Өлең, жыр, ақындар

Ақын мен пақыр

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1207
Өмірдің өтпесе де тепкісінде,
Өңінде адамға тән жоқ пішін де.
Қалшылдап күзгі суық жел үргендей,
Пақырың құлап түсті жетпісінде.
Бір сәуле қылаң беріп санасында,
Жатты ол өмір-өлім арасында.
Тыныстың тірліктегі бір минутын
Бере ме жалғандағы бар асылға?
Көтеріп гүрзілерін даңғыр дүңгір,
Асығыс келді-дағы Нәңкір, Мүңкір*
*Нәңкір, Мүңкір – күнәлі жандарды өлгенде жазалаушы жендеттер
Жөнелді сүйреп ала Пақырыңды,
Жұлмалап кебінінен жалбыр-жұлбыр.
Жендеттер уақытты созады ма?
Лақтырып жіберді тез тозағына.
Шығарды жан дауысын Пақыр сонда,
Көміліп қызу оттың қозаңына.
Лапылдап жана берді,
Жана берді,
Тозақтың тауқіметін жаңа көрді.
От-жалын жыланша орап шарпығанмен,
Өртенбей тәні бүтін қала берді.
Бірақ та, жан алқымға тақалады,
Көмейден көк түтінге қақалады.
Салақтап, тілі сыймай ауызына,
Бір тамшы суға зар боп қаталады.
Лебі – от,
Жан қуырған желі де – от,
Қайнайды бұрқан-талқан, көлі де – от.
Қапырық, бірде аңызақ, бірде аптап,
Жанып тұр алауланып, көгі де – от.
Айнала қарап еді жиып есін,
Зар жылап жатқан жандар күйіп есіл.
Тіл қатты көршісіне от түкіріп,
Әлде де санап одан биік өзін:
– Бейшара, мұнша неге азаптандың?
Өзім де күл болуға аз-ақ қалдым.
– Ей, Пақыр, – деді көрші, –
Тірлігімде
Талайдың ақысын жеп, кәззаптандым.
Сол үшін мынау менің тартқан сазам,
От орап,
Сағат сайын артқан жазам.
Көрерсің өзің-дағы көресіні,
Бұл жерге керек емес, қарт, далбасаң.
Тозақтың тұрғынысың тап бүгіннен,
Пақырым, қоштастың бар шат күніңмен.
– Жол бар ма құтылатын бұл азаптан?
Шынымен алмаймын ба тәтті бір дем?
– Несіне аптығасың, есер, сонша?
Кетпеген шығар жанға есең онша.
Тозақтан құтылар ең,
Тірліктегі
Адамың жәбірлеген кешер болса.
– Бірақ та, мен оларды қайдан табам?
Көзімнен бұлбұл ұшты қайран заман.
– Ол жандар алыс емес, осы жерде –
Жұмақта сауық құрып сайрандаған.
– Бауырым, баста мені жұмағыңа,
Келіп тұр қарғыс үні құлағыма.
Адам ғой жаны жұмсақ,
Аяр мүмкін,
Жыласам жалбарынып шын ағыла.
– Жұмақ пен тозағыңның арасында –
Мызғымас шыны қорған, Гәп осында.
Сыртынан сөйлесесің танысыңмен,
Біршама жақынырақ барасың да.
Аралап пенделерді тамұқтағы,
Жұмаққа Пақырды ол алып барды.
Алдынан шыққан кезде таныс ақын,
Қалшылдап қарт табанда атылып қалды.
Сәлден соң қарттың қайта есі кіріп,
Ақынға жалбарынды тосып үміт:
– Жасаған қиянатты кешірмесе,
Өзіңдей өрендердің несі жігіт?
Рас, мен қателестім баяғыда,
Бүгін кеп бас ұрамын аяғыңа.
Тозақта шыбын жанын шырылдатпай,
Пақырды пәтуасыз ая мына.
Ойлаған жоқ еді деп кек қалады,
Қадалып Ақын қартқа көп қарады.
Пақырдың иттіктерін есіне алып,
Жанары жалын атып жеп барады.
– Ей, Пақыр! –
Деді Ақын тұрып-тұрып, –
Кетер іс жасап па едің ұмыттырып?
Көрмеген адам естіп залымдықпен
Шығып ең күңірене, күліп тұрып.
Ақтықты айырбастап қараменен,
Өзімді отқа итердің жаламенен.
Аңырап анам қалды және жарым
Үш бірдей шырылдаған баламенен.
Қанымды аз ба, Пақыр, жүктегенің?
Соңғы бір өлеңімді бітпеп едім.
Өртедің дәптерімді тауып алып,
Сұмдықты бұдан артық күтпеп едім.
Мен сені қалайынша кешіре алам?
Құсадан көзін жұмды есіл анам...
– Қамықпа,
Балаларың бәрі дөкей,
Бұл күнде адам болды өсіп аман.
– Пақырым,Қайтесің бос жақсаттанып?
Белгілі жарымды да қасатқаның.
Маңдай тер, табан ақы еңбегімен
Ұлдарым өзі жеткен мақсатқа анық.
Мен сенің иттігіңді ұмыта алман,
Гүлдемей қыршын кетті-ау үміт-арман.
Әншіні шақырайын,
Сол құтқарар,
Оның да ерте сөніп, Үні талған.
– Әншіңді қоя тұршы мына бүгін,
Оның да алдында шын кінәлімін.
Кезінде көп қиянат жасап едім,
өре алмай,
Талай жерде сынап үнін.
– Әйтпесе, қасымда бір палуан бар,
Сонымен тынар, мүмкін, шаруаң бар?
– Оны да көрсетпей-ақ қоя тұрғын,
Оған да қарсы бірде қару алғам.
Ұры деп жылқы айдаған кезекпенен,
Сыртынан біреулерге өсектегем.
Келісті келіншегі болатұғын,
Сотталса,
Менікі деп есептегем.
– Әйтпесе, ақсақал бар қаусаған бір,
Байқашы жалбарынып,
Ау, соған бір.
– Оны да көрсетпей-ақ қоя тұрғын,
Тілегім орындалмас аңсаған бұл.
Ақсақал момын еді расында,
Жеп қалған құрғыр құлқын шыдасын ба?
Тонап ап тау ішінде сол байқұсты,
Қалдырып кетіп едім бір асуда.
Ол содан оралмады,
Өліп кетті,
Байлыққа мені белден көміп кетті.
Япырай,
Опасы жоқ қу жалған-ай,
Сұм өлім өзіме де келіп жетті.
Иә. Мен – тірі өлікпін,
Шын өлікпін,
Ақыры тозаққа кеп тіреліппін.
Бар жақсы жалындаған жылдарымды
Жамандық жетегінде жіберіппін.
Ал, сендер – менен жәбір көрген жандар,
Ертерек мезгілінен өлген жандар,
Ізгілік істеріңмен тірісіңдер,
Күшіне әділеттің сенген жандар.
Ақыным,
Ұқтым кештеу сырларыңды,
Айтып жүр жұртың жатқа жырларыңды.
Жаламен өлгеніңмен,
Жұмақтасың,
Ұмытқан шығарсың бар мұңдарыңды?
– Көңлімді менің жұмақ тыншытпайды,
Жанымды азаптайды, шымшып қайғы.
Өйткені, сен секілді тірі жүрген
Залымдар көкейімнен бір шықпайды.
Арқалап жүрсің текке адам атын,
Көрінбе бұдан былай маған, Пақыр!
Мәңгілік тарт жазаңды –
Сыбағаң сол,
Өзіңнің арамдығың –
Заман ақыр.
* * *
Жатқандай әлде біреу буындырып,
Тұншығып,
Қара тер боп,
Буын құрып,
Шал бір сәт есін жиды:
Өң бе, түс пе?
Жатыр ма жуындырып?
Әлде біреу кебінін киіндіріп?
Тартып ол тірісінде-ақ жан азапты,
Бір үрей ызың қақты жаназа атты.
Жүйткіген жедел жәрдем машинасы
Пақырды алып кетіп бара жатты...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ләйлішаш

  • 0
  • 0

– Ей, Ләйлішаш, Ләйлішаш,
Неден ұзын бұрымың?
– Көлеңкемде саялы
Алсын жұртым тынымын.

Толық

Өкінішті

  • 0
  • 0

Тәуелсіздік алған күннен,
Бақыт шамы жанған күннен
Таза қазақ тілімізді,
Мұсылмандық дінімізді

Толық

Аңқау ана, қу қасқыр және шал

  • 0
  • 0

Тірлігі бар аз-көпті
Кемпір мен шал өтіпті.
Бір ит, бір ат, бес тоқты –
Соны ермек етіпті.

Толық

Қарап көріңіз