Ханға жауап айтпасам – Бұқар жырау

Бұл бетте «Ханға жауап айтпасам» атты Бұқар жырау жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 25.11.2015
  • 0
  • 0
  • 16743
Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады.
Қандыра жауап қатпасам,
Халқым не деп айтады?
Хан Абылай, Абылай,
Қайғылы мұндай хабарды
Сұрамасаң не етеді?
Сұраған соң айтпасам,
Кісілігім кетеді.
Енді айтайын, тыңдасаң,
Маған қаһар қылмасаң.
Қарағай - судан қашықтап,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан - шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп.
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақырда шығар сол тұстан.
Күншығысқа қарайды,
Шашын алмай тарайды.
Құдайды білмес, діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ,
Өзі сынды бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір
Жаяулап келер жұртыңа!
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей, ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды,
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан!
Бұл айтқаным, Абылай,
Болмай қоймас артыңнан.
Тексізді төрге шығарып,
Істетер сұмдықты ұйғарып.
Асан сөзі осылай
Бүгін үшін аһ ұрған.
Жауабыма қандың ба,
Естіп болып қартыңнан?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ханға жауап айтпасам өлеңінің авторы кім?

Бұқар жырау — осы өлеңнің авторы.

Ханға жауап айтпасам өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ханға жауап айтпасам өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Бұқар жырау өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ханға жауап айтпасам өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері