Өлең, жыр, ақындар

Жылқы туралы

  • 17.05.2019
  • 0
  • 1
  • 9738
Біздің ел ертеден-ақ жылқы баққан,
Қолға алғаш үйретіп, ноқта таққан.
Жүйріктерін ішінде таңдап мініп,
Сын сағатта ерлері жауға шапқан.
Биені еппен сауып, күбі піскен,
Қымыз ішіп дерт көрмей, батыр өскен.
Саумал ішкен сырқаттың көзі ашылып,
Бала-шаға қуанып ойнап кеткен.
Бейбіт күнде ел-жұрттың дәулеті екен,
Жауға шапса айбыны, қайраты екен.
Ұзақ жорық, сын күнде азаматтың,
Адал серік, талмайтын қанаты екен.
Қысы-жазы тебіндеп өрісте екен,
Құлын-тайы тебіскен келісті екен.
Жылқышы болмай қалса қарауылда,
Айғырлары ұйырдың сақшысы екен.
Бұл жылқы жиын-тойдың көркі екен,
Бәйге, көкпар доданың төресі екен.
Қазы-қарта, жал-жәя, қымыз, саумал,
Астың таңсық, пайдалы, дамдысы екен.
Қазақтың дәулеттісі жылқы өсірген,
Мың-мыңдап өрістерге айдап жүрген.
Ұры-қары, ит-құсқа жем қылма деп,
Жалбарынып құдайға дөңбекшіген.
Бырақ кейде қатал да, ұзақ қыстан,
Жылқы малы ашығып, көп қырылған.
Ұйыр-ұйыр мыңдаған жылқылардан,
Көктемде санар тұяқ, жұғы қалған.
Сонда да атам қазақ үмітпенен,
Қолда барын көбейтіп,жылқы өсірген.
Ұры-қары, ит-құстан қақса құдай,
Құлын ертіп өздері-ақ тез көбейген.
Халқымыз жылқы малын қадырлеген,
Жыр қылған мінез, көркін өлеңменен.
Батыры мен серісін еркелетіп,
Жылқы мінез, бір жүйрік, текті деген.
Сол жылқы бүгінгі күн азайғандай,
Пысқырып, кісінеу жоқ бұрынғыдай.
Жоқ ит-құс пен ұрыдан сескене ме,
Шұрқырау аз, далада баяғыдай?..
Иесі пұл болсын деп күтіп, баптар,
Алыпсатар арзан ап, қымбат сатар.
Тек ауқатты, не ұры-барымташы,
Дәмін татып, қызығын көріп қалар.
Пайдасына дәнігіп, құныққандар,
Көбейді етін жеуге оның құмар.
Бүйте берсе бұл әшкөз, қасапшылар,
Жұмыр тұяқ біткеніңді қырып тынар.
Сонда қайсы түлікке сүйсінеміз,
Соңыздың иысы келсе күрсінерміз.
Бәйге шабыс, қыз қуу, көкпар тартыс,
Көзден бұлбұл ұшқанда бүк түсерміз.



Пікірлер (1)

Айдос

Авторы кім?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар