Өлең, жыр, ақындар

Мемлекет нысаны

Есік қаласы Жетісу заң колледжі
арнайы пәндер оқытушысы
Алтай Әсел Алтайқызы

Пән атауы: Мемлекет және құқық теориясының негіздері

Сабақ тақырыбы: Мемлекет нысаны

Сабақ түрі: Жаңа білімді меңгеру

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Білім алушыларға мемлекеттің басқару, құрылым, саяси жүйесін түсіндіріп, оның мемлекеттегі орны туралы мағлұмат беру.

Дамытушылық: Білім алушылардың танымдық қызығушылықтарын арттыру, ізденістерін дамыту, өзіндік көзқарастарын қалыптастыру.

Тәрбиелік: Өз ойын толық, әрі еркін жеткізуге, ізеттілікке тәрбиелеу.

Сабақты жабдықтау

А. Көрнекті құралдар: Интербелсенді тақта, презентациялар, тақырыптық кесте.

Б. Таратылатын материалдар: Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамыз 1995; Сапарғалиев  Ғ.С., Ибраева А.С. «Мемлекет және құқық теориясы». оқулық –Алматы, 1998 ж.

В. Пәнаралық байланыс: Құқық негіздері, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы, Конституциялық құқық.

Сабақтың кезеңдері:

І. Ұйымдастыру кезеңі: Сәлемдесу, оқушылардың сабаққа қатысуын белгілеу; аудиторияның сабаққа дайындығын тексеру; студенттердің сабаққа дайындықтарын тексеру; сабақтың жалпы мақсаты мен оны жүргізу жоспарын ашу.

ІІ. Жаңа материалды меңгеруге дайындық: «Мемлекет» чайнвордын шешу арқылы бүгінгі өтілетін тақырыпты ашу және мақсатын қою.

1. Билікті мұрагерлік бойынша өмір бойы иелену?
2. Билік белгілі бір мерзімге сайланатын сайланбалы органға тиесілі болатын мемлекет?
3. Күштеу арқылы құрылатын күрделі мемлекет?
4. Президентті және Үкіметті сайлау құқығына ие заң шығарушы орган?
5. Күрделі, одақтас мемлекет, оның бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады және белгілі бір дәрежеде мемлекеттік егемендікке ие болатын мемлекет?
6. Белгілі бір мақсаттарға жету үшін құрылған мемлекеттердің уақытша одағы?
7. Халық мемлекеттік билікті жүзеге асыруға тікелей  және өкілдік арқылы қатыса алатын мемлекет?
8. Саяси құқықтар мен бостандықтарды жоққа шығаратын мелекет?

Дұрыс жауабы:

ІІІ. Жаңа білімді меңгерту: Студенттерге қызыл, сары, жасыл стикер тарату арқылы 3 топқа бөліп, әр топқа жеке тақырыптар бойынша мәтіндер мен кестелер беріледі.

1 топ қызыл- Мемлекетті басқару нысаны

2 топ сары -  Мемлекеттің құрылым нысаны

3 топ жасыл- Саяси режим

Әр топ өздеріне берілген тақырыптар бойынша берілген мәтін бойынша кестені толықтырады және басқа топқа кесте бойынша түсіндіреді.

№ 1 кесте

1. Мемлекет нысаны – бұл қоғамның басқару, мемлекеттік құрылым және саяси режим нысандарынан құралған құрылымдық ұйымдастырылуы.

№ 2 кесте

2. Басқару нысаны – бұл мемлекеттік биліктің жоғары органдарының өкілеттіктерінің өзара қатынасы, олардың құрамы мен құрылу тәртібі. Басқару нысаны жоғары билікті жалғыз адамның немесе сайланбалы алқалық органның жүзеге асыруына байланысты ерекшеленеді. Осыған сәйкес, басқарудың негізгі түрлері болып монархия мен республика болып табылады.

Монархия – бұл жоғары мемлекеттік биліктің бір тұлғада ғана, монархта, болуымен сипатталатын басқару нысаны. Монарх билікті мұрагерлік бойынша өмір бойы иеленеді. Егер монарх мемлекеттік биліктің жалғыз органы болып табылса, бұл монархия шектелмеген деп аталады, ал жоғарғы билік монарх пен басқа бір органның арасында бөлінсе, бұл монархия шектелген деп аталады.

Шектелген монархиялар, өз кезегінде, өкілдік (дуалистік) және парламентарлық болып екіге бөлінеді.

Өкілдік монархияда монарх атқарушылық билікті жүзеге асыра алады, ол үкіметті құру, министрлерді тағайындау, вето және парламентті тарату құқықтарын иеленеді.

Ал парламентарлық монархияда монархтың құқықтық жағдайы әлдеқайда шектелген болады, монарх тағайындаған министрлер парламенттің сенімсіздік вотумына тәуелді болады және монарх заңда көзделген жекелеген жағдайларда ғана парламентті тарата алады.

Республика – жоғары мемлекеттік билік белгілі бір мерзімге сайланатын сайланбалы органға тиесілі басқару нысаны. Халықтың қай бөлігінің мемлекеттік биліктің жоғары органдарын сайлауға қатыса алатынына байланысты республика аристократиялық және демократиялық болып екіге бөлінеді. Демократиялық мемлекеттер, өз кезегінде, төмендегідей түрлерге бөлінеді:

1) парламенттік, бұл мемлекетте саяси өмірдегі шешуші рөл парламент сайлаған үкіметке тиесілі болады;
2) президенттік, бұл мемлекетте сайланған ел басшысы үкіметтің де басшысы болып табылады, сол себепті, ол үкімет мүшелерін тағайындайды және оларды қызметінен босатады;
3) аралас, бұл мемлекетте үкіметті президент пен парламент бірлесе отырып құрайды.

№ 3 кесте

3. Мемлекеттік құрылым нысаны – бұл мемлекеттің аумақтық құрылымы, оның құрамдас бөліктерінің және осы бөліктердің әрбірінің мемлекетпен қарым-қатынасының сипаты. Барлық мемлекеттер өздерінің мемлекеттік құрылымы бойынша жай және күрделі болып екіге бөлінеді.

Жай немесе біртұтас мемлекет – бұл өз ішінде бөлінбейтін тұтас мемлекет, оның өз ішінде дербес мемлекеттік құрылымдар болмайды, бұл мемлекетте жоғары органдардың біртұтас жүйесі, заңнаманың ортақ жүйесі, ортақ сот жүйесі, ортақ азаматтығы мен салықтардың бір каналды жүйесі болады.

Күрделі мемлекет – бұл белгілі бір дәрежедегі дербестікке ие жекелеген мемлекеттік құрылымдардан құралған мемлекет. Күрделі мемлекеттерге империялар, федерациялар, конфедерациялар, достастықтар мен одақтастықтар жатады.

Империялар күштеу арқылы құрылатын күрделі мемлекеттер, бұларда құрамдас бөліктердің жоғары билікке бағыныстылық деңгейі әртүрлі болған. Империялардың басты ерекшелігі – олардың құрамдас бөліктерінің ешқашан ортақ мемлекеттік-құқықтық мәртебесі болмаған.

Конфедерация империяға қарағанда ерікті негізде құрылады. Бұл нақты бір тарихи кезең шегінде белгілі бір мақсаттарға жету үшін құрылған мемлекеттердің уақытша одағы. Конфедерацияны құраған егеменді мемлекеттер халықаралық-құқықтық қатынастар субъектісі болып қала береді, оларда өз азаматтығы, билік, басқару және сот әділдігі органдарының жүйесі болады.

Федерация – бұл күрделі, одақтас мемлекет, оның бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады және белгілі бір дәрежеде мемлекеттік егемендікке ие болады; федерацияда жоғарғы федералдық органдар мен федералдық заңнамамен қатар федерация субъектілерінің жоғарғы органдары мен заңнамасы да болады; федерацияда салықтың екіканалды жүйесі пайдаланылады, оның белгілерінің бірі болып қосазаматтық табылады. Федерациялар аумақтық немесе ұлттық-мемлекеттік қағида бойынша құрылуы мүмкін.

Достастық – бұл ортақ белгілермен, біртектіліктің белгілі бір деңгейімен сипатталатын мемлекеттердің ұйымдастырушылық бірлестігі. Оларды біріктіретін белгілер экономикаға, құқыққа, тілге, мәдениетке, дінге қатысты болуы мүмкін. Достастықтың мүшелері – бұл толығымен тәуелсіз, егеменді мемлекеттер, халықаралық қатынастардың субъектілері.

Одақтастық – бұл қоғамды мемлекеттік ұйымдастырудағы ауыспалы нысан. Одақтастықтың негізінде көп жағдайда мемлекетаралық шарт болады. Ол одақтастыққа кіретін мемлекеттердің интеграциялық байланыстарын күшейте түседі және оларды конфедеративтік бірлестікке қарай итермелейді.

№ 4 кесте

4. Саяси режим – бұл мемлекеттік билікті жүзеге асыруға жәрдемдесетін тәсілдер мен әдістер. Мемлекеттік биліктегі тәсілдер мен әдістердің жиынтығына қарай екі түрлі режимді бөліп атауға болады–демократиялық және антидемократиялық режимдер.

Демократиялық режимнің белгілері:

1) халық мемлекеттік билікті жүзеге асыруға тікелей (азаматтардың референдумға қатысуы) және өкілдік (халықтың билікті өзі сайлаған өкілдік органдар арқылы жүзеге асыруы) демократия арқылы қатысады;
2) шешімді көпшілік азшылықтың мүдделерін ескере отырып қабылдайды;
3) мемлекеттік биліктің орталық және жергілікті органдарының сайланбалылығы және ауыспалылығы, олардың сайлаушыларға есеп беруі, жариялылық;
4) сендіру, келісу, келісімге келу әдістері жиі қолданылады;
5) қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы заңның үстемдігі;
6) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары жарияланады және шын мәнінде қамтамасыз етіледі;
7) саяси плюрализм, соның ішінде көппартиялылық;
8) биліктің тармақтарға бөлінуі және т.б.

Антидемократиялық режимнің бірнеше түрі болады: тирания, деспотизм, фашизм, тоталитарлық және авторитарлық режимдер.

Антидемократиялық режимге мына белгілер тән:

1) бір саяси партияның үстемдігі;
2) бір ресми идеологияның болуы;
3) бір меншік түрінің болуы,
4) саяси құқықтар мен бостандықтарды жоққа шығару;
5) қоғамның сословиелік, касталық және т.б. белгілер бойынша бөлінуі;
6) халықтың төмен экономикалық деңгейі,
7) мәжбүрлеу мен жазалау шараларының үстемдігі;
8) сыртқы саясаттағы агрессиялық сипаттағы әрекеттер және т.б.

ІV. Жаңа материалды түсінгенін тексеру: «Ыстық орындық» ойыны

Ойын ережесі бойынша ортаға ыстық орындық қойылады. Әр топтан бір студент ыстық орындыққа кезекпен отырып басқа топтардың тақырыбы бойынша 5 сұрағына жауап береді. Әр дұрыс жауапқа 5 ұпай беріледі.

Сергіту сәті «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында бейнефильм көрсету. /5 мин./

V. Жаңа материалды бекіту: «Тапқыр болсан шешіп көр» ойыны

Ойын шарты бойынша: Студенттерге Ғ. Сапарғалиев, А. Ибраева «Мемлекет және құқық теориясы» оқулығы таратылады және мемлекеттердің атауы беріледі. Сол берілген мемлекеттердің басқару, құрылым және саяси режимі бойынша сипаттама беру керек.

1. Қазақстан
2. АҚШ
3. Ресей
4. Индия
5. Франция
6. Ұлыбритания

VІ. Оқушыларды бағалау, сабақты қорытындылау: Жақсы жауап берген оқушыларды атап айтып, сонымен қатар үлгерімі жағынан төмендеу оқушыларды да ескеріп, психологиялық қолдау көрсету, олардың бүгінгі жетістігі туралы ерекше атап кету, тиісті дәрежеде бағалау. Оқушыларды ізденушілікке ынталандыру.

VІІ. Үйге тапсырма беру: 

Үйге берілген тапсырманы қысқаша түсіндіріп өту, қандай оқулықтар мен материалдарды қолдану керектігіне бағыт беру. Қосымша үй тапсырмасы бойынша сұрақтарға жауап бере отырып, түсіндіру. Үй тапсырмасы: Ғ. Сапарғалиев, А. Ибраева «Мемлекет және құқық теориясы» оқулығы 57-71 беттер оқып келу.                                                       


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер