Өлең, жыр, ақындар

Жесір қатын хикаясы

  • 29.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1496
Ей, тілім, сөйле шірін, тапсаң тымсал,
Тірілік тұрмас дауам, тербеніп қал.
Асылың, абайласам, гүл сияқты,
Бір салқын, сап боларсың, соқса шамал.
Қамың қыл, қалдыр нішан кейінгіге,
Қашсаң да қай тарапқа, қоймас ажал.
Онан да өткендерден бір ікая айт,
Тіліңнен, татар әркім, тамызсаң бал.
Жауһар кітабынан назым етіп,
Жақсылар, сөз толғадым қулағың сал.
Бар еді ілгеріде бір жесір қатын,
Пәк еді пәдібештен зәһірбатын.
Дауамат тұғырлықты талап айлап,
Тұтушы еді шаһдіннің шариғатын.
Ол өзі ұғылына қауақ беріп,
"Су әкел, – деді, – жылдам, қолқанатым".
Жүгіріп суға қарай кетті бала,
Қош көріл анасының мархаматын.
Ойнаған балаларды көріп жолда,
Қауағын қойды жерге тұтқан қолда.
Бас ұрып балалықтың базарына,
Киіктей, кетті жосып, тапқан орда.
Көппенен күн батқанша күліп-ойнап,
Қауағын алып кешке, қайтты зорға.
Айтқанын орындамай келгеннен соң,
Анасы ашу айлады ошбу порма.
Деді: "Ей, Ақтан қорықпас бәткәр балам,
Ойлашы, не деп еді, мана анаң?
Анамның айтқан әмірін орындамай,
Болмай ма, – деп ойласаң, – не деп барам?
Қауақты құр әкеліп құтыңдайсың,
Көзіме көрінбей кет, құрсын қараң!
Тілазар, теріс тамыр, сен сияқты,
Баладан безсе болар туған арам.
Мен безер, мұнда тұрма, далаға кет,
Баланың керегі не етпесе үрмет?
Тәрбие сен етпесең, Тәңірім етер,
Бар енді, өз басыңның өлмесін ет.
Шарманда шаршы топта болуменен,
Боларсың арасатта Аққа да шет.
Ол бала бір тарихта үзір ойлады,
Қарсы алып, қалмаса да қарауға бет.
Өзің біл, идім басымды, ей меһрібан,
Қаншама қызметінде қинасам жан.
Ақыңның мыңнан бір ада болмас,
Етпесең ақ сүтіңді өзін, ихсан.
Айыбым айтарға жоқ болса-дағы,
Тыңдаңыз дадымды осы, тоқтап заман.
Мен сізді кейітейін деген жоқпын,
Болса да бұйрығыңыз бітпей қалған.
Жолымда балдар көрдім өзім теңді,
Әннен соң ұғландықтың күші жеңді.
Кетіпті айтқаныңыз ойдан шығып,
Алдыңа ұялумен келдім енді.
Өтініш, осы еткен кеш кінәмді,
Қауағың қалайда да сынбай келді.
Баласы бұлайша сөз айтқаннан соң,
Бауыры бордай болып егітілді.
Айтқаны ұғылымның екен мақұл,
Көп екен кәйткенменен кеулінде ақыл.
Ұмытып ойынменен кетпегенде,
Жоқ екен жарлығымды көрген сәһіл.
Қайтер ем ессіз бала есеңгіреп,
Қиратса қауағымды, жүріп қапыл.
"Садақа бастан құлақ" дегендей-ақ,
Айтыппын аңламай сөз, болдым пәһіл.
Деп дереу баласының сүйді бетін,
Перзентін кім жек көрер — бауыр етін?
Басынан пәруана бола берді,
Әйел ед ақылы кәмбіл, жөн білетін.
Алдына неше түрлі қойып тағам,
Исініп есіркеудің етті іретін.
Қауағын берді иманның бізге Сүбһан,
"Толтырып тағат суын күй", – деп оған.
Жүргенде һай-һаусатың базарында,
"Ет!" деген пәрманы Хақтың ұмытылған.
Күтініп күн ілгері ол қауаққа,
Суынан сақауаттың жоқ құйылған.
Құдай – бір, Құраны — шын, Пайғамбар — һақ,
Дегенге, "Жоқ, – деп жүрміз, – қауақсынған!".
Болмаса орындалған қызмет кем,
Қате көп ешнәрсемен толмастай тең.
Дегенмен әлгі ұғланның анасынан,
Не сөз бар, Пәруардигәр қаншама кең!
Қатесін құлдарының алу айлап,
Десе егер, ғажап емес: "Ұжмаққа ен!"
"Үзбе, – деп, үмітіңді раһматымнан!"
– Өзіңнің Кәләмінде айтып ең, Сен?!
"Қалайда тасқыннан құр тастамас", – деп,
Разылығынан Хақтың үміт қыламын мен.
Деп молла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Оншама өлең сөзге емеспін кен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өтірік хикаясы

  • 0
  • 0

Шынкөйдің шырайы артықшамнан-дағы,
Жүзі кір жалғаншының шаңнан дағы.
Ту ұстап туралардың топ бастауы,
Ататын анық бектер таңнан-дағы.

Толық

Тоқсанбай ақынға

  • 0
  • 0

Жаманның жақсы шыдар табасына,
Қолайсыз қоймас құлақ намасына.
Кемістік күндегенмен келе қоймас,
Ол ердің яки бақыт, я басына.

Толық

Сар Тараш хикаясы

  • 0
  • 0

Лайық ер жігітке бағу басын,
Ойланып андау дұрыс өз шамасын.
Ретсіз ілгергіні еліктеген,
Кемітер көпке шет боп өз мағынасын.

Толық

Қарап көріңіз