Сал күрең – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Сал күрең» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 1056
Бақта жүрді сары ала иттер середек,
Жойдасыз-ақ, түр-тұлғасы керемет.
Арланың да қандендей-ақ қасында,
Шүйлеп салсаң аю алар, не керек.
Балпаң-балпаң жүрісінде ызбар бар,
Жүні қалың, бұйым емес мұз-қарлар.
Аузы да үлкен кепердей боп ырсиған,
Тым-ақ сұсты, мысы басып жүзді арбар.
Сан-сапалақ жұрындарды ықтырған
Овчаркің бе?
Мұны көрсе тік тұрған.
Үйелмендей денесі бар,
Барлығын,
Бір «ыр» етіп, емеурінмен ұқтырған.
Қарамайды дәнеңені бұйым ғып,
Қаперіне кірер емес қиындық.
Сал бөкселі, құйрықтары шұбалған,
Қыс ызғары жетпеген-ау биылдық.
Маң-маң басып қос төбетің маңды кеп,
Түбіт жүнін үлпілдетті таңғы леп.
Иесі – орыс, талтаңдайды құр бекер,
Ал, біз болсақ, пана таппай қаңғып ек.
Қос төбеттің бағы зор-ау тегінде,
Тірлік кешу дәл осылай өңінде.
Тек түсімде – жұмақ ғұмыр ...
Сол бір сәт,
Ит боп кеткім келіп тұрды менің де.
... Арсалаңдап ойнақ салды сырттандар,
Мәре-сәре ит асырап қыртқандар,
Газеттен де оқып қалдым, бір жәлеп:
Үйіккен-ді ...
Кетіп біткен жұрттан да ар.
Ұшыраспас қырдан мына төбеттер,
Адам да жоқ күшік бағып, өбектер,
Он шақты қой сыбағасы – қасқырдың.
Әр ай сайын шамаң жетсе төлеп көр.
Таптырмайды малшыларға маң қасқа,
Септік етер серік керек мал-басқа.
Сары ала иттің бірі болса қолында,
Қыстай баптап көкжалдарға салмас па?
Қасқыры жоқ қалада иттің жоқ мәні,
Бекер босқа жеп жатқандай ботқаны.
Алмаса да борсықты да
Саққұлақ –
Дұрыстау ғой,
Жаман ойдың – тоқтамы.
Ауылдарда жақсы иттер жоқ,
Бәтір-ай,
Балақ жыртар қандендер көп, кәпір-ай.
Ал, қаланың иттері ірі болғанмен,
Адамдары майда-шүйде, япырай.
Жылы жерге қоныстанған қомақты,
Жақтырмайды мансабы жоқ қонақты.
Қазағының қарекеті қынжылтпас,
Астананы әлдекімге тонатты.
Жай-күйі бар, мәселесі шешілген,
Жұмыс жайлы, үйде жатар бесіннен.
Бауырлары бас алаңда қырылды –
Селт етпеді.
Шығар емес есімнен.
Қырылғанның бәрі ауылдан шыққандар.
Бақты аңысын жайбарақат Құтпандар.
Кекірелеп тамақ ішті сол күні,
Сыртқа қарап, болконында бұққандар.
... Аяз қысты, заң да қысты қыжыртып,
Біреу тұрды дәу мұрынын тыжыртып,
Дүбінеді сойылды әскер,
Ал, жастар,
Дүрлігеді жүз ұмтылып, жүз үркіп.
Қазақтары қыр даланың жеңілді,
Қалап алды кейбіреуі өлімді.
Баға берді қазақтары қаланың,
Қоңырайтып, тым жүдетіп көңілді.
Иті мығым қалалықтың өзінен,
Көрші болу қолдан келмес,
Безінем.
Ар-иманы әлі де бар ауылдың,
Биті тамып тұрса-дағы бөзінен.
***
Сал күреңнің тұрманы төрге ілінген,
Белгі беріп тұратын өр күнімнен.
Анда-санда тер сіңген ат әбзелін,
Бір иіскеп-ақ,
Шаршасам сергідім мен.
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді,
Сағыныштың таусылмас әсте легі.
«Шаншар қасқа», «Ақкекіл», «Бозжорғалар»,
Жіберетін көтеріп пәсте мені.
Пай-пай шіркін күліктер құлын мүсін,
Екпініңмен тапап ем зұлым мысын.
Талай-талай шапқанмын ...
Бір бәйгеге,
Шаптырмай-ақ кетем бе ұлымды шын?
Тұрманына тұлпардың телміремін,
Пырақтардың тәңірім бер біреуін.
Өзім ерттеп жайғар ем сайлап бәрін,
Ұлым шықса жетелеп тел күреңін.
Қоздырады қазақы ер делебемді,
Жылқы мінез, тарпаң жан көне ме енді?
Шырт-шырт сынған қымызды сапыра алмай,
Бос қаңсытып қоям ба тегенемді?
Ер-тұрманы тым жетім сәйгүліктің,
Төрде ілініп қаншама бәйгі күттің.
Тақымыма бір тимей,
Сауран сойы,
Ортасында кетем бе қайғы, үміттің?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Сал күрең өлеңінің авторы кім?

Әділбек Ыбырайымұлы — осы өлеңнің авторы.

Сал күрең өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Сал күрең өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Әділбек Ыбырайымұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Сал күрең өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері