Букатова Айнур Толегеновна
Қазақстан 1991 жылдан бастап өз алдына егеменді ел, жеке мемлекет болуының алғашқы күнінен қоғамдық, құрылыстың құрылымының алғашқы өзгерісі тұсынан бастап оқу-ағарту, білім беру саласында өзгеріс туғызды, оны жаңғыртып, жаңартуды мақсат тұтынды. Сол себепті орта білім беретін мектептер жүйесінде жаңа үлгілер мен жаңа типті мектептер құрылымын құра бастады. Оның мұндай жағдайы, әрбір жеке пәндердің өтілу барысында жаңаша қараудың ықпалын туғызды. Ондай үлес бейнелеу өнері пәніне де тиіп, оның бүтін болмысын өзгертті. Яғни білім беру туралы заңның шығуына дейін жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш (1-4 сынып) сатысына арналып бейнелеу өнері пәнінің жаңа бағдарламасы құрылып, оқулықтары шыға бастады. Бұл бейнелеу өнері тарихында бұрын болмаған құбылыс еді.
Білім берудің негізгі атқаратын қызметі оқушының оқу бағдарламасын меңгеруіне керекті жағдай жасап, өзіне тән ерекшелігін ашып, оны көрсете білу. Демек, оқушылардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылықтарын арттыруы үшін білім берудің әдістемелік құралдардың орны ерекше. Сондықтан әдістемелік құралдарды сөз етпесек болмас деп, оларға тоқталып өтуді жөн көрдім.
Оқушылардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылықтарын арттыруы үшін, ұстаз оқыту әдістемелік құралын жетік меңгеруі қажет.
Әдістеме дегеніміздің өзі сабақ беру өнері сияқты. Сондықтан ұстаз оқушыға дұрыс бағыт-бағдар бере білу керек. Оқушыға қандай көмек керектігін бірден байқап, дер кезінде көмегін тигізіп, қажеттіліктерін қамтамасыз етуі тиіс. Оқушылардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру үшін ең негізгі, мәселен, оқыту құралдарымыз. Яғни, ол өте қарапайым, түсінікті болуы шарт. Егер ол күрделі болған жағдайда, оқушыларды қызықтырмақ түгілі, олардың бейнелеу өнерін қабылдауына кедергі келтіріп, білімнен жұрдай етуіміз әбден мүмкін.
Бейнелеу өнері сабағында оқушылардың жұмыстары нәтижелі болуы үшін, ұстаздың оқушыларға көп түсініктеме беруінен гөрі, оқушылардың іс-жүзінде жұмыс істеуін аса қажет етеді. Ал ол дегеніміз ұстаздың үлкен шеберлігін қажет етпек. Оқушыға түсінікті болуы үшін, тек қана көрнекіліктер мен түсініктеме беру жеткіліксіз. Ұстаз сабақ барысындағы тақырыпты түсіндіру кезеңіндегі өзінің сөзіне, іс-қимылына, оқыту құралына оқушылардың қаншалықты көңіл бөліп отырғандарын көре білу керек. Ұстаз бен оқушы бір-бірін жақсы түсіну үшін, олардың арасында психологиялық қатынас туындайды. Оқушының іс-әрекеті, қимылы арқылы ұстаз оны түсіне алады.
Ұстаз оқыту әдістемелерін жетік меңгеріп, оны дұрыс пайдаланған жағдайда ғана, оқушылардың бейнелеу өнеріне қызығушылықтарын арттыру жүйелі түрде жүзеге асады.
Біздің – ұстаз қауымының негізгі міндеттерінің бірі, оқушыларға бар білгенімізді түсінікті, қарапайым түрде жеткізу. Демек ол дегеніміз, бейнелеу өнерінің түрлері мен ұлы суретшілерге және олардың жұмыстарымен шектеліп қана қоймай, көркем өнер шығармаларын танып, түсінуге үйрету. Көркем шығармаларға талдау жасауды әрі олар туралы өз көзқарастарын еркін жеткізе білетіндей дәрежеге жеткізу. Ол үшін ұстаз оқушыларды әрдайым әңгімеге тартып, өз ойларын ашық айтуға дағдыландыруы керек. Оқушылардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру арқылы оқушының эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға үлес қоса аламыз. Оларды сәл тарқатып айтар болсақ:
«Бейнелеу өнері» саласынан оқушы нені біліп, не бойына жинауға тиісті екені айтылған. «Бейнелеу өнері» шығармаларды көркемдікпен қабылдап, ол шығармадағы көңіл-күйді байқай білуі тиіс; оған өзіндік көзқарасын айта білуі керек; өз ұлтының және басқа да ұлттың туындыларын талдай алатын, салыстырып, өзінше бағалай алуға тиіс. Көркем шығарма материалдары мен оның құралдарын орынды пайдалануға тиіс. Әр материалдың бір-бірінен айырмасын ажырата алатын, оларды пайдалануға қажеттіні білуге және ол мартериалдың құрамын, оның кәсіптік қажеттілігін білуі керек. Мәселен қолданбалы сәндік өнер түрін, мамандық қызметтің әр түрлілігін, графикалық бейнелеу негізін (эскиз, сызу мен схема жасаудың) жай қарапайым құралдардың пайдаланылатын жолын біліп, еңбек қауіпсіздігін сақтау ережесінің жолын білу керек. Берілген сурет, сызба, эскиз бен сызу негізінде қарапайым нәрсе дайындай алатын, болуы тиіс. Осы жағдайларды меңгерген жағдайда ғана оқушыларды бейнелеу өнеріне қызықтырып, білімдерін тереңдете аламыз.
Осы айтып отырған ой-пікірлерімнің дәлелі ретінде, бейнелеу өнері сабағында тақырыпқа сурет салуды таңдадаым. Менің ойымша ол оқушылар үшін өте қызықты сабақ болмақ. Өйткені тақырыпқа сурет салу сабағының мазмұнына бізді қоршаған ортаның әртүрлі бейнелері кірмек. Сондай-ақ олардың салған жұмыстары өз ойларынан ойлап табылған шығармашылық картиналары болып табылады. Тақырыпқа сурет салу арқылы оқушылар өз ой-елестерін қағаз бетіне түсіру арқылы көрермен қауымға көркем тілмен еркін жеткізе алады.
Сондай-ақ, ол оқушылардың шығармашылық ынтасын дамытып, өз бетінше жұмыс істеуге үйретеді, әрі ойын, сезімін еркін жеткізе алатын болады. Жұмыстың композициясы арқылы, оқушы қоршаған ортадан алған әсерін айқындап береді. Алайда, оқушылардың іс-жүзінде орындалатын жұмыстарына ұстаздың қатыспауынсыз мүмкін болмайды. Өйткені тақырыпқа сурет салу, болмаса басқа да сабақтар бәрі-бәрі ұстазға байланысты. Егер де ұстаз оқушыларды қызықтыра білсе, олардың шығармашылық ынталарын арттырып, оны қажеттіліктеріне дұрыс бағыттаған жағдайда ғана, оқушылардың шығармашылық үрдісі өте белсенді түрде жүзеге аспақ.
Мысалы, сабақтың тақырыбын «Ауылым алтын бесігім» деп алдым. Тақырыпты қысқаша түрде түсіндіріп, оқушыларға қысқаша сұрақтар («Қанекей, араларыңда ауылда туып, өскендерің бар ма?» «Бар болса оның қаладан ерекшелігі неде? Ауыл саған несімен ұнайды?», «Қазақ ауылы несімен ерекше, несімен қызықты?», «Ауылда адамдар не істейді, немен айналысады?» деген сұрақтар қою арқылы олардың жұмысқа деген белсенділіктерін арттырып, көңіл-күйлерін көтеріңкі қылуға тырысамын. Тақтаға киіз үйдің, оның ішіндегі қазақтың ұлттық жиhаздарының суретін (жер үстел, алаша, сырмақ, домбыра, түлкі т.б) және де ауылдың бетке ұстар тұлғалары ақсақалды қария мен әженің, асау құрықтаған ер жігіт пен қазақы тазы ит, ошақ басындағы кимешекті келіншектің, бесікте бөлеулі жас сәбидің, қос бұрымды, қос етек көйлек киген қыздың бейнелерін көрнекілік ретінде іліп қоямын.
Бұл оқушыларды көрген нәрселерін еске түсіруге көмекші құрал болып табылады. Яғни еске түсіру қабілетін де міндетті түрде ескеруіміз керек.
Пәнаралық байланыссыз (музыка, математика, табиғаттану), оны ескермейінше әр жеке пәннің мазмұнын айқындау мүмкін емес. Бұл айтып отырғандардың арғы жағында танымның диалектикалық әдіс талабының орындалуы жатыр. Табиғаттағы әрбір зат арасындағы байланысы ғылыми тұрғыда беки түседі.
Сондықтан да тақырыпқа сурет салу сабағында жоғарыда айтып өткен сұрақтарыма жауап алғаннан кейін, музыканы қосуды жөн деп ойлаймын. Өйткені ол жұмыс арысында оқушылардың шығармашылықтарына қанат бітіріп, олардың шабыттарын шыңдай түсетіні сөзсіз. Әрине ол жай ғана ешкімге белгісіз әуен болмауы керек. Өйткені ол оқушыларға, яғни енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан жас суретшілеріміздің бойында әсер қалдырып, олардың жан-дүниелерін баурап алатын, халық арасында белгілі бағасын алған музыкалық шығарма болуы шарт.
Жан-жақты жетіліп келе жатқан, жаңа мемлекетіміздің жаңа адамын тәрбиелеу мен қалыптастыруда, бейнелеу өнеріне оқушылардың қызығушылығын арттыру, эстетикалық талғам мен тәрбиенің аратын орны ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ұстаздық шығармашылық. Алматы 2007 ж.Б.А Тұрғанбаева
2. Қазақстан бастауыш мектептеріндегі бейнелеу өнері пәні «Кешесі мен бүгінгісі» Алматы 2008 ж.Қ.О Жеделов
3. Натюрморт Т.М.Қожағұлов,К.К КелденоваАлматы 2007 ж.
4. Хмель Н.Д Теоретические основы профессиональной подготовки учителя. – Алматы «Ғылым» 1988 г.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі