Биіктік – Табылды Досымов

Бұл бетте «Биіктік» атты Табылды Досымов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 09.06.2019
  • 0
  • 2
  • 75333
Тау баласы тауға қарап Өседі...
Т. Молдағалиев

Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым, әттең-ай,
Атырауға әкелер ме ем бір тауды...

Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер,
Экраннан Эверестке үздігер.
Обаны адыр, адырларды төбе деп,
Төбелерді тау деседі біздің ел.

Тартыспай ақ Ғамзатовтай көкеммен,
Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен,
Осы қырда төбешіктей Аналар,
Дүниеге таудай Ұлдар әкелген.

Ерліктері айналмайтын елеске,
Атыраудың алыбының бәрі есте.
«Ереуіл атқа ерін салған егесте»
Махамбеттің өзі бір тау емес пе?

Жанарында жасын ойнап керемет,
Жауған оққа қарсы шапқан, себелеп.
Санаң болса қалай ғана айтарсың,
Нысанбаев тау емес ед, төбе деп.

Тау ұлдары тауда нағыздай сырбаздай,
Жүздеріңде шабыт оты жүр маздай.
Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,
Талай таулық кетер ме екен жыр жазбай...

Алты алаштың алыптары берсе дем,
Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.
Биіктікті айналайын, туған ел,
Қыранының қанатымен өлшеген.

Бір құдірет тұла бойды тасқанда,
Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,
Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға...


Пікірлер (2)

Әбіләз

Өте күшті өлең екен!!

Замир

«Биіктік» – Табылды Досымовтың жүрекке үңілткен өлеңі. Бұл шығармадан туған елге, қырандай ұлттық рухқа деген шексіз махаббат пен шыңдары биік армандар көрінеді .

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Биіктік өлеңінің авторы кім?

Табылды Досымов — осы өлеңнің авторы.

Биіктік өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Биіктік өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Табылды Досымов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Биіктік өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері