Өлең, жыр, ақындар

Шернияз

  • 08.04.2021
  • 0
  • 0
  • 5351
Шернияздың шері бар,
Шерлі қалған елі бар,
Көзінде қанды селі бар,
Аузында зарлы желі, бар,
Ел ниязы — Шернияз.
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда, кім болам?! —

деп өрттей заулап келе жатқанда, ажал оғына тап болып, арманына жете алмай, жастай кеткен арқаның арқар жанды, асқар жүректі, аяулы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырұлының аруағына арнаймын.

К і с і л е р і
Шернияз — оқыған жігіт, жасы 26-да
Раушан — қырдың қызы, Шернияздың әуелгі қатыны, жасы 17-де
Жәмила — оқыған қыз, Шернияздың екінші қатыны, жасы 21-де
Базарбай — оқыған жігіт, жасы 25-те
Алшағыр — қыр қазағы, Шернияздың ағасы, 40-та
Қордабай — Раушанның әкесі, 60-та
Жаңылтай — келіншек, 22-де
Рәзия — даяршы қатын, 25-те

I с а х н а
Алыста тау, етегінде ауыл, ауыл сырты бұталы бұлақ. Жарық айлы жаздың түні.

ШЕРНИЯЗ бен БАЗАРБАЙ

Ш е р н и я з (қамшылы қолымен көкті нұсқап). Міне, жұмақ!
Б а з а р б а й (артын ала бұлақты нұсқап). Әне, бұлақ!
Ш е р н и я з (шапанын төсеп, отырып).
Мынау қырдың қасында
Қала бір бейне тамұқ қой!
Б а з а р б а й (отырып).
Жазғы әуесі демесең,
Қалаға, жаным, не жетсін.
Ш е р н и я з. Ой, тәңірі-ай!
Орыс болған екенсің ғой.
Б а з а р б а й (мырс етіп).
Па, шіркін-ай!
Көрермін әлі.
Қаладан безгеніңді.
Ш е р н и я з. Сен, сірә, елді Сағынасың ба?
Б а з а р б а й. Сағынам.
Ш е р н и я з. Несін сағынасың?
Б а з а р б а й. Несін деймісің?
Таза әуесін,
Ет, қымызын
сағынам.
Ш е р н и я з. Одан басқа?
Б а з а р б а й (ойланып).
Тағы несі бар еді?
Уа, һа!
Қызын сағынам!
Ш е р н и я з. Міне, сенің тап орыс болғандығың,
Қазақтың кең сахара даласына,
Даланың судай тұнық ауасына,
Біз түгілі, келеді орыстар да,
Қызығып қымызы мен мол асына.
Б а з а р б а й. Ал енді өзің несін сағынасың?
Ш е р н и я з. (омырауын ағытып, сыбанып, серпіп). Мен бе?
Мынау тұрған көк күмбездей көк шатыр,
Жымыңдаған меруерттей көп жұлдыз,
Сар табақтай жарқыраған сұлу ай!
Анау жатқан ұлан байтақ кең дала,
Саңғыраған салауатты саңдал тау.
Бұта сайын бұлбұл құсы сайраған,
Жұпар иіс жасыл гүлі жайнаған,
Осы отырған миуа талды сай бұлақ,
Осыларды қалай көрмей шығарсың!
Б а з а р б а й. Сен бұ жерде ақындықты ақтадың,
Осылар ед менің-дағы айтпағым.
Ш е р н и я з (Базарбайды түртіп). Әне, тыңда!
(Қой күзеткен баланың әні естіледі.)
Қалай сыңғырлаған күміс, не болат!
Неткен таза, неткен тәтті, неткен жат!
Тау, сай, дала — бәрі үн қосып саңғырлайт!
Б а з а р б а й (тыңдап).
Рас, мынау нағыз әнші бала екен. (Тыңдасады.)
Қала әншісі он есе артық болcа да,
Мұның әні жағып кетті-ау құлаққа.
Ш е р н и я з (тыңдап). Тоқта, тоқта! (Тыңдайды, дауыс балады.)
Құлағыма майдай жағып барады,
Бойым балқып, жаным сая табады.
Б а з а р б а й. Орыстың қай ақыны еді,
Туған жерін жырлаған?
Ш е р н и я з (әндетеді).
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық алтын, қайтып келмес күнімде,
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер!
Жаратылдың топырағыңнан сен түбім,
Жалғаны жоқ бәрі сенде жан-тәнім.
Сенен басқа жерде маған қараңғы,
Жарық болар, Шолпан, Айым — сен Күнім...
(Аяқ кезінде қаттырақ көтереді.)
Б а з а р б а й (түртіп қалады).
Өй, ақырын!
Ш е р н и я з (шошып).
Не көрінді, япырым!
Б а з а р б а й. Ауыл жақын, қатты айғайың естілед.
Ш е р н и я з. Менен гөрі сен болдың-ау естірек...
Ауыл деген естен шығып кетіпті...
Шіркін, қырдың ән-күй, сауық-сайраны,
Еркіндікті, ерлікті еске салғаны!
Б а з а р б а й. Серке тартқан көкбарды мен ұнатам.
Ш е р н и я з. Күрес, жарыс, алтыбақан, ақ сүйек,
Соқыр теке, қара құлақ, әйгөлек,
Айт пен тойда қыз қуатын қызығы.
Шылдахана, қынаменде — бір бөлек.
Неше түрлі ойындарды істеуші ек,
Қыз-бозбала отырысып дөңгелек.
Б а з а р б а й. Талай қызық сонда болады екен ғой:
Беттен сүю, қол жүгірту не керек
Қаладағы ноғай қыздарын әкеп,
Сол ойында ортаға алса не дер ед?
Ш е р н и я з. Ноғай қызы сүйісуге тым құмар,
Сүймек тұрсын, ерініңді жеп қояр.
Б а з а р б а й, Уай, сен байқадың ба?
Ш е р н и я з. Неменені?
Б а з а р б а й. Тәлімсіген талай ноғай әйелі,
Театрда бітіреді екен шаруаны.
Ш е р н и я з. Ондай жұмыс тұрмыстан туады ғой !
Не пәле ұялғаннан шығады ғой...
Неғұрлы бір нәрсені қымтай берсе,
Соғұрлы көңілің соған ауады ғой.
Қазақтың қарап тұрсаң әдет-ғұрпын,
Мінез жоқ адамыңда қылтың-қылтың.
Сүйсе де, жек көрсе де ашып айтад,
Боялып бұзбайды әйел мінез-құлқын.
Б а з а р б а й. Сеніңше бар жақсының бәрі қырда,
Қалада қасиетті нәрсе жоқ па?
Ш е р н и я з. Қаланың театры, музыкасы,
Әйелдің көлгірсіген қылмыңдасы,
Көңіліме кейде менің мұң салады:
Бәрі алдау, бәрі сауда, қадам басы.
Б а з а р б а й. Қаланың музыкасы, бұраң белі,
Билесең бұраңдатып бұрар сені.
Қызбайтын сол думанға қандай жүрек?!
Қызықтың сол емес пе тұрар жері!
Ш е р н и я з. Сол айтқан қызығыңа бармас едім,
Көзімді бұраң белге салмас едім.
Соның бәрін қырдағы қара көздің,
Жаудырап бір қарасына алмас едім.
Б а з а р б а й. Пай, пай , пай! Сонша әулие қылатұғын,
Қыр қызының сонша артық несі бар еді? (күледі.)
Ш е р н и я з. Күлме. Көздің мәнісін сен білмейсің?!
Б а з а р б а й. Не ғып білейік?!
Ш е р н и я з. Білсең айтшы!
Б а з а р б а й. Жақсы көз беп-белгілі несін айтам?
Ш е р н и я з. Құр белгілі десең де,
Көз бағасын білмейсің?
Шіркін, бір қара көз болад:
Қарап қалса көзіңе —
Жұмақ лебі енеді.
Бойыңды бір бу жеңеді:
Тұңғиық терең сыры бар.
Бейне бір гауһар нұры бар...
Дәриға, сондай есіл көз,
Жаманға кез келеді.
Енді бірі бота көз,
Айнаны көр де, оны көр.
Бейне бір моншақ мөп-мөлдір,
Барлық ойы, жүрегі
Көзінде оның сайрап тұр.,
«Айналайын көзіңнен,
Жаутаңдаған!» дегізіп,
Жаныңды билеп, жайнап тұр.
Б а з а р б а й. Қиялға кеткен екенсің,
Қайырын берсін, шырағым!
Көздеріңді сорттай бер!
Өзіме бір-ақ көз жақсы.
Ш е р н и я з. Қандай көз?
Б а з а р б а й. Өзімді менің кім сүйсе,
Соның көзі жақсы көз.
Ш е р н и я з. Сүймейтін сенің қызың жоқ,
Бәрінің көзі жақсы ма?!
Б а з а р б а й. Әрине, жақсы. Біз көзді
Мадақтап әуре болмаймыз,
Не де болса бір деңе,
Таматын жағын ойлаймыз.
Шернияз. (жантая кетіп). Рас, енді солайсың... (Аз тым-тырыс.)
Б а з а р б а й. Өй!
Ш е р н и я з. (басын көтеріп алып). Немене?
Б а з а р б а й. Көзді мақтап отырмыз,
Әлгі әз қызың қайда жүр?
Ш е р н и я з. Ауыл жатқан жоқ шығар.
Б а з а р б а й. Осы қызды шын алғалы жүрсің бе?!
Ш е р н и я з. Несі бар?
Б а з а р б а й. Отызға келмей қатын алып не керек?..
Басты байлап... қызық көрмей жастықта.
Ш е р н и я з. Қызықты кезі жастықтың,
Жиырма бес, отыз арасы.
Бұл дәуірде жар құшпай,
Сағым қуған, сарпалдаң,
Бір әуре байғұстай.
Б а з а р б а й. Оның қате, меніңше үйленуге,
Әйелдің сырын оңдап білу керек.
Өмірден көп тәжірибе алу керек,
Еркін жүріп, жастықтың дәмін татып,
Сол сарпалдаң өмірден қашу керек.
Бұзылсаң да жақсы әйел тауып аласың,
Жақсы әйел ерді жолға салу керек.
Ш е р н и я з. Тәжірибе жаман әдетке үйретеді,
Жаман әдет мінезді күйретеді.
Орта жасқа келгенде қайта жасап,
Қатын түзей алмайды күн өтеді.
Б а з а р б а й. Сеніңше, бізге енді түзелу жоқ па?!
Ш е р н и я з. Түзелуге болаттай жігер керек,
Сенде ондай жігер бар деп айта алмаймын.
Сондықтан саған тиген әйелдің де,
Бағы жоқ сорлы деуге тайсалмаймын.
Б а з а р б а й. Қой, шырағым!
Бізге тиген әйел не сорлы болсын!
Ш е р н и я з (ауылды нұсқап). Әне, шықты бүркеніп!
Б а з а р б а й. Е, құдай берерсің!
Қыз ба, қатын ба?
Ш е р н и я з. Басы ағарад.
Бұл әлде Жаңылтай ма?
Б а з а р б а й. Қыз келмесе, құрыдың,
Ақын батыр!
Ш е р н и я з. Келер, келер... Хабаршым келе жатыр.
Б а з а р б а й. (мырс етіп).
Хабаршы жіберетін ұлық-ау ол!
Ш е р н и я з. Ол ұлықтың ұлығы, әмірі мол.
Б а з а р б а й. Бәсе, бәсе! Қатын болды.
Ш е р н и я з. Қарлығаштың келіншегі...
Бүлдіршіндей тым-ақ оңды!
Б а з а р б а й. Ендеше, мен айналдырып көрейін.
Ш е р н и я з. Ой, соққан-ай!
Босап кетті-ау кемейің!
Б а з а р б а й. Міне, қызық!.. Сен қызыңмен
Мыршымға белден батқанда.
Сүйіп-құшып екі ғашық
Мауқын басып жатқанда,
Сүйек күткен иттен жаман,
Көзін сүзіп отырған жан
Нағыз бір құдай атқан да!
Ш е р н и я з (күліп). Тауып айттың Базарбай!
(Жаңылтай келеді.)
Амансың ба! (Қолын ұстайды.)
Неге мұнша кешіктің?
Ж а ң ы л т а й. Есенсіздер...
Қашан сонша кешіктім?
Б а з а р б а й (қолын ұстайды). Сәлеметсіз.
Ж а ң ы л т а й. Үш-шүкір.
Ш е р н и я з. Немене? Ел жатты ма?
Шырт ұйқыға батты ма?
Ж а ң ы л т а й. Тіпті асығыс екенсіз.
Б а з а р б а й. Сіздер сабырлы екенсіз.
Ж а ң ы л т а й. «Асыққан жетпес;
Бұйырған кетпес».
Ш е р н и я з. Батыреке!
Малыңды соң жайла,
Келе ме? Раушан қайда?
Ж а ң ы л т а й. Басы ауырып жатыр.
Ш е р н и я з. Басы ауырса, басына бас қосылар.
Ж а ң ы л т а й. Сіздер де ырым етеді екенсіз.
Ш е р н и я з. Сендерден жұққаны ғой.
Б а з а р б а й. Менің де басым ауырыңқырап тұрғаны.
Маған кімнің басы қосылар екен?
Ш е р н и я з (Жаңылтай екеуінің басын соғыстырып).
Міне саған қосатын бас бар екен!
Ж а ң ы л т а й (шегініп). Қойшы, қалқам, ұят емес пе?
Ш е р н и я з. Жас кісіге ұяты жоқ.
Ж а ң ы л т а й. «Кісі асына сабыр» деген.
Ш е р н и я з. «Піскен астың күйігі ауыр»,
Ауызға салған тәуір деген.
Ж а ң ы л т а й. «Неткен оңай батпан құйрық!
Ш е р н и я з. Же! — деп келді ақтан бұйрық...
Бос қалжыңды тасталық,
Раушанды тез алып шық!
Ж а ң ы л т а й. Пай, пай, Шекен!
Сабырыңыздың жоқтығы-ай!
Қалай шығад, ауыл тегіс ұйықтамай? (Кетіп бара жатып.)
Асықпаңыз, келерміз кеп тоқтамай. (Кетеді.)
Ш е р н и я з. Міне, шырағым, қазақтың әйелі,
Мынау аспан қандай ашық болса,
Бұлардың жаны да сондай ашық.
Б а з а р б а й. Мынаны мен бір айналдырып көрейін.
Ш е р н и я з. Бастап бердім, өнеріңді білейін...
Б а з а р б а й. Кәпірің сезге сайрап тұр.
Сүріндіріп кетпесе.
Ш е р н и я з. Жігіттігің құрысын,
Соған айлан жетпесе.
Б а з а р б а й. Әзілге шорқақ болушы ем.
Ш е р н и я з. Боз бала боп көріп пе ең?
Б а з а р б а й. Кісі арқылы тұрушы ем.
Ш е р н и я з. (ауылға қарап). Әне шықты өзі де.
Б а з а р б а й. Оны аулаққа тартайын,
Сен жәрдем қыл сөзіме.
Ш е р н и я з. Дұрыс. (Аз күтіп тұрады. Жаңылтай, Раушан келеді.)
Сау жүрдің бе, сәулем! (Қолын ұстайды.)
Р а у ш а н. (сызылып). Үш-шүкір.
Б а з а р б а й (Раушанмен амандасып). Сәлемет пе, құрбым!
Р а у ш а н. Үш-шүкір.
Б а з а р б а й (аналарға қарап). Бақытты болыңдар!
Ш е р н и я з. Айтқаның келсін!
Базарбай, жан досым сен,
Сүйген жарым бұл Раушан,
Раушанның досы Жаңылтай,
Бәрің менің қасымда!
Достық, бақыт, махаббат,
Бәрі қазір басымда.
Өмірдегі бұл менің
Бір бақытты минутым.
Кел, достарым достыққа,
Қолдарыңды беріңдер.
Б а з а р б а й. (қол ұстап). Мен қияметтік досың!
Р а у ш а н (қолын беріп). Етегіңнен ұстасам,
Жолына құрбан бір басым.
Ж а ң ы л т а й (қолын беріп). Талайын қалқам ашылсын
Ш е р н и я з. Жаңа көңілім жай тапты,
Екеу екеу болайық.
Екеуің арман барыңдар,
Жас адамға сол лайық.
Ж а ң ы л т а й. Бә-ә-лі!
Ш е р н и я з. Жаңылтай, сен Раушанды,
Жақсы көрсең бұл түнді,
Қызықпен алғым кеп еді,
(Жаңылтай Раушанға жалтақтайды.)
Б а з а р б а й. Иә, құрбым бұл жалған,
Екі айналып келмейді.
Р а у ш а н. Бара ғой енді, қайтушы ед!
Ш е р н и я з. Әзілден басқа не айтушы ед.
Ж а ң ы л т а й (жымиып). Мыналарың жат екен!
Б а з а р б а й. Бұл екеуін әдейі
Аңдуға келмесеңіз,
Былай таман барайық. (Жетектейді.)
Ж а ң ы л т а й (азырақ жүріп тоқтайды).
Осы жерде-ақ тұрайық.
Б а з а р б а й. Олардың сөзі бұл жерден
естіліп тұрады ғой.
Ж а ң ы л т а й. Бұ жерден де естілмес.
Б а з а р б а й. Кішкене былай баруға,
Қорқасыз ба, замандас?
Ж а ң ы л т а й. Ондай кісі қорқатын
Құбыжығыңыз бар ма еді?
Б а з а р б а й. Жай... әшейін...
Ж а ң ы л т а й. Әшейін деген немене?
Б а з а р б а й. Әшейін тек, әшейін. (Аналарға қарап.)
Аналардың жарасуын!
Ж а ң ы л т а й (жарыса). О тықырға, бұл тықыр не қосылсын!
Б а з а р б а й. Не дедіңіз?
Ж а ң ы л т а й. Тек... әшейін. (Базарбай желкесін қасиды.)
Ше р н и я з. Сағындың ба жаным?
Р а у ш а н. Сағынбай...
Ш е р н и я з (бетіне қарап, аз тұрып).
Бүгін алып кетсем қайтеді?
Р а у ш а н. Кімді?
Ш е р н и я з. Сені.
Р а у ш а н. Шын ба? (Күрсініп.)
Қаннен қаперсіз
Кеп тұрсам...
Ш е р н и я з (жымиып). Ойнап айтам.
Р а у ш а н. Бәсе!
Ш е р н и я з. Осы келіп жүргеннің өзі қандай тамаша!
Р а у ш а н. Көріне келген жақсы ғой,
Жасырынбақтан оңаша.
Ш е р н и я з. Қол ұстауды айтасың ғой?
Күйеу болып сызылып,
Қатындар келіп қамаса,
Дуанаша таласа,
Ойың сол-ау, балаша.
Р а у ш а н. Оңайын тәуір көресіз,
Әйтпесе елдің салты да.
Жарасымды емес пе?!
Ш е р н и я з. Жарастығын біздерден,
Өзгелер-ақ істесін.
Р а у ш а н. Боласыз ба айтқанға,
Өз еркіңіз болмаса.
Ш е р н и я з (Базарбайға). Базарбай! Қал қалай?
Б а з а р б а й (күліп). Теріс емес.
Ш е р н и я з. Қайырлы болсын! (Жаңылтай бетін басады.)
Қане, жаным! (Раушанды сүйеді.)
Б а з а р б а й (Жаңылтайға.) Аналарды қара, кел біз де...
(Сүйеді.)

II с а х н а
Шернияздық отауы,
ШЕРНИЯЗ бен АЛШАҒЫР

А л ш а ғ ы р. Шекен, әлгі сорлыға бір жапырақ
Қағаз бере салсаң ед жөнін сұрап.
Ш е р н и я з. Не деп? Малы ұрланғанын көргемін жоқ
Мойнына салған жерде болғамын жоқ.
А л ш а ғ ы р. Сот саған таныс адам дегенді естіп,
Бізді арқа ғып әдейі келгеннен соң.
Бір жапырақ қағазын да аяды деп,
Өкпелеп қайтады ғой бермеген соң.
Ш е р н и я з. Ағатай, тап осындай уақ жұмысқа, қинамасаңыз екен бостан-босқа.
А л ш а ғ ы р. Шырағым, саған уақ болғанменен,
Бізге үлкен іс, ойласақ шаруа жайын.
Аз ғана малды соның шөбіменен,
Аман сақтап жүрміз ғой жыл-жыл сайын...
«Малын алып бере ғой» демесең де,
«Тезірек тексерсең» деген тәрізді.
Бірдеңе сүйкеп берсең демесіңді.
Мәз боп кетед мал өндірген тәрізді.
Ш е р н и я з (ойланып).
Батбаққа мені батырмай,
Тыныш болмайсыздар ғой. (Жазады.)
А л ш а ғ ы р. Батпассың, ел ішіне келген соң,
Ел сөзінен басыңды аласың ба?!
Үй ішіне пайда келтірмей жүрген
Азамат жоқ қазақтың баласында.
Құр таза болам дегенмен бола ма?!
Әнеу күн қандай қызды Базарбайда.
Бір талай жыл оқыдың, адам болдың!
Сонда бізге келтірген пайдаң қайда?!
Ш е р н и я з (хатты беріп жатып).
Енді тамыр-танысты қойыңызшы!
А л ш а ғ ы р (хатты бүктеп жатып).
Құдай тамыр-таныстан айырмасын!..
Күн бұрын есіңе сап қояйыншы,
Қала жүзін көруден ойым бар ед.
Үй-іші мүлде жүдеп, тозып барады.
Сататын малдың да ыңғайы кем ед...
Рахымжан, Исайндар туғанына,
Союздан көп көздеме әперіпті.
Ш е р н и я з. Ағатай! Сауда ісіне кіре алмаймын, шатақ іспен
шатасып жүре алмаймын,
Елдің пұлын жеп қойып сотты болып,
Жүргенін білмейсіз бе, Күренбайдың?
А л ш а ғ ы р. Сотты болған кісіні білгенім жоқ.
Алғандар киініп жүр кенеліп-ақ.
Ш е р н и я з. Жо, жо, жоқ. Атамаңыз. Кіріспеймін.
А л ш а ғ ы р (жымиып). Қойдық енді. (Кетеді.)
Ш е р н и я з. Күнде сөз, күнде мұнын шаққан қазақ,
Бір-бірін аунатып жеп жатқан қазақ.
Залымға, күштілерге күші жетпей,
Сот іздеп, тендік іздеп шапқан қазақ.
Сөзіне кіріспесең, керегің жоқ,
Кіріссең өзіңе өсек жапқан қазақ.
Елге келіп тыныштық алам десем,
Басымнан артып кетті-ау тартқан азап!
(Раушан кіреді.)
Р а у ш а н. Сіз естідіңіз бе?
Ш е р н и я з. Нені?
Р а у ш а н. Жаңылтай қашып кетіпті!
Ш е р н и я з. Барсын!
Р а у ш а н. Қойшы! Барған несі!
Ш е р н и я з. Әйелдің еркі өзінде.
Кетем десең сені де ұстай алмаймын.
Р а у ш а н. Ойыныңызды қоя тұршы...
Қарлығашқа обал болды ғой!
Түлкібай деген қуменен
Сорлы ұстасып жүруші ед,
Сол азғырып беріпті.
Ш е р н и я з. Оны кім біліп қойыпты?
Р а у ш а н. Әкемдер де айтып отыр.
Ш е р н и я з. Жарайды, кешегі газет қайда?
Р а у ш а н. Жатқан шығар... Жаңылтайды қайтеміз?
Ш е р н и я з. Өзің не сөйлеп тұрсың?
Қашқан қатын бай табад,
Қатынды сот тексеред...
Газет қайда кешегі?
Р а у ш а н. Газетті қайдан білейін,
Тетелес ұстап отырған.
Шернияз. Тап газетті!
Р а у ш а н. Қайдан табайын?
Сан кісі келед,
Сан кісі кетед...
Ш е р н и я з. Газетке ие болмай не бітіресің?
Р а у ш а н. Соған қарап отырым ба?.. (Іздейді.)
Ш е р н и я з. Әлде кімнің көйлек-жаулық, шүберегін тіккенше,
осы үйдегі қағазға ие болсайшы!
Р а у ш а н. Әдейі әкеп отырған соң, ұят емес пе қайтару?
Табылар енді, ешқайда кете қойған жоқ шығар! (Шығып кетеді.)
Ш е р н и я з. Надандықты қой-ау бұл! Түк есі жоқ.
Газет, қағаз жиюмен жұмыс жоқ,
Мең-зең болып, езіліп отырғаны.
Ертеден қара кешке іс тіге ме?!
Қыз-қатынмен сөйлесіп бос жүре ме?!
Жоннан-жонға шығандап түз кете ме?!
Бипазданып жұмысы бір бітпейді.
(Раушан кіреді.)
Ш е р н и я з. Бар ма?
Р а у ш а н. Бала жібердім.
Ш е р н и я з (шығуға айналады, Раушан қалпағын әпереді).
Күтпей-ақ қой! (Қолынан жұлып алады да кетеді.)
Р а у ш а н (ойланып). Киімін әперсең де жаратпайды,
Қолына су құйсаң да жаратпайды
Кірі жаман жуылса тағы пәле,
Ішкен асың бойыңа таратпайды...
Құдай-ау! Бұған енді қалай жағам?
Осының бабын, тәңірі, қалай табам?!
Қабағына қарап-ақ отырмын,
Неге тарыққанына қайран қалам!
Көңіліне әлде бөтен ой кірді ме,
Қалаға кетуге, әлде бой ұрды ма,
Әлде онда менен өзге жары бар ма?
Әлде қырдың қызығы тойдырды ма?!
(Қ о р д а б а й , Алшағыр кіреді. Раушан бетін тасалап, шығып кетеді.)
А л а ш а ғ ы р (Қ о р д а б а й ға). Жоғарылаңыз.
Шырағым-ай, тасаланбай-ақ қой деп ем,
Бұл отауға қалай кірмей тұрамыз?
Қ о р д а б а й (отырады). Жас адамның әдепті болғаны оң.
Ата-анадан әдеп пен ар көрген соң,
Жалғыз болып шалжаңдаған бала емес.
А л ш а ғ ы р (отырған соң). Сөзіңізді әзіңіз жайлап айтарсыз,
Қалада тік жүріп ескен бала ғой.
Бұралауға артық кене бермейді.
Ыңғайына жіберіп, тартып, саумалап,
Жаңа ғана мұсылман ғып келеміз.
Қ о р д а б а й. Шыққан жері қазақ қой,
Ешқайда кетпес жөндігер.
Елде бірер жыл тұрса,
Молда болып көндігер.
А л ш а ғ ы р. Орыстың ұлықтарын да,
Қазекең илеп алатын.
Бұ да үйренеді ғой.
Кіділігі болмаса,
Өзіміздің бала ғой.
Қ о р д а б а й. Бұзатын көбін қала ғой,
Шәрлі жердің сүреңі.
Не ғып, шіркін, жеңбесін?
Ақылы кем болмаса,
Неге икемге келмесін?
Айналысқа келмейтін
«Бөйттік, шөрттік, шық!» дейтін
Ақылсыздан шығады.
(Шернияз кіреді. Отырған соң.)
А л ш а ғ ы р. Шырағым, Шекен!
Ақсақалдың көңілінде
Мүддесі бар көрінед,
Жөні қандай тегінде,
Құлағың сап көрерсің?!
Ш е р н и я з. Тыңдайық.
Қ о р д а б а й. Балам, ол мынау еді тыңдағанда...
Қараекем кіндігінен туған жанда
Атадан аз өскені біз боламыз,
Мал да, жан да Жетпісбай тұқымында.
Қараекең ұлдарына енші берген...
Малды да, қонысты да қылдай бөлген,
О кезде омақалап жер бөле ме?
Айтты болды, қағазды қашан білген.
Қараекең тұстастарын қасына алып,
Сонау бәйге төбеге шыққан барып.
«Осыдан сонау қарын шиге дейін,
Жерімді бөлдім» депті екі жарып.
«Оң жағын Алпысбайым алсын», — депті,
«Жетпісбай сол жағында қалсын» — депті.
Бері келе Жетпісбай өсіп-өніп,
Атамыздың бөлігін жаншып өтті.
«Бетқұдық» табынымды иеленді,
Неше қабат дауластым ақыр ікенді.
Олардың пысықтары теңдік бермей,
Тауып алды жақсыларға сүйенгенді...
Сол жерімнен нырай қап тұрайын ба,
Жоқ, сендердің тұсыңда сұрайын ба?!
Ш е р н и я з. «Бетқұдықтан» басқа да шабындыңыз,
Бар емес пе отырған ши бойында?!
Қ о р д а б а й. Бар болғанмен ол жердің шөбіндей шөп,
Мен шабатын жерлердің көбінде жоқ.
Тау жайлаған арық ат бір ай қойсаң,
Семіруші ед жып-жылтыр көмірдей боп,
Ш е р н и я з. «Бетқұдықты» алғанға қанша ма жыл?
Қ о р д а б а й (ойланып). Баяғы жұт мешіннен бұрын-ау ол...
Ш е р н и я з. Қағаз жасап, не бөлік салмаған соң,
Бұ күнде ата сөзі болмас дәлел.
Қ о р д а б а й . Оған не дәлел керек? Елге мәлім:
Сәрсекең, Шалабайлар көрген бәрін...
Ш е р н и я з (мырс етіп).
Ол кісілер өлгелі атам заман,
Білмеймін қандай дәлел бола аларын?
Қ о р д а б а й. Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өле ме,
Кейінгі үрім-бұтақ көзі өле ме?!
Тым ескірген дау екен аяқсыған,
Жол табу қиын болар, сірә, бұған?!
(Алшағыр жымиып отырады.)
Қ о р д а б а й . Шырағым, не дегенің Жетпісбайдың,
Тұқымы көптік қылад дәйім маған.
Шығын келсе алдымен маған салад,
Ол тұқым жеті түндік, мен жалғыз-ақ,
Тым болмаса көзімнің тірісінде,
Бір жұлқысып, састырсам маған мұрат!
Ш е р н и я з. Шығынды түндікке емес, малға қарай,
Бәлуге тиісті ғой алаламай.
Қ о р д а б а й . Өзге жұрт түндік басы тартып отыр.
Менің артық тартатын мәнім қалай?
Ш е р н и я з. Сезіңіз жер туралы емес пе еді?
Қ о р д а б а й . Жер туралы және бір жұмысым бар?
Ш е р н и я з. Иә!
Қ о р д а б а й . Түлкібай деген алаяқ діннен безген,
Бір қатын азғырып ап көршімізден,
Болыстың шабарына сатып отыр,
Бұған не жәрдемің бар? Қандай ізбен...
Ш е р н и я з (сөзін бөліп). Оған менен жәрдем жоқ,
Әйелдің еркі өзінде.
Қ о р д а б а й . Әйелде ерік бар ма? Кім азғырса
Соған құл. Қарлығаштан әзер болса,
Шабардың екі-ақ қарасы артық шығар...
Соған кетті көрермін біраз тұрса!
Ш е р н и я з. Қайтесіз?
Қ о р д а б а й. Бүйте берсе, кедейде қатын қалмас...
Екі бірдей баласын азынатып,
Бір үйді кетті құртып қаңыратып.
А л ш а ғ ы р. Байғұсқа тым обал ғып кеткен екен...
Қ о р д а б а й. Обалды ойламады, тәңір атып...
Төртті-бесті қараға қатын ала ма?!
Әйтпесе балаларын асырай ма?!
«Ұрғашыда шаш ұзын, ақыл шолақ»
Деген сөз айтылған ғой осындай да.
Көз жасы анау екі жас баланың,
Барған жерде барқадар тапқыза ма?!.
А л ш а ғ ы р. Өзінен туған балалар ғой?
Қ о р д а б а й. Ішінен шыққан баласы,
Бұл сайтанды қойсайшы! (Базарбай кіреді.)
Б а з а р б а й. Ассалаумағалайкум.
Қ о р д а б а й . Уәлік сәлем!
Б а з а р б а й (Шерниязбен қол ұстасады). Сәлемет пе?!
Ш е р н и я з. Өзің де амансың ба?.. (Өзгелермен жай амандасады.)
Ауыл жақтан шықтың ба?
Б а з а р б а й. Бес тәбе жақтан келем,
Соға кетейін деп...
Ш е р н и я з. Қаладан хабар алдың ба?
Б а з а р б а й. Жоқ.
Ш е р н и я з. Қаладан әзір ойың жоқ па?!
Б а з а р б а й. Жүрмекші едім кешікпей,
Аз жұмысқа алданып. (Ақсақалдарға қарайды.)
А л ш а ғ ы р. Ақсақал тысқа шығалық,
Жастардың сөзі бар шығар?! (Екеуі кетеді.)
Ш е р н и я з. Иә, сені сот жақта
Жүр деп естідім бе?!
Б а з а р б а й. Барып едім бір жігіт
Қыз алып қашамын деп,
Мән-жайын айтайын деп...
Ш е р н и я з. Ағайынның сөзіне кірістім де.
Б а з а р б а й. Кіріспей енді қайтейін.
Кернеу зорлық қылған соң...
Өзің-дағы кіріспей,
Қарап жатқан шығарсың.
Ш е р н и я з. Жөні бар іске болмаса,
Жөнсізге кірген жерім жоқ...
Қолға түскен ұрыны
Ағартқан өнерім жоқ.
Б а з а р б а й. Кім айтты қолға түсті деп?
Ш е р н и я з. Кім айтқаны не керек?
Смайылдың баласы
Ұрлық қылмаушы еді деп,
Куәлік бересің бе?!
Б а з а р б а й. Куәлікті беремін.
Бұл күнде оған сенемін.
Ш е р н и я з. Сен бұзылған екенсің,
Мынауың нағыз елдегі,
Партия басшы сөзі ғой.
Б а з а р б а й. Партия басшы өзіңсің,
Ұрылардың тізімін
Сотқа неге даттадың?
Біздің жақтан жиырма бес,
Ұрыны тізіп бергенде,
Өз жағыңнан жетіден
Артықты неғып таппадың?
Ш е р н и я з. Шырағым, сенің жағың не,
Елді мен бөлмеледім бе?
Сот сұрады мен айттым.
Өзім білген ұрыны.
Б а з а р б а й. Әділдікке ол жатпайды.
Сені өз жағын жақтайды
Деп ойламаушы ем, сірәда.
Аудара байлап берген соң,
Ел бүлінбей тұра ма?!
Ш е р н и я з. Жоқ, ұрыны қайт дейсің?
Б а з а р б а й. Жоқ емес, ұрыларың бар,
Алыстан алмаса да
Ауыл үйді торитын,
Толып жатыр ұры-қар.
Кеше Әбдікәрімнің
Сиырын ұрлап Арынның
Төлеп отырған жоқ па?!
Сотқа неге бермедің?!
Ш е р н и я з. Ол итті сотқа жібергем,
Астыртын бітсе білмеймін.
Б а з а р б а й. Жоқ сөз, әбден білесің.
Білмеген боп жүресің.
Одан-дағы «жақыным»
«Аядым» десең жеңесің.
Ш е р н и я з. Ондай жала жаппа сен,
Білмей қалсам шамам жоқ,
Біле тұра «жақын» деп,
Жамандығын жасырып,
Ондай кәсіп қылғам жоқ,
Сұмдығыңды асырып,
Маған келіп шатпа сен!
Б а з а р б а й. Шатпасаң, сен шатпа!
Сенің қанжығаңда
Жүрген мұнда кісі жоқ.
Ш е р н и я з. Ұрысқалы келіп пе ең?
Бар ендеше қырып ал!
Б а з а р б а й. Қырғанымды көрерсің!
Ш е р н и я з. Көрермін енді!.. Ұмытпа!
Б а з а р б а й (шығып кетеді). Сен де осыныңды ұмытпа! (Кетеді.)
Ш е р н и я з. Оқудан садаға кет!
Оңбаған, бұзылған ит!
Әкең сенің арам ед,
Ел бұзғыш бір лағынет!..
Бірге оқыған жолдасың,
Қол алысқан жан досың,
Мұндай болды қайтерсің?!
Туысқанның есі-дерті,
Сен арқылы мал табу.
Кімге сөзіңді айтарсың?..
Мынау ел, сірә, ертер. (Алшағыр кіреді.)
А л ш а ғ ы р. Мына бір хатты ауылнай беріп кетіпті.
(Шернияз жыртып оқиды. Қабағы түсіп, басын құшып отыра кетеді.)
А л ш а ғ ы р. Не сез екен, жай ма?
Ш е р н и я з (аздан соң). Мен жүремін, ат қамдаңыз...
А л ш а ғ ы р. Япыр-ай, не сөз екен?
Ш е р н и я з. Түбіме жеттіңдер.
А л ш а ғ ы р. Не қылдық, жаным?
Ш е р н и я з. Үстімнен шағым барыпты.
А л ш а ғ ы р. Жат жұмыс екен... Кім жазыпты?
Ш е р н и я з. Ағатай! Барыңыз, ат... ат!..
А л ш а ғ ы р (кетіп барады). Бұ кім екен, бұл!?
Ш е р н и я з. Кіріспеуге жауыздықты
Көре-тұра шыдамайсың !
Кіріскенде бұл сұмдықты,
Көресің де тұра алмайсың. (Раушан кіреді.)
Р а у ш а н. Манағы газет жоқ болды.
Ш е р н и я з. Жоғалып қал, шошқа!
Р а у ш а н (теріс қарап көзін сүртіп). Құлағым мұны да естіді ме?!
Ш е р н и я з. Одан да зорын естірсің! (Шығып кетеді.)
Р а у ш а н. Сорым бар екен ғой! (Жастық құшып жылайды.)

Шымылдық
III с а х н а
Бақша, түн. Ағаш түбінде орындық.

Ш е р н и я з (келеді). Бір кезде қырда көк шырайлы,
Мұнар тауы, күміс айы,
Сар даласы, бұлақ сайы,
Бейне бір жұмақ тәрізді ед.
Нәресте табиғат қойнында,
Нәрестедей таза жанды,
Ел бар ғой деп ойлаушы ем,
Дос та, жар да, махаббат та,
Елде ғой деп барлаушы ем,
Жүрегім елді кездірді,
Бұзылған елден бездірді.
* * *
Енді маған сұм қаланың ,
Бақшасы жұмақ тәрізді:
Бақшадан бақ, дос күтемін,
Дос жоқ, әлде бос күтемін.
Әйтеуір келем сандалып. (Отырады.)
Ел-жұртыңа қызмет ет деп,
Ар-намысым қоймады.
Қызмет еттім, азап шектім,
Жемісін көзім көрмеді,
Жақсылығым босқа кетті,
Дос-жараным жау боп шықты,
Күйзелгенім білер жан жоқ,
Көзім жасын көрер жан жоқ,
Бұл қорлықта жүргенімше,
Ит әуре боп өлгенімше,
Ең болмаса өз басыма,
Бақыт іздеп байқайын. (Тұрады. Сағатына қарайды.)
Сағат қазір сегіз жарым,
Келер кезі болды-ау, жаным!
Бұ қалайша кешікті. (Артына жалт қарап.)
Ах, міне өзі! (Жәмилә кіреді.)
Ж ә м и л ә. Сіз мұнда екенсіз?
Ш е р н и я з. Біз уәдешіл кісіміз. (Орындық нұсқайды.)
Ж ә м и л ә (отырады). Солай екен... көп болды ма?
Ш е р н и я з (отырады). Жарты сағат күттірдіңіз.
Ж ә м и л ә. Кешіңіз... үйде кісі боп...
Ш е р н и я з. О, қай кісі?
Ж ә м и л ә. Күләнда жеңгей
Театрға шақырып,
Күнұзын босатпағаны...
Әрең деп қана құтылдым.
Ш е р н и я з. Әйел болса, уақа емес.
Ж ә м и л ә. Әйелден басқа кім дейсіз?
Ш е р н и я з. Бозбала ма деп едім.
Ж ә м и л ә. Сіз күдікшіл екенсіз...
Ш е р н и я з. Алланың әмірі, ішім тар.
Ж ә м и л ә. Кім-кімге болса да ма?
Ш е р н и я з. Өзгеге ондай емеспін...
Ж ә м и л ә. Оныңыз қызық нәрсе екен!..
Шақырғанда кәнеки,
Не сез айтпақ едіңіз?
Ш е р н и я з. Өзіңізше қандай сөз,
Айтады деп ойлайсыз?
Ж ә м и л ә. Мен... қайдам?
Ш е р н и я з. Мен, Жәмилә, айтайын деп,
Әлденеше оқталдым.
Өзімді-өзім байқайын деп,
Айтпай талай тоқталдым...
Ж ә м и л ә. Айта беріңіз.
Ш е р н и я з. Үйде, түзде сені көрсем,
Азап шегем, бұлқынып.
Бұдан әрі шыдай берсем,
Өлетінмін тұншығып.
Ж ә м и л ә. Неге үйтесіз?
Ш е р н и я з. Сөзің майда, жүзің жарқын,
Дәтің берік тастайсың!
Ойын менен шынның парқын,
Білдірмейсің, ашпайсың?
Ж ә м и л ә. Қашан, жаным!
Ш е р н и я з. Әлде өзіңнен сөзің бөлек,
Сырыңды ішке сақтайсың,
Жүрегіңді көлеңкелеп.
Ашар мезгіл таппайсың,
Әлде өзіңе қызық шығар,
Әуре еткенің, мазағың!
Дейсің бе әлде — «болсын құмар,
Тарта түссін азабын». (Түрегеледі.)
Сыр сақтағыш, ел сынағыш,
Берік жансып жүруші ем.
Жұртты сөгіп: «Таңырқағыш
Неткен жан!» — деп күлуші ем.
Бұл не ғажап өзгелерден
Артық болды жұлдызың!
Жүзіңде әлде бар ма пердең,
Көрмей қойды сын көзім.
Әйел адам жеңіл ойлы
Деп ойлаушы ем, іші тар.
Ол ойымның бәрін жойды,
Қаралдыңның несі бар?
Ойлап тынбай күні-түні,
Дуанамын деліқұл. (Отырады.)
Ақындық деп ұқпа мұны
Жанған оттың лебі бұл.
Ж ә м и л ә. Сөзіңіздің бәрі де шын,
Мен кептен сеземін.
Сыр аша алмай болып жақын,
Іштен тынып төземін.
Сізді не деп кемітейін,
Мен де сізді сүйемін.
Сүйемін деп мен не дейін
Ішке бәрін түйемін.
Жүзімдегі менің пердем,
Сіз байлаулы адамсыз,
Бөгеуші еді ақыл-зердем,
Болмағай деп табансыз.
Әйеліңіз бола тұрып,
Мені қалай кермексіз!
Менің айтқан бұл сөзіме,
Не деп жауап бермексіз?
Ш е р н и я з. Жәмиләжан, не дегенің,
Шын ба мені сүйгенін?
Сүйген адам ойлай ма екен
Істің тиген-күйгенін?
Ж ә м и л ә. Мені өйтіп сынамаңыз,
Жеңіл ойлы жан емен.
Аз күндікке алданатын,
Ес білмейтін бала емен.
Ш е р н и я з. Бір күш жеңді жүрегімді,
Сүйем сені зар етем.
Қабыл етсең тілегімді,
Мәңгілікке жар етем.
Ж ә м и л ә. Екі жүрек қалай сияд,
Бір адамның ішіне?
Ш е р н и я з. Ол әйелді құрбан етсем,
Жұрттың бізде ісі не?
Ж ә м и л ә. Әйеліңіз сұлу шығар,
Байдың ерке баласы?
Қалай оңай құтылмақсыз,
Бүлінбей ме ел арасы?
Ш е р н и я з. Сұлуынан не пайда бар,
Жанға сусын бермесе?
Жалған сөзді айтам ба егер,
Тастауға әлім келмесе?
Қайным көшті, бай жер де емес,
Елге бүлік салатын.
Күштілерге сенген де емес,
Аяғымнан шалатын.
Табиғаттың берген бағы,
Кәдірім бар елімде.
Бұдан зор іс қылсам-дағы,
Басар жан жоқ, белімді.
Ж ә м и л ә (ойланып). Сізге уәде берер едім,
Бірақ менің оқыңқырап,
Елге қызмет етсем деген,
Қөңілімде ойым бар!
Ш е р н и я з. Гимназия бітіресің
Осы оқу да аз емес.
Себеп қылдың мұның несін?
Ол айтқаның сез емес.
Ж ә м и л ә. Үй ішіммен кеңесейін...
Кесіп сізге не дейін?
Ш е р н и я з. Өз басыңа ез билігің
Келмейтұғын болғанда...
Қалмаған соң балалығың,
Не болдың оқып болғанда?
Ж ә м и л ә (ойланады).
Серік тауып, басты беру
Аса қиын жұмыс қой...
«Ол әйелден беземін» деп
Серт қылсаңыз дұрыс қой...
Ш е р н и я з. Анамның ақ сүтіменен
Тастауға ант ішейін!..
Ж ә м и л ә. Қарғанбаныз, мен сенейін,
Тіліңізге көнейін...
Ш е р н и я з. Шын ба, сәулем, келші жаным!
Келші құшып өлейін! (Сүйеді.)
Неткен жақсы, неткен тәтті бұл минут!
Бізге қарап, бақшадағы гүл күлед.
Жәметайым! Жан-жағыңа қарашы!
Жер де, көк те жаңа түсте түрленед!
Ж ә м и л ә (жол жаққа қарап).
Ах!
Ш е р н и я з. О, не Жәмеш!?
Ж ә м и л ә (шошып). Базарбай!
Ш е р н и я з. Одан неге шошыдың?
Ж ә м и л ә. Ол керсе өсек қылады.
Ш е р н и я з.
Өсек бізге не керек?..
Басқа себеп бар шығар?!
Ж ә м и л ә. Неткен себеп, жасаған!
Ш е р н и я з. Айтпақшы, мен ұмытыппын,
Жәмеш, енді айтшы маған,
Базарбаймен неге жүре бересің?
Ж ә м и л ә. Қаламызда қызмет қылып тұрды да,
Біздің жақпен таныс болған жайы бар.
Сондықтан ол кез-келгенде сөйлесіп,
Тек әншейін, шығарып сап жүреді.
Ш е р н и я з. Базарбайды мен жақсы білемін,
Әйелмен ол «тек әншейін» жүруші ед.
Ж ә м и л ә. Сенбейсіз бе, өзгелерін білмеймін,
Маған өйтіп аузын да ашып керген жоқ.
Қылжалақтап жүргенге тек мәз болад,
Мақтан үшін, әлде әурелік кім білед?
Ш е р н и я з. Рас, онда мақтаншақтық үлкен бар.
(Базарбай көрінеді).
Б а з а р б а й (өтіп бара жатып). Отырыс қайырлы болсын!
Ж ә м и л ә. Бері келші, Базарбай!
Б а з а р б а й (тоқтап). Немене?
Ж ә м и л ә. Күләнда жеңгейді көрдің бе?
Б а з а р б а й. Күзеттіріп қойып па ең?
Ш е р н и я з (қырындап) Мынау қалай ожар!
Ж ә м и л ә. Отыр бірге қайтайық.
Ш е р н и я з. Базарбайдың отырмайтын мәні бар.
Менімен көптен араз болатын. (Түрегеліп). Кел, Базарбай елдегіні тастайық! Қолыңды бер, ескі жолдас едік қой.
Б а з а р б а й (қолын беріп). Араздыққа мен де құмар емеспін, сен тастасаң, мен не қылам кек сақтап?
Ш е р н и я з. Міне, жаңа жарасты!
«Оңбағанның саяғы
Түзде жүріп тебісер»,
Деген мәтел рас сөз.
Бір қалада бір жүріп,
Араз болу келіспейд.
Әсіресе тап бүгін
Араздықтың бәрін де,
Түгел кешкім кеп отыр.
Ж ә м и л ә (жымиып). Ішкеннен сау ма едіңіз?
Ш е р н и я з. Менің ішкен шарбатымды,
Кім ішсе де тасқындар!
Б а з а р б а й. Тегі адамды мас қылғандай
Күшті нәрсе болды ғой?
Ш е р н и я з. Сондай күшті!
Б а з а р б а й. Ана жылғы жайлаудағыдан да ма?!
Ш е р н и я з. Одан да!
Б а з а р б а й. Үлкен қызық екен!
Ж ә м и л ә. Жұмбақ сөзді қойсаңдар екен.
Б а з а р б а й (кекеп). Жұмбақ па!
Ж ә м и л ә. Жайлау-майлау дегенге айтам.
Ш е р н и я з. Жәмеш, әнтек сабыр қыл.
Базарбайға екі ауыз сөз айтайын!
Ж ә м и л ә. Мұндағылар туралы емес пе?!
Ш е р н и я з. Жоқ, басқа.
Ж ә м и л ә. Жарайды.
Ш е р н и я з (Базарбайды қолтықтап). Былай таман барайық.
Ж ә м и л ә. Енді қайттым? Базарбайға немді айттым?
Жасаған-ай, қайдан кеп ем осында!..
Шекен менен арамызға от салып,
Мына соққан бүлдірмесе жарар ед.
Бұ да мені өзімсініп жүруші ед.
Арамызда терең-терең сыр бар ед.
Мұны не деп жұбатармын, алдармын?..
Шекен менің ақтығыма сеніп ед.
Ол сенгіш қой, бәріне де көніп ед.
Қатынынан безуге ант беріп ед.
(Ер жігітті өз жарынан бездіріп, тартып алу, қандай үлкен керемет). Масқарамды шығармаса жарар ед.
Неде болса болып қалды болар іс.
Енді бұған не айла құрсам нанар ед. (Ойланады)
Өй, алақай! Таптым айла, ха-ха-ха!
Еркек біздің айламызға садаға!
(Шернияз, Базарбай келеді.)
Ш е р н и я з. Неге күлдің, Жәмилә?
Ж ә м и л ә (күліп) Сендердағы!
Ш е р н и я з. Неғыппыз?
Ж ә м и л ә. Ех, бозбала, бозбала!
Жалғыз тастап әйелді,
Кете ме екен күр дала?!
Мұндай үлгі қай елде?
Ш е р н и я з. ...шылығымыз жуырда
Арылып кете қоя ма?!
Б а з а р б а й. «Ондай-ондай хан қызында да болады»,
Шалдырмайтын адам тегі бола ма?
Ш е р н и я з. Базарбай, шылымың жоқ па?
Б а з а р б а й (қалтасын басып). Жоқ екен, үйде қалыпты.
Ш е р н и я з. Мен қазір шылым алып келейін.
Б а з а р б а й (сазарып). Жарайды. (Шернияз кетеді.)
Әңгіме осылай болды ма?
Ж ә м и л ә. Қалай?
Б а з а р б а й. Білмегенсіп отырсың ба?
Ж ә м и л ә. Ал!
Б а з а р б а й. Уәде осылай ма ед?
Ж ә м и л ә. Не болды?
Б а з а р б а й. Менен сыр жасырмайтының қайда?
Ж ә м и л ә. Неғыппын?
Б а з а р б а й. Шерниязға тимекші бопсың!
Ж ә м и л ә. Базарбай, сен аптықпа,
Сені сүйгендігімнен
Осыны істеп отырмын.
Б а з а р б а й. Қалайша?
Ж ә м и л ә. Адамның көз тамыры алған жардан
Қызықты болмаушы мед он есе арман
Тиген жардан сүйгенге құмартқанды,
Көреміз өмір менен романдардан
Шекенге тием, бірақ сені сүйем,
Бір сені сүйген үшін оған тием.
Шығынымды — ол, қызығым сен көресің,
Жүрегімді жалғыз-ақ саған ием.
Б а з а р б а й. Бірақ сен Шерниязға артық көріп
Тимексің мені сорға малтықтырып,
Жаныма со бір жерін қатты батат,
Қаншама жұбатсаң да айтып тұрып.
Ж ә м и л ә. Базарбай, артық көрсем, бұйырмасын!
Көрсетер оны кейінгі ықыласым.
Б а з а р б а й. Құрысын той өткен соң алдағаның!
Шекеннен бір озу ед бар арманым.
Есімнен өле-өлгенше кете қалмас,
Бәйгелі жерде мені жер қылғаның.
Ж ә м и л ә (мойнынан құшақтап).
Б а з а р б а й! Қалқам, сені артық керем,
Көретіндігіме мен жаным берем.
Тығыл-таяң арада қысамашы,
Артынан мәні-жайын түсіндірем.
Б а з а р б а й (бұлқынып).
Түсіндіргенің бар болсын!
Бұ жерде ит қылған соң.
Артық керіп тидің ғой,
Ол қалталы болған соң.
Жігіттігі несі артық?
Ақынсынған бір тантық.
Желеңдеген бір бәдік,
Қатынын қайтпек ол аңғырт.
Ж ә м и л ә. Не болды саған, Базарбай?
Сыр білмейтін адамдай.
Сені разы қылайын,
Түсіңді жылтшы сазармай. (Жол жаққа қарап.)
Келе жатыр анау да,
Қоя тұр енді қадалмай. (Базарбайды отырғызады.)
Б а з а р б а й. Құтыла алмайсың бәрібір...
Ж ә м и л ә. Құтылам деп кім айтты?
Үндемей енді жай отыр.
Шернияз (келеді). Кәні, шылым тартайық!
(Базарбайға ұсынады). Жәмеш! Тартпайтын шығар?
Ж ә м и л ә. Тарта беріңіздер!
Ш е р н и я з. Серік тапқан, дос тапқан, 
Шерлі көңіл қош тапқан.
Бүгін бір жақсы күнім ед,
Сірә, ішелік осы жақтан.
Ж ә м и л ә Базарбайдың өкпесін,
Сырамен тарқатпасаңыз,
Қалдырмай жүрер бүкпесін.
Б а з а р б а й Онша бүкпе сақтайтын,
Кісі өлтірген кегім жоқ.
Ш е р н и я з Солай деші сен бәсе!
Жүріңіздер ендеше
Әйелсіз, әнсіз, сырасыз.
Айықпас көңіл кірлесе.
(Екеуін қолтықтап кетеді).

Ш ы м ы л д ы қ
IV с а х н а

Шернияздың пәтері: орындықтар, үстел, кірауат, айна.
Түс кезінде.
Ж ә м и л ә (айна алдында). Қайтейін сені Базарбай,
О баста беріп басымды,
Әлі де жүрмін ала алмай
Сені ойласам, есіме
Қызықты күндер түседі...
Хатымның бәрі сенде жүр
Сендірем деп өзіме.
Қандай жігіт хат жазса
Алдыңа жайып салушы ем,
Сен білмейтін сыр жоқ ед,
Сенен қалай безермін. (Отырады).
Шекен сені қайтейін!
Жаның сенің өзгеше.
Жүрегің таза айнадай,
Жұрт көзінде қадірің бар,
Өнерлісің, ақынсың!
Өнерліге жақынсың!
Не десем де көнесің
Не десем де сенесің.
(Тұрмысым да көңілді).
Алған жарым қалайша,
Көзіңе шөп салайын. (Күрсінеді, ойланады). 
Осынша ойланбайын десем-дағы,
Ойымнан бір тікенек кетпей қойды...
Жастық па, есерлік пе, бостығым ба,
Әйтеуір, бір желбастық жеңді бойды.
Қаршадай басынан-ақ бозбалаға,
Көз салу қыз біткеннің ырымы ғой,
Көзінен ата-ананың кеттім-дағы,
Еркіндік жөні осы деп ұрындым ғой.
Кетті деп жазатайым секіргеннен,
Шекенді алдап едім, нанған болды.
Әлде ар жағы сене алмай тұрса-дағы,
Сөзімді құлағына алған болды.
Сорлы жан әйелден де бар дейсің бе,
Қит етсек, кетпес таңба басылғаны,
Еркекке түк жұқпайды, қайта оларға,
Жігіттік мақтан болар жасындағы
Өмірден ләззат алу, көңіл соғу,
Жалғыз-ақ еркекке адал, бізге арам ба?
Қызықты олар көрген біз көрмейтін,
Ыстық қан бізде жоқ па онда бар да?
Жарылған тиіп кетсе қағанақтай,
Жаратқан бүйтіп шетін жаны құрсын!
Мінгізген қылдан тайсаң ағаш атқа,
Өзімшіл еркектердің заңы құрсын!
(Шернияз кіреді). Неғып ерте келіп қалдың?
Ш е р н и я з (газет-қағаздарын үстелге қойып).
Үйде отырып жазбасам,
Кеңседе маза бермеді. (Шешінеді.)
Ж ә м и л ә. Бүгін не жаңа хабар бар?
Ш е р н и я з. (бір газетті көрсетіп).
Міне, бүгінгі жаңа хабар.
Ж ә м и л ә. Ә, әнеугі мақалаң ба? «Әйел теңдігі».
Ш е р н и я з. Сол, шырағым!
Ж ә м и л ә. Пах! Мақтанып коясың-ау!
Ш е р н и я з (мырс етіп).
«Қатыныма мақтанбай...»
Деген екен бір жаман.
Сол айтқандай-ақ,
Саған мақтанбағанда,
Енді кімге мақтанам?!
Ж ә м и л ә. Мақтануға тұрғандай,
Көлемді екен өзі де.
(Газетті аз оқып.)
Көңілді екен сөзі де...
Соқ бажайлап отырмын.
Ш е р н и я з. Мұқтаж шәкірттердің пайдасына,
Әнеугі пьесамді де
Ойнайтұғын боп қойдық.
Ж ә м и л ә. Оның да іске жарады де!
Ш е р н и я з. Бәрі сенің арқаң ғой.
Ж ә м и л ә. Қалайша?
Ш е р н и я з. Шабытым сен болмасаң, келер ме еді,
Қаламым сенсіз ағып желер ме еді,
Алаңсыз орын теуіп отырмасам,
Еңбегім өрге жүзіп өнер ме еді?!
Ж ә м и л ә. Е, менің себебім де тиеді екен!
Ш е р н и я з. Қызметті ендіруге үйленудің,
Пайдалы екендігін байқап жүрмін.
Екі-үш айдың ішінде қарап тұрсам,
Күрделі кеп жұмысты бітіріппін.
Ж ә м и л ә. Үнемі қызмет соңында,
Мені ұмытып кетерсің,
Менің ішім пыспай ма?!
Ш е р н и я з. Ішің пыспас ойынға,
Анда-санда барармыз.
Қонақта да болармыз,
Шаруаға да алданарсың!
Ж ә м и л ә. Жайым жоқ шаруаға алданар,
Ас істейтін қатын бар.
Ш е р н и я з. Өзің бас-көз болмасаң,
Қатын нені тындырад?
Әрі мен қолым тимейді,
Әрі сен көзің салмасаң
Тұрмысымыз оңа ма?!
Надандықтан құтылдың,
Гимназия бітірдің.
Тұрмысты енді білмесең,
Білімді босқа кетірдің?!
Әңгіме, роман оқумен,
Қысыр қиял тоқумен,
Қыдырып босқа жүрумен,
Сыңқылдап сұлу күлумен,
Құлаққа сырға тағумен,
Бетіңе опа жағумен,
Шашты бұрап түюмен,
Қиімді кербез киюмен,
Әйелдің ісі біте ме?! 
Ж ә м и л ә. Немене кербез киіндім?
Елден ерек не әпердің?
Ш е р н и я з. Жұма сайын партнойдан қол үзбейсің
Қалтама артық ақша сап жүргізбейсің...
Ж ә м и л ә. Олай десең, саған масыл болмай-ақ,
Қызметке түсіп, өзім-ақ ақша тауып алам.
(Бұртаңдап крауатқа барып отырады.)
Ш е р н и я з (ажырая қарап, аз тұрып).
Жәмеш, саған не дейін...
Қиялым қия келгенде,
Жүрегім қайғы сезгенде,
Қыр қызынан безгенде,
Жаныма серік болад деп,
Сенімен дүнием толад деп,
Еркімді саған бергенде,
Сен де мұны айттың ба?..
* * *
Көшеде, үйде, кеңседе,
Күнде естіп көргенің.
Кедейлердің мұң-зары.
(Мұң-зары оның шын зары)
Елдің өңшең мұңдары.
Қиянат, зорлық қылғаны.
Жақыны тартып шырғаны,
Жаттың болып құрбаны.
Еңбегіңді мұндағы,
Атқа мінген сұмдары,
Жауыздыққа бұрғаны.
Соларды көріп, білгенде,
Жаның бір кейіп келгенде,
Бір сенің ғана жаныңда,
Сенің ғана құшағыңда,
Еркелі, майда көзіңмен,
Еркелі, тәтті сөзіңмен,
Жансая табам ба десем,
Жарамды жазам ба десем,
Сен де мені отқа салдың ба?..
Ж ә м и л ә (мойнынан құшақтап сүйеді. Сүйіп).
Салмайын отқа Шекетай!
Айтпайын енді көкетай!
Тарылмашы Жанкейім!
Ш е р н и я з (солғын құшып).
Тарылмай енді қайтейін,
Ж ә м и л ә (аялап, жұбатып)
Қоя қой енді, Шекешім!
Киімі түскір құрысын!
Ш е р н и я з. Қоймағанда не дейін...
Ж ә м и л ә. Айтқаныңа көнейін,
Сен өлген жерде өлейін,
Қабағыңды көтерші...
(Шернияз қабағын көтереді. Аздан соң).
Партнойға барып келейін.
Ш е р н и я з. Бара ғой. (Жәмилә кетеді.)
Әлде менің маңдайымның соры бар,
Әлде бүкіл әйелдердің ойы тар.
Әлде өзім жан жақпайтын қазымыр,
Қам көңілім қашан менің толығар?!
Әйелден зор үміт күткен қиялшы,
Бүйте берсе мол қайғыға жолығар...
Қой, қағазды жазбай болмас.
(Папкадағы көп қағаздарды алады).
Ел хабарлары:
(Бір-бірлеп сөз бастарын қарап шығады).
Мұғалімнің мұңы,
Боранбайдың ылаңы.
Сүзек кернеді.
Есеп бермеді.
Ақсақалдың бұйрығы.
Ұрылардың қимылы.
Бақсының емі,
Молданың жемі,
Аштардың жайы,
Мұқтаж шәкірт.
Парақорлар,
Бұған не ылаж?
Талан-тараж,
Талан тараж...
Талан тараж...
(Санын бір соғып, қағаздарды қойып, ойға кетеді)
Ой, кер заман, кер заман!
Талан-тараж қан жылау.
Қабақ қату, қансырау.
Азаматы жабылу,
Малы күнде сабылу.
Ұлып жатыр ұлы жүз,
Қырғын тауыл аштықтан,
Ел еңіреп егілу,
Ел іргесі сөгілу.
Кіші жүзі тұншығып,
Елін әскер жеміру.
Орта жүзі ойсырап,
Сұм Калшактан езілу
«Сорлатам» деп қазақты,
Қазақтың бар көз қарақты
Азаматын қырам деп,
Атаман Ринов желігу,
Кеше бір туған жарық күн,
Керіне түсіп шегіну.
* * *
Бұ не деген кеп болды!
Қанды соғыс ішінде
Қанды найза үстінде,
Қарусыз, қамсыз қайран ел,
Қан жылаған пішінде.
Қасқыр тиген қойдай боп,
Қырғын тауып қалар ма?!
(Маңдайын тіреніп, аз отырып).
Казак-орыс мүлде дәуірлеп алды,
Қазақ мал-жанға ие болудан қалды.
Газет жазып кенелткен боп біз жүрміз,
Еңбек зая, есептесең бұл қалды.
Жақын жерден елге тиер пайдаң жоқ,
Алыстағы құр сөзіңнен не тамды?!
Бірақ елде тұра алмайсың, ел — толқын,
Түсіп кетсең, ағызатын бір жойқын.
Қарсы тұрсаң, жаншып, жиекке атады.
Қандай алып толқынға бой бермейтін?..
(Қағаздарды тағы ұстайды). (Алшағыр кіреді).
Елден келесіз бе?
А л ш а ғ ы р. Елден келем.
Ш е р н и я з. Жалғызсыз ба?
А л ш а ғ ы р. Жалғыз емен... Жіберген хатыңды алып,
Дағдарып кеп отырмыз құр сандалып,
Ақсақал да кеп отыр баласымен,
Бір жолықтыр деген соң құштарланып,
Өзіңнен Шоқан деген бір ұл туып,
Қуанышты болып ек жүрек жарып...
Ш е р н и я з. Ағатай! Бұ не сұмдық! Бәрің бірдей...
Шұбырып түгеліңмен кел дегендей...
«Апарып тастаңдар» дегенім қайда?..
Құдай-ау! Қырсық болды мынау нендей?!
А л ш а ғ ы р. Шырағым! Ол айтқаның оңай ма екен,
Біреудің жалғыз қызын әлпештеген...
Хатыңа нана алмай да, қоя алмай да,
Десті жұрт жолығуды қолайлы екен.
Ш е р н и я з. Бәрің кеп жолығатын не жұмыс бар?
Мені жөнге салатын қандай күш бар?
Алдым қатын, тастадым, онда жұрттың,
Жұмысы не болғандай сонша құштар?
А л ш а ғ ы р. Шырағым, тарылмашы, балаға ұқсап! (Мұңайып).
Аман көріп отыр ем көңілім босап...
Сасқан соң бізде қайбір мол ақыл бар.
Бар тапқан ақылымыз болды осы-ақ,
Мал беріп, сүйіп алған жарың еді,
Біреудің жалғыз қызы, аруы еді,
Сол Раушанды қалайша жылатармыз?
Мінезі ауыл үйге жағып еді,
Кәрі әкесін неменемен жұбатармыз?
Бар малын саған арнап жалбаңдаған,
Тілеуқор, бір бейшара кәріп еді.
Ш е р н и я з. Ағатай! Сіздің қимай келгеніңіз,
Сол шалдың азын-аулақ қарасы ғой.
Кім өліп, кімнің малын, кім малданад.
Ол үміт соқырлықтың сазасы ғой.
А л ш а ғ ы р. Малы құрсын! Малын мен не қылайын?
Жас бөбегім Шоқанды қайтып қияйын?
Ш е р н и я з. (ойланып). Баланы алып қаламыз.
Іштен шыққан жас Шоқанды,
Қалай алып қаласың?
Емшектегі балапанды,
Қалай адам қыласың?!
Ш е р н и я з. Өзім-ақ асыраймын.
Жастықпенен айтатын шығарсың,
Жас бала асырау қиын болар...
Япыр-ай, енді қынжыларсың,..
Айтпасам ойда түйін болар.
Қазақта екі қатын,алған.
Кісі көп қой ойлап тұрсаң,
Беттен қайтсаң қатуланған...
Раушанға да көңіл бұрсаң...
Ш е р н и я з. Ағатай! Бұ не сұмдық! Бәрін, бірдей...
Шұбырып түгеліңмен кел дегендей...
«Апарып тастаңдар» дегенім қайда?..
Құдай-ау! Қырсық болды мынау нендей?!
А л ш а ғ ы р. Шырағым! Ол айтқаның оңай ма екен,
Біреудің жалғыз қызын әлпештеген...
Хатыңа нана алмай да, қоя алмай да,
Десті жұрт жолығуды қолайлы екен.
Ш е р н и я з. Бәрің көп жолығатын не жұмыс бар?
Мені жөнге салатын қандай күш бар?
Алдым қатын, тастадым, онда жұрттың,
Жұмысы не болғандай сонша құштар?
А л ш а ғ ы р. Шырағым, тарылмашы, балаға ұқсап! (Мұңайып).
Аман көріп отыр ем көңілім босап...
Сасқан соң бізде қайбір мол ақыл бар.
Бар тапқан ақылымыз болды осы-ақ,
Мал беріп, сүйіп алған жарың еді,
Біреудің жалғыз қызы, аруы еді,
Сол Раушанды қалайша жылатармыз?
Мінезі ауыл үйге жағып еді,
Кәрі әкесін неменемен жұбатармыз?
Бар малын саған арнап жалбаңдаған,
Тілеуқор, бір бейшара кәріп еді.
Ш е р н и я з. Ағатай! Сіздің қимай келгеніңіз,
Сол шалдың азын-аулақ қарасы ғой.
Кім өліп, кімнің малын, кім малданад.
Ол үміт соқырлықтың сазасы ғой.
А л ш а ғ ы р. Малы құрсын! Малын мен не қылайын?
Жас бөбегім Шоқанды қайтып қияйын?
Ш е р н и я з (ойланып). Баланы алып қаламыз.
А л ш а ғ ы р. Іштен шыққан жас Шоқанды,
Қалай алып қаласың?
Емшектегі балапанды,
Қалай адам қыласың?!
Ш е р н и я з Өзім-ақ асыраймын.
А л ш а ғ ы р. Жастықпенен айтатын шығарсың,
Жас бала асырау қиын болар...
Япыр-ай, енді қынжыларсың,..
Айтпасам ойда түйін болар.
Қазақта екі қатын алған
Кісі көп қой ойлап тұрсаң,
Беттен қайтсаң қатуланған...
Раушанға да көңіл бұрсаң...
Жаз болғанда елге келсең...
Жаңа әйелің жаныңда боп,
Қыс қалада тұра берсең...
Ш е р н и я з. Айтпаңыз оны, ағатай!
Екі қатын алмаймын,
Басымды дауға салмаймын.
А л ш а ғ ы р. Жетім деген жанның көз жасына қалғанда
Оңды емес деп ел де аңыз қылады.
Бұ бір қиын жұмыс болды жалғанда,
Өзің біл енді... бізден не ақыл шығады?
Ш е р н и я з. Менің ақылым сол,
Баласын мұнда әкеп беріп,
Өзін алып қайтыңыз.
А л ш а ғ ы р. Береме оны, қалай тартып алайық?
Ш е р н и я з. Ендеше мұнда жіберіңіз.
А л ш а ғ ы р. Жіберейік, қайта өзді-өзің кінәлас,
Зарлатуға дәтіміз біздің шыдамас.
О басында сүйіп алған да өзіңсің,
Өзің жылат, бізге, жаным ұнамас.
Ш е р н и я з. Жіберіңіз ендеше.
А л ш а ғ ы р. Қиын жұмыс...
Құдай қылды қайтейік? (Кетеді).
Р ә з и я (кіреді). Бұлар кім?
Ш е р н и я з. Біздің елдікі.
Р ә з и я. Үйлеріңіз аман ба екен?
Ш е р н и я з. Аман.
Р ә з и я. Төмен қарап отырғанға.
Бірдеме болды ма десем...
Ш е р н и я з. Ар жағыңда бір қатын келсе, кіргіз.
Р ә з и я. Кімнің қатыны?
Ш е р н и я з. Менің қатыным.
Р ә з и я. Көтек... шын ба?!
Ш е р н и я з. Бар енді.
Р ә з и я (кетіп барады). Сығыр шұнақ-ай!
Енді қай жаққа барайын (Шерниязға таңдана қарап шығады).
Р а у ш а н (қарсы жолығып есікте тұрып). Сен кімсің?
Р ә з и я. Кім керек?
Р а у ш а н. Осы үйдің иесі керек!
Р ә з и я. Ноғай ма?
Р а у ш а н. Тәйт ары! Сен де мазақ қылдың ба? (Кіреді. Шерниязға қарап аз тұрады. Шернияз тұрып орындықты нұсқайды. Раушан отырады.)
Ш е р н и я з (Рәзияға). Бара бер. (Раушанға ақырын). Сәлемет пе?
Р а у ш а н (Ернін қыбырлатады). (Тым-тырыс).
Ш е р н и я з. (Баласына қарап). Бере тұршы. (Раушан таңдана қарап, береді). Құлыным! (Бауырына қысып иіскейді).
Р а у ш а н (күрсініп). Құлының екенін жаңа білдің бе?
Ш е р н и я з. Күйдірмеші.
Р а у ш а н (мұңайып). Мен күймей жүрмін бе?
Не жазығым бар еді?
Ш е р н и я з. Жазығың жоқ, бірақ... (Қасына отырады)..
Р а у ш а н (сөзін бөліп). Тым болмаса өзіме,
бір ауыз сөз жазбадың.
Соны да маған көп кердің ғой...
Ш е р н и я з (шытынап) Өткен не керек,
Тағдыр жазбад,
Қайтесің?!
Р а у ш а н. Айтарың осы ма?
Ш е р н и я з. Осы.
Р а у ш а н (қамығып).
Әдейі іздеп сонша жерден,
Жолығам деп келгенде,
Бар айтқаның осы ма?!
Ш е р н и я з. Болар іс болды, не айтайын?
Р а у ш а н (зарлана). Жаратқан ие, жасаған!
Мұндай сорлы қылғанша,
Жаратпасаң етті ғой!
Қайтып күнелте алармын?
Жүзіқара боп ел-жұртқа.
Не бетіммен барармын?!
Кімнің босағасында
Қорлықта шіріп елермін. (Баласын құшып)
Сәулем-ай!
Сорға туған екенсің!
Тірі жетім болуға,
Сен де арналған екенсің!
Елде кімге жалынып,
Көзге түрткі боларсың?..
Ш е р н и я з. Көзге түрткі қылмаймын,
Бала үшін қайғырма?
Р а у ш а н (тікірейіп). Баланы сен қайтесің!:
Ш е р н и я з. Балада жұмысың жоқ.
Бала менікі.
Р а у ш а н. Бала сіздікі бола алмас,
Өзім жаман, балам жақсы болды ма?!
Ш е р н и я з (қынжыла) Сен білместік қыласың.
Сен күйеуге тиесің,
Одан бала көресің.
Өгей әке оңдырмайд.
Р а у ш а н (кектене).
Бұдан соң сенен бала тумай ма екен?
Сенің қатының өгейлік қылмай ма екен?
Шеше өгейі әкеден кем болып па?
Баламды бермен қарға секектеген.
Ш е р н и я з (жұбата). Әйелдік қылма сөзге байлау керек,
Балаға екеуміз де бірдей күйрек
Кімде тұрса баламыз сорлы болмайд,
Жалғыз-ақ сол арасын ойлау керек.
Р а у ш а н. Бермеймін баламды.
Ш е р н и я з. Әйелдің аты әйел, тиген байың,
Шоқанға қолы тисе жазатайым,
Балаға ара түсуге әлің келмей,
(Баласын иіскеп).
Сол күнде өкінерсің, шегіп уайым
Сонда сен жылайсың ғой кішкентайым.
Р а у ш а н (жалына).
Қуатым! Сені көрген соң,
Айтайын деген сөзімнің
Оннан бірі келмеді...
Шынымен сорлы қылдың ба?
Сен мені жек көрсең-дағы,
Мен сені қандай көремін
Білесің бе? Мен сорлы,
Кімге шағам мұңымды,
Кімге айтамын зарымды?!
Аясайшы, жарқыным!
(Шернияздың тізесін құшып жылайды).
Ш е р н и я з. Жыламашы Раушаным!
Басыңды көтер айтайын.
Аяймын сені қайтейін.
Р а у ш а н (басын Шернияздың тізесіне сүйеп).
Қараңды көріп қалқиып,
Күйеуім бар деп дардиып,
Баламды күтіп отырсам,
Содан артық тілекті,
Сұрамас едім, алтыным!'.. (Қамығады).
Ш ер н и я з (аяп, арқаға қағып). Жәмилә көнбейд, қайтейін.. (Жәмилә кіреді).
Ж ә м и л ә (ажырайып). Бұ не?
Ш е р н и я з (ұшып түрегеліп). Жәмеш!
Ж ә м и л ә (ақыра). Мынау кім?
Ш е р н и я з. Раушан.
Ж ә м и л ә. Бұ қай отырыс?
Ж ә м и л ә (жұлқынып). Ойбай-ай! Мынау қайдан шыққан қатын еді! (Раушанға телмеңдейді).
Ш е р н и я з (Жәмиләні иығынан тартып). Жәмеш, Жәкеш!..
Ж ә м и л ә (Шерниязға). Қатыныңды алдырып,
Осы ма едің қылмағың?!
Р а у ш а н (зілдене). Сен тергейін деп пе едің?
Р а у ш а н. Біреудің байын азғырып,
Сенікі не, жүзі қара?
Ж ә м и л ә (тепсініп).
Не дейд, ойбай, бұ қаншық!
Шық үйімнен, дереу шық!
Р а у ш а н (жарыса).
Сен қаншық!
Сен бетпақ!
Сенің үйің жоқ,
Байымның үйі.
Ж ә м и л ә (долданып жылап). Шернияз! Естімегенімді естірттің! Жасаған-ай! Мына қорлықты көргенше, кетейін ойбай, кетейін. (Тұра жөнеледі).
Ш е р н и я з (артынан жүре түсіп).
Жәмеш, Жәмеш!
Р а у ш а н (балаға жармасып)
Құдай сені осындай
Көкайылға құмар ғып,
Амал бар ма, қойғасын?..
Бері әкел, бер баламды.
Ш е р н и я з. Берілмейд, жүре бер!
Р а у ш а н (жармасып). Бер баламда ақың жоқ!
Ұстатпаймын қаншыққа!
Ш е р н и я з (итеріп тастап). Оттама! Кет енді. (Раушан таласады). Көресің бірдеме!
(Алшағыр, Қордабай кіреді).
А л ш а ғ ы р. Жаным, сендерге не болды?
(Раушан отыра кетеді).
Ш е р н и я з. Бермеймін баламды,
Күшпен ала ма?!
Заңмен ала ма?!
Кім алады? Шықсын!
Қ о р д а б а й . Шырағым, Шернияз!
Түсің суып кеткен екен.
Алам десең алып қал!
Тіс қыласың таласып?
Бұ да бір уақыт шығар!
Іштен шыққан соң,
Қимайтын шығарсың,
Қайтесің, ол түгілі,
Шернияздан да айрылып отырсың!
Құдайдың не салғанына көнбейміз.
Шернияз! Жаман да болсақ,
Бір күнде әкеңдей болып ек!
Саған жамандық тілеп көргемін жоқ,
Әлі де тілемеймін.
Өмірің алдыңда!
Әлде болса талайың ашылсын!
Сол менің берген батам!..
Жүр, шырағым, Раушан!
Жылағанмен қайтесің. (Қолынан жетелеп).
Р а у ш а н (сүйретіліп зарлап). Қарашығым!..
Шоқан!.. Қалғаның ба?!.
(Алшағыр, Қордабай, Раушан шығады. Шернияз баласы қолында ауыр ойда орындыққа отыра кетеді).
Шымылдық

V с а х н а
Тағы да сол бөлме. Ымырт жабылған кез.

Ш е р н и я з (хатты оқып).
Әй, соғылған Базарбай-ай!..
Пара алад деп кім ойлар?!
(Қалтасына қолын салады. Сағатына қарайды).
Барар мезгіл таянды...
Әлде пәле, әлде қазаға ұшырау
Ғажап емес, ...бірақ өлім бір сұрау.
Түбінде бір өлу анық болған соң,
Не үшін өлдің, біліп өлген жақсылау.
Өлмеді ме ел тұлғасы нояндар?
Қаша берсін өңшең қорқақ қояндар!
Солар ма екен елге тұлға болатын?
Николайға құл боп өткен құл жандар
Қебен екеш, Қебен-дағы қашпақ па?
Бар сылтауы «Ну, что же» депті бір топта,
Ой шіркіннің большебекпен қастығы-ай!..
(Киінеді).
Барма-ау, өлім, жеме-жемге келгенде
Үміт, үміт елестейді бір сәуле.
Азаттықтың, жарық күннің үміті,
Онсыз өмір — өлген көңіл, құр сүлде.
Кеше солдат. Шабу. Айқай. Қан талау.
Ат сыпыру, Қамшы. Қашу. Ел жаяу.
Қеңес адыра. Почта жым-жырт. Жұрт үрей.
Алай-түлей. Жақындады. Күн таяу.
(Жәмилә кіреді).
Ж ә м и л ә. Кеттік пе?
Ш е р н и я з. Кеттім. (Кетеді).
Ж ә м и л ә. Күнде кешке зым-зия боп кетеді,
Қала — қатер, үйде отырса нетеді?
Сыр айтпайды, тұнжырайды, жүреді,
Жасаған-ай, заман не боп кетеді?!
(Рәзия кіреді).
Ыңырсиды, баланы алшы.
(Айнаға барып түзеледі).
Р ә з и я (баланы қолына алып). Тым нашарлап кетіпті,
Өліп қалмаса не ғылсын.
Ж ә м и л ә. Өліп тыныш болса екен.
Р ә з и я. Неғыласың байғұсты.
Ж ә м и л ә. Пәле болған жоқ па?!
Р ә з и я. Өзің де бала табарсың.
Ж ә м и л ә. Таппай-ақ қояйын.
Р ә з и я. Е, бітеу ме едің?
Ж ә м и л ә (күліп). Не дейді, ойбай!
Р ә з и я. Енді не дейін?
Ж ә м и л ә. Сен былықтырасың ғой.
Р ә з и я. Жәмеш-ау! Сүтке су қоспай берсек, қайтер ед.
Ж ә м и л ә. Кет әрі!
Содан болды дейсің бе?!
Өзінің дерті бар.
Р ә з и я. Қайдан білейін,
Шешесінен қалғанда
Байбалқаш бала еді.
Ж ә м и л ә. Емшек сүтіндей бола ма?!
(Жоқ жерде балажан кісі боп).
Рәзия, мен дәрігерге барамын,
Баланы жатқыз да, кірді өтекте.
Р ә з и я. Өтектелер. (Жәмилә кетеді).
Жағынып, боянып, кетеді жоғалып,
Қайда бара береді екен?! 
Партной мен дәрігері-ақ бітпеді.
Әй, қу қатын-ай,
Базарбаймен көзқарасың жаман.
Шекенді жер соқтырып жүрсің ғой!
Өз байынан несі артық, сайтан-ау...
Жап-жақсы қатынын тастап,
Бұ да бір есі шыққан сорлы.
Баланың түрі мынау.
Жата ғой байғұс! (Жатқызады).
«Оқыған, оқыған» деп емешесі құриды.
Ал, кенелтті оқыған!
Шаруаға түк пайдасы жоқ,
Осындай қатын көргем жоқ,
Есі-дерті, ехе-хе, ехе-хе...
(Базарбай кіреді).
Б а з а р б а й. Е, сәләмат пе, Рәзия!
Р ә з и я. Шүкір.
Б а з а р б а й. Шернияз кетіп қалған ба?
Р ә з и я. Кетті.
Б а з а р б а й. Жәмилә қайда?
Р ә з и я. Дәрігерге барам дей ме, кетті.
Б а з а р б а й. Қашан келеді?
Р ә з и я . Мен қайдам білейін, келетін шығар.
Б а з а р б а й. Қалай?.. Не қайда?.. Байың келді ме?
Р ә з и я. Жоқ, әлі.
Б а з а р б а й. Сағынған екенсің ғой!
Р ә з и я. Сағынғанмен қайтейін?
Б а з а р б а й (мырс етіп). Қайтейін деп жүре ме екен?
Р ә з и я. Жүрмей қайда барайық?
Б а з а р б а й. Қарап жүру жарамайды,
Көңіл көтеру керек!
Р ә з и я. Біз ондайдың кісісі емес.
Б а з а р б а й. Қартайып тұрсың ба?
Р ә з и я. Пайдасыздың керегі не,
Жаман да болса әркімнің
Өз байынан жарылқасын...
Б а з а р б а й. Пайдасыз да болмайды,
Нанбасаң байқап көр.
Р ә з и я. Байқар жәйім жоқ.
Б а з а р б а й. Қалада қарап жүруге болмайды.
Байқамағаныңды әлі көрермін.
Р ә з и я (жымиып). Көрсек көреміз. (Кетуге айналады).
Б а з а р б а й. Тоқтай тұр, Рәзия!
Р ә з и я (тоқтап). Немене? 
Б а з а р б а й (жақындап). Бетіңнен бір сүйгізші.
Р ә з и я. Тәйт, әрман! Дәндеген екенсің! (Кетеді).
Б а з а р б а й. Қап! Мына жаман қылды-ау!
Берігін қарашы мұның!..
Өзімнің де жыным бар.
Әйел көрсем шыдай алмаймын.
Жәмиләнің бір тырнағына алмайтын
Жаман неменің менсінбеуін...
Бұл ит Жәмиләге айтпаса, не ғылсын...
Енді қайттым, бірдеңе берсем бе?
(Рәзия кіріп бірдеңе іздейді.)
Б а з а р б а й. Рәзия!
Р ә з и я. Немене?
Б а з а р б а й. Ойнап айтқаныма
Ашуланып қалдың ба?
Р ә з и я. Е, далада жатқан кісі бар деп пе ең?
Б а з а р б а й. Қой енді, ашуланба! (Қалтасынан ақша алып).
Мә, мынаны алып, ашуыңды бас...
Сені үйтеді деп ойлағам жоқ.
Р ә з и я. Не үшін алам?
Б а з а р б а й. Менің қатем үшін.
Р ә з и я. Керегі жоқ.
Б а з а р б а й. Ал, енді керек болар!
Р ә з и я. Не деп алам?
Б а з а р б а й. Ешкімге айтпасқа!
Р ә з и я. Ауызбастырыққа де!
Б а з а р б а й. Иә, иә...
Р ә з и я (жымиып алады). Борыштығы жоқ болса, жарайды! (Кетеді).
Б а з а р б а й. Уһ! Бір пәледен құтылдым.
Жоқ жерде бір теңгем шығын болды-ау!
Барсын енді. (Айнаға барып таранады).
Неғып келмей жатыр. (Жәмиләнің суретін алып).
Міне, біздің жел Жәмеш!
Шернияз менің жолдасым.
Жәмеш менің ойнасым!
Осыным нағыз иттік-ау.
Ар-ұятты ойласам.
Жазығы жоқ қой Шекеннің!
Бұл Жәмешті мен алсам,
О да мендей етермед?
Достық сақтап әйтпесе,
Мұндай іске арланып,
Түзулікке кетерме ед?!
Қой, ол мендей қылмас ед...
Япыр-ай, осы жұмысты,
Енді қойсам қайтер ед.
Білінбей ойнас тұрар ма?!
Білген күнде Шекеннің,
Бетіне не деп қарармын,
Қөңілі маған қарайып,
Ішіне қан қатады-ау!
Сонысы маған батады-ау!
Үлкен істі бастайды-ау!..
Жәмешті онда ол тастайды-ау!..
Ах, мен алсам, қайтер ед,
Жұрт сонда не айтар ед,
Қандай атақ болар ед,
Ел де бұған қызар ед,
Біздің жақ дардияр ед,
Бірақ Жәмеш шынында
Қатындыққа жарар ма?!
(Жәмилә кіреді.)
Ж ә м и л ә. Ә, мұнда ма ең?
Б а з а р б а й. Қайда кеттің жоғалып?
Ж ә м и л ә (шешінеді). Дәрігерге барып...
Б а з а р б а й. Мен көп күттім.
Ж ә м и л ә. Сағынып қалдың ба? (Қасына келеді.)
Б а з а р б а й. Сағынбай. (Сүйеді.)
Шаруаға ол қарар ма?!
Ойнастың әйелі ғой.
Сыры маған аян ғой.
Көз тамырлар бұрынғы,
Жағаласа жаман ғой.
Ойнас қылса қатыны,
Ол бір қырсықты адам ғой...
Ж ә м и л ә (қолын босатып). Қоя тұр, жаным, Рәзия келіп қалар!
Б а з а р б а й (босатып). Дәрігер не айтад?
Ж ә м и л ә. Ондай дәрі жоқ дейді,
Оборд істету керек дейд.
Б а з а р б а й. Істетсең істет.
Ж ә м и л ә. Ол қатер ғой.
Б а з а р б а й (сазарып). Өзің білесің
Ж ә м и л ә. Баланы өзім де жек көрем. Бірақ...
Б а з а р б а й. Шекен қалай көреді?
Ж ә м и л ә. Ол баланы тәуір көреді,
Әрі мені де аяйды.
Б а з а р б а й. Аямайтын шығар,
Баламен аяғыңа
Тұсау салам ба дейтін шығар...
Ж ә м и л ә. Маған сенбейді деп ойлайсың ба?
Б а з а р б а й. Кім біледі...
Ж ә м и л ә. Ойламайды, маған сенеді.
Б а з а р б а й. Жәмеш, осы жұмысты,
Біліп қойса қайтер ед?
Ж ә м и л ә. Қайдан білед?
Б а з а р б а й. Зәуде білсе...
Ж ә м и л ә. Қой. Білмес.
Б а з а р б а й. Білген күнде?
Жәмилә. Онда жаман...
Б а з а р б а й. Сен мұны ойламадың ба?..
Ж ә м и л ә. Жоқ!
Б а з а р б а й. Қайғысын да ойлау керек!..
Ж ә м и л ә. Қойшы, жоқты айтпай!
Б а з а р б а й. Ол мүмкін, мен соны ойлап отыр ем.
Ж ә м и л ә. Сенің ойыңша, онда ол қайтет?
Б а з а р б а й. Онда ма, онда сенімен тұра алмайды.
Жәмилә. Тастай ма?
Б а з а р б а й. Тастайды, оған қатын тастау жат емес.
Ж ә м и л ә. Онда сен қайтер ең?
Б а з а р б а й (сайқалданып). Мүмкін... сені мен алар ем.
Ж ә м и л ә. Рас па?
Б а з а р б а й. Рас.
Ж ә м и л ә. Сен алмай-ақ қой!
Бірақ сен мені
Шын сүйеді екенсің! (Құшақтап ұзақ сүйеді.)
Ш е р н и я з (ақырын кіріп). Ойбай-ай! (Базарбайды желкеден қойып жібереді.)
Б а з а р б а й. Ах! (Атып түрегеледі).
Жәмилә. Ох! (Қарауатқа жөнеледі).
Ш е р н и я з (Базарбайға). Арамза, лағынет! Кет... Кет!..
Б а з а р б а й (ойқастап кетіп бара жатып). Жә, жә, болар...
Ш е р н и я з (Жәмиләге). Сен, сен не істедің?
Ж ә м и л ә (сазарып). Дәнеңе де істегем жоқ.
Ш е р н и я з. Не дейсің, не дейсің?!
Ж ә м и л ә. Мен емес... өзі...
Ш е р н и я з (құшырланып). Жаның барда шыныңды айт, не істедің?
Ж ә м и л ә. Сүйгеннен басқа дәнеңе...
Ш е р н и я з (қойып жібереді). Сүйгеннен басқа!..
Арсыз, жүзі қара!
Ж ә м и л ә (дереу). Ойбай-ай! (Рәзия жүгіріп келіп арашалайды).
Р ә з и я. Қойшы, Шекен!
Қойшы, қалқам.
Ш е р н и я з (жарыса сөйлеп). Жоғалтайын көзіңді, өлтірейін сені!
Ж ә м и л ә (Рәзияны тасалап, қашқалақтап).
Өлтіре алмайсың,
Мұнда надан қатының жоқ!
Ш е р н и я з. Не дейсің?..
Оқудан садаға кет,
Иттің ғана баласы!
(Рәзия қой-қойлап, қолын ұстай береді, Шернияз тағы бір қойып жібереді).
Ж ә м и л ә. Тигізбе тіліңді әкеме!Сен иттің баласы.
Ш е р н и я з (Разияны кимелеп, қойып жібереді). Кет!.. Кет!.. Жәмилә (сазарып, долданып).
Кетем мен! Тұрмаймын сенімен! (Кетеді.) (Шернияз ентігіп, тістетіп, құнысып қолдарын нығарлай қысып, қалшиып тұрып қалады).
Р ә з и я (күңкілдеп). Ей, құдай-ай,
Сақтай гөр!
Оқығаны бар болсын! (Балаға барып.)
Байғұс шошып кетті ме! (Үңіліп.)
Ойбай-ау, мынау неғып жатыр. Шернияз! Мынаның көзін қарашы! Демін қарашы!
Ш е р н и я з (үңіліп қарайды). Немене?
Р ә з и я. Көзі ақшаңдап...
Танауы делдиіп,
Қиналуын!
Кішкентай, байғұс.
Ш е р н и я з. Шоқан, қарағым!
Р ә з и я. Үзіліп барады ғой!
Иман айтшы!
Ш е р н и я з. Шоқан! Құлыным!
Ажалыңа өзім серік болдым-ау.
(Өкіріп баласына сүйеніп, тізерелеп отыра кетеді).
Р ә з и я (көзін сүртіп).
Сорлы нәресте!

(Жарты минут өткен соң, мылтық дауысы естіледі. Әуелі бір атылады, содан кейін екі атылады.)

Шернияз (басын көтеріп). Атыс! (Мылтық, түйдегімен атылады). Төңкеріс! (Ұшып түрегеледі. Алыстан марсельез күйі естіледі). Құлағыма күй келед! (Аяғын бір басады, күй анық естіледі. Терезеге барады.)

Күй келеді!
Күй келеді!
Жалау көрінеді,
Топ келеді.
Заман туды!
«Қатын жолда,
Бала белде».
Кеттім топқа!
Жолымды оңда!
(Тұра жөнеледі).

Шымылдық



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұршық

  • 0
  • 1

Зырылдап жүгір ұршығым!
Шүйкені талдап іпсітіп,
Көзімнің жасы құр шығын
Жүректі өртеп ысытып.

Толық

Жаман тымақ

  • 1
  • 1

Ертегіде бір кедей,
Қара қасқа қу кедей.
Қатыны бар қаншырдай,
Үш ұлы бар қамшыдай.

Толық

Жазушыларға

  • 0
  • 2

«Алаштын» талабы зор, мақсұты мол,
Әр түрлі кемшілікке созып тұр қол.
Бір мақсұт — әйелдің халін аяп,
Азаттық, адамдыққа іздемек жол.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар