Өлең, жыр, ақындар

Мен қыз үшін ұялдым

Өзбекәлі Жәнібековке

Байқатпастан уақытты тез өткен,
Өнер толы өзекпен,
Жыр қанатын безеп кең,
Әмзе басты жиналғандар кезекпен.
Бірақ жұртқа зейін қоймай сыздана,
Ортамызда отырды бір қыз бала.
Miнe, ғажап, келбет қандай, көз қандай,
Сұлулығы қиялыңнан озғандай!
Ақша бұлттың арасынан бір арман
Соған қолын созғандай.
Бозбалалар аузын ашып аңырып,
Қарап қапты қозғалмай.
Думан қызды.
Аянатын заман ба?
Ән кезегі келіп жетті оған да.
Сіңген өнер кәріге де, жасқа да,
Қыз көңілінен таба алмапты баспана.
Әлгі сұлу өзін туған халықтың
Бір әнінде білмей шықты, масқара.
Ал онысын кемшілікке санамай,
Отырды ол өз ойымен одағай.
Бөлме толы жақтырмаған көздерге
Пысқырып та қарамай.
Оғы болмай атуға,
Қарттар жағы наразы тіл қатуда:
"Бұл немене тумай жатып бату ма?"
Нақ сол сәтте сен ән салдың, жан аға.
Бұдан асқан нұрлы шаттық бола ма?
Сен ән салдың, шарықтатып, шырқатып,
Көңіліңнің ақ дауылын бұрқатып,
Сен ән салдың арындатып, зарлатып,
Көздің жасын парлатып.
Айналайын, нар тұлға,
Теңіз болсаң тартылма.
Өзен біткен шапқылап
Еріп жүрсін артыңда.
Әлде шырқау таусың ба?
Ал тау болсаң, таусылма.
Қазақтың кең даласы
Жатты сенің даусыңда.
Көз алдымда көлбеді
Толқын құм мен салқын мұң,
Жарқын белес, жалқын күн.
Жатты сенің даусыңда
Жомарттығы халқыңның,
Жатты сенің даусыңда
Шарқ ұрғаны сұңқардың,
Алқынғаны тұлпардың,
Ойпаң жердің орманы,
Таудың қия жолдары,
Әкеміздің талғамы,
Бабамыздың арманы.
Сен ән салдың, жан аға,
Бұдан асқан нұрлы шаттық бола ма?
Ұқсап туған екенсің-ау далаңа.
Міне,сендей жаны мұхит жандармен
Бізге сұлу көрінеді замана.
Ән қаптасын гүл қаптаған қырлардан,
Халық деген — мағынаға бай теңіз.
Өз халқының байлығынан құр қалған
Мазмұны жоқ мына қызды қайтеміз?
Борышымыз ұшан-теңіз, елесек,
Адам әр кез заманына берешек.
Не болады одан туған бүлдіршін,
Не болады одан туған келешек?
Халық әні-
Азаттық пен қиялдың
Самалы ғой. Оны естуден тыяр кім?
Сені тыңдап мен ерекше шаттандым,
Ал қыз үшін ұялдым.
Маған арман жалғағандар,
Ақ тілегін арнағандар,
Маған қорған болған жандар,
Алдамаймын сендерді мен мына жарқын тірлікте,
Өміріме қойылғанша бір нүкте.
Жүріп келем, тау суындай тыншымайтын жаным бар,
Ай маңдайлы арым бар,
Құшағымда көктемім бар, құшағымда қарым бар,
Сендер мені өзіме тән мінезімнен таныңдар.
Кейде кеме секілдімін тоқтап өткен порттарға,
Қуанамын тағдырыма тілеулестер тапқанға,
Әлде мынау табиғаттан ала беру мұрат па?
Өмір бойы еліктеумен келем мөлдір бұлаққа.
Асқар таудан қуат алып, айға қарап елжіреп,
Аға алмасам туған жердің кеудесінде мөлдіреп,
Бір лайсаң өзен болсам тұнықтықтан шеткері,
Атама, елім, өз перзентім деп мені,
Жо-жоқ, мұны тағдыр басқа жазбасын,
Бұдан ауыр қарғыс бар деп ұғынбаймын өз басым.



Пікірлер (1)

Әбдіқаниева.Арай

Керемет. өлең

Пікір қалдырыңыз

12-3=?

  • 2
  • 18

Қырқасынан қыран ұшқан, сен ержеткен аймақты,
Ертеде бip хан билептi, қайсар әрi қайратты.
Қартайса да, шапқан аттың құлағында ойнапты,
Қия тартқан мақсатына иек артпай қоймапты.

Толық

Оралу

  • 1
  • 4

Нақ төрінен мәңгі итжығыс түсіп жатқан майданның,
Жігеріңмен көктеп өтіп,
Ұлт мүддесін шекпен етіп,
Төбең бір сәт көкке жетіп

Толық

Цемент

  • 2
  • 1

Құм мен құмды кіріктіріп жалғайтын,
"Тас пен тасты біріктіріп қолдайтын,
Топтасуға жаны ғашық,
Үгілгеннің бағын ашып,

Толық

Қарап көріңіз