Бала мен құрт

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 08.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1266
Сатқындықпен іздеме сен бағыңды,
Ондайлардың жүзі жарқын болмайды.
Айла-амалмен тойдырғанмен қарынды,
Түбі ойран – опасыздар оңбайды.
* * *
Бағбанға кеп өтінді Құрт жалына,
Жаз бойына жібергін деп бағыңа.
Түсіндірді адалдығын әрі нық:
«Жеміс емес, жапырақ жесем болғаны,
Онда-дағы азын-аулақ солғанын».
Шешті Бағбан: «Сөз болып па сол-дағы?
Кете қоймас бағым Құрттан тарылып,
Болсын мейлі рия.
Сонша зиян келтірердей не күш бар?
Көп болғанда жапырақ жер екі-үш тал».
Берді рұқсат: Құрт жорғалап жымия,
Бұта астынан салып алды жылы ұя.
Жүріп жатты артық-кемсіз, тоқ, тыныш,
Ол жайында естілмеді еш сыбыс.
Жемістерге сәуле сеуіп күн Патша,
Келе жатқан шақта айналып шынарға,
Көзді тартқан жақұттайын тым жақсы-ақ,
Ерте пісті ортасында бір алма.
Шын қызықты Бала көзін сүзіп бір,
Мың алмадан сол алмаға үзік бір.
Тым биікте, қайтіп оған беттейді?
Қағуға оны күші-дағы жетпейді.
Тұрған шақта бітіп айла-амалы,
Ұрласуға Құрт килікті жаңағы:
«Тыңда, – деді, – расында иесі
Бұйрық берген алмаларды қағуға.
Болса да іс екеумізге тиесі,
Кірісейін мен-ақ оны алуға.
Тек бөліссең болғаны, ала бергін сен тегі
Менікінен он есе көп бөлігін,
Жетіп жатыр дәмін алсам сөлінің,
Сол да маған мол тегі».
Шарт жасалды. Бала бұған келісті,
Құрт кірісті үзуге сол жемісті.
Жұлынды алма көзді ашып-жұмғанша,
Дейсіңдер ғой сыбаға алды кім қанша?
Жерге түскен сол алмадан не қалды?
Бала оны дәнегімен жеп қойды,
Сыбаға үшін дегенде Құрт бет қойды,
Табанында етіктің мыж-тыж болып қап қойды:
Осылайша Құрт та, алма да жоғалды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Бала мен құрт өлеңінің авторы кім?

Абдрахман Асылбек — осы өлеңнің авторы.

Бала мен құрт өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Бала мен құрт өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Абдрахман Асылбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Бала мен құрт өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері