Бір көкек биыл сұңқылдап көктем шықпастан – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Бір көкек биыл сұңқылдап көктем шықпастан» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 01.09.2020
  • 0
  • 0
  • 929
Бір көкек биыл сұңқылдап көктем шықпастан,
Зарыға жүріп, сыңарын тауып жұптасқан.
Екеуі сосын көрінбей кеткен біраз күн
Ұядан шықпай үпілдірік пен мүк басқан.
Зарыға жүріп жалғаған жырды шырқамай,
Ғайып боп көзден жоғалған кезде бірталай,
Сұңқылы бөлек көкектің даусын іздесем,
Қаңырап маған қалғандай болар бұл тоғай.
Сұңқылдап жүріп сыңарын тапқан сол көкек,
Мезгілдік міндет, мезгілдік парыз болды өтеп.
...Ұлы бол мейлің, құлы бол мейлің мезгілдің,
Зая боп үнің кетпесе екен желге тек!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері