Өлең, жыр, ақындар

Домбыра – қазақтың асыл қазынасы

Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол — қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма — күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра — қазақтың халық аспабы. Домбыра -қазақ халқының әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті аспап болып есептелген.

Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Олар домбыраның сыңғырлаған үнімен халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Ал домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отырған.

Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру біздің қолымыздан келеді.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Бұл жерде қазақ рухының алтын әдепті өкілдері есімдерінің келтірілуі сипат үшін айтыла салатын сөз емес, ұлт руханияты үшін күрескен әрі артында ұлан-ғайыр мұра қалдырған осынау тұлғалардың бәрінің де домбыраға қол соққанын өскелең ұрпақтың есіне салады, Абай мен Жамбылдан домбырамен шертілген қоңыр ән қалды, Құрманғазыдан домбырамен толғанған дауылды күй қалды, ал Әуезовтен жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй деген қасиетті сөз қалды.
Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Мұндай жайтты өмірден көріп-біліп, ұшырастырып та жүрміз. Адамдардың бәрінің бірдей музыкалық қабілеті бола бермейді ғой. Ал қандай адам болсын музыканы сүйіп тыңдайды. Демек, музыка адамдардың рухани қорегі деуге болады. Ал өзге халықтар секілді қазақтар да өзінің ұлттық аспаптарын құрметтеп, ән-күйлерін тыңдап ләззат алады. Әсіресе, домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ.

Автор:

А. Серікболқызы, Алматы обл. білім басқармасының Талдықорған қ. бойынша білім бөлімі ММ-нің Балалар өнер мектебі МКҚК


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер