Өлең, жыр, ақындар

Тілін ұмытқан тауық

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 4940
Заманда бір ертелеу
Тауық бопты еркелеу.
Өзгелерден шамалы
Ақыл-ойы келтелеу.
Көкке ұшырып көңілін,
Менсінбепті тобырын.
Ұмытыпты өзінің
Шыққан ата-тегі кім?
«Тауық та құс болып па?
Еркін ұшып-қонып па?
Қырандарша қиядан
Кең әлемді шолып па?
Қанатымды қағам да,
Қыран болам барам да» –
Деп сол Тауық тобырдан
Кетіп қапты табанда.
Тыйып ойын-сауықты,
Сапар шегіп қауіпті,
Ақырында сол Тауық
Қырандарды тауыпты.
Айтып арман-тілегін,
Ұсыныпты жүрегін:
Бұдан былай мен-дағы
Қыранша өмір сүремін.
Былай депті Қырандар:
Бізде жалғыз ұран бар.
Тілімізді үйренсең,
Жол табасың бұған дәл.
Бірнеше жыл тырбанып,
Бар қызықтан құр қалып,
Қырандарша «саңқ» етер
Түсініпті тілді анық.
Қуыс кеуде қасқа бұл,
Сөз білмепті басқа бір
Елден кеткен көп жылдың
Кеткені ме босқа құр?
Тыңдап құстар сол кепті:
– Тіл ұққаның жөн депті.
Болғың елсе шын Қыран,
Кәне, ұшып көр депті.
Желік қуған елірме
Есер аз ба өмірде?
Жаралмаса ұшуға,
Ұша алар ма тегінде?
Ұшпақ болып шарқ ұрып,
Ұмтылғанда талпынып,
Қайта құлап түсіпті,
Есер Тауық алқынып.
Қырандар кеп қамалап,
Депті әр жақтан табалап:
Тіл ұққаның түк емес,
Ұшпағаның жаман-ақ!
Ұша алмасын түсініп,
Қылығына қысылып,
Оралыпты еліне,
Тауық мойын ұсынып.
Бар Тауық «қыт-қыттапты»,
Оралғанын құптапты.
Бірақ, оның «саңқылын»
Ешбірі де ұқпапты.
Қыран құс та болмады,
Тауық та боп оңбады.
Не онда жоқ, мұнда жоқ,
Тауық солай сорлады.
Жүре алмаған жол тауып,
Кімге қажет қор Тауық?
Өз тілін кім ұмытса,
Бәрінен де сол қауіп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әдепті бала

  • 0
  • 2

Мені үлкендер әдепті деп мақтайды,
Мінезімнен теріс қылық таппайды.
Ал, егер сен жалқау болсаң тілазар,
Ондай әдет жақсылыққа жатпайды.

Толық

Ақын арызы

  • 0
  • 0

Ақын деген абыройлы атым бар,
Жырларымда жалын да бар лапылдар.
Асқар таудай арқа тұтып,
Алыстан

Толық

Шопан туралы ода

  • 0
  • 0

Мадақтасақ мадақтайық шопанды,
Шопан жайлы шырқатайық от әнді.
Шопан бүгін – екінші тың ерлері,
Еңбегімен дүбірлеткен Отанды.

Толық

Қарап көріңіз