Ақын және теңіз – Сапарғали Бегалин

Бұл бетте «Ақын және теңіз» атты Сапарғали Бегалин жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 10.06.2019
  • 0
  • 0
  • 3751
(Пушкиннің Қара теңізбен қоштасып тұрған суретіне қарап).

Теңізді дауыл сапырып,
Жартасты толқын тарпиды,
Үйіріліп толқын лапырып,
Толқынды толқын қарпиды.
Көз жеткісіз көз майдан,
Теңіз де, көк те қаракөк.
Алыста тұман бір ойдан—
Жүрегін ақын қайғы жеп:
Ақынның ұшқыр қиялы,
Сүңгиді теңіз суына.
Дауыл мен толқын ем болып,
Жүректің ащы уына.
Қош айтқалы ақын тұр,
Сүйген теңіз шуына: —
Мен де бір толқын өзіндей,
Шуылда толқын, шуылда.
Шуыңа жаным жай табар,
Шуылда шарпып асқарға.
Мен де сендей толқынмын
Ұрылған меңіреу тастарға.

1937


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері