Қожанасырдың кеңесі
(Ертегі мысал)
Бір падиша бек қартайған шағында,
Мұрагерін қалдыруға тағында,
Шақыртыпты дана Қожанасырды,
Сүйікті ұлын келтіруге ақылға.
Қожанасыр патша ұлын бағады,
Үйретіп әр ілім-білім саланы.
Кәмелетке жеткен кезде сол бала,
Падишадан ұстаз ерік алады.
Әкесі өліп, бала отырды тағына,
Қызу қанды, гүл жайнаған шағы да.
Бар байлықты оңды-солды жұмсады,
Күні-түні мол қызыққа салына.
Қызғалдақтай кәнизактар сүйсінер,
Тал шыбықтай мың бұралған бишілер.
Жас падиша балқып-шалқып жатады,
Сұлу сазды сыңғыратып күйшілер.
Күндер солай өтіп жатты көңілді,
Бірте-бірте барлығынан жерінді.
Алтыны да, жарқылы да азайып,
Байлықтың да түбі жайлап көрінді.
Бала патша бірде ойға берілді:
«Алда қалай билемекпін елімді?
Өліп қалмай, тірі жүрсе пәниде,
Таптырайын ұлы тәлімгерімді.
Қожанасыр айтып еді ақыл көп,
Тыңдамаппын балалықпен пақыр боп.
Ұстазымды енді шындап тыңдайын,
Қазынам да бара жатыр тақыр боп.
Уақытша тыйып ойын-сауықты,
Шабармандар әр аймаққа шауыпты.
Ақырында олар Қожанасырды
Үндістанның бір жерінен тауыпты.
Қожанасыр депті оларға: «Барайын,
Бірақ, біраз осында дем алайын.
Мені күтпей, сендер кете беріңдер,
Табамын ғой падишаның сарайын».
Қожанасыр бармай бірден сарайға,
Елдің жайын білмек болып қалайда,
Қала кезіп, базарларды бақылап,
Ауылдарды аралапты маңайда.
Ақырында сарайға да жетіпті,
Жас падиша жақсы құрмет етіпті.
Бүкіл сарай қызметшісі ұстаздың
Ақыл сөзін тыңдамаққа бекіпті.
Қожанасыр іштей бүгіп есебін,
Жұрт алдына алдыртыпты Есегін,
Алып кірген және тағы екі тор:
Бірі темір, бірі алтын деседі.
Бір кітапты неше түрлі ойықты
Есегінің алдына әкеп қойыпты.
Сол кітапты Есек түгел парақтап,
Ішіндгі жемдеріне тойыпты.
Тотысы бар алтын торды алдырып,
Ақ жібекпен жауып қойған малдырып.
Қожанасыр сөздер айтқан сүйкімді,
Тоты құсқа жетіп жатты жаңғырып.
Отырып-ақ Тоты тордың ішінде,
Көрмесе де иесінің түсін де,
Қайталаған қаз-қалпында сөздерін,
Секілденіп кәдімгі адам пішінде.
Қожансыр темір торды ашқанда,
Шымшығының алдына дән шашқанда,
Дәнді теріп жеп болған соң, торына
Қайта кірген, ұшып кетпей аспанға.
Бұл жұмбақты сарайлықтар ұқпады,
Қожанасыр ойларынан шықпады.
Бұл жұмбақтың іштей ұғып мәнісін,
Жалғыз ғана жас падиша құптады.
Деді сонда жас падиша қауымға:
«Ризамын мына ұстаз бауырға.
Патшамын деп бос сайранға салынбай,
Шыдау керек жеңілге де, ауырға.
Уәзірлер, Есек деген сендерсің,
Кітап оқып, көңілдерді демдерсің.
Бірақ, бірақ, мағынасын ұғынбай,
Күні-түні жебірленіп жем жерсің.
Тотыларды жағымпаз деп айтам-ау,
Не десем де, мені текке қайталау.
Ал, өздері көре тұрып көздері,
Еңіреген елдің жайын байқамау.
Ал, Шымшықтар – шырылдаған халқым ғой,
Сол халыққа біздің пейіл салқын ғой.
Біле білсек, дүниенің тірегі –
Халық деген баға жетпес алтын ғой.
Осы ойдың бәрін жақсы жұмбақтап,
Ұлы ұстаз, жеткізуің қымбатты-ақ.
Өмір деген үнемі алға жылжумен,
Уақтылы күн шығу мен күн батпақ».
Кетерінде ұлы ұстаз – жақсы аға
Оңашалап, былай депті патшаға:
Өмір дәйім алға қарай жылжиды,
Ағарып таң, қызарып күн батса да.
Бірақ, бірақ «оқымысты» Есектер
Тіршілікті өз парқынша есептер.
Бірте-бірте зор жемтікке айналар
Өздеріне бір кезде тән кәшектер.
Патшалықтан уәзірлік ат алып,
Ықпалы зор қызыметкер атанып,
Баласын да өз орына дайындар,
Мұнысы енді барып тұрған қаталық.
Басқаларды бетке ұрып тастайды,
Онысынан олар әсте саспайды.
Есектерден құтылмасаң ертерек,
Қоғам тіпті алға адым баспайды».
Осылай деп Қожанасыр кетіпті,
Содан бері талай уақыт өтіпті.
Қолдан келсе, үлгі алайық ұлағат,
Осы ертегі бізге бүгін жетіпті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі