Бұталардан шөптерге ыршып қонып – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Бұталардан шөптерге ыршып қонып» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.06.2021
  • 0
  • 0
  • 950
Бұталардан шөптерге ыршып қонып,
Шықтар тұна қалады бүршіктеніп.
Дір етеді көл беті, дір етеді:
артистка-аққу көтеріп жүр етегін.
Селк-селк етті жас бұта, шошып қалды
қолындағы шық-шамы өшіп қалды.
Селт етпейді самалдың қаққанына
қыз шешесі бекіткен қақпа мына.
Ақ тарыдай шашылып үркіп пе еді,
жұлдыздарды барады құртып тегі:
Қызыл әтеш-күн шығып ақ тарыны
шымқып теріп, жөнелді шымқып теріп...
"Ойлай алса жазады-ау ақын анық
ақ қайыңның түбіне жатып алып.
Өлеңімді оқиын ойлап жазған,
мына бір сандық-тасты сахна ғып".
"Микрофон болсыншы қып-қызыл гүл —
дауысымды шығарсын мықты, зілді.
Тамақ құрғап, стақан босап қалды, —
ұмытпашы, достым, бір жұтқызуды".
— "Қол соғыңдар, жапырақтар, қызулыжұрт
желпінсін бір,— оқиын үзілдіріп.
Таңдап тапқан мөлдірім тамшы-жырым
теңіз сөздің ішінен жүзіп жүріп" —
Деп ем:
досым құлағын басты нағып?
Төмен салды ақ қайың басты налып —
қызыл гүлді қыз жұлды, жапырақты —
жел, сандық-тасты жөнелді тасқын алып...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері