Өлең, жыр, ақындар

Өтірік ертек

  • 25.11.2015
  • 0
  • 1
  • 26943
Бұл ертек сұлу суретші Арлаудың «Мысық, тышқан» деген он төрт суреті бойынша жазылған (М. Жұмабаевтың ескертпесі).

Бір дегенім – білеу ғой,
Екі десем – егеу ғой,
Үш дегенім – үскі ғой,
Төрт дегенім – төсек қой,
Бес дегенім – бесік қой,
Алтыны – асық десіп қой.
Жетім – желке емес пе,
Сегізім – серке емес пе,
Тоғызым – торқа болмай ма?
Он дегенім – оймақ қой,
Он бір қара жұмбақ қой.
Жұмбағым, балалар, ұнай ма?
Иә, жұмбақты тасталық,
Басқа кеңес басталық.
Үй артында дөңеске
Алқа-қотан отырып,
Шуды қойып, жым болып,
Кіріселік кеңеске.
Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Сөз бастайын ертеден.
Сөйтіп кеңес қозғайын,
Бірақ сөзді созбайын,
Қайырайын келтеден.
Арқаның оң бетінде,
Құба қырдың шетінде
Талай бетпақ дала бар.
Сол шөлдерден көп ары,
Таулы жерде жоғары,
Шираз дейтін қала бар.
Бұл Ширазым – сол Шираз,
Тамашасы мол Шираз:
Көгіне алтын себілген.
Көміп сәуле селіне,
Күні күліп жеріне,
Жерге жауһар төгілген.
Бұл Ширазым – сол Шираз,
Гүл, бұлбұлға мол Шираз,
Гүлі қызыл лағылдай.
Гүлге қонған бұлбұлы,
Бұлбұлының бал үні
Жазғы сұлу сағымдай.
Осынау Шираз еркеде,
Ертегідей ертеде
Болған талай ақындар.
Үні бұлбұл үніндей,
Сөзі Шираз гүліндей,
Қайда олардай ақын бар?
Жырлап кетсе жорғадай,
Сөз төгілсе сорғалай,
Төгілгені – шекер, бал.
Жырына адам мас болар,
Көзіне ыстық жас толар,
Бойың балқып, шымырлар.
Бұл Ширазым – сол Шираз,
Тамашасы мол Шираз,
Баулары бар бұйра бұлт.
Бұл бір бауда тізілген,
Адам үзбей үзілген
Қандай-қандай жеміс жоқ!..
Шираз қала – дәу қала,
Айналасы бау қала,
Бауы жеміс сыңсыған.
Үзімі еріп білінбей,
Тәтті дәмі тіліңді
Шымырлатып шымшыған.
Өзім көрдім көзіммен,
Шираз елі үзімді
Бауырсақтай асайды.
Асауды місе қылмайды,
Кеп құрмай олар тұрмайды,
Үзімнен арақ жасайды.
Шираз елі – молда елі,
Молдалары сәлделі
Арақты шарап деседі.
Таңырқай мұртты көп тақсыр,
«Шарап – шипа»,– деп тақсыр,
Кеу-кеулесіп ішеді.
Сонымен, Шираз елінде,
Екі-үш күннің бірінде
Құмыршаға құюлы
Шарап тұрад быжылдап,
Құмыршасы тым сәнді-ақ,
Әшекейлі, оюлы.
Сөз – бұл емес, сөз кейін,
Тақсырларға тимейін,
Кезек келер бір күні.
Тыңдаушы неге демесін,
Мысық-тышқан кеңесін
Айтпақшымын бұл жолы.
Күндерде бір күн бір тышқан,
Сықси көзді сұр тышқан
Кіріп келді бір үйге.
Үй болғанда, оңаша,
Тізілген қаздай құмырша,
Таң болды тышқан бұл күйге.
Мойнын тығып мықшиып,
Жылти көзі сықсиып,
Жалт-жұлт етті, қаранды.
Қаранды да таранды,
Тамсанды да жаланды,
Тыя алмады аранды.
Сілекейі сорғалап,
Шықты жылжып жорғалап,
Болар-болмас жалады.
Тағы татып қарады,
Тәтті у бойға тарады,
Бойы балқып барады.
Татқан сайын тәтті су,
Тәтті суы – тәтті у,
Жылти көзі жайнады.
Күш қосылды күшіне,
Мысық түсті есіне,
Тышқан тілді шайнады.
Қолды сермеп жіберді,
Үйдің іші түнерді,
Күңгірт тартты көз алды.
Ықылық атты, «ық» деді,
«Тоқта, тоқта, тоқ!» – деді,
Өзінен-өзі сөз алды:
«Ай, дүние жалған-ай,
Іште кетті-ау арман-ай,
Не көрмедік мысықтан?!
Қанымызды ішті ғой,
Баста қайғы күшті ғой,
Өтті-ау өмір құсып қан!..
Аңдып тұрып тап беред,
Тап бергенде шап беред,
Талайға ол сұм салды ауыз.
Не қылмады қанды ауыз?!
Не қылмады жалмауыз?!
Не қылмады ол жауыз?!
Әттең, дүние-ай, не керек,
Көп жаманға кез болып,
Десіп жүр ғой ол жаман!..
Бір көрінсе көзіме,
Көрсетер ем өзіне,
Қалмас еді ол да аман!
Мынау батыр жүрекпен,
Мынау балуан білекпен
Алып ұрып, байлар ем!
Танытар ем әкесін!
Шағар едім шекесін!
Қос құлағын шайнар ем!»
Тышқан солай көпірді,
Көпірді де кекірді,
Ықылық атты, «ық» деді.
Тап сол жерде мысық сұм
Тыңдап тұрған болып жым:
«Тоқта, тоқта, тоқ!» – деді.
«Тоқ!» – деді де, тап берді,
Тап бергенде, шап берді,
Тап сауырдан салды ауыз.
Сауыр ауызға ілікпей,
Құйрығынан сүліктей
Тістеп қатып қалды ауыз.
«Танимысың әкеңді?
Шағатұғын шекемді
Сен екенсің, көрейін!..
Жаман мұндар, есіріп,
Мұнша сөйлеп кесірді...
Сазайыңды берейін!»
«Алди, алди, алдияр!
Бір-ақ ауыз сөзім бар,
Тыңдап, басым кесіңіз.
Айтқызады ғой жастық ит,
Жастық емес, мастық ит,
Қасық қаным кешіңіз!
Айық болсам, сізге мен
Тіл тигізіп, жынды емен...
Патшасына әлемнің.
Маған анау су қылды,
Су емес-ау, у қылды,
Түк жазықсыз өлем мен...»
Сөйдеп тышқан зарлап тұр,
Көзінен жасы парлап тұр,
Жерге мөлт-мөлт тамады.
Шиқылдады шашалып,
Қиқылдады қақалып,
Бүйірі бүлкіл қағады.
Бұлтыңдады, бұлқынды,
Жан ұшырды, жұлқынды,
Күлді мысық мұртынан.
Үш босатты, бас салды,
Бес босатты, бас салды.
Сілекей шұбырды ұртынан.
Тікен мұрты тікиді,
Шегір көзі шікиді,
Бір «ап» деді, жеп қойды.
Сілекей шұбырды ұртынан,
Бір мырс етті мұртынан,
«Құтырған құл!..» – деп қойды.
Сөйтіп, мысық қылғыды,
Қылғыды да қалғыды,
Пысылдады, кекірді.
Қалғып кетті қорылдап,
Баспалатты мырылдап
«Шүкір, шүкір, шүкір-ді».
Солай ұйықтап түн өтті,
Түн де өтті, күн де өтті,
Тышқан бойға тарады.
Тамақ керек тағы да,
Не кез келер бағына?..
Мысық жалт-жұлт қарады.
Мұртты тілмен жалап қап,
Алақтады, жалақтап,
Татарға түк көрінбей.
Сілекейін жұтыпты,
Тышқан заты жытыпты,
Ешбір тықыр білінбей.
Жердің бетін түн басты,
Мысық оймен мұңдасты...
Күлді, ойланды күбірлеп:
«Қой, бұл істі тастайын,
Мен бір істі бастайын,
Тек таң атсын сібірлеп».
Сібірледі күміс таң,
Жетті мысық жалма-жан,
Тартты тура мешітке.
Кірді жымып үндемей,
Мінді ақырын мінбеге,
Кірісті бір кәсіпке.
Мырылдады азандай,
Сәлде салды қазандай,
Тасбиқ алды қолына.
Тап сопыдай сүмиді,
Тап молдадай мүлиді,
Кірді тәубе жолына.
Кіргені оның қалайша?
Кіргені оның былайша:
Қазан сәлде қаңқиды.
Таңырай мұрты таңқиды,
Қос құлағы салпиды,
Бір момын боп маңқиды.
Бір күрсінді, бүйдейді:
«Күй, күй, жаным, күй!– дейді,–
Асты бастан күнәйім.
Қалай сабыр қылайын?!
Мейірімі мол Құдайым,
Бір өзіңе жылайын!..
Не қылғаным, Жасаған,
Талай тышқанды асағам,
Сенен қалай жасырам?!
Мейіріміңді түсір деп,
Күнәйімді кешір деп,
Дәрғаһыңа бас ұрам.
Мейірімі мол Тәңірі ие,
Мынау мешіт үйінде
Ант ішемін атыңмен:
Тіпті арамдық етпен деп,
Тұмсығына шертпен деп
Енді тышқан затының!
Сүттей аппақ ниетпен
Бір өзіңе ант берем:
Енді өмірімде ет жемен!
Ұшыраса аш тышқан,
Тәжірибесіз жас тышқан,
Етімнен кесіп ет берем».
Осылайша сұм мысық
Көзді қойып бір қысып,
Күңірентті үйді сөзімен.
Бар көңілі бағанда,
Қарап қояд бағанға
Құйрығымен көзінің.
Қарамайды-ау бағанға,
Қарап отыр тағамға,
Тағамымыз – бір тышқан:
Құжырайып, құнтиып,
Тыңдап отыр жылтиып
Сүлік құйрық сұр тышқан.
Көріп мысық сәлдесін,
Естіп антын-тәубесін,
Ұйып мысық – молдаға,
Қос құлағы ербиіп,
Қос танауы делдиіп,
Тартты тышқан ордаға.
Келді де айтты: «Осылай,
Осылай да осылай.
«Тәңірі, күнәм!» ауыр деп
Мысық зарлап жас төкті,
Бізге тимеске ант етті,–
Тышқан маған бауыр деп».
Орда тышқан үрпиді,
Бәрінің көзі жыртиды,
Ә дегенде таң болды.
Ұзамады, мәз-мейрам,
Бастады у-шу той, мейрам,
Үйдің іші даң болды.
Отағасы, балақай –
Бәрі де айғай, алақай,
Бәрі ордаға ағылды.
Шәрбат, шарап, бал, сыра,
Сырнай, керней, домбыра,
Дабыл даң-дұң қағылды.
Гүжілдеді қобызы,
Безілдеді сыбызғы,
Бұрқылдады қорқоры.
Үзім, алма алқызыл,
Өрік, анар қан қызыл,
Шаптал, інжір, алқоры.
Соныменен, сөз қысқа,
Опыр-опыр топ тышқан
Ию-қию тойда отыр.
Жалғыз-ақ бір қария,
Өзінше ойы дария,
Тойда отырып ойда отыр.
Қария айтты: «Әлеумет,
Құтты болсын қаниет!»
(Күңгірт көзін көтерді).
«Соныкі сұмдық болмасын!..
Сол сұм алдап ұрмасын!..
Малданбалық бекерді».
Арақ ішкен өңшең мас,
Есі шала өңшең жас,
Дүрсе қоя берісті:
«Көр көрінед көзіңе,
Өз ақылың – өзіңе!
Сен бүйдеме игі істі.
Кері тартпа кәрісің,
Етек басу – бар ісің,
Қой сөзіңді, оттамай!
Құй шарапты көпіртіп!
Бас сырнайды, лепіртіп!
Тарт, күрілдет, тоқтама!»
Ойшыл қария жүдеді,
Шиқыл-қиқыл үдеді,
Ию-қию бар халық.
«Мысық күнәсі ауыр ғой,
Бүгін бізге бауыр ғой,
Оған тарту тарталық!» –
Деді еліріп бір тышқан,
Сүлік құйрық сұр тышқан.
Қабылдды қалың жұрт.
«Пәле!» – десті, елірді,
Сағым ішіп семірді
Сыры ежелден мәлім жұрт.
Соныменен сөз бітіп,
Сөз біткенде, тез бітіп,
Кеңес тынды, тарады.
Енді елшілер кешікпей,
Тартты тура мешітке
Алып тарту-таралғы.
Кірді елшілер мешітке,
Сұмдық болар десіп пе?!
Ентелесті молдаға.
Көзді жұмып сұр мысық,
Оң жақ көзін бір қысып,
Басты «Алла! Аллаға».
Топ-топ болып тұр елші,
Сөз бастады бір елші:
«Тақсыр, мұнда келіпсіз.
«Еткен күнәм ауыр,– деп,–
Тышқан маған бауыр»,– деп,
Антпен уәде беріпсіз.
Қуанып соған, қылдық той,
Өзіңізге мәлім ғой
Бейбақ біздің халіміз.
Сізге әкелген тарту бар,
Асымызды, алдияр,
Көптей көріп алыңыз.
Оныңыз рас: күнә ауыр,
Енді бізбен сіз бауыр.
Тарту – достық белгісі.
Міне алма алқызыл,
Үзім, анар қан қызыл»,–
Келді мысық күлкісі.
Бір мырс етті мұртынан,
Сілекей шұбырды ұртынан,
Көзін қызыл қан жапты.
Бір «ап» деді, тап берді,
Тап бергенде, шап берді,
Топыр қылды жан-жақты.
Алла қалды адыра,
Сәлде қалды адыра,
Ұшты тәубе тәсбімен.
Көмді тырнақ мырылдап,
Қанды жұтты қырылдап,
Топ тышқанды қылды жем.
Елші түгел тұтылды,
Екі-ақ тышқан құтылды,
Зытты екеуі жорғалап.
Тек шықпаған жанымен,
Ордасына ханының
Жетті жасы сорғалап.
Өкпе ауызға тығылды,
Жетті екеуі, жығылды:
«Осылай да осылай».
Тақта отырған хан, уәзір –
Қабақ қарын екі дүр
Десті: «Апырым-ай, бұл қалай?!»
Хан бүйірді таянды:
«Осылай болу аян-ды...
Мысық бола ма, өйтпесе?!
Ойла жылдам, әй, уәзір!
Осыған ақыл тап қазір,
Басыңды алам, әйтпесе!»
Ханның басы қақиды,
Уәзір көзі ақиды,
Беті күлдей болды қу.
Құп-қу болды, бозарды,
Терлеп кетті, қызарды,
Айтты: «Амал – соғысу.
Тышқан деген қалың ел,
Ерлігімен мәлім ел,
Алты әлемге даңқы бар.
Айбынды, айбарлы арыстан,
Ойы – дария, данышпан
Сіздей дана ханы бар.
Аттаналық қол болып,
Қол болғанда, мол болып,
Жауға соғыс ашалық.
Қанды судай шашалық,
Мысық жынын басалық,
Ұстап, дарға асалық!»
Хан бүйірді таянды:
«Осылай болу аян-ды...
Мысық бола ма өйтпесе?!
Жауға аттансын ел тегіс!
Қанын төксін көл-теңіз,
Басын алам, әйтпесе!»
Соныменен күн батты,
Түн түнерді, таң атты,
Қол қозғалды, ағылды.
Жер қайысты дірілдеп,
Сырнай, керней гүрілдеп,
Дабыл даң-дұң қағылды.
Қара ағаштай көп найза,
Күнде ойнады көк найза,
Алдаспандар жарқылдап.
Желкілдеді жалаулар,
Желпілдеді танаулар,
Хан қақалды қарқылдап.
Ордасында хан қалды,
Ханмен біраз жан қалды:
Ақсүйектер, төрелер –
Қалың елді құл қылып,
Бұзықтығын пұл қылып,
Жатып ішер немелер.
Кетті сөйтіп қалың қол,
Қалың қолы – қалың ел.
Көбі – ойлы, азы – мәз.
Талайы барад тұнжырап,
Талайы барад қан жылап,
Көбі – жаяу, аттысы – аз.
Соныменен, қол кетті,
Қол кеткенде, мол кетті.
Барды, кірді соғысқа.
Мұны өтірік демеңдер,
Күңіренді көк пен жер,
Өзге соғыс соғыс па?!
Будақ-будақ бу шықты,
Бу ішінен ту шықты,
Шыпқылдаған шықты шу.
Шұрқ-шұрқ болды көбелер,
Дал-дұл болды денелер,
Айқай-ұйқай, ызы-шу.
Соныменен, сөз қысқа,
Шәйіт болды көп тышқан,
Мысықты ұстап, байлады.
«А, қанішер неме!» – деп,
Басқа, көзге төпелеп,
Ханға, ордаға айдады.
Хан бүйірді таянды:
«Осылай болу аян-ды...
Көрсетпе итті көзіме!
Жап зынданға қараңғы!
Қатыр аштан арамды,
Қыл бұрау сал өзіне!
Ертең әпкел ордаға,
Сот құрармыз ордада,
Бүгін пәлен демелік.
Бүгін өңшең майталман –
Қаза тапқан майданда
Шәйіттерді көмелік!»
Айтты да хан тоқтады,
Жұрт хан сөзін құптады,
Шақырылды елге азан.
Молда келді мөлиіп,
Сопы келді сүмиіп
Сәлделері бір қазан.
Қылмың қақты, қуанды,
Білектерін сыбанды,
Аруланды өліктер.
Өлік көрсе молдалар,
Сілекейі сорғалар,
Өтірік десең, өліп көр.
Табытқа өлік салынды,
Қара тулар алынды,
Көшті молда бастады.
Қолына алып құранды,
Бір әннен соң бір әнді
Түйдек-түйдек тастады.
«Тәбәрікті» тұқыртып,
«Жасынды» ашып сыпыртып,
Суылдатып келеді.
Аузында – Алла, ойында:
«Қанша түсер қойынға?..
Жуырда кім өледі?»
Жетті табыт бейітке,
Түсіріліп шейіттер,
Көрге дереу көмілді.
Көрге көлгір молданың,
Жұртты алдағыш жорғаның
Өтірік жасы төгілді.
Соныменен күн батты,
Дамылдады, ел жатты,
Хан түн бойы қылды той.
Талай халық қаралы,
Талай халық жаралы,
Хан үйі – той, елде – ой...
Тоймен, оймен өтті түн,
Таң білінді, дүние – тын.
Ұлы сәске ел тұрды!
Зындандағы мысықты
Қарғылап ап күшіктей,
Жендет ордаға ап жүрді.
Ханның көзі жыртиып,
Қабақ қарны бұлтиып,
Тақта жатыр жантайып.
Қасында отыр уәзірі,
Тақсырлауға әзір-ді
Қос құлағы қалқайып.
Хан қорқорын тартады,
Алдында айбалталы
Жендеттер тұр қақиып.
Хан қарады мысыққа,
Қарады оған мысық та
Ашулы көзі ақиып.
Хан уәзірмен кеңесті,
Кеңескенде не десті:
«Тұқымын мұның құрталық!
Жалпы жұртқа жар қылып,
Майданға анау дар құрып,
Дереу дарға тарталық!»
Дереу жарлық берілді,
Майданға дар құрылды,
Мысық та алып барылды.
Хан да келді қолымен,
Ырс-ырс етіп, қолымен
Сипап қабақ қарынды.
Хан таяққа таянды:
«Осылай болу аян-ды...
Сал арқанды! Сал!– деді.–
Жендет, енді жақында!
Көм қылышты батырға!
Ал! Ал басын! Ал!» – деді.
Сонда мысық бұлқынды,
Жан ұшырды, жұлқынды,
Көзі шоқтай жайнады.
Тұсауды үзіп күшімен,
Қыл арқанды тісімен
Бытыр-бытыр шайнады.
Босанды да тап берді,
Тап бергенде, шап берді,
Бірді белден тістеді.
Тышқан тырым-тырақай...
Әттең ғана дүние-ай,
Хан ауызға түспеді.
Мысық кәрмен қарғыды,
Ерсіл-қарсыл орғыды,
Шиқылдатты талайды.
Дар майданнан жын ойнақ
Қылды мысық әп сәтте-ақ
Жып-жылмағай маңайды.
Сөйтіп, мысық топыр қып,
Демін алып отырды.
Сөз сөйледі бұлайша:
«Жүрсейші иттер тек босып,
Олар – тышқан, мен – мысық,
Жеңеді олар қалайша?!
Өңшең шірік, пасықтар!
Ажалына асықтар,
Көрді көрмей қазулы!..
Олар – менің азығым,
Бұл – Құдайдың жазуы,
Өзгертпек пе жазуды?!
«Анау көрім қазылған,
Бұл әзелде жазылған»,–
Де де, үндемей жүре бер!
А, құтырған құлдар-ай!
Иесін қапқан мұндар-ай!
Ал, ендеше, өле бер!» –
Деді мысық, демікті,
Демін алды, тынықты,
Тұрды, кетті жайына.
Есін жиды көп тышқан,
Таққа тағы мінді хан,
Хан кірісті тойына.
Шәрбет, шарап алдырды,
Шарапқа сусын қандырды,
Сырнай-керней ойнатты.
Деді жұртқа: «Ит түге!»
Ханның осынау иттігі
Елді ауыр ойлатты...
Ел ел болсын дегендер,
Елдің қамын жегендер
Біріне-бірі сөз салды.
Аулақ үйге жиылды,
Ортаға үстел қойылды,
Дереу мәжіліс басталды.
Отырысты көп аға,
Қоңырау қақты топ аға,
Бүйірі бүлкіл қақты кеп.
Құжырайды, құнтиды,
Жырти көзі жылтиды,
Сөз аузынан ақты кеп...
«Ау, әлеумет, сөз мынау:
Мысық – бізге ата жау,
Бұл туралы қысқа сөз.
Ендігі сөз, хал мынау:
Арақ ішкен хан мынау,
Осыны ойлар келді кез.
Мысықты ата жау деуші ек,
Ханды асқар тау деуші ек,
Кімге пана болды хан?!
Даналығы осы ма?!
Паналығы осы ма?!
Елді жалмап, сорды қан.
Елдің көзі ылғи жас,
Хан тағында ылғи мас,
Бар білгені – бас алад.
Еңіреп жерді күңірентіп,
Бұқара қасқа қан жұтып,
Өз қанына шашалад.
Елді ұрысқа айдады,
Қарқылдады, қайрады,
Өзі қалды ордада.
Ел қазалы, көзі жас,
Хан тағында тағы мас,
Баққа ма осы? Сорға ма?
Күні кеше мысықты
Ұстасымен, кешікпей,
Керек еді дарға асу.
Зынданға оны жапқызды,
Тынықтырып,жатқызды!
Ақымақ ханда жоқ сасу...
Хан қырағы данам деп,
Ханның тілін алам деп,
Қырылды ғой ел бейбақ!
Ау, әлеумет, ойлаңдар!
Ойлап қана қоймаңдар!
Қырыламыз ба хан деп-ақ?!
Қой, хан деуді қоялық!
Ханның көзін жоялық!
Мысық та жау, хан да жау.
Біреуі оның тыстан жау,
Біреуі оның іштен жау;
Жаудың ісі – ел талау...»
Кеңесті осылай көсемдер,
Шерді ағытты шешендер,
Сөз бір жерге құйылды.
Жеті түнде қараңғы
Бүгежеңдеп, қараңдап,
Жұрт майданға жиылды.
Жұрт жиылды, кеңесті,
Кеңескенде не десті:
«Ханды қазір байлалық?!
Онсын ұстап мысықты ап,
Хан, мысықты қосақтап,
Қаңғырталық, айдалық!» –
Десті осылай дүркіреп,
Көшкен бұлттай жөңкіліп,
Жұрт жөнелді ордаға.
Арақ ішіп, қылжаңдап,
Өзінен өзі ыржыңдап,
Хан отыр ед ордада.
Ел қазалы, азалы,
Азалы ел – ызалы,
Қылды орданы күл-талқан.
Ықылық атып қақалып,
Қол-аяғы маталып,
Домаланып қалды хан.
Жұрт жөнелді жөңкіліп,
Жалаулары желкілдеп,
Аттан салып қиқулап.
Будақ-будақ бу шықты,
Бу ішінен ту шықты,
Шуылдады шиқылдап.
Лап қойысты мысыққа,
Атып тұрып мысық та
Тап-тап берді маңайға.
Талай жүндер жұлынды,
Талай жері тілінді,
Ажал жетті талайға.
Көзді оттай ойнатты,
Ә дегенде тым қатты
Сұм мысықтың қарқыны.
Соғыса алмай көсіліп,
Қалың тышқан қырылып,
Қара қанға қалқыды.
Соныменен, сөз қысқа,
Айдап ап кеп ордаға,
Мысықты ұстап, байлады.
Шөп те болса көп тышқан,
Ханды қосып, ордадан
Екі сұмды айдады.
Қол ұстасып хан, мысық,
Екеуі де қан құсып,
Түннен бетер түнерді.
Қираң басып жөнелді,
Алақайлап ел енді,
Қуанышқа кенелді.
Едірейіп, қалқиып,
Тырбық бұты талтиып,
Сөз сөйледі қаптесер:
«Бірің сенің – тыстан жау,
Бірің сенің – іштен жу,
Кет, қанішер! Баскесер!
Кет, екі жау! Қаңғып өл!
Еркін қалдың, қалың ел!
Еңіреме енді, жасың тый!
Енді сені талау жоқ!
Енді құл ғып қанау жоқ!
Өзіңе-өзің болдың би!»
Соныменен, хан, мысық
Кетті қаңғып қан құсып,
Қуанышта қалың жұрт.
Деп: «Бұғаудан босандық!»
«Жасасын,– деп,– бостандық!»
Қол соғылды шарт та шұрт.
Біреу тұрды, биледі,
Біреу керней күйледі,
Дабыл даң-дұң қағылды.
Бітті осымен кеңесім,
Тыңдаушы енді демесін:
«Онсын тышқан не қылды?..»
Енді ертегім байыды,
Ертегімнің айыбы:
Кемі – өтірік, көбі шын.
Жоламас ем азға да,
Керек болды азғана
Өтірік қосу көп үшін.
Бұл аздың да, оқушым,
Қайта оқышы, бәрі шын.
Шыны мынау – бұл мысал.
Ертегімнің басында
Бала біткенге ашына
Жұмбағымды есіңе ал.
Бір дегенім – білеу ғой,
Екі десем – егеу ғой,
Үш дегенім – үскі ғой.
Мысық – талаушы екені,
Ханның – қанаушы екені
Енді есіңе түсті ғой.
Екі жауын осынау
Қылған кейін ханталау
Қалың тышқан – қалың ел.
Төртімді енді төсек деп,
Бесімді енді бесік деп,
Өзің енді тарта бер.
Тоғызымды – торқа де,
Сегізімді – серке де,
Жетімді – енді желке де.
Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде,
Құйрығы оның келте де!



Пікірлер (1)

Айдана

Өте керемет ????

Пікір қалдырыңыз

Қарындастарға

  • 1
  • 4

Қарындасым, салмақтым
Қорғасын құйған асықтай.
Был-сылқ етіп басқаны
Молдалар жазған машықтай.

Толық

Есімде… Тек таң атсын

  • 0
  • 0

Ол күнді ұмытқам жоқ, әлі есімде,
Таянып келгенінде күн бесінге,
Кең дала ұқсап тұрды қол тимеген
Керілген кербез сұлу ақ төсіңе.

Толық

Хор сипатты қарындас

  • 0
  • 0

Хор сипатты қарындас,
Оттай сұлу, ыстық жас.
Құшақта да, қойныңды аш,
Бұғақтан бір сүйейін!

Толық

Қарап көріңіз