Бұл бетте «Менің заңым» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Дүбірлі дүниеге ғашық болып,
Жетпістің жотасынан асып қонып,
Мақтансам бүгін ерен тасып-толып –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Қаптатып қыр төсінде отарымды,
Шабытпен шырқап шаттық от әнімді,
Айрықша аяласам Отанымды –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Ардақтап жанұямды, жас баламды,
Кеңейтсем күмбірлетіп баспанамды,
Бақытты шырағымды жақсам мәңгі –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Қалаған мамандықты таңдар болсам,
Ғылымның әр саласын аңдар болсам,
Өнерде өрен жүйрік, заңғар болсам –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Көсіліп, сөйлер сөзге батыл болып,
Жырласам заманымды ақын болып,
Самғасам күн көзіне жақын қонып –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Саралап бөліп жатпай реңімді,
Білекпен айқастырып білегімді,
Жандарға жарып берсем жүрегімді –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Жер жыртып, жарқыратып түренімді,
Түлетіп ой менен қыр, түбегімді,
Ақтарсам ел алдында тілегімді –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Атқарып сан алуан жұмыстарды,
Балқытып болат пенен құрыштарды,
Толтырсам алтын дәнге уыстарды –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Еңбекте ерлігімді халқым көріп,
Көңілім көтеріңкі, жарқын болып,
Кеудемде жарқыраса алтын болып –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Үлгі етіп еңбегімді басқаларға,
Өмірдің арнасымен ақсам алға,
Демалсам сәнді сарай, бақшаларда –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Ағарып сақал-шашым, қартайғанда,
Бойымнан қуат-күшім, әл тайғанда,
Теңесіп, құрметтелсем Алтайларға –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
Арналып Отаныма бар ізгі әнім,
Өмірлік орындалып парыздарым,
Қорғалса абыройым, ар-ұжданым –
Ол менің бекітілген Заңым болып.
- Азамат Төре
- Редьярд Киплинг
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі