Қыз дегенің – тым жырақ аспан биік – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Қыз дегенің – тым жырақ аспан биік» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.08.2019
  • 0
  • 0
  • 2266
Қыз дегенің – тым жырақ аспан биік,
Қыз дегенің – құлдырап қашқан киік.
Түбінде бір жетесің іңкәр болсаң,
Түбінде бір ілесің сұңқар болсаң.
Қыз дегенің – көктемгі қызыл алма
Қызылына қызығып үзіп алма.
Үзіп алсаң қызығын қызылына,
Ұшырайсың бір күні құзырына.
Қыз дегенің – алаулы үрген көрік,
Алауынан бойыңа кірген желік.
Қыз алдында ұшқын боп шашыласың,
Шашыласың – гүл болып ашыласың.
Қыз дегенің – қылпыған алмас қылыш,
Жараламай жаныңды қалмас тыныш.
Күш-қуатың қаншама тасымасын,
Қыз алдында бәрібір бас ұрасың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері