Өлең, жыр, ақындар

Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік

Мұғалімдер күні мерекесіне арналған «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты мерекелік жиын

Мақсаты: Оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру. Ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету.
Көрнекіліктер: Қанатты сөздер, гүлдер, жалауша, шарлар.
Би: «Ақбұлақ»

І жүргізуші: Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.

ІІ жүргізуші: Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.
Өмірді алға қарай өрлететін,
Сендерде Ұлы Отанның болашағы –

І жүргізуші: Ұстаз ... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық
нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз.

ІІ жүргізуші: Дұрыс айтасың Ұлжан.
«Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған.«Ұстаздан тәрбие алған » немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер « ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.

І жүргізуші: Иә, Жеңісбек.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің » дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.

ІІ жүргізуші: Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде еңбегі зор.

І жүргізуші: Шәкірттерге білім беруде ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Сондықтанда ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

ІІ жүргізуші: Олай болса, қадірлі ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.

І жүргізуші: Сіздердің шәкірттерді тәрбиелеп, білім беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.

І, ІІ жүргізуші: Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем бола берсін демекпіз.

І жүргізуші: Олай болса бүгінгі мерекеге арналған «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты мерекелік жиынымызды ашу үшін мектеп басшысы Ғалымбек ағайға береміз. Рахмет, ағай!
«Той бастар» әнін қабыл алыңыздар. Орындайтын 8 – класс оқушысы Сейділда Жұлдыз.

ІІ жүргізуші: Келесі тыңдайтын әндеріңіз «Ұстазым» орындайтын 10 – класс оқушысы Сілтеу Мадина.

І жүргізуші: Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән – мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар.

ІІ жүргізуші: Иә, ол – ұстаз! Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі – бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет ұстаздарға арналады.

І жүргізуші: Олай болса ұстаздарымыздың құрметіне ауыл әкімі Бибісара апайдың жылы лебізін тыңдасақ.
Рахмет, апай!

ІІ жүргізуші: «Қазақ қызы» орындайтын 8 – класс оқушысы Қуанышбай Әбдуали.
І жүргізуші: Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып,
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иейік мәңгілік! – деп келесі мерекелік құттықтау сөзді ардагер ұстаз Кемал ағайға береміз. Рахмет, ағай!

ІІ жүргізуші: «Ұстазыма» орындайтын 7 – класс оқушысы Жеткербай Гүлзат.
І жүргізуші: «Мектеп – білім тірегі, ұстаз - оның жүрегі» - деп ғұлама ағаларымыз айтқандай, Жеңісбек менің ойымша, кез – келген адам ұстаз бола алмайды.

ІІ жүргізуші: Олай ойлауыңның себебі неде?
І жүргізуші: Себебі ұстаздық - өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез – келген адамға қона бермейді.

ІІ жүргізуші: Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт.
Ұлжан, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.

І жүргізуші: Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың – деп келесі мерекелік құттықтау сөзді мектепішілік ата – аналар ұйымының төрағасы Мейрамбек ағайға береміз. Рахмет, ағай!

ІІ жүргізуші: «Асыл досым» әні орындайтын 8 – класс оқушысы Сейділда Жұлдыз.
І жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Төгілген арай, шуағым
Арманым қонса, қолыма,
Арқаң деп сенің ұғамын.
ІІ жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Сарқылмас мәңгі бұлағым.
Ұланың бүгі тойыңда,
Арнайды саған бұл әнін.

І жүргізуші: Жеңісбек, ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау – деген екен ғұлама ағаларымыз.

ІІ жүргізуші: Дұрыс айтасың, Ұлжан.
Алтын уақыттарын сарп қылып, ұстаздық еңбегін шыңдау барысында көмегін аямай, балаларды білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарымыздың еңбегі зор.

І жүргізуші: Олай болса ұстаздарымызға арналған құттықтау сөзді мектепішілік өзін - өзі басқару ұйымының президенті Әбілова Ақмаралға береміз. Рахмет !
ІІ жүргізуші: «Ұстазым» әні орындайтын 7 – класс оқушысы Жұматай Тұрсынай.
І жүргізуші: Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай жақсы шын бақытын тапса адам – дей келе ендігін мерекелік құттықтау өзді мектеп басшысы Ғалымбек ағайғ береміз. Рахмет, ағай!
«Достар» әні орындайтын 10 – класс оқушысы Сілтеу Мадина.

ІІ жүргізуші: Мектеп үйім, ұстаздарым ата – анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырлары сан тарапқа тараған.

І жүргізуші: Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын,
Дендеріңнің саулығы мықты болсын.
Білімімен суарған шәкірттерін,
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын !

ІІ жүргізуші: Құрметті ұстаздар, қонақтар !
Бүгінгі Ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты мерекелік жиынымызды жабық деп жариялаймыз.
І жүргізуші: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп – көп рахмет!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер