Қайран өмір қас қағым – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Қайран өмір қас қағым» атты Абдрахман Асылбек жазған өмір туралы өлең берілген.

  • 07.08.2019
  • 0
  • 0
  • 4504
Қайран өмір қас қағым –
Көзді жұмып-ашқаның.
Тірліктегі түк емес
Аяқты алшаң басқаның.
Алтын сарай салсаң да,
Аспағын да таспағын.
Жоқ болады бәрі де
Туған кезде басқа күн.
Қолдан келсе, өмірде
Өлмейтін із тастағын.
Жарамаса жиғаның
Кәдесіне басқаның,
Қараң қалар өлген күн
Тақымыңа басқаның.
Сондықтан да, бауырым,
Күйттей берме бас қамын.
Бұл жалғанда түк емес
Тоқсаннан да асқаның.
Қасіреті мың-белес –
Үзілгені жас жанның.
Кім де болса өлген күн –
Құлағаны аспанның.
Байлығымен басқа ұрып,
Сонда, өлімді басқан кім?
Сол өлмейді –
Еңбегі
Елге нұрын шашқанның.
Байлық үшін бес күндік
Иманыңнан қашпағын.
Бәрі өзгермек өмірде
Бір Алладан басқаның.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері