Маңғыстаудағы түн – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Маңғыстаудағы түн» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 16.06.2019
  • 0
  • 0
  • 3645
О, казахи мои, древние и молодые...
Олжас.

Күн қызылы семіп, нұры жаңа өшті,
Жетіқарақшы көрінеді көмескі.
Түн тілінде тілдеседі менімен
Маңғыстауым — әрі жаңа, әрі ескі.
Сайқал түн кеп шашын сілкіп жаяды,
Жайған шаштың желі желпіп қояды.
"Әйт, шу, өйт, шу!.." —
Керуеншідей түйекеш,
Бесқаладан кіре тартқан баяғы.
Хиуалық қурайышты Құрбашы
Ай – қылышқа қолы жетпей ырғасып
Жатқанында,
Жерге түскен шөгерме —
Қарауытқан бағзы күмбез сұлбасы ...
Тыныштықтың тайып кетті безбені —
Арындаған тажал дауыс сезгенім ...
Жер жүрегін бүріп жатыр мұнара
Жезтырнақтай, бадырайған көздері.
О, Маңғыстау, айналайын, құт — ана,
Қорғалаған торғайыңмын бұтаңа. —
Дала қанын обырша емген құбырлар,
Ұқсап кетті жеті басты Жұһаға!
Боталары баяғыша боздайтын
Бәрі таныс суреттер — көзге айқын.
Бағзы менен Бүгін кеткен астасып,
Бұл не Дәуір — озбайтын да, тозбайтын?..
Тұрпаттары Әзірейілдей қарайып,
Түндегінің кетпек бәрі Зорайып.
Түтіндері қара түнге тығылып,
Тұрбалар түр өндіршегі сорайып.
... "Жау шаптылап!" —
Ұран отын жаққандай
Маң толған от.
Түн басады батпандай.
Тұрбаларға қарайды үркіп қариям —
Зеңбіректі әскер келе жатқандай ...
1989 ж.
* * *
Аспаным аңырады бұлтсыз қалып,
Ерлерім еңіреді ұлтсыз қалып.
Жел деген жендет шықты күрт сызданып.
Бұлттарды бір тауға айдап жиды апарып,
Ұлттарды бір халыққа құйды апарып —
Япырмай, ол не деген түпсіз халық!?
Бұлттарым тауды әзірге қызықтырар,
Бұлағын саусағына жүзік қылар,
Кемді күн гүлі сағақ үзіп тұрар.
Ұға алмас жел - жендеттей қырттың басы.
Жиылған қасіреттен бұлттың жасы
Сол тауды ақыр түбі мүжіп тынар ... 
Жел - жендет әлі талай оралады,
Жеріңнің бар асылын тонағалы.
Түзге ұшып елдіктің ақ орамалы,
Желменен қасірет те күрт тарайды. —
Білгенге бұлт та — қайғы, ұлт та — қайғы,
Қайғысыз Жер мен Елің не болады!?
Мен үшін таптырып ед қай жерұйық? —
Ұлиды ескі жұртта қайғы ерініп.
Сайларға бу шөгеді жаймен ұйып.
Бұлты жоқ көкте көшкен шудалана,
Ту далам айналғандай қу молаға —
Қарайды төбесінде ай мөлиіп.
Жеп мені тауысқан ба тағы - құлқын?
Жиылмай қалғаны ма сағым - ұртым?
Құри ма қайран жұртым, қалың ұлтым? —
Деп едім:
Теңіз шықты буы атылып,
Көкте ойнап қарқуар құс жүр ақырып!
Жебір тау құлап түсті уатылып. —
О, тоба - ай, орала ма - ей, тағы бұлтым!?.

1989 ж. Құрық кенті. 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Маңғыстаудағы түн өлеңінің авторы кім?

Светқали Нұржан — осы өлеңнің авторы.

Маңғыстаудағы түн өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Маңғыстаудағы түн өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Светқали Нұржан өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Маңғыстаудағы түн өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері