Мінезім – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Мінезім» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 2234
Өзімді-өзім жеңе алмай жүрген бір кезім,
Жеңе алмауыма себепші – бірден-бір өзім.
Өзімді-өзім кінәлап салыстырамын,
Қабілетім кімнен кем еді, кімнен мінезім?
Бойымда барды ұқсатып жарата алмаған
Өзім ғой, өзім, дұшан жоқ оқ атар маған.
Дұшаным жоқ деу, әрине, аңғалдық болар,
Тышқанның мұрнын адалмын қаната алмаған.
Адалдығыңнан не пайда? Әрекет егер
Қаракет жасай алмаса қара көтерер.
Ақ көңіл сенің айтқыштық мінезіңді де
Астарлап алып біреулер пәлеге теңер.
Еркелігіңді біреулер есерлік дей ме,
Өзіңе сену өзіңе кесел жүктей ме?
Ығына қарай уақыттың иіле берсе,
Біреулер соны заманға төселдік дей ме?
Заманға сонда жаялық төсеніш болса,
Есебін білсе, ешкіммен есеп ашпаса,
Өзгерсе заман біз дағы жалт береміз бе,
Бүгін басқаша едік қой, кеше басқаша...
Заманға менің өкпем жоқ, қоғамға тағы,
Өкпемнің бәрін таңбаймын адамға тағы.
Жеңе алмай жүрген өз-өзін мен бе екен жалғыз,
Білмейді-ау көбі, сол мені алаңдатады.
Өзімді-өзім жеңе алмай жүрген бір кезім...
Іздеймін кейде мен сондай күндердің өзін.
Өзімді-өзім жеңемін, өлемін бір күн,
Өлтіре жаздап жүр мені құрғыр мінезім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Мінезім өлеңінің авторы кім?

Кеңшілік Мырзабеков — осы өлеңнің авторы.

Мінезім өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Мінезім өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Кеңшілік Мырзабеков өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Мінезім өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері