түсі бойыншада адамның мінезін білуге болады екен. Көздің әр қабағында 80 кірпіктен болады екен. Әрбір кірпік 100 күн өмір сүреді. Адам көзін минутына 3-4 рет жыпылықтатады.
- Жағымды заттар ды көргенде адамның қарашығы 45 пайызға дейін ұлғаяды.
- Ер балаларға қарағанда қыз балалар көзін екі есе жыпылықтатады екен.
- Көзді ашып түшкіру мүмкін емес.
- Тез оқығанда көз аздау шаршайды
- Көз астына қарағанда үстіндегі кірпік көптеу.
- Аралардың көзі бесеу болады.Екі үлкен, үш кішкентай. Ал құмырсқалар болса жұлдыздарды күндіз де көре алады екен.
- Шаянның көзі антенна сияқты шошайып шығып тұратын бұтақшаларында орналасқан.Тіпті құйрығында да орналасқан көзі бар екен.
Көз дәрігерін - окулист деп атайды.
Көзге арналған жаттығу
Жұмбақ.
Күмбір-күмбір қарағым,
Қартайғанша жарадың.(Құлақ)
Ойын «Сылдыр» ойыны
- Әрбір топтан 1 оқушыдан шығады.Арқасымен теріс қарап тұрады. Отырған әрбір оқушы күз мезгіліне байланысты сөздер айтады.Тақтаға шыққан оқушы оны дауысынан танып айтады.
- Сендерге не көмектесті олардың дауысың тануға?
- Құлақ - ол қандай мүше? Есту мүшесі.
- Біз әр түрлі дыбыстарды, шуды, музыканы, құстардың әнін, көптеген сан алуан дыбыстарды құлақпен естиміз. Дыбыстарды тыңдау арқылы біз айналада не болып жатқанын білеміз. Құлақ - құлақ қалқаны бастың екі жақ жанында орналасқан. Біз сонда екі жақтан да шығатын дыбыстарды қабылдаймыз. Құлақ үш бөліктен тұрады.
Олар: сыртқы құлақ, ортаңғы құлақ, ішкі құлақ. Біз тек қана сыртқы бөлігін көреміз.
Сыртқы бөлік - құлақ қалқаны деп аталады. Ол әр түрлі дыбыстарды қабылдайды және оның қайдан шыққанын анықтайды. Дыбыс құлақ қалқанына түскеннен кейін есту жолы арқылы өтіп, дабыл жарғағына барады. Дабыл жарғағының қозғалысы ортаңғы құлақ сүйекшелерін іске қосады. Құлақтың дабыл жарғағы жұқа болады. Сондықтан оған жақсы күтім керек.
Зерттеуіміздің қортындысы бойынша құлақ-есту мүшесі.Ол да маңызды мүше.
Құлақты күту керек пе?
- Құлақты күнделікті сабындап ,жылы сумен жуып, тазалап тұру керек.
- Құлақты тазалағанда қатты,үшкір заттарды пайдалаңба.
- Музыканы, теледидарды өте қатты дауыста тыңдама.
- Құлақты суықтан және желден сақтау керек.
- Құлағын ауырса дәрігерге қаралу керек.
Сергіту сәті «Қаражорға»
Жұмбақ шешу.
Екі шырақтың арасында бір өзім (Мұрын)
Ойын «Парфюмер» (Иіс су, сарымсақ)
- Парфюмер деген кім?
Мұрын - иіс сезу мүшесі.
- Қазір көздеріңді жұмыңдар. Мен бір затты алып өтемін.
- Ол не?Қалай білдіңдер?
- Қай сезім мүшесі сендерге көмектесті?
- Біз иісті әсіресе көктем мен жазда,жылы және жаңбырлы күні жақсы сезеді екенбіз. Мұрын мимен, жүйке талшықтарымен тығыз байланысты.Бізге иіс ұнамаған кезде ,ми қауіп дабылын береді.Сол уақытта мұрын қуысы кішірейеді екен. Ал егерде иіс жағымды болса, жүйкелеріміз тынышталып, жақсы дем алады екенбіз.
Мұрынды күту
- Мұрынды таза ұстау керек.
- Үнемі таза орамал болу керек.
- Өзің білмейтін өсімдіктерді,сұйық не ұнтақ заттарды иіскеме.
- Үшкір заттармен шұқыма.
-Т емекі шекпе, өйткені темекі шегетін адамның иіс сезу мүшесі сезу қабілетін тез жоғалтады.
Жұмбақ шешу.
Үнемі ауызда бұлтыңдайды,
Бірақ жұтылмайды. (Тіл)
Ойын «Дәп-дәмді»
(Тәрелкеде алма, жүзім, банан салынған.Көздерін жұмып, дәмін татып табу керек?)
- Дегустатор деген кім?
Тәжірибе жүргізейік.
Сендердің алдарыңда 3 стақан су тұр. Қай стақанда тәтті су, қай стақанда ащы су, қай стақанда тұщы су? Ол үшін не істеу керек? -Мұрын қуысындағы сезім нүктелері миға хабар жеткізеді, ауызға қандай зат салынғаны туралы.
Тіл –дәм сезу мүшесі.Тілдің ұшындағы дәм сезу бүртіктері, негізінде тәттіні сезеді. Тілдің жиегі қышқылды ,ұшы мен жиегі тұздыны. Ащы дәм тілдің артқы бөлігінде білінеді.Адам тіл арқылы 10000 жуық дәмді сезе алады. Сонымен қатар тіл ауыздағы асты шайнау, жұту жұмыстарын жүзеге асырады. Тіл ыстықты,суықты және ауырғанды да сезеді.
Тілді қалай күту керек?
- Өткір затты ауызға салуға болмайды, себебі кесіп алуың мүмкін.
- Тамақты асықпай жеу керек, себебі тілді тістеп алуың мүмкін.
- Тамақтан кейін ауызды шаю керек, себебі тамақ қалдықтары қалады.
- Ыстық тамақты суытып ішу керек, себебі тіл күйіп қалады.
Ойын «Жинау, сипау»
(Орамжапырақ, сәбіз, картоп, қияр, қызанақ,п ияз)
- Бір сезім мүшесі қалды. Ол-тері.Тақтаға екі оқушы шығады. 2 оқушының көздерін жауып, қолдарына көкөністерді беру. Олар сипап, атайды.
Тері – сипап сезу мүшесі.
Тері - адам денесінің сыртқы жабыны. Ішкі мүшелерді соғылудан, жарақаттанудан қорғайды. Тері микробтарды, еріген улы және зиянды заттарды өткізбей қорғаныштық қызмет атқарады. Тері ағзадағы зат алмасу үдерісіне қатысады. Тері арқылы сумен бірге түрлі тұздар,(сүт қышқылы, азоттық алмасу өнімдері сыртқа шығарылады. Теріде көптеген жүйке талшықтары,сезгіш жасушалар шоғырланған. Сондықтан тері сезім мүшесінің қызметін де атқарады. Терінің витаминдер алмасуына да қатысы бар.
Теріні күту:
-Теріні жарақаттардан,күйіктен,үсіктен сақта.
- Денені аптасына 1-2 рет сабынмен және жөкемен жуу керек.
- Міндетті түрде қолды, бетті, мойынды, аяқты, қолтықтың астын күнделікті жуу.
- Үнемі таза киім кию.
- Тырнақты таза ұстап ,уақытында оларды қию керек.
- Қандай тері ауруларын білесіңдер? Тері емдейтін дәрігер кім? Дерматолог.
Тұжырым шығару.
- Біздің зерттеуіміз аяқталып қалды. Зерттеу бойынша тұжырым шығаруымыз керек. Ол үшін алдарыңда жатқан суретке қараңдар. Қандай сурет? Сезім мүшелерінде маңыздысы бар ма ? Ия, балалар, барлығы да маңызды. Олай болса сол сезім мүшелерін толықтырып суретке салыңдар.
Сабақты қорыту
- Сабақ ұнады ма? Сабақта не ұнады сендерге? Не білдік?
Үйге тапсырма.
27-29бет Оқу.
Бағалау.
- Бүгін сабақта барлықтарын ғалымдардай сезім мүшелерін зерттедіңдер, сондықтан сендерге бағаның орнына мынандай ғылыми атақтар бергім келіп тұр.
Болашақ профессор.
Болашақ ғылым докторы.
Болашақ ғылым кандидаты.
Болашақ магистрант.
Айша
Рахмет