Өлең, жыр, ақындар

Сам батыр

  • 29.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1567
Сам батыр "Саудагер" деп өзгертті атын,
Әр түрлі сатушы еді жауһар затын.
Жеті ай Қытай жерін қоныс етіп,
Танитын болды тегіс еркек, қатын.
Қытайдың патшасымен болып таныс,
Етісті бір-бірімен беріс-алыс.
Бір сұлу бұл патшаның қызы бар ед,
Әркімдер етіп жүрген атан жарыс.
Бар еді қызметкер үш жүз қызы,
Бәрінің жаңа туған айдай жүзі.
Болған соң нөкерлері осыншама,
Байқаңдар, болатынын қандай өзі!
"Сұрата неше патша кісі салды,
Бұл қызын бәріне де бермей қалды",
– Дегенді есіткен соң Сам палуан
"Көрсем, – деп, – сол сұлуды!" ойына алды.
Бір күн қыз аралады көшелерді,
Теңселтті ғашық етіп нешелерді!
Болмайды баяндауға түр-тұрпатын,
Көркейтті көркі күндей неше елді.
Бір емес, көпшіліктің онда көзі,
Бәрінің "Бәрекелді!" айтар сөзі.
"Көрер, – деп, – мені тәуір!" талайлар түр,
Кемдікке санай ма адам өзін-өзі?!
Сам-дағы бір жағынан келді жетіп,
Көркіне қамшы басып, екпіндетіп.
Барды да бір биікке тұрды жалғыз,
Алдынан Мәликенің кесе өтіп.
Сам сонда жігіт еді отыз жасар,
Сәулеті сұлу еді жұрттан асар!
Шоқпары — төрт мың батпан қолындағы,
Көтерсе, жұрттың бәрі тұра қашар!
Екі мың, қылышы оның, батпан еді,
Белдегі белбеуіне таққан еді.
Шапқанда, қара тасты қақ айырып,
Сынаптай сылт еткізбей аққан еді!
Қанжары – өте өткір, бір мың батпан,
Қамырдай кідірместен тасқа батқан!
Жәбектен үш мың батпан бұғауы бар,
Мойнына не асаудың салып тартқан!
Гауһарлы басында бар алтын қалпақ,
Есіктей — омырауы, төсі — жалпақ!
Таңырқап тұрпатына Мәлике енді,
Қызығып қарай берді жалтақ-жалтақ.
Қыздарға қарап тұрып қасындағы,
– Қытай мен қытан, шын мен машын-дағы.
Бәрінде көзімменен көріп ем, – деп,
Халқының кәрісін де, жасын-дағы.
Жоқ едім бұл сияқты жігіт көрген,
Бұл жігіт екен, сірә, қайдан келген?
Қалайда халық қорғаны бір ер шығар,
Көргеннің көркі мұндай көңілін бөлген!
Бәрі де болды аң-таң, Самға қарап,
Кетті ышқы көбісінің, көңілі қалап!
Мәлике онан бетер теңселіп түр,
"Екен, – деп, – анық теңім" көзді қадап.
Өтінді қасындағы қатындарға:
– Ісімді епті едіңдер, – деп атымдарға.
Осы түн бұл жігітті әкеліңдер,
Жолына жүретұғын жатындар да.
Сұрайын өз аузымнан жағдай, күйін,
Көңіліме, көркін көріп, түсті түйін.
Өздерің енді есебін таппасаңдар,
Дерт болды жазылмайтын бұл бір қырын.
Жүзігін қолындағы берді жаңа,
"Белгі етіп барыңдар, – деп, – осыны ала".
Қалған соң кеш жақындап, кейін қарай,
Көз қырын кетті ханша сала-сала.
Лаж жоқ, көңілі кетіп қайтты Сам да,
Бұл-дағы арылмаған қалды қамда.
Ұйқысы ойлағанда келер емес,
Көрмесе қыз дидарын келер таңда.
Басқаның барлығы да шықты ойдан,
Ерік кетіп ер де болса тұла бойдан.
Мең-зең боп мас адамдай келе жатыр,
Жүйріктей бәйге ала алмай қайтып тойдан.
Алдынан екі қатын түрегелді,
Жанаса жайлап сөйлеп жүреді енді.
– Сәлемі бір адамның бар еді, – деп,
Ыржиып екеуі де күледі енді.
– Кәнеки, айтыңдар, – деп, – есітейін,
Сам-дағы құлақ салып, қойып зейін.
Ыңғайлап екеуін де ішке тартып,
Кідіріп, көп адамнан қалды кейін.
– Мәлика, – деді, – саған болды ғашық,
Біз келдік оның айтқан сөзін тасып.
Белгісі бізге берген мінеки, – деп,
Жүзікті жарқылдатып көрсетті ашып.
Қуанып Сам жүзікті алды қолға,
Ісінің айналғанын андады оңға.
Ғашығы шақыртқан соң шығасын ба?
– Жеңгелер, жүріңдер, – дед, – ертіп онда!
Қыздарша Самды дереу киіндірді,
Ұялшақ етіп темен иілдірді.
Таққан соң алтын шықпау, асыл киіп,
Көргенді көркі Самның сүйіндірді.
Қыз болып, екеуіне енді еріп,
Келеді күлімсіреп қасты керіп.
"Құдайым, қоспады-ау, -деп, – қызды осындай"
Қатыннан, қарағандар, қалды жеріп.
Мәлике отыр еді күтіп жолын,
Келгеннен ұстай алды Самның қолын.
Жетектеп, ордасына алып кіріп,
Төрдегі тақ үстінен берді орын.
Келтіріп алдына ас неше түрлі,
Үстіне өз қолымен шашты дүрді.
Байласын бір-біріне махаббатты,
Тамаша таң атқанша мәжіліс құрды.
"Қыз етіл" таң атқан соң қоя берді,
Ғашықтық әр күйлерге салмай ма ерді?
Қырық күндей сол қалыпта жүргенде ойнап,
Қараңғы тау патшасы келді енді.
Қасына келді еріп бес жүз зәңгі,
Ала көз, ақылы аз, бәрі де әңгі.
– Қызынды бермегенмен тартып алып,
Өзіңді етемін, – деп, – мисыз мәңгі.
Келді де, Қытай халқын қамап алды,
Сойдыртты сыртта жүрген жинап малды.
– Бұларға қандай лаж қыламын? — деп,
Падыша ақыл таппай, қорқып қалды.
Мәлика есіткеннен көрмеді ұйқы,
Болды ойы — уайыммен ұйқы-тұйқы.
Сам келсе кешке таман, көзін сипап,
Жабығып, жылап отыр, жаман сиқы.
– Отырсың, – деді, – неге, болып қапа?
Жыларлық кімнен көрдің зорлық-жапа?
Келіп ем күндегідей күліп-ойнап,
Етуге өзіңменен зауық-сапа.
Қалдың, – деп, – қалыбыңнан қалай тайып?
Қипаңдап, қасына кеп құшақ жайып.
Мойнына қолын салып, Сам өтінді:
– Табылып қалды ма, – деп, – менен айып?
Мәлике онан бетер төгіп жасын:
– Кетіп ед саған өте ықыласым,
Етпед, – деп, – ол ойымды тәңірім қабыл,
– Қарата құлай кетті Самға басын.
Қараңғы тау патшасы болып ғашық,
Келіпті әскер алып, судай тасып.
Атама қысымшылық қылып жатыр,
"Бермесең, аламын деп тартып, басып".
Ғуаждың ұрпағы еді бұлар күшті,
Бойлары мұнарадай, бұзық түсті.
Көргендер тұрпатынан тұра қашар,
Қалың бет, қыртыс қабақ, қабан тісті.
Қасында жолдасы бар бес жүз зәңгі,
Көздері бұл қатарғы көрмес жанды.
Құдаймен жүз айтқанда жұмысы жоқ,
Ойламас ұятпенен, әрі заңды.
Қайткенмен ол бәленің мен де қасты,
Сол үшін көңілім қапа, көзім жасты.
Еріксіз атқа артып алып кетер,
Жеңіліп болса жұртым аяқ асты.
Отыр, – деп, – осы уайым өте батып,
Аузынан "аһ" деп жалын жіберді атып.
– Қалайда қоймас, – деп, – ол екемізді,
– Жамбастап жылай берді жерге жатып.
Шамасыз Самды енді қайрат қысты,
Үстінен алтын тақтың ырғып түсті.
– Ол болса уайымың, – осы түнде
Оларға көрсетейін, – деді, – күшті!
Жауларды жоқ қылғанмын ондай неше,
Олардан күшім артық әлденеше!
Тамаша, таң қаларлық көрсетейін,
"Алам" деп келсе сені, көнді өсе.
Болады асылым – Иран, жайым – Систан,
Оғынан бабам Кіршаш тау-тас ұшқан!
Нариман туған атам, ердің нары,
Бармаған маңайына қорқып дұшпан!
Саудагер емес атым, Сам болады,
Мұрны-аузы егескеннің қан болады!
Жылама, жаным, енді жасыңды тый,
Бізбенен олар қайтіп пар болады?!
Сам сөйлеп бергеннен соң сырын анық,
Болған соң бәріне де бастан қанық,
Қуанып, қол шапаттан түрегелді,
"Қосылған екенмін, – деп, – теңім танып!"
– Орныңа олай десе, – деді,– отыр,
Түн барып, етпей-ақ қой опыр-топыр.
Күшіңді күндіз көпке көрсетерсің,
Қиратып қырып-жойып, қылып нөпір.
Шықпаған дерт сияқты сыртқа тыстап,
Шыдатпай бара жатыр қайрат қыстап.
Үстіне отырғызып алтын тақтың,
Өтініп, бұлай деді, қолын ұстап:
– Шығады ертең атам алып қосын,
Қалдырмай жан ашырлық жар мен досын.
Халық біткен қайратыңа қанық болар,
Олардан бергеннен соң алып өшін.
Күшіңді түнде еткен ешкім көрмес,
Көп, саған көрмеген соң көңілін бермес.
Жүрегім жүйткіп тұрған түсті орнына,
Сен барда маңайыма ешкім келмес!
Екеуі отырысты күліп-ойнап,
Көркейді көңілдері гүлдей бойлап.
Сам сыртқа таң атқан соң шығып кетті,
Көрінбей көп көзіне ұятты ойлап.
Саймандап келе сала көркін міңді,
Жауларға тудыруды қара күнді.
Темірмен тұлабойын қаптап алып,
Қалдырмай қарударын бойына ілді.
Сол кезде дабыл қағып, керней шалып,
Патша да қырық мың қосын шықты алып.
Дегендей: "ауылдастың жоғын жоқтас",
Қосылды бір жағынан бұ да барып.
Сап тартты, қатарласып зәңгі, қытай,
Зәңгілер өрт сияқты тұрған тұтай!
Қамыстай қытай халқы қалтырап түр,
"Кетер, – деп, – келе қойса, бізді бұтай".
Зәңгіден біреу шықты қылыш ала,
Қылыштың жалпақтығы – тақтай – мала!
Өлтіріп тоғыз жігітті, бір шапқанда,
Майданды етіп кетті дала-дала.
Батпады мұны көріп баруға жан,
Барғанмен бәрі сондай болатын қан.
Қолына төрт мың батпан шоқпарды алып,
Шыдамай, керікпенен ұмтылды Сам.
Бұғау бар бір қолында тоғыз буда,
Зәңгіге заулатумен барды тура.
Қылышын жаңағы айтқан көтеріп ед,
Шабынған сияқтанып шатас бура.
Мойнына оқтан шапсаң тастады атып,
Қылғынтып қыл мойнынан, алды шатып.
Керікке қамшы басып, тақым қысып,
Сүйреді атыменен тапырлатып.
Аяғы тиді атының аннан-саннан,
Патшаға сол бойынша сүйреп барған.
Алдына: "ал, тақсыр!" деп тастай берді,
Буынып, екен зәңгі өліп қалған.
Бұғауын мойынынан жазып алды,
Майданға және шауып кетіп қалды.
– Ей, жігіт, ат-жөніңді айта кет!– деп,
Қуанып, патша артынан айқай салды.
– Қылма, – деп, – бара жатқан мені алаң,
Жауынды қырып болып, қайтып барам.
Сөйлесіп, сол уақытта сырласармыз,
Қызметкер, әзіріне мен бір балаң,-
Келіп ед Мәлика де бірге еріп,
Еркекше киім киіп, көріктеніп.
"Тусаң – ту, жан ғашығым, жарайсың!"– деп,
Бір көңілі кетті мың боп, мұны көріп.
Сам шауып сол бойынша барып майдан,
Одақтап, орағытып анадайдан,
Шақырып зәңгілерді, айқайлады:
"Ал, хабар алыңдар, – деп, – біздің жайдан!"
– Болады бабам Кіршаш жеңген жұртты,
Уақытында мұзды бүріккен, шайнап бұлтты!
Нариман – туған атам, өздеріндей
Бояған жау қанымен сақал-мұртты!
Өз атым – Сам болады, онан туған,
Сендердей зәңгілерді қойдай қуған!
Келіндер кезегіңмен, кідірместен,
Болсаңдар батырлыққа белді буған!
– Тұрғанын қарашы, – деп, – етіп мақтан,
Шапқылап екі зәңгі екі жақтан,
Ұруға оңтайланып найзаларын,
Келіп ед керіп құлаш, ұстап саптан.
Шап етіп, шабыттанып қыран құстай,
Омыраудан екеуін де алды ұстай.
Бастарын соғыстырып, миын жарып,
Өлтіріп заманасын етті пыштай.
Төрт зәңгі мұны көріп тұра шапты,
Дегендей: "бұл қайратты қайдан тапты?"
Керікке Сам палуан да қамшы ұрды,
Аттата алдындағы атыз, жапты.
Шоқпармен ұрды бірін төрт мың батпан,
Өкіре аузын аша, құлады аттан.
Айнала беріп және салып кетті,
Ентелей біреуін де келген арттан.
Ол зәңгі қисайғанда аттап құлап,
Желкеден жолбарыстай ұстап бұрап,
Көтеріп үшіншісін қойып кетті,
"Зәңгіңді ала той, – деп, – келген сұрап".
Екеуі құшақтаса жатты жерге,
Не сөз бар, күші артық туған ерге?!
Біреуі жан сауғалап тұра қашты,
Тығылып қорыққаннан көрден-көрге.
Сам жетіп, арқасынан найза ұрды,
Көкіректен кере қарыс шығып тұрды.
Ойнатып найза ұшына маймылдай ғып,
Көтеріп кейін қарай алып жүрді.
Патшаның алдына әкеп, тастады атып,
Сол жерде жан тапсырды, талып жатып.
Кідірмей, керікпенен және кетті,
Күшіне көргендерді таңырқатып.
Мәлике сонда тұрып, деді: – Ей, ата,
Бұл жігіт – көрсетті-ау іс таңырқата!
Сондықтан жау жүрегі жаңқаланып,
Қорғалап, тие алмай тұр бізге бата.
Лаңды бұл болмаса салар еді,
Қалдырмай қазынаңды алар еді.
Мені де атқа таңып алып кетсе,
Үй ішім еңіреп жылап қалар еді.
Есіңе ал еткен ісін, қылған күшін,
Бұл болды алмас қылыш, қыран құсың.
Қайт етпе қалағанын қай кезде де,
Безіп жүр бір жанынан біздің үшін.
– Аяймын, – деді, – балам – онан нені?
Келіп түр күйеу қылғым, беріп сені.
Бала ғып қияметтік ала қойсам,
Тұрар ед әрқашан да қорғап мені.
Қуанып Мәликенің бұған іші,
Шамдай-ақ шырайланып кетті түсі.
Ал, енді зәңгілер ат қойды тегіс,
Аз барып жетпеген соң Самға күші.
Нe қайрап, қайраттанып, қырды, жойды,
Қирата кездескенін жарды, сойды.
Қалмастан қытайлар да керней шалып,
Түс қайта тұс-тұсынан атты қойды.
Сам жүр ед зәңгілерді қуып қойдай,
Жеткенін жерге жастап, тірі қоймай.
Патшасы зәңгілердің кездесті өзі,
"Қай жақтан табамын?" деп жүргенде ойлай.
Суырып қынабынан қанжарды алып,
Бүйірінен бара сала кетті салып.
Аларып ей көзі, аузын ашып,
Қансырап, құлады аттан естен танып.
Қырқырап құлағаннан шықты жаны,
Зәңгілер қырылып ед теңі жары.
Өлгенін патшасының көргеннен соң,
Қорыққаннан қаша берді қалғандары.
Жалақтап жетті оларға аш қасқырдай,
Көргенін кескіледі көзді аштырмай.
Кейбірін көк желкеден өкірте ұрды,
Аяғын ататтырып бір бастырмай.
Бірі емес, біразының басын кесті,
Не табад қасқыр мен қой болып өшті?!
Қалғанын келместей ғып шегіндіріп,
Қан қылып қайтып келді қар мен төсті.
Алдынан бәрі шықты уәзір, бектің,
Берген соң бәрін де алып ар мен кекті.
Құрметтеп, падышаға алып келді,
Әулетін атағы зор асыл тектің.
Құл болып қытай халқы қойып мойын,
Мал сойып, Самды сыйлап, етті ойын.
"Аярлық сенен, сірә, нәрсем жоқ", – деп,
Патша да риза болып, ашты қойын.
Қысқасы, халықты жинап, жасап тойды,
Ту бие, түйе, бағлан, сиыр сойды.
"Біріңе — бірің құтты болыңдар!"– деп,
Екеуін Мәликемен қосып қойды
Жұрт тегіс тараған соң тойды тойлап,
Отырып бірнеше күн күліп-ойнап.
Сұрады Сам рұқсат атасынан,
Сағынып Систандағы елін ойлап.
Уақытыңда ұшырасқан қайғы-қамға,
Етіп ең ойымды ұқсас жанған шамға.
Болмас, – деп, – бермей, батыр,тілегіңді,
Рұқсат ықыласпен етті Самға.
Падыша Мәликеге бөлді енші,
Көп еді қазына, мүлік, жиған кенші.
Бәрін де қалдырмастан тайлаттырды,
Жомарттық көрсетпек боп тіпті ерсі.
Көп қылып жүк артуға берді түйе,
Сансыз қып сауарына берді бие.
Шамасыз шор мен құл және берді,
"Болсын, – деп, – жұмысының бәріне ие".
Көп күндер жүріп Систан келді көшіп,
Халқының қалды көңілі көріп өсіп.
Сам-дағы тамашалы етті тойды,
Кең ойлы кісілердің басын қосып.
Орындап ол күндегі жоба – жолды,
Бата алды жақсылардан жайып қолды.
"Оңғар, – деп, – талабымды енді менің!"
Сам батыр өзіменен өзі болды.

ЗАЛ БАТЫР
2-БӨЛІМ
Мәлике көп ұзамай бір ұл туды,
Жасады ел "ұл туды" деп ұлы дуды.
Түк басқан тұла бойын бір ғажайып,
"Бұл не?" деп көргендердің көңілі суыды.
Қара емес, қардай аппақ шыққан шашы,
Сап-сары, салпы ерін, жік-жік басы.
Әрмен көз, бермен маңдай, бірақ оның
Көзінің жамған шамдай шұғыласы.
Кетіп ед құлан аулап сол кезде Сам,
Сәскеде Систан жақтан көрінді шаң.
"Мәлике ұл туды" – деп біреу келіп,
Әкетті сүйіншіге бірталай аң.
Аң аулап айдалада алты ай жүрді,
Ойлады ой – қуанғаннан осы түрлі:
"Той қылып, елден бата алайын" деп,
Жинады төбе-төбе етіп сүрді.
Систанға сол сүрлерді келді алып,
Қуанды, – "той болар" – деп көрген халық.
"Баланды, – Мәликеге, – әкел, – деді,
Көрейін қандай екен көзім салып?"
Көргеннен кетті шошып сам баланы,
Ес кетіп, өз-өзінен таң қалады.
"Құртсын, – деп, – бұл баланың тәңірім түрін"
Делбе боп, дегбір кетіп сандалады.
Қайтып кеп Мәликеге, деді:
– Ей, қатын, Салмаған шығар, сірә, тәңірім сәтін.
Шайтанның баласы бұл берген алдап,
Баланды жасырып ап туған тандап.
Әуре боп, "осы өзімнің туғаным" деп,
Жүріпсің байқамастан көріп андап.
– Ей, батыр, олай деме, тудым өзім,
Қарашы қандай нұрлы мұның көзін!
Кем болмас, қатарынан қайратты боп,
Тыңдатар дәлдеп айтқан елге сөзін.
Шүкір қыл бергеніне бір Құдайдың,
Болмасын бұл туралы тіпті қайғың.
Болмаса білім мен күш не пайда бар?
Әлпіне қонғанменен ажары айдың.
"Баланың түсі сары, қара көзі
– Рас болса бұрынғының айтқан сөзі:
Қайтпайтын қара тастан қасқыр жүрек,
Болады баһадүрдің нағыз өзі".
– Шыныда, осы болса туған балаң,
Қылам деп мұны бала болма алаң.
Көпке ұят көрсетуге, көміп кел, – деп,
Бұйырды шақырап бір-екі адам.
Баланы ол екеуі кетті алып,
Мәлике қала берді жылап, талып.
Баланы өлтіруге көзі қимай,
Тастады бір тоғайға алып барып.
"Көмдік" деп көптен кейін қайтып келді,
Сам сеніп ол айтқанға отырды енді.
Бар еді сол тоғайда бір жолбарыс,
Жүретін баласы өліп етіп налыс,
Баласы еметұғын болмаған соң,
Емшегі кетіп еді өсіп қарыс.
Ол келіп баланы иіскеп еміренді,
Түскен аузына емшек бала да емді.
Емгені жолбарысқа жағып кетіп,
Жайласып ана көңілі қала берді.
Емген соң жолбарысты қарны тойды,
Елжіреп жолбарыс та көңіл қойды.
Емізіп ертелі-кеш тұрғаннан соң,
Тыңайып, тіктеп алды бала бойды.
Еңбектеп жүгіруші ед, қорқып қашпай,
Емуші ед сүтін сарқып, асып-саспай.
Болмаса негізінде оның ерлік,
Жатар ед жылауменен көзін ашпай.
Самұрық келіп бір күн сол жерге ұшып,
Балаға осы жатқан көзі түсіп,
"Жесін, – деп, ұядағы балаларым",
Бүріп ап тырнағымен кетті қысып.
Апарып балаларына берді мұны,
Аңдардай үстінде бар шыққан жүні.
Таңырқап тұрпатына, тыңдаушы еді
Ыңырсып анда-санда шықса үні.
Деді олар:– Осыны,ана, асырайық,
Келсе де біреу іздеп, жасырайық.
Балалар асырауды көрді қызық,
Жылайтын болды өлтірсе көндің бұзып.
Амалсыз "айтқандарың болсын" деді,
Бәрі де тұрғаннан соң көзін сүзіп.
Адамның болғаннан соң белгілі ісі,
Ұнатпай самұрықтың қалды іші.
Ақылын үйреткенмен ұната ма,
Бірігіп алғаннан соң кілең кіші.
Баланы – балапандар бағып күтті,
Баққанмен бере алмады тауып сүтті.
Амалдап ауызына қанды құйып,
Майдалап, майлы еттерден әкеп тықты.
Құнықты қан мен етке бала-дағы,
"Берсе деп, тілеп жатты және дағы".
Самұрық күн шыққан соң қашып кетіп,
Андардан алып келед даладағы.
Ілінді үш жасына сүйтіп бала,
Тіл шығып самұрықты тұтынды ана.
Еркелеп самұрықтың сипап үстін,
Айтатын күлдіргі сөз болды жаңа.
Ықыласы самұрықтың ауды анық,
Тұрған соң "мамажан" деп көзі жанып.
Алдымен беретұғын болды оған,
Артығын андарының келген аулап.
Самұрық бала атын қойды "Дастан",
Болған соң сөйлеп көп сөз көңілін ашқан.
Сырласы самұрықтың болып Дастан,
Деуші еді: "Керек емес мұнан басқаң".
Ойлаушы ед балалары да мұның қамын,
Өздері нәр татпай-ақ қалса да аштан.
Жасырса балалары егер ойнап,
Шыдамай болушы еді қырып-жоймақ.
Мысалы, ғашық пенен машуқтай боп,
Жоқ еді қылығына, сірә, тоймақ.
Самұрықтың балалары алтау еді,
Ақылы аз, алтауы да аңқау еді.
Таласып қапияда бір нәрсеге,
Жанжалмен, жағаласар шаққа келді.
Алтауы ыңғайласып бірікті енді,
Бәрі де болмаған соң білікті енді.
Түрткен соң тұс-тұсынан тұмсығымен,
"Бұларға салайын, деп, бүлікті енді..."
Орнынан ашуланып тұрды Дастан,
Бәрін де бір жілікпен ұрды бастан.
Бастары быт-шыт болып, миы ойылып,
Бақадай жан тапсырып ауызды ашқан.
Өлгенді көрмеген соң мұнан бұрын,
Өкініп, бұзған да жоқ Дастан түрін.
Бәрін де орын-орнына жайғастырды,
Алсын деп біраз ғана көз шырымын.
Қояды "тұрыңдар" деп оқта-текте,
– Кетті-ау, – деп, – ұйқыларың ұзап көпке.
Болған соң намаздігер бесін өтіп,
Бұлардың ұядағы қамын етіп,
Шеңгелдеп жолбарыстың бір арланын,
Самұрық баябаннан келді жетіп.
Оларға қонбай жатып тастады енді,
– Жетеуің же, – деп, – бөліп мынау жемді.
Аңғарса, алтауы да аузын ашып,
Аңқайып, өліп жатыр алмай демді.
Дастаннан болғандығын біліп еді,
"Осы-ay, – деп, – адамзаттың етер ісі",
Өкініп өлгеніне әрі олардың
Құбылып құм сияқты өңіп түсі:
– Қалды өліп қапияда бұлар кімнен?
Ерте-кеш ермегің ед ойнап-күлген.
Өзіңнен өзге мұнда бөтен жан жоқ,
Айт, – деді, – расыңды өзің білген?
– Тартқылап түктерімді көрсетті азар,
Бірігіп түрткіледі тістеп, қажап.
Қашсам да олай-бұлай, құтқармады,
Өшігіп, ортасына ап, етіп мазақ.
Жілікпен мынау жатқан жаттым да ұрдым,
Ұрғаным құлай берді, қарап тұрдым.
Көтеріл көкке мұрнын, ұйықтап қалды,
Мәнісін түсіндім бе мұңдай сырдың?
– Ұйқы емес, өлді деген — осы, балам,
Күткенмен тірілтуге келмес шамаң.
Деді де алтауын да лақтырды,
Өкініп оған Дастан жылап тұрды.
"Артынан мен де олардың өлейін" деп,
Ұядан жерге өзін атып ұрды.
– Орныңа, – деді Самұрық, – отыр, балам,
Баланы тағы олардай тауып алам.
Анаңның сен тұрғанда арманы жоқ,
Өзіңсің, жаным сүйер жалғыз қарам.
Самұрықтың сол айтқаны келіп туры,
Келер жаз екі бала тағы туды.
Дастанның оларға өзі бақташы боп,
Қондырмай шыбынды да қорып қуды.
Отырды үшеу болып ойнап-күліп,
Қадірін бір-бірінің әбден біліп.
Он бір жыл ұя ішінде өмір шекті,
Көрместен қайғы-уайым, ешбір ілік.
Бетінен басқа жерді ақ жүн басты,
Түсіре тарап қойды белге шашты.
Кейде адам, кейде құсша сөздер сөйлеп,
Күлдіріп отырады, қағып қасты.
Бар еді бір саудагер Асфаһанда,
Тиетін жақсылығы жұмла жанға.
Таңдаулы қырық адамды қосшы қылып,
Арттырып асыл бұйым көп атанға.
Арада ұзақ жүріп, барды Үрім,
Малының Үрім халқы көріп түрін.
Үрімнен мүлік алып, Пәрәң кетті,
Онда да ойдағыдай пайда кетті.
Мұхиттың теңізінен бері қарай,
Қайтуға қайықпенен қойды бетті.
Жүктерін бір кемеге үйді жайлап,
Өздері бір қайықты мінді сайлап.
Теңізбен "тәуекел!" деп кете берді,
"Сау шықсақ болар ед?" деп, я, Құдайлап.
Кемеден жүк жайлаған тауып тесік,
Су кетті кеме ішіне ашып есік.
Шым батып, су түбіне кетті кеме,
Адаммен келе жатқан өзін есіп.
Бәрі де у-шу болып қорқып қалды,
Қайғырып, қорыққан соң, қайтсін малды.
Жылады Жаппар Хаққа жалбарынып,
Қорғаштап кеудедегі шыбын жанды.
Қалмады біреуі емес, бәрінде ес,
Еңіреумен келе жатыр ертелі-кеш.
Есен-сау ығып келіп, ақырында
Теңіздің жағасына тоқтады кеш.
Келген соң жарға жақын кеме ығып,
Қуанып, секірісіп сыртқа шығып.
Бой жазып олай-бұлай, жүріп келіп,
Сол жерге ас-су ішті шатыр тігіп.
Болған соң ас-су ішіп бұлар тұрды,
Көрінген бір ұяға беттеп жүрді.
Бұл бала, баяғы айтқан еді Дастан,
Адамды өскеннен соң көрмей бастан.
Келген соң қырық бір адам андағайлап,
Аң-таң боп көзі алақтап, өңі қашқан.
– Тұрыңдар, – деді, – әрі, келмей жақын,
Сендердің біздерде жоқ алар ақың.
Өлтіред анам келсе бәрінді де,
Қашыңдар, қапияда көрмей зақым.
Екенін оның адам бұлар білді,
Ұғатын түрі де бар айтқан тілді.
– Шошынба, сені алып кетейік, – деп,
Жақындап, жарқын жүзбен бәрі күлді.
"Түр ғой, – деп, – жеуге мені бұлар алдап"
Бір тасты, – кетіңдер! — деп атты арнап.
Тас емес, тұрса аңғарып, анықтауһар,
Жығылып жатыр алып, жорта зарлап.
"Біреуін жықтым ғой" деп және атты,
Жалп етіп жығылған боп ол да жатты.
Бәрі де жарынған боп жүгіріп жүр,
– Ұрма, – деп өп-өтірік, – енді қатты!
Өшігіп, үсті-үстіне ата берді,
Бай-байлап барлығы да жата берді.
"Себеппен бізді Құдай жеткерді-ау" деп,
Қызыққа қарқ-қарқ күліп бата берді.
Тауысты ата-ата гауһар тасты,
Отырды одырайып, сипап басты.
– Қылмас, – деп, – осы гауһар бізге аздық,
Теріп ап, тырағайлап бұлар қашты.
Мәз болып, "қашырдым" деп бала қалып,
Қуанып кетті бұлар гауһарды алып.
Соншама қымбаттығы ол гауһардың
Бағалар табылмас ед оған нарық.
Самұрық "отырсың, – деп, – ойнап Дастан"
Қойған ед көп әкеліп гауһар тастан.
Мүлкінен саудагердің суға кеткен,
Гауһардың екеуінің бағасы асқан.
Орасан олжа болды қалғандары,
Артық зат, қымбат зейнет алғандары.
Қайыққа саудагерлер қайта мінді,
Дүниеден бітіп анық армандары.
Теңізбен "тәуекел" деп тағы ықты,
Алты айда Асфаһаннан келіп шықты.
"Аралап базарлап, байқадық" деп,
Көрсетпей гауһарларын жанға тықты.
Біреуін ол гауһардың әкеп сатты,
Пұлына алды оның қырық бір атты.
Тағы да тамақ пенен киімінен
Артылған алып қайтты асыл затты.
Құбырой саудагердің еді аты,
Ақыл мен артық елі парасаты.
– Көрінбей кете берсек падышаға,
Болар, – деп, – кейінгі күн бір ұятты...
Падышаға Мәнушаһар сәлем берді;
– Көруге келіп ем, – деп, – сіздей ерді.
"Сауқат" деп тоғыз гауһар алып қойды,
Патшаның көрген замат көңілі тойды.
Шерой мен Нузар оған қарап еді:
– Бұл не? — деп, көтеріліп, тастап ойды.
Оларға екі гауһар және берді,
Екеуі қуанысып қала берді.
– Гауһардың кенін тауып алып па ең? — деп,
Құбыройға күліп патша қарады енді.
"Екен, – деп Мәнушаһар, – мұны білген",
Баяндап бастан-аяқ берді бірден.
Есітіп барлығы да болды қайран,
"Бала, – деп, – ол ұяда не ғып жүрген?"
"Самға" деп торт гауһарды тағы берді,
"Болмас, – деп, – ескермесек ондай ерді".
– Берсеңіз бізге рұқсат, жүрейік, – деп
Алдырып ат-сайманын, жинап-терді.
Көп сыйлау беріп патша Құбыройға,
Қайтарды қызметін алып ойға.
Құбырой аман-есен үйіне кеп,
Аяғы жалғасқандай болды тойға.
Құбырой тұра тұрсын елге барған,
Сөйлейін есітіңдер енді Самнан.
Түсінде бір шырайлы жігіт көрді,
Ажары андап тұрса артық таңнан.
Есепсіз келе жатыр ертіп қолды,
Көркіне көргендердің көнді толды.
Біреудің сол арада сұрады Сам:
– Мынау кім шырайлы жүз сияқты шам?
Анығын біле қойсаң айтып берші,
Көрікті көргенім жоқ мұндайша жан.
– Атасы жаман көріп мұның түсіп,
Үйіме көрмесін деп келген кісім.
Апарып айдалаға тастатыпты,
Қойдырмай қасына су жалғыз інім.
Сау сақтап сонда-дағы мұны Құдай,
Жүргені жұртты бастап енді бұлай.
Он бірде осы күні, өсе келе
Теңселтіп теңіз суын етер лай.
Осыны көре салып, оянды ұшып,
Толғанды түрлі қиял ойға түсіп.
"Көргенім түсімде осы, не екен?" деп,
Жабығып жатып алды жерді құшып.
Кеткен соң түс ақылдан адастырып,
Жан-жақтан жорушыны қарастырып,
Баяндап бәріне де бергенменен,
Анықтап айта алмады жанастырып.
Үйінде отыра алмай көңіл бірлеп,
Шаһарына Асфаһанның болды жүрмек.
Сондағы үкаманы жинап алып,
Жұмысы — түс жоруын сұрап білмек.
Қиялды ойлаған соң осы түрлі,
Кідірмей ертеңіне енді жүрді.
Үйіне Мәнушаһардың келіп түсті,
Шаршаған сарғайып жүз, шаң-шаң үсті.
Көрісіл, көңілі өсіп Мәнушаһар,
Сыйлады сипағандай қыран құсты.
Болған соң Мәнушаһар күтіп, сыйлап,
– Бер, – деді, – үкеманды маған жинап.
Солардан сұрап сауал, бал аштырып,
Қайтуға келдім арнап атым қинап.
Бар еді бес жүз хакім — бәрін жиды,
Сам үшін сойып бағлан қылды сыйды.
– Сауалын шешіп ишапшаң беріңдер, – деп,
Босатып бәріне де берді үйді.
Кашуат барлығының білгірі еді,
Сөйлесе, адамзаттың бұлбұлы еді:
– Гауһарын Құбыройдың берейік, – деп,
Сыбырлап падышаға білдіреді.
– Мақұл, – деп, Кашуатқа алдырады,
Гауһарлар күннің көзін талдырады.
Алдына алып келіп қойған замат,
Исініп Самның бойы балбырады.
Ұстап ед төрт гауһардың қолға бірін,
Білінді бала исі сондай шырын.
Сорғалап көзінен жас, көл боп ағып,
Кеткендей болды алып көңіл кірін.
– Жылайсың, – деді патша, – мұнша неге?
Орасан осыншама жасты төге.
Бұл қалай, тоймады ма бұған көзің,
Я бар ма, басқа түрлі айтар сөзің?
Себебін не де болса, баяндап бер,
Отырсың қапаланып қалайша өзің?
– Бұл түгіл, берсең топырақ жалғыз қысым,
Толғандай қуанамын нұрға ішім.
Білмедім, бұл гауһарды көрген замат,
Ел-сел боп еріп кетті іші-тысым.
Ойлама азсынар деп бергеніңді,
Көп дәулет деймін жүзің көргенімді.
Гауһарды қолға алғаннан бойым балқып,
Білмедім қалайша ойды бөлгенімді.
Ал маған ашыңдаршы, – деді, – балды,
Жас шіркін талай жерге келіп қалды.
Бар ма екен беретіні бір Құдайдың,
Тастай ма я иесіз жиған малды?
Есітіп үкамалар осы сөзін,
Мүсіркеу бұларды да билеп сезім.
Қарасты қарсы алдына қатарласа,
Бәрі де балға тігіп екі көзін.
Болған соң кітап ашып, балын салып,
Отырды үкамалар қайран қалып.
Кашуаттың алдына әкеп бәрін қойды,
Сіз айтып беріңіз деп көзі танық.
Кашуат: – Талғатыңа, – деді, – бақтым,
Бар екен бір баласы берген һақтың.
Әдейі жіберіпсің екі адам,
Солардың қолдарына кеткен балаң.
Апарып бір тоғайға тірі тастап,
Теріп жеп келіпті олар пісте, бадам.
Балаға бір жолбарыс тап болыпты,
Сүт симай емшегіне қап болыпты.
Исініп емізген соң ол баланы,
Сарқылып түссің бәрі сап болыпты.
Шалықтап отырғанда ойнап-күліп,
Самұрық аспанға оны кетіпті іліп.
Өзінің алып барып ұясына,
Асырап-есіріпті, бала қылып.
Түсінде таңырқапсың оны көріп,
Көргеннен — тұла бойың кетіпті еріп.
Жоруы — сол түсімнің не екен? — деп,
Әдейі тұрсың бүгін мұнда келіп.
Рас па осы айтқаным, яки жалған?
Сөз осы кітаптағы біздер салған.
Көргендей көзіменен білгеннен соң,
Сам палуан "рас ед" деп, аң-таң қалған.
Сонда да сенбей: – Балам, – деді, – өлген,
Жіберген жігіттерім көміп келген.
Анығын ашайық, – деп, – олай болса,
Іздетіп екеуін де алдырды елден.
Кашуат: – Кәне, екеуің сөйле, – деді,
Қалып ел бала қандай күйде? — деді.
– Өлтірмей, – деді олар, – кеттік қойып,
Жеміс жеп, біз тоғайдан қайттық тойып.
Өтірік "өлтірдік" деп айтып едік,
Тастар деп төбемізді таспен ойып.
– Не дейсің, – деді Кашуат, – енді маған?
Ол балаң байтақ елге болар баған.
Тауып ал, ұлың тірі, түсінде де
Түс-түрін көрсетіпті Тәңірім саған.
Өзіңе гауһарларды осы берген,
Кәдімгі Құбырой ел алып келген.
Үстіне ұясының самұрықтың
Ақ шашты, қара көзді бала көрген.
Атыпты ол құрал етіп гауһар тасты,
Бұлардың бар шығар деп менде қасты.
Қалдырмай атқандарын әкеліпті,
Асылды етпейік деп аяқ асты.
Беріл ед "базарлық" деп сонан бізге,
Төртеуін қойған едік сақтап сізге.
Ол бала өзге емес, өзіңдікі,
Бар соған болмай алаң бөтен сөзге.
Көрген соң балаң берген гауһар тасты,
Көңіліңнің ол тас жуып, кірін ашты.
Білдіріп балаң иісін таста қалған,
Ағызды екі көзден ыстық жасты.
Ойлама "осыларда қате бар" деп,
Қайғымен қалай мұндай жата алар? — деп.
Сол кезде Құбырой да келді жетіп,
Сөйледі Самға бәрін баян етіп.
Толғанып хабарына, қуанғаннан
Отырды ауып есі, ақыл кетіп.
– Баламды бар ма екен, – деп, – көрер күнім?
Қайтасыз қолыңа алып барған заман.
Атақты бұл балаңнан біреу туып,
Жер жүзін жеңіп жалғыз алар тамам.
Берген соң бәрін де айтып, сілтеп төте,
Қуанып, "я құдайлап" оған өте,
Қанаты болмағанмен, қалбырақтап,
Жаздады өз-өзінен ұшып кете.
Есітіп өткендегі Самның ісін,
Отырды Мәнушаһар қайрап тісін.
"Өлтірткен осынікі қалай? — деді,
– Жаман деп баласының түр мен түсін".
Болғанмен түрі жаман, қара емес пе?
Балаға әркімдер де зар емес пе?
Бәрінде палуанның ес болмайды-ау,
Іздену енді өзіне ар емес пе?
Бәрі де бек, уәзірдің "не, – деп, – оның?"
Ұнатпай өңін бұзып, ұстап қолын.
"Адасқан асылында екенсіз" деп,
Көрсетіп жүретұғын жатыр жолын.
Уһілеп, өзі-дағы уайым жеп,
Ісінен өткендегі ұялып көп.
Айыбын ақырында мойнына алды:
"Менен де мал жақсы, – деп, – жейтұғын шөп".
Осындай ұялғаннан өте қатты,
Шіреніп шері тарқап, көңіл шатты.
Баламды барсам алып қайтам ғой деп,
Қойнына қуанышы симай жатты.
Баланы түсінде Сам көріп жаңа,
Тұрғанда құшақтауға енді ғана.
Ай жүзі ақсақалды адам келіп,
– Емес, – деп, – бұл баланың шашы қара.
Бермеймін мұны саған, алам өзім,
"Алам" деп алармастан бұған көзің.
"Көрмеймін, көміп кел" – деп о басында
Ойыңнан болды ма ұмыт айтқан сөзің?
Баланы тауып ал, – деп, – шашы қара,
Болды ұрыс ұйқы ішінде екеуара.
– Қалайша бермейсің, – деп, – бұл баламды?
Ұмтылды ақырып Сам алмасты ала.
Оянып өз даусымен ұшып тұрды,
Ойына түр-түрпаты түсіп тұрды.
Қалған соң қанбай мейірі қатты өкініп,
Едәуір астыңғы ернін қысып тұрды.
Баланың барын көзбен көргендей
Сам, Отырып ұйықтамастан атқызды таң.
Құбыройды бастық етіп көріп келген,
Жасады қайықпенен жүруге қам.
Толтыра бір кемеге азық салды,
Алты мың Аспаһаннан адам алды.
Тынбастан су үстіне алты ай жүрді,
Көрді Сам ғажайыпты неше түрлі.
Тоқтатып жетінші айда кемелерді,
Құбырой қарады енді алып дүрбі.
"Келдік" деп, кемелерді байлатты енді,
Шығарып сыртқа жүкті жайлатты енді.
Бәрі де қостар тігіп, құрып шатыр,
Пісіріп ас-суларын қайнатты енді.
Сам айтты: – Сендер тоқта, мен барайын,
Бар ма екен балам, байқам аңғарайын?
Көп болып барсақ — самұрық ашуланып,
Өлтірер осы адамның бірталайын.
Кетті Сам асынды да қару-жарақ,
Ұяға жақын барып тұрды қарап.
Түсінде түнеугүнгі көрген бала,
Шаштырып салбыратып отыр тарап.
Есі ауып, енді ерден кетті ерік,
Сүйегі қорғасындай балқыды еріп.
Көзден жас қуанғаннан аға берді,
Баласын "өлді" деген тірі көріп.
Жинап ап ақыл, есін көптен кейін,
Құлауға қаңғалақтап болып бейім:
– Атаңмын арнап іздеп келген сені,
Түс, балам, мен бетіңнен бір сүйейін.
Келе алмай қалды елде анаң жылап,
Алты ай асыраған сипап-сылап.
– Сөйлемей, – соңда Дастан, – кет, – деді, – әрі,
Ала көз керек емес сендей кәрі.
Өзіндей өткен жолы адамдар кеп,
Әкеткен көп гауһарым алдап бәрі.
Оларды таппай қалды іздеп анам,
Тапқанда таптайтын ед бәрін тамам.
"Мен-дағы алдап гауһар алайын" деп,
Тұрсың-ау түрің құрсын, келіп маған.
Атым кім, атам болсаң, білесің бе?
Ағаштың басына әкеп ілесің бе?!
Шынында сенен туған бала болсам,
Мұншама менен аулақ жүресің бе?
Айтпа ондай өтірікті нанбайтұғын,
Кет аулақ, ақымағың жоқ алдайтұғын.
Қоздырып құлағымның құртын мұнша,
Ізімнен нендей жансың қалмайтұғын?
Сам бұған айта алмады жауап тауып,
"Тұр-ау, – деп, – алдамаққа", қылып қауіп.
Айқайлап "әрі кет" деп екі-үш рет,
Бала енді жатып алды бетін жауып.
Көрсе де Сам баласын көзіменен,
Нандырып ала алмады сөзіменен.
Сүйеніп бір шынарға ұйықтап қалды,
Самұрықтың сөйлесуге өзіменен.
Сол кезде бір аждаһа болып пайда,
Шынарға шықты тұрған анадайда.
Салды айқай сасқанынан бала Самға,
Болған соң кездескендей ала шаңға.
Түрі жоқ тіпті оған оянатын,
Сұқпаса қылыш, қанжар қара санға.
Сүйекпен ұядағы Самды ұрды,
"Бұл не?" деп ұйқысынан ұшып тұрды.
Көрген соң аждаһаны жүгірді енді,
Қанжарын суырып ап екі қырлы.
Бала айтты: – Қанжарды қой, садақ ұста,
Қанжарың қанша айтқанмен жетпес, қысқа.
Оқпенен атсаң лаж етерсің, – деп,
Көрсетіп Самға қайта берді нұсқа.
Садақты тартып қалды салып оқты,
Кетуші ед атқан оғы бұзып топты.
Анадай жерге басы ұшып түсіп,
Кеудесін сонда жылан жерге соқты.
Қанжармен үш бөлді де, тағы жатты,
Болған соң уақытында ұйқы тәтті.
Өлтіріп осы жауын бергеннен соң,
Қуанды алақайлап бала қатты.
Сол кезде самұрық та келді ұшып,
Ұйқыда жатқан Самға көзі түсіп.
"Келді-ау, – деп, – алдау үшін осы адам да",
Барады самұрықты ашу қысып.
Бір үйдей ұшып барып, бүрді тасты,
Ұруға Самды онымен болып қасты.
Көрсетті аждаһаны жатқан өліп,
Қанжармен тастағанын екі-үш бөліп.
– Біздерді жатқанында жұтайын, – деп,
Жан ашып, айырды, – деп, – осы келіп.
Есітіп "баласының" осы сөзін,
– Жарайд, – деп, Самға назар салып көзін.
"Жақсылық балаларыма еткен болса,
– Ойланып, бағайын, – деп, – мұның өзін".
Үстіне бір қанатын қылды қалқан,
Қалайда қылайын деп мұны дарқан.
Түсірді қанатының көлеңкесін,
"Қонағым, күймесін, – деп, – күрге арқаң".
Самұрық келатқанда бір күн ұшып,
Қалып ед бір қауырсын Шынға түсіп.
Ұзыны үш жүз аршын болып еді,
Шын халқы қарағанда өлшеп-пішіп.
Үш құлаш болып еді әрі ені,
Нақыштың неше түрлі бар ед кені.
Үлгі алып ол маңдағы ел әлі онан,
Ажарлар әр қалайда етсе нені.
Таусылмас оныменен ондағы өрнек,
Күні-түн көп жұмысы келіп көрмек.
Жәміштің заманынан бері қарай,
Қытайдың болған еді еліне ермек.
Болған соң қанатының түрі сондай,
Сұлу үй бүркенгенде бола ма ондай.
Бір кезде Сам оянып көзін ашты,
Ішінде жатыр үйдің сондай нашты.
"Үй, сірә, бар ма екен, – деп, – мұндай сұлу?"
Отырды аң-таң болып, сипап басты.
Аңғарып қанаты екен көрсе құстың,
Білетін байқамаса емес ешкім.
Самұрыққа қол қусырып, берді сәлем,
Орнынан ұшып тұрып қағып үстін.
Сәлемін алып, самұрық амандасты,
Көрсетті "қош келдің" деп ықыласты.
– Кәнеки, жұмысыңды айта бер, – деп,
Отырды етіп ізет, ырғап басты.
– Сөзімді тыңда, – деді, – ей, Шаһ мұрған,
Жұмысым менің — бала мынау тұрған.
Ұяңнан осы бүгін тауып алып,
Отырмын етейін деп жаным құрбан.
– Ей, адам, маған жақпас айтып сөзді,
Болма, – деп, – меніменен ал көзді.
Орынсыз, ұят істі етемін деп,
Арындап ардан аттап, жұмба көзді.
Мен сенен аямайын гауһар, дүрді,
Алқызыл, жасыл, күлгін неше түрлі.
Бермеймін жалынғанмен жанға, өлмей,
Жанымдай Дастанымды көңілі нұрлы.
Ғажайыптан берді маған мұны Құдай,
Бауырыма басып күн-түн бақтым ұдай.
Сен болсаң анығында балаға ата,
Тастадың неге түзге беріп жапа?
Он бір жыл өзің үйде ұйықтап жатып,
Жалдап па ең қызметіңе мені нақа?
Сам айтты: – Сөйлеме көп, баламды бер,
Көңілімнен баламды алмай, тарқамас шер.
"Бір уыс жүннен" қорқып қайтатұғын,
Көзіңді аш, мен сияқты болмайды ер!
Бермесең еркіңменен, алам күшпен,
Көргенмін талай ойнап сендей "күспен".
Самұрық осы сөзін есіткен соң,
Артықша ашуланып кеуіп-іскен.
"Күшіңді көрейін" – деп, дереу ұшты,
"Қолыңнан қыла ғой, – деп, – келген күшті".
Мың батпан барып таудан тас лақтырды,
Ол Самның төбесінен бір-ақ түсті.
Қалқанға тұтып тұрған тиген соң тас,
Сау қалды, сақтап Құдай, жарылмай бас.
Аяғы асығынан жерге кіріп,
Шыдамай, шып-шып шықты көзінен жас.
Алған соң аяғын Сам тартып жерден,
Екі мың батпан тасты тағы ап келген.
Көтеріп таудай тасты алып келіп,
Тұп-тура төбесіне тағы перген.
Қалқаннан жарқ-жұрқ етіп шығып жалын,
Болған соң сынбай қалды қалқан қалың.
Аяғын жатқанында тартып алып,
Самұрық үш мың батпан тасты алып.
Ұрғанда тағы келіп төбесінен,
Күңіренді жер менен көк сарын салып.
Сам сонда тізесінен кетті батып,
Жалп етіп қала жаздап жерге жатып.
Қалқанның асты-үстіне аударылып,
Сәл болса қала жаздап сеспей қатып.
"Шынымен өлем бе, – деп, – осы құстан?"
Шамасыз Сам палуанды ашу қысқан.
Аяғын тартып алып тұра ұмтылды,
Кезінде самұрық — күс тасқа ұшқан.
Қопарып он шынарды келді алып,
Дастан түр мұнысына аң-таң қалып.
Көтеріп тамырымен бір шынарды,
Ұясын самұрықтың кетті салып.
Ұяны он шынармен бұзды ұрып,
Өзіне жақындатып алды бұрып.
Білген соң жығыларын жерге қарай,
Салды айқай самұрыққа Дастан тұрып.
Есітіп Дастан даусын қайтып келді,
Ұя түр құлайын деп құшып жерді.
Аң-таң боп, бұл қалайша күшті адам деп,
Ала алмай түр самұрық сасып демді.
Самұрық көргеннен соң ердің ісін,
"Жай адам емес қой" – деп, тартып ішін.
Сөйледі келіспек боп Самға қарап:
"Мол екен, жау да болсаң қайрат, күшің".
Кәнеки, кім болады ата-бабаң?
Баяндап барлығын да берші маған.
Қанағат қайратыңа қылғаннан соң,
Отырмын көңілімді қойып саған.
Сам айтты: – Бабам Кіршаш ертеде өткен,
Нариман — атам халыққа дәрпі кеткен.
Сам-суар – өзім атым, Иран елін
Игеріп, ертелі-кеш ізіне ерткен.
Самұрық есіткен соң Кіршаш атын,
Жайды енді, "жаным, кел" деп, бар қанатын.
Көрісіп, көкірегіне Самды қысып,
Көп жылап, көрсетті анық марқабатын.
– Болып ед бабаң маған, – деді, – бала,
Жүруші ем әр уақытта ойыма ала.
Көп қылып гауһар, дүрді беріп едім,
Салдырып аларсың деп күмбез, қала.
Кіршаштың нәсілінен болсаң анық,
Екенмін Дастанжанды алған танып.
Ризамын еңбегіме он бір жылғы,
Бара ғой, бердім енді, еліңе алып.
Дастанды ерегісіп бермей қалсам,
Қамығып өз еліңе қайтып барсаң.
Ұялтар соңырағы күн Кіршаш мені,
"Қылдың, – деп, – немеремді әуре-сарсаң?"
"Құлдық" деп, самұрыққа Сам бас ұрды,
Риза боп ықыласына жылап тұрды.
Бармасқа тұрды бала буып белді,
Самұрық "түс, жаным" деп неше келді.
Болған соң бетін тырнап алатұғын,
Батпады "барсайшы" деп айтуға енді.
Айтқанға болмаған соң бала көнер:
– Қылайық, – деді самұрық, – бұлайша өнер:
Керісіп кеткен бол да меніменен,
Көрінбей түр, бір жерде дауыс келер.
Кеткен соң, "әлгі адам сені танып,
Мен жоқта әкетер, – деп, – алып анық".
Төменге алдап-арбап түсірейін,
"Қойдым, – деп, – өзге жерден ұя салып".
Дастанды, түскен кезде, кел де ұста,
Қаша бер қолтығына мықтап қыс та.
Қорбаңдап қуған болып мен қалайын,
Кетті деп әлгі ұры қайсы тұсқа?
Екеуі енді жорта жанжалдасты,
Самұрық тұра ұмтылды толғап басты.
Сам сонда сасқан болып, көзі алақтап,
Жалт беріп, жас баладай тұра қашты.
Ағаштар арасына кетті кіріп,
"Бекерге өлермін, – деп, – мұнда тұрып".
Қасына қайтып келіп ұясының,
Жалтақтап жан-жағына басын бұрып.
Түсірді алдыменен өз баласын:
– Қайткенмен, – деп, – ұядан қозғаласың.
Тұрғанда ең артынан Дастан түсіп,
Сам сонда келе сала құстай ұшып.
Құшақтап, "қарағым" деп, бетін сүйіп,
Бауырына балапандай алды қысып.
Шырылдап баласындай Дастан құстың,
Ашынып, жұла берді тырнап үстін.
Самұрық айтқандай қып ала қашты,
"Өлмесем, ала алмас, – деп, – енді ешкім".
Самұрық қанат қағып құрбаң-құрбаң,
Сам батырға Дастанды ұстап тұрған:
– Баламды барасың, – деп, – қайда алып?
– Өтірік өкінісіп аласұрған.
Адамдай ұстатпаған тұра қашып,
Ағаштың арасымен кетті асып.
Қанатын қалбаң-қалбаң қаққан болып,
Жоп-жорта құс қуалмай қалды сасып.
Артынан аздап кейін барып Самның,
Жалынды, – жайын қыл, – деп, – Дастан жанның.
Есітіп бала құстай шырқырады,
Қалғандай қапасына мына адамның.
– Еліңе барғаннан соң етсең тойды,
Тойыңның болатұғын күнінде ойны.
Шақыр, – деп, – мені ұмытпай, түтеттіріп,
Түгінен бір уыс қып беріп қойды.
Әр түрлі Дастан үшін айтып ақыл,
Самменен қош айтысып, қайтты ақыр.
Сам, сірә, бақырғанмен айрылар ма?
"Жаным" деп жатыр көңілін жай қыларға.
Құшақтап құмарлана сүйіп отыр,
"Сен ең, – деп, – салған сансыз қайғыларға".
Жетелеп ақырында алып қайтты,
Қалдырмай білгенінің бәрін де айтты.
Шеңгелдеп әке мұртын жұмғанменен,
Аузынан шығармады, қой деп тәйтті.
Қосына Сам палуан алып келді,
Ол жатқан алты мыңдай қуантты елді.
Топырлап тұс-тұсынан жүгіріп кеп,
Қалмастан "құтты болсын" айтысты енді.
Жуасып, күннен-күнге басылды енді,
Үйір боп, әркімдерге асылды енді.
Дастанды ортасына алып бәрі,
Жүргізіп қайықтарын қашырды енді.
Қырық күнде адамдармен араласты,
Еркелеп, әр нәрсені ала қашты.
Қайтадан беретұғын болды әкеліп,
Сам, "балам, қылма, – десе, жарамасты".
Қоймады алты ай, бірақ "мама" деуді,
Қан ішіп, етті шикі шала жеуді.
"Ол ұят болады", – деп, Сам айтқан соң,
Ұялып онан-дағы қайтты кеулі.
Сам: "Шығып Асфаһаннан сау-саламат,
Келдік" – деп, падышаға жолдады хат.
Көп адам алып барып арба мен ат,
– Палуан, келдің бе, – деп, – сау-саламиат?
Болсын, – деп, – балаң құтты, алып қайтқан!
Етті ердің, уақытын қош, көңілін — шат.
Дастанды арбаменен жүрді алып,
Шашына көргендер жүр қайран қалып.
Теп-тегіс тұла бойы түк болған соң,
Көргендер "киік пе осы?" деуші еді анық.
Отырып арбаға Сам, жортып-желіп,
Ордаға баласымен түсті келіп.
"Ап келген балам менің, мінекей", – деп,
Мақтанды Мәнушаһарға сәлем беріп.
Көрген соң Мәнушаһар шыққан түгін,
"Жаным-ау, киік пе әлде, – деді, – бұл кім?"
Қалмастан қатын-еркек, үлкен-кіші,
Тамаша таң қаларлық қылды жығын.
Ордада асыраулы бар ед киік,
Жүруші ед келгендерге ойнап тиіп.
Таңырқап тұрпаты мен түтіне ол да,
Дастанның келді алдына басын иіп.
Киікті келісімен алды ұстай,
Бауырына бүгерледі, басып құстай.
Тырналап тырнағымен, тіспен тартып,
Жұмарлап түтіп жатыр тарамыстай.
Бауыздап, тырнап, тістеп, ішті қанын,
Шығарды шырқыратып шыбын жанын.
Көргеннен күлді шулай мұны халық,
Қылығын қылғаннан соң құстың анық.
"Ұяда нені көрсе — соны алады",
– Деген сөз, нақыл болған сонан қалып.
Дастанның үкамалар алып шашып,
Қырдырып қираланған кірпік-қасын.
Қылатын шашты қара дәрі жағып,
Оратып орамалмен қойды басын.
Шаш шықты жетіден соң қаптап қара,
Құлпырды құндыздай боп бара-бара.
Көргеннің көңілі еріп кететұғын,
Сол кезде сұлулықпен озды дара.
Қайтадан "Зал зер" деп, атын қойып,
Атына алтыннан мөр берді ойып.
Халықтан Сам палуан бата алды,
Той қылып тамашалы көп мал сойып.
Болған соң тілге шешен, білімге бай,
Бас уәзір етіп Залды, өзіне сай.
Билігін Мәнушаһар беріп қойды,
Қылған соң жұмысының бәрін де жай.
Қымбат баға гауһарды,
Қадірсіз ешкім ете алмас...
Суарсаң да сүтпенен,
Тұрып миуа тұщы боп
Түзелуге бет алмас.
Мәніссіз сөз мысалы —
Арманы бітіп Самның ойына алған,
Систанның шаһарына қайтып барған.
Отырып ер Кіршаштың сарайында,
Өткерді өмір жасты енді қалған.

Алматы, 1936 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Болғанмен білімсізге бақыт серік

  • 0
  • 0

Болғанмен білімсізге бақыт серік,
Жүрмейді жүз айтқанмен, дәулет еріп.
Ұрынып өз-өзінен от пен суға,
Жоқ қылар жошағыдай жинап, теріп.

Толық

Айзадаға

  • 0
  • 0

Айзада, ақылыңа кеуілім толды,
Берік ұстап биікке шық, беріп қолды.
Тең басқан төрт аяғың жорғалайсың,
Жарайтын көләйттауға оң мен солды.

Толық

Түйебай өлгенде әйеліне айтқан көңіл қосы

  • 0
  • 0

Құлақ қой, қайғы ішінде қалған жеңге,
Бар ма лаж, өкінгенмен, біткен демге?!
Қайғысы қайтыс болған марқұм ердің,
Сен түгіл, сырт ағайын, батты елге!

Толық

Қарап көріңіз