Өлең, жыр, ақындар

Қожа, маймыл және есек

  • 21.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1644
Ақсақ Темір бірде,
Көңіл бөліп тілге,
Қожанасырды шақыртыпты:
– Сенде көп дейді ақыл тіпті,
Олай болса, кезекті
Кездескенше Есекті
Барынша бағасың да,
Бабын табасың да,
Қазақша сөйлете аласың ба?
Ханға Қожа не десін,
Қабырғасымен кеңесіп,
Былай депті: – Хан ием,
Өзіңсің ғой жан ием.
Есек деген жануар,
Оны үйретудің не мәні бар?
Одан да арамызда жүрген,
Адамға ұқсас түрімен:
Аяғы бар, қолы бар,
Өң десең, өңі бар,
Маймылдарды қазақша
Сөйлетудің жөні бар.
Тамақты да қолымен ішеді,
Тұп-тура он екі мүшелі...
Хан бұл ұсынысты мақұл деді:
– Мынауың тапқан ақыл, – деді.
Тегі тартқанымен бабамызға,
Қазірше жүргенімен арамызда,
Қазақша тілден
Мақұрым қалған мүлдем.
Қазақша сөйлетсең дұрыс болар еді,
Біткен ұлы іс болар еді.
Алайда, ол үшін не керек?
– Тақсыр, болу үшін керемет,
Уақыт керек біршама.
– Сонда, қаншама?
– Көп емес оншама,
Отыз жыл берсең болғаны,
Қиын емес қалғаны.
Қазақша сайрап кетеді,
Бірге тойлап кетеді.
Хан қабылдап шешімді,
Шартын айтты кесімді:
– Отыз жылдың ішінде,
Жүрген адам пішінде
Маймылдарды қазақша
Сөйлете алмасаң,
Шартым қалар күшінде.
Қағамын да басыңды,
Бергіземін асыңды.
Хан айтқан соң, көнеді,
Көнбесе, тез өледі.
Бірақ, Қожа саспады,
Ісін жайлап бастады.
Сүп-сүйкімді әуені,
Тыңдауға да әдемі,
Бесік жырын шырқады
Маймылдарға әуелі:
«Маймылым-ау, Маймылым,
Аспандағы ай, күнім.
Үйрене алсаң тезірек,
Қазақ тілі – байлығың,
Абыройың, айбының.
Қазақ тілін білмесең,
Қадірлісің кімге сен?
Үйренбесең, түбінде
Таяқ жейсің күнде сен»...
Маймыл оны ұқпады,
Көңілінен шықпады.
Өтсе-дағы жыл жиырма,
Топас алға жылжи ма?
Артта қалып ай-жылдар,
Жақ ашпады Маймылдар.
«Баяғы жартас бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас».
* * *
Ал, Қожаның Есегі –
Есек емес кешегі,
Жібермей ешбір есені,
Бесік жырын ұға берді,
Құлағына құя берді.
Астында жүріп Қожаның,
Қасында тұрып Қожаның,
Тыңдай да тыңдай жақсы әнді,
Қазақша жайлап ән салды.
Бақырды дегені болмаса,
Ақырды дегені болмаса,
Десек те, иә, десек те,
Әнші ғой енді Есек те.
Концерт залына да барып жүрді,
Өз әлінше ән салып жүрді.
* * *
Әттең, әттең, хан, бірақ,
Жасы жетіп, қалжырап,
Бұл жағдайды көре алмады,
Әділ баға бере алмады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шалқайып шықтым үйіңнен

  • 0
  • 0

Қыдырып бара қалып ем,
Үйіміз тар деп қысылдың.
Әрине, базар барымен,
Жаныңды дарқан түсіндім.

Толық

Пайдасы мен зияны

  • 0
  • 0

Жекеменшік машинам бар білгенге,
Желдей жүйткіп жүргенде,
Рахат-ау мінген де.
Бірақ, бірақ, ағайындар зиялы,

Толық

Жанымды ұғынатын жан көрмедім

  • 0
  • 0

Жанымды ұғынатын жан көрмедім,
Әркімге жалтақтауды жөн көрмедім.
Өздерін өзгелерден зор санайтын
Жандарды өзімменен тең көрмедім.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар