Өлең, жыр, ақындар

Орамал

  • Bain
  • 26.04.2015
  • 1
  • 1
  • 39095
Қасірет батты жаныма,
Уға толды жас жүрек.
Орамалды жарыма
Бітірем қашан кестелеп...
Күз сарғайтты қайыңды,
Мен де бірге сарғайдым.
Қара бұлт жауып айымды,
Жылаймын, күйем, зарлаймын.
Толып қалды төрт айға,
Күйікпенен күн өтгі.
Жарымды өкіріп отарба
Қанды жаққа әкетті
Елін ойлап қамығып,
Жүрегі толып дерт-шерге,
Жүр екен жаным жабығып
Осы күні қай жерде?
Жарқ-жұрқ сансыз көзі бар,
Бейне жынның ұясы,
Ың-жың, у-шу сөзі бар,
Түсірмес жарық қиясы.
Жылы жүзді жаны жоқ,
Қалада жүдеп жүр ме екен?
Жақыны жоқ, жары жоқ,
Жалған оған көр ме екен?
Солдатша сымдай киініп,
Шекпені оның сұр ма екен?
Күрегіне сүйеніп,
Суықта жаурап тұр ма екен?
Жатқан шығар ор қазып,
Жауға ма әлде өзіне.
Бұрыла алмай бой жазып,
Қайғы шығып жүзіне...
Қасірет батты жаныма,
Уға толды жас жүрек.
Орамалды жарыма
Бітірем қашан кестелеп?..
Орала берме, жібегім,
Тезірек жүрші, сен де, біз.
Сенсің қымбат керегім,
Алақандай ақ бәтес.
Қайғыдан өлсем, арман жоқ,
Ақиреттік жолдасым.
Көзімде жас қалған жоқ,
Кестеге сінді бар жасым.
Орамалды алып сорлыңнан,
Көзіңе жасыңды іріккенде,
Күрсініп ауыр, сәулемжан,
Көзіңді ақырын сүрткенде.
Жасаған ие, тілегім:
Аралассын жасқа жас.
Орала берме, жібегім,
Сенсің жаным, ақ бәтес.
Қасірет батты жаныма,
Уға толды жас жүрек.
Орамалды жарыма
Бітірем қашан кестелеп?..



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Өмір

  • 1
  • 3

Мана көкті қаптап еді қара бұлт,
Күн күркіреп қорқытып, ұшырып құт:
Көк тұнжырап мұңайып, қабақ жауып,
Көз ашқанда аспанда жарқылдап от.

Толық

Ата, бата

  • 1
  • 6

Мектептен (қайтты) Марияш,
Әліппесі қолында.
Шақырады оны атасы:
«Кел, құлыным, кел мұнда».

Толық

Алданған сұлу

  • 1
  • 3

Күні кеше толған ай жүзің еді,
Сиқырлы қара нәркес көзің еді.
Мап-майда мамық қардай мінсіз денең
Бейне бір бақшадағы үзім еді.

Толық