Өлең, жыр, ақындар

Майтан

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 945
Әулиеата жерінде
Қаратаудың белінде
Жаңа туған қала бар, –
Сол Шолақтау қасында
Бір төбенің басында
Майтан деген бала бар.
Атса арайлы ашық таң,
Күмбезіне қашықтан
Көз жанарың қадалар.
Өмір ерте солдырып,
Өлсе-дағы сол жігіт,
Тірілермен барабар.
Өткен-кеткен өкініп,
Там түбінде отырып,
Тәңіріне налыпты.
Сол баланы жас демей
Ажал атты аш көмей
Табытына салыпты.
Болса-дағы көмілген,
Күнделікті өмірден
Өлмес орын алыпты.
Кішінің де, кәрінің –
Ауызында бәрінің
Аңыз болып қалыпты.
Жас күнінен жалындап,
Тау суындай арындап,
Толқын атып ағады.
Ойынға алаң болмастан,
Ойлы адамша сол бастан
Қанатын кең қағады.
Үлкендерге бала боп,
Кішілерге аға боп,
Көңілдерін табады.
Ағайынға, алысқа,
Бір кездескен танысқа
Мінезімен жағады.
Ауса да түн ортасы,
Кітап болып жолдасы,
Майтан бала жатпайды.
«Талабы зор, талабы,
Бәрін үғып алады»,–
Деп мұғалім мақтады.
Бірде оқып, бір жазып,
Отырғандай жыр жазып,
Ешбір тыным таппайды.
Ата-ана да аңғарып,
Талабына таңданып,
Бетінен бір қақпайды.
Бірде шығып аулаққа,
Көзін тігіп тау жаққа,
Әрі-бері жүреді.
Мүмкін онда күміс бар,
Мүмкін онда мырыш бар,
Оны қайдан біледі?
Тұр ма күтіп алда ұлы іс,
Әлде қиял – алданыш,
Лүпілдейді жүрегі.
Қопарып тау белдерін
Ақтару бар кендерін –
Арман, ойы, тілегі.
Сабырлы да салмақты,
Аңдап сөйлер жан-жақты,
Тілге дағы тым шебер.
Жанды өзіне тартады,
Мейірімі артады,
Езу тартып күлсе егер.
Талапты адам тумаса,
Білім жолын қумаса,
Табиғатты кім жеңер?
Бала Майтан бек сеніп,
Ақыл-оймен тексеріп,
Болам дейтін инженер.
Талабы тек кетпепті,
Үздік оқып мектепті
Бітіріпті сол бала.
Аттаныпты оқуға,
Өмір сырын тоқуға
Қыран құстай қомдана.
Көтеріліп күн көкке,
Бөленіпті құрметке
Үздік оқып онда да.
Оралыпты аулына –
Қаратаудың баурына
Қолына алып жолдама.
Таудың тіліп тастарын,
Айналдырып астарын,
Сыр сандығын ашыпты.
Бала күнгі қиялын
Қаратаудай қияның
Тура үстінен басыпты.
Тыным көрмей бір сағат,
Қайраттанып күн санап
Қуат-күші тасыпты.
Жайдың жасыл отындай
Бір орында отырмай
Түн ұйқысы қашыпты.
Өзі күйші, өзі сал,
Сөйлеп кетсе сөзі бал,
Тыңдаған жан ұйыпты.
Жағымпазды жаңылтып,
Ашулыны аңыртып,
Күлдіріпті тұйықты.
Қайда барса күлкі-әзіл,
Жайма шуақ жұрт әзір,
Өз үйіндей сыйыпты.
Аз көрмесе аңсаған,
Келсе ортаға ән салған
Ұлы бопты сүйікті.
Ашып Майтан жиынды,
Құрды лезде ұйымды,
Біріктіріп жастарды.
Комсомолдық қолда устав,
Ақыл беріп, жол нұсқап,
Жастарды өзі басқарды.
Тауға салды, тасқа ұрды,
Тек халыққа тапсырды
Жалын атқан жас жанды.
Жұлдыз болып туған ғой,
Ел ішінде думан-той,
Жаңа дәстүр басталды.
Бірде Майтан шахтада,
Бірде Майтан вахтада,
Бірде клуб ішінде.
Бірде маңғаз ойлы адам
Барлық жағын ойлаған,
Бірде бала пішінде.
Қарсы алады жымиып,
Барған жанды шын ұйып,
Түйілу жоқ түсінде.
Риза болып қайтады,
Рахметін айтады
Үлкенің де, кішің де.
«Көсегесі көгерген,
Игілікке бөленген
Бала екен», – деп мақтайды ел.
Тал бойынан, түсінен,
Қимылынан, ісінен
Ешбір қаяу таппайды ел.
Күні-түні жұмыс қып,
Таппады бір тыныштық,
Шаршауды әсте білген бе?
Ауырды да бір күні,
Тыйды мәңгі күлкіні,
Жайраң қағып жүргенде.
Қайда-қайда сол бала,
Келешегі мол бала.
Еңбек еткен күллі елге?
Жатыр енді демалып
Күмбезінде кең алып,
Жалғыз өзі бір белде.
Танымаса таныс қып,
Осылайша аңыз ғып,
Ауыл-аймақ айтады.
Ұзақ жылдар – сонда да
Ұмытылмас сол бала –
Әбітайдың Майтаны.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұлы дала

  • 0
  • 0

Ұлы дала – ұлылардың даласы,
Өмір сүрген даналардың данасы.
Ағайынды алты Алаштың баласы –
Алтай менен Атыраудың арасы.

Толық

Мысық пен бұлбұл

  • 0
  • 0

Мысық ұстап Бұлбұлды,
Бүріп тұрып тырнақпен,
Былай деді жұмсақ үнді ырғақпен:
«Әншім менің сыңғырлы,

Толық

Тіршіліктің тірегі

  • 0
  • 0

Ойланып, ой жүгіртіп әлемге кең,
Барсам да қай өлкеге, қай елге мен,
Бүкпесіз білетінім бір-ақ ұғым –
Тірегі тіршіліктің әйел дер ем.

Толық

Қарап көріңіз