Құлақ пен сырға – Баянғали Әлімжанов

Бұл бетте «Құлақ пен сырға» атты Баянғали Әлімжанов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 04.05.2020
  • 0
  • 0
  • 1759
Ері:
Жаным, саған не боп қалды,
Түйіліп тұр қабағың,
Күндегіден күйің бөлек,
Сұйылып тұр тамағың?
Әйелі:
Құбылмай ма көңіл күйі,
Қызық екен сұрағың?
Ауық, ауық қиялданып,
Ойға батып тұрамын.
Ері:
Ой дегенің жақсы әрине,
Мұңайма тек қарағым,
Айтпаған соң, қиялыңды,
Қайдан қуып табамын?
Әйелі:
Қыз күнімде айтқызбай-ақ,
Білуші едің, шырағым,
Ай сырғаны ауырсынып
Ауырып жүр құлағым!
Ері:
Ойхой, сол ма, күйіндіріп,
Жан қинаған сұрағың,
Ай сырғаны ағыта сал,
Аман болсын құлағың!
Әйелі:
Үңірейіп тұрады ғой
Орны бөлек сырғаның,
Өзі жеңіл, кіп-кішкентай
Гәуһарды ойлап тұрғаным!
Ері:
Гәуһар, жауһар қайтер дейсің,
Тас емес пе жолдағы,
Бас пен құлақ жарасыммен,
Аман болса болғаны!
Әйелі:
Айта берсең табылады,
Ақыл сөздің мәні ғой,
Ойлап көрсең, әсем бұйым,
Әйелдердің сәні ғой!
Ері:
Құмарлығы дүниеге,
Бұл ғасырдың әлегі,
Күн көрінген құлағыңыз
Сырғасыз да әдемі.
Әйелі:
Бір нәрсеге мен қызықсам,
Ақылгөйсіп бөгейсің,
Құрбылардың алды бәрі,
Енді маған не дейсің?
Ері:
Неғылады өзгелермен
Бәсекелес болмасаң,
Удай қымбат гәуһар тасың,
Мені сатып, алмасаң!
Әйелі:
Сүйгеніңе масаттанып
Биледім деп бөстің бе?
Гәуһар түгіл, көк тиынға,
Өтпейсің ғой ешкімге!
Ері:
Бұл сөзіңді естіп қойса,
Біреу соғар құйын боп,
Бай бергенді жұрт айтады,
Жан бергеннен қиын деп!
Әйелі:
Тас тілеуім нелеу екен,
Жас жүрегің тұрғанда,
Бас тілеуім – бақ-береке,
Жеткізетін арманға!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Құлақ пен сырға өлеңінің авторы кім?

Баянғали Әлімжанов — осы өлеңнің авторы.

Құлақ пен сырға өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Құлақ пен сырға өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Баянғали Әлімжанов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Құлақ пен сырға өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері