Бабатүкті боз дала – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Бабатүкті боз дала» атты Светқали Нұржан жазған табиғат туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 20.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1691
Бабатүкті боз дала,
көгесем қыр,
Былтырғыдан жусаның неге селдір?..
Өзің жайлы мұңым көп көкіректе,
Жеңілдер ме біреуі телесем жыр?
Көк бұталар көктемде шулап шығып,
Жаз өтпей-ақ құрыды қурап шыбық.
Шыт-шыт болып сортаң жер жарылады,
Күнде қалған, мәселен, тулақ сынып.
Қыр еріні кезеріп шаңы шығып,
Қол созады қурайлар жан ұшырып.
Күлтілдейді көк сағым көкжиекте —
Сол баяғы жеткізбес алыс үміт...
Бабатүкті боз дала,
көгесем қыр,
Можап қапты жел мүжіп көне сеңгір.
Тапқан шақта бабамыз жаудан жазым –
Көзде кеткен ең соңғы елес ең бір.
Кемиек құм шығарса кемсиген үн,
Замананың болжаймын керсигенін.
Келген сайын қия алмай жылап кетем,
Мен де сені бабамнан кем сүймедім.
Сексеуілдер сөккенде көбе-күйді,
Күйді тыңдап қабағын төбе түйді.
Күйреп қалған қырдағы күмбездерге
Елден бұрын аятты жел оқиды...
Бабатүкті боз дала-ай,
көгесем қыр,
Көгіндегі қайда әлгі ересен нұр?..
Ағам байғұс кіш-кіштеп бес ешкісін,
Тезек таппай даладан жеңешем жүр.
Қалар ма екен шынымен қыр оянбай?
Саған қызмет қылады кім аянбай?...
Топырақты жын қағып кетті дейді,
Құйын болып — қорлыққа шыдай алмай...
Рухыңды қай Зауал құртқан езіп? —
Отырамын соны ойлап, жұртта мезіп.
Мерез басқан тәніңді көрген кезде,
Аспандағы кетеді бұлт та безіп.
Бабатүкті боз дала-ай,
көгесем қыр,
Перзентің боп қолтықтан демесем бір.
Сені ойласам —
Жау да жоқ жарғыласар. —
Ылғи сұлба елеспен егесем кіл.
Кім тілектес, білерміз кім білектес,
Бұл түрінді көрсе тек жын дір етпес.
Сосын — сенің қанынды ұрттап ішкен
Миғұрттардың мыңғыры дыңғыр етпес...
Кентке қашқан боз үйлер дөдегелі,
Малдан ада — қырпуы, төбелері...
Сені сұмдық аяймын, жазған далам,
Одан басқа қолымнан не келеді?!.
Бабатүкті боз далам,
көгесем қыр,
Жұбатармын жүректі не десем бұл?..
Біз де Заман тұтқыны. — Жапандағы
Жалғыз бостан — ақ киік, сен есен жүр!..
Көз жазып қап жөңкілген көп еліктен,
Ақ сағымның соңынан неге еліккем?..
Қалғып кетем түрмемде... Түсімде ылғи
Көшіп бара жатады төбе біткен...
Өң менен Түс — ойнатып санамда жай,
Құбылады, құдай-ай, Заман қалай! —
Көшіп кеткен көп төбе — Тауларды ертіп
Қашып келе жатады маған қарай!..
Бабатүкті боз дала-ай...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Бабатүкті боз дала өлеңінің авторы кім?

Светқали Нұржан — осы өлеңнің авторы.

Бабатүкті боз дала өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Бабатүкті боз дала өлеңі не туралы?

Бұл шығарма табиғат туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Бабатүкті боз дала өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері