Өлең, жыр, ақындар

Кремль жырлайды

  • 18.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1386
(Толғау — жыр)
I
«Күй шертіп күллі жұрттың жүрегінде,
Ағылсын өзендердей жыр өмірге!»
Толғадық сол бір күйді, сырласқанда,
Аясы айдындай кең Кремльде.
Толқындай тарих мұнда аударысқан,
Төрінен тахтар көшіп, таждар ұшқан.
Асқақтап алтын басты мұнаралар,
Ел даңқын алып қалған арпалыстан.
Россия күңіренгенде, қуанғанда,
Әлдебір үміт шалқып туар таңға, —
Жазыпты шежіресін ғасырлардың,
Мәрмәр тас мызғымайтын дуалдарға.
Құтылып құрсаулы зіл, қан құрықтан,
Атқанда аспанында мәңгілік таң,
Жарқырап туған күндей қарт Кремль,
Лениннің өр даусымен жаңғырыққан!
Сақтап сол көсемінің даналығын,
Толғаған таң ғасырдың талап үнін.
Отанның кеудесіндей бұл күмбезбен,
Сырласқан күллі қала, дала бүгін.
Келеді кеңесуге, танысуға,
Кенші де, кемеші де, табыншы да,
Елші де, егінші де екшеп айтып,
Тілекпен талабын да, табысын да.
Талай бір толғанатын мұнда сырлар:
Жоспарлар, ғажайыптар, шың-асулар,
Бәрін де бұрқандырған құдіретпен
Партия — елдің дана сырласы бар!
Аршындап алысын да, қиынын да,
Сызып жол келешектің қиырына,
Ырғағын ұлы жырдың кетті сызып,
Партия, кеше ұлы жиынында.
Тарқаған талай кеңес тәулігінде,
Тап сондай жиын мұнда дәл бүгін де.
Бәйге жыр жүйріктері ағытты сөз,
Заманның заңғар осы зәулімінде.
Ойнатып жыр пернесін басып алға,
Өлең сөз дәуірледі осы залда.
Солай бір теңіз толқып шалқымай ма,
Өзендер өрден тасып қосылғанда?!
Аңқылдап алпыс перне үн қосқандай,
Алуан ақын тілді кеңес қандай?
Сұлу сөз нақышымен жарқырады,
Кремль күмбездері кең аспандай.
Жүрекке тұңғиықтан жыр тізуге,
Шабыт, рух бәрінің де тұр жүзінде.
Отырмыз орыс, қазақ, украин,
Түркімен, татар, тәжік, грузин де...
Тағы көп талай тілдің сұңғыласы,
Өлеңнің ақсақалы, сырлы жасы,—
Күлліміз жебей сөйлеп, ой жүгірттік,
Қайдалап әсем жырдың сұлу нәші?
Майталман тілдерінен нақыл тарап,
Кезді сөз сұлулықтың сәтін қарап.
Тербелді бізбен бірге жыршы біткен
Үндінің ділмәрі мен ақын араб...

II
Өмір бір орманы көп асқарлы шың,
Болса бір шын дарының, асқан күшің.
Шырқа сен, тебірентіп сол дүниені,
Ағысын өзендердің бастау үшін!
Жыр сөзге құштар ма тек ақын ғана?
Ділмәр тіл, тоқта қазір тақылдама!
Сол бір сәт Кремльге құлақ тосты,
Күллі жұрт алыста да, жақында да.
Кремль жайнап бүгін гүл айында,
Нұр бітті ақындардың шырайына.
Атынан партияның, үкіметтің,
Шешендер сыр толғады жыр жайында.
Туғанда жыр туралы тың бір егес,
Айтатын төрелікті сыншың емес.
Партия миллиондардың дана миы,
Кең толғап ақындармен құрды кеңес.
Өмірде өлең мұқтаж, жыр бағалы,
Шырын сөз жанның шөлін суарады.
Күресте, коммунизм жарысында,
Ақындар жүлде алуға сыбағалы.
Өлеңнің бағыстаны Отанымда,
Бұлбұлдар қонақтаған бұтағына.
Жайнап тұр жыр сипаты таңғажайып,
Халықтың өшпес өмір кітабында!
Сұлулық — албырт күндер ағысында,
Еңбектің ырғағында, жарысында.
Лебінде, адамдардың екпіндеген,
Сап құрған жеңіскерлер маршында.
Солардың үндерінде, күлкісінде,
Салтанат, сәндерінде, гүл түсінде.
Жырласын ақын біткен ақиқатын,
Сертін де, сүйгенін де, күллісін де!
Сол ұран буырқанды Кремльде,
Жар салып жөнелгендей жыр еліме,
Үні бұл партияның, үкіметтің,
Ақынның ұялады жүрегіне.
Қыран құс самғағандай зеңгір көкте,
Ұшқыр сөз шырқап жетсін жан-жүрекке.
Қаламгер — атойға кең жол ашатын,
Ұқсайды қияны атқыш зеңбірекке!
Жалындап кеудемізде сыр лептері,
Өлеңшіл жүректерден жыр өктеді.
Сол үнмен жаңғырыққан қабырғаға,
Сүңгіді құдай, патша суреттері...
Қозғалып ақын біткен бұл ұранға,
Музаның рухы жүзді храмдарда.
Мәнері сырлы сөздің сызылғандай,
Гранит кең сарайға, дуалдарға.
Кремль жырлағандай өзі бүгін,
Отанның жыршыл ойын, сөзім үнін.
Партия бастап жырды Кремльден,
Бәйгеге баптағандай сөз жүйрігін.
Бір сағат державаға қандай қымбат!
Жатқанда өмір-өзен тынбай зырлап.
Уақытын бөлді үкімет өлең үшін,
Күллі Отан жыр үндеуін тұрды тыңдап!
...Сөйлейді американ өнерлісі:
Елімде еленбейді өнер ісі.
Ақиқат айтқаныма, қайтқанымда
Төне ме капиталдың керең күші?
Демеңіз, елеңдеймін әлденеге?
Сұлу жыр салтанатқа кең келе ме?—
Деп біздің даусымызды тұншықтырмақ,
Долларға делебесі делбе неме...
Ол солай ойға кетті күйінді де,
Ал сергіп сол ордада жиын мүлде,
Ертеңгі эпопея, дастандардың
Толғадым тұстастармен күйін бірге.
Жөнелді жыр қиялым жорықтарға,
Алысқа, қиян қырға, алып тауға.
Өмірдің майданында, тынысында,
Өлеңмен өз орнымды анықтауға.
Алуға әсемдікті өлеңіме
Гүлдерден, шыққан қырдың белеңіне,
Егіннен, жазығымда кестеленген,
Кендерден, асылы көп тереңінде.
Даңқты ерлерімнің жігерінен,
Солардың өмір сүйгіш жүрегінен.
Шынардай тұлғасынан, ақ пейлінен,
Назынан, күлкісінен, гүл реңінен.
Алуға өршілдікті шың-құзынан,
Албырт ой, адуынды ұл-қызынан.
Солардың отты, қара жанарынан,
Тап сондай көкте жанған жұлдызынан.
Ақынмын албырт ойлы, емін-еркін!
Бәйгі жыр жүлдесінде — сенім-сертім.
Тағамын дастаныма сәулет етіп,
Жер көркін, адам көркін, өмір көркін!

III
Солай бір сырласқанда жыр жаныммен,
Тереңге сүңгіп едім, сырлары кең,—
Асыға ақын біткен адымда, жүр,
Өлеңнің ойда туған ырғағымен.
Дулы сол даусымызбен жаңғырықты,
Мрамор мұнаралар мәңгілікті.
Қорғанда сұңғақ бойлы көк шыршалар,
Сақшыдай сапқа тұрып сән құрыпты.
Сыр бардай сарайлардың әр тасында,
Шежіре заманаға, бар ғасырға,
Тасқындай ағылған жұрт тауап етіп,
Отанның ұлы мұра — ордасына.
Кремль, ел жиыны төтен мүлде?
Мың-мың жан қақпасынан өтер күнде.
Мұнда жұрт хикаялы храмдардан,
Лениннің ынтық ізгі мекеніне!
Күлімдеп күмбездері күмістенген,
Серуен, мұнда дарқан тыныспенен,
Көрдім мен саяхатшы шетелдікті
Гүлдерін Кремльдің иіскеген...
Менің де адымдарым батыл бүгін,
Отанның мен де сыршыл ақынымын,
Уа, ғажап, — Кремльге жас ұландар
Келеді шырқап әне, ақын жырын!
Ал ақын, тарт шеруді өлеңіңде,
Шың қақсын теңеуін де, әуенін де.
Сенің сол маршыңды жас ұландар
Шырқасын коммунизм әлемінде!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бозбалаға

  • 0
  • 0

Шағың ба бұл суынар,
Неге тұрсың қуарып?
Бақшада көп сұлулар,
Қайт көзіңді суарып.

Толық

Әнуар

  • 0
  • 0

Жігіт еді - әзілі бар, әні бар,
Жігіт еді - біздің ерке Әнуар.
Жігіт еді, боздағы еді халықтың,
Еркін, ерке жайраңдаған жаны бар.

Толық

Ақынның албырттығы жарасады

  • 0
  • 0

Боз үйлер қаздай қонған белес еді,
Сауырдан жорға қоңыр жел еседі.
Қарттарын қойлы ауылдың жинап Сәбең
Кеш болса кең күмбезде кеңеседі.

Толық

Қарап көріңіз