Құланың құны
поэма
I
Сұлудай қызыл шырай бітіп таңға,
Алтынды ну сәулесін шашып маңға,
Ойын сап жан иесі бар мақұлық,
Жерде құрт,
Көлде құстар,
Тоғайда аң да,
Маржандай мөлдір шық үстін баса
У-шу боп жөнелгенде өріп мал да,
Болмаса жатып ішер арам қарын
Еңбектің иелері оянғанда,
Бір атты сылаңдатып жүрді біреу,
Ауылдың маңайында,
Тізгін қолда.
Ат құла,
Күн нұрына шағылысқан
Көрінді алтындай боп түгі алыстан.
Көргенде сол құланы,
Абай жазған:
Ат сынын дерлік емес жаңылысқан.
Көтере шұлғып тастап орақ басын,
Жібек жал —
Желпіп тастап жібек шашын.
Кезекпен қайшыланып қамыс құлақ,
Көрсетті көлбең қағып жүріс нашын.
Кей кезде ойнақтады аспанға атып
Боп бейне күйі түскен алғыр лашын.
Сол кезде жетектеген жігіті де
Еркелетті «жануар!» —
Деп құласын
Оқушы бұл кім?—десе,— аты Болат.
Жасынан жеңі қысқа,
Тоны шолақ
Боп үсті. Жауыр атқа үймелеген
Шыбындай қу кедейдің қалмады орап.
Дөңгелек қара көзі жанған шамдай;
Қайратқа қарсы болып біткен маңдай
Сұрша бет, қалың қабақ, сүйір иек,
Жүзінде лаулап жанған оты бардай.
Екі иығы екі кісі мінгізерлік,
Түйілген бұлшықтары бейне бөрік.
Жүйріктей салыңқы төс,
балтыры сом
Мүшесінің біріне-бірі серік.
Жасынан қу кедейлік қалмаса да,
Үстінен бейнет жүгін алмаса да,
Сегізден кісі есігін тоздырғанмен
Еңбегі еш уақытта жанбаса да.
Біреудің бақса-дағы қозы, қойын,
Кисе де нәлет артқан қамыт мойын,
Талай жыл инеліктей аштан қатып,
Қарыны көрмесе де бір күн тойым.
Қабағын ашпаса да бір күн жайнап,
Тұрмысқа қастасса да тісін қайрап,
Тон қысқа, жеңі шолақ, оралымсыз,
Жүрсе де екі қолын бейнет байлап.
Иығы ілмесе де бүтін көйлек,
Тіл бауын ашпаса да жұртқа сөйлеп,
Зардабы жоқшылықтың бір арылмай
Дауылдап жанса да от іште кеулеп.
Осының жеңдірмеді біреуіне,
Жастық боп сүйенері,
тіреуі де,
«Сау болса денем, адал еңбек етсем»,
Жетемін деп ойлады тілеуіне.
Жасынан болды жалқы ағайынды,
Текпеді жалғызбын деп уайымды,
Бір сертті, бір-ақ сөзді, бір-ақ бетті,
Аузынан шыққан сөзге тағайынды.
Бір атты, жоқ болса да, мінді баптап,
Үстіне шығармады бөтенді аттап.
Бірқыдыр киімдерін сыпайы ғып,
Қанша жоқтық көрседе киер сақтап.
Жалғыз-ақ шешесі бар жан дегенде,
Бір сиыр, бір аты бар мал дегенде.
Өзіндей бір кедейдің жас сұлуын
Айттырды,
Сондай бір қыз бар дегенге.
«Ақжұныстай ақ дене —
Қар» дегенге,
«Екі беті алмадай қан» дегенге —
Ол қызға тең келетін бір де қыз жоқ
Сол маңайда отырған барлық елде.
Сұлудың аты Алтын
Жасы он бесте,
Деп ойлап «өрім талды өспей кеспе!»
Күтіп жүр Болат еркін толығуын,
Мәз болып көргеніне ерте, кеште.
Әзірге бар әңгіме құлада ғой,
(Барады басқа жаққа бұралып ой)
Ол құла тай күнінде
Жалшылықтан,
Болатқа тиген еңбек —
Сыбаға ғой.
Тайынан үміттеніп күтіп, бағып,
Құлаққа сырға,
Кекілге үкі тағып,
Өсірген.
«Құнан бәйгеде» дегендерде
Келетін оқтай зырлап алдын алып.
Бұл таңда жетектеуі құланы оның,
Бір тойға шақырғанда Болат елін,
Осы ұлы дүбірге құланы да
Сынамақ қосып, көптен алған терін.
Оқтаудай жарау атқа қарап қойып,
Жарауы, мүшесіне көңіл тойып,
Ішінен деді Болат: «Жолы болып,
Бәйгесін осы тойдың алсам ойып».
«Ат шабар!..
Уа, ат шабар
Ат шабарлар!»
Бір жігіт үйді айнала
Қақсап, зарлап,
Жөнелді ту көтеріп,
Ауылдағы,
Тойшылар іле артынан тартты аңдап.
Күн ыстық,
Аспан айна.
Жерде барқыт,
Барқыт жердің жұпардай исі аңқып.
Қымызға қызып күрең тартқан жұртты,
Mac қылды маужыратып одан да артық.
Қайысып жердің жүзі жөнелді жұрт,
Құстай боп дарияда жүзген қалқып,
Ауылда кедей-құртаң, бала-шаға,
Қалысты жұртта қалған ішіп сарқыт.
Бөлінді тойшылар өз ұруымен,
Екіге жұрт жіктеліп тұруымен,
Айдады бәйге аттарын,
Басқа ойын,
Басталды балуанның шығуымен.
Маңдайдан жөнелерде сипап атың
Атқа шабар балаға бар айтатын
Ақылын айтып,
Атын айдап Болат
Балуан шығар жерге келді жақын.
Біреулер Болатқа кеп: «Шешін» деді.
— Кім балуан?
— Белгілі Есім! — деді.
— Өй тәйір-ай, Есіммен
Кім күрессін,
Одан басқа біреуі келсін» деді.
— «Олай деме, шешін тез, о да жігіт,
Бұл сөзін, болар жаным кесір» деді.
Жалаңаш денесіне киіп шекпен,
Қайратынан сыртына түгі тепкен,
Майданға шықты Болат,
Оған қарсы,
Бір дәу келді,
Денелі,
Өңкең еткен.
Барыстай бір-біріне тап берісті,
Тап берісті, қолдары шап берісті.
Жұлқыса жөнелгенде екеуі де,
Шекпендерін жағадан қақ бөлісті.
Белбеуден қайта ұмтылып ұстап Болат,
Ананың екі қолын матап, орап,
Жамбасқа ала келіп сілтеп еді.
Бұрқ еткен жер топырағы кетті борап.
Маңдайдан күреңіткен ағып тері,
Танаудан делделеңдеп шығып демі,
Қайтты топқа,
Алдынан шулады жұрт,
«Көп жаса, даражаңнан тайма деді!»
Киінді.
Ат көрінді ту қиядан.
Ат түсін айыруға бермейді шаң,
Аттардың алдында бір жалғыз қара
Бұрқырап шаң ұшады тұяғынан.
Жалғызды «жерді қалқып ұшты» дерлік,
«Ат емес көріп тұрмын құсты» дерлік.
Дүбірі жерді басқан
Көкті жарып,
Тұяғы жерге
Тастан күшті дерлік.
Жақындады,
Құла екен.
Шапты Болат.
Айғайды естіп, жұлдыздай ақты құла ат,
Топты жара шалдырмай өтіп алып,
Шабысын бәсеңдетіп тартты құла ат.
Тізгіннен Болат тағы алды келіп,
Үстінде аппақ болып ойнап көбік.
Ойнақшып, елегізіп тұрмады ат,
Айқайға құлақ түріп елеуреніп.
Аяғын әсемдене серпе басып,
Құлағы қайшыланып өсіп, тасып,
Мақпалдай қара құйрық бұлаң қағып,
Шоқтығы өзге аттан жүрді асып.
Бұлт шықты көлеңкелеп ыстық күннен,
Сипады қоңыр салқын самал мен дем,
Бозторғай қошеметтеп әнге салды
Шығып ап шарық ұрып аспанға ен.
Құла ат демін алып болған кезде,
Көрінді топ-тобымен аттар өзге,
Құла ат пен Болаттың кеңесінен
Сол кезде аумады жұрт басқа сөзге.
Жұрт шулап «жігіт екен, пәлі!» деді,
«Бар екен сүйегіңде дәні», деді.
«Мынау ат қанаты жоқ құспенен тең,
Мұндай ат дүниенің малы!» деді.
Ертіп ап сайдауыттай төрт жігітті
Ақ құба, талпақ мұрын, қырбақ мұртты,
Бір жігіт — құла аттың маңайынан
Қадалып олай-бұлай екі-үш өтті.
Қосшыға мынауың кім деді Болат,
— Бұл болыстың баласы мырза Жамақ.
— Ол неге ториды екен?
— Себебі оның,
Құла аттың сынап жүр түрін қарап.
— Сыны оның не керек?
— Ойы бар да,
Алуға құла атты қалап, сұрап.
— Қалағанға берем бе?
Дәме етпестен,
Дәме еткен ол өзі неткен дорақ.
II
Сәскеде жылқы келе өрісінен,
Жылқыдан құла тұлпар келісімен,
Жем сұрап Болатқа кеп оқыранып,
Денесін иіскелейтін тегісінен.
Бір мешок сұлыны іліп,
Болат оның,
Сипайтын жібек жүнді терісінен.
Бір күні жылқы алдынан шығып
Болат Жылқыны олай орап,
Бұлай орап,
Қарап еді, көзіне ұшырамай
Жылқымен келмеген боп шықты құла ат...
Болғанын бір сұмдықтың іші сезді,
Қыдырып бар жылқыны түгел кезді.
Бұлдырап алыста бір мал көрінсе
Талдырды қарай, жүре аяқ, кезді.
Таба алмай Болат іздеп мінді атқа,
Қаңғырды сұрау салып сан тарапқа.
Құланы көрген де жоқ, білген де жоқ,
Кездесті бұл не деген ғаламатқа.
Бір үйге сусындауға түсті аттан,
Сөйленді жол мәнісі келе жатқан.
Болаттың сөзін тыңдап үй иесі:
— «Жарқыным атың қолды осы жақтан»
— «Кім дегеннен?!»
— «Кәдімгі Қара болыс.
Қашаннан Қара болыс ісі —
Қол іс.
Қара болыс алдына еш уақытта
Қарсы келіп көрген жоқ
Қазақ, орыс.
Болыстың баласына атық ұнап,
Бермепсің жібергенде армап сұрап,
Қарсы келген адамға Қарекеңнің
Ежелден беретіні осы жауап!»
Болаттың қуан, тартты сұрша түсі,
Жүрекке оқтай тиді байдың күші.
«Не маған, не болысқа ажал шығар,
Деді — оның бұл зорлық, қылған ісі».
Қымызын сүйеп жерге қоя салып,
Лауланып іші оттай күйіп, жанып.
Жөнелді, бір ауылға жақындады,
Қаранікі осы ауыл, білді танып.
Төрт ақ үй, күмбездей боп Қонған төрге,
Екі үйдің арасынан тартқан керме.
Құланы сол кермеге қойған байлап,
Тұр екен басын беріп құла желге.
Мініпті. Үстіне тер —
Қатқан көбік.
Орқырап қоя берді мұны көріп,
Ызаға шыдай алмай келген Болат.
Жіберді екі көзден жасын төгіп.
Көрмеген ер жасынан жаннан ығып,
Өкпені ашуды өңешке әкеп тығып.
Кермені пышақпенен шорт кесті де
Үстіне шықты аттың ырғып мініп.
Шу етті көзі көрген «мынау кім?!» деп,
Қара шықты «бозбала, атқа мін!» деп.
Қашпай Болат, анадай тұрып алып,
Қараға мына сөзді айтты тілдеп...
«Әкеңнің құны бар ма, атымды ұрлап,
Жуан ит басынасың кімді қорлап,
Семірген арамдықпен арам қарын,
Сен менен ат аласын, қалай зорлап!»
Дегенде төрт-бес жігіт салды «аттан!»
Сойыл ап, ат қойысты тұс-тұс жақтан.
Бәрін де, Болат тосып, ұрып жықты,
Сойылмен тобығынан бір-бір қаққан.
Аттардың үсті босап шығып ойнап,
Көбінің басы қан боп қалды жайрап,
Келген сегіз бітті ғой деген кезде,
Құлаға «шүу!» деді де жөнелді айдап.
Бұрқырап үйірілді жерден шаңдақ,
Жануар құстай ұшып тартты зарлап.
Қарасын қуғандардан заматта үзді,
Шапқан сайын шабысқа шабыс жалғап.
III
Өзгеріп жаздың нұры айдай жарқын,
Күз келіп сұр кескінді қоңыр салқын.
Жайлаудан ел күзекке көшіп келіп,
Бозбала шөпке түсті қызу қарқын.
Болат та біреуге бір қолын жалдап,
Бір қолымен малына азық қамдап.
Бір өзекте шөп шауып,
Құла атты
Күндіз тұсап, ұстады да түнде арқандап.
Бір күні таң сәріден тұрып Болат,
Жол тартып жоңышқаға салып орақ
Жүр еді,
Көз ұшында ұшырасты
Шаңдатқан, қоңыраулы жеккен пар ат.
— Бұл неткен ерте жүрген қоңыраулы ат?
Деп Болат аң-таң болып тұрды қарап,
Аттылар жақындады.
Біреу отыр,
Тастаған үсті-басын сары алалап.
Жанында Әлен деген шабарман бар,
Болаттың келді-дағы тұсына дәл,
Ақырды сап-сары ала:
«Арбаға мін!»
Бізбенен қалаға жүр, жұмысың бар!
— Не жұмыс?
— Оның саған керегі не!
— Бұл пырыстоп, сөйлеме, үлкен тере!
— Төре алдын көретін шаруам жоқ,
Жұмыс тастап жайдан-жай барам неге?!»
—Болмады. Киіндірді келген тере,
Бар беретін жауабы: «түк үндеме!»
Болат көнді.
Құланы қосаққа aп,
Қалаға төре сарлап тартты желе.
Жолшыбай Болат терең ойға батты.
Неге екенін білмеді, басы қатты.
Бесінде қаладағы бір сарайға,
Болатты енгізді де, есік жапты.
Таңертең сылдыр етті сырттан құлып,
Әнәугі таныс төре келді кіріп;
«Кәне бол, беретұғын жауабын, бар,
Жиналды тергейтұғын сені ұлық».
Не «ұлық» екеніне түсінген жоқ,
Бейне бір кескектегі аюдай боп.
«Ұлықтардың» үйіне кіріп келді.
Көзінен ұшқынданып шашырап от.
Басы Қара,
Үй іші толған жуан.
Бәрі де шат етеді қуаң-қуаң.
Бұлар неге келді екен деген, жанша,
Бір шолды да, Болат ер болды аң-таң.
Болатқа баяндады сот «күнәсін»:
Пәленнің жылқыларын ұрлағансың.
«Ел тыйыштығын бұзған қарақшысың,
Байланды сол себептен сотқа басың!»
Рас па,— деген жанша — мыналарың?
Көзімен сот, ақсақал шолды бәрін.
Жүздері бір құбылмай
«Рас, рас!»
Деп куә болды өңшең, жалдап залым.
Абайлап бәрінің де көрді түрін,
Бұл адал дегізе алмай бірде-бірін.
Ішінде өртенді кек.
Сонда-дағы
Қалшиып қата қалды бермей сырын.
Іс бітті, қол қойылды, мөр басылды,
Таба алмай бір жақынды, жан ашырды
Көзінен ұшқын ұшқан ер Болаттың
Сөзінің бір заманда кілті ашылды.
«Залымдар, сендер кімсің, білдім жаңа!
Көмірден ниеттерін, екен қара.
Өз атымды өзімнен еріксіз ап,
Сау басыма салдыңдар таудай жала.
Бақташы ұлықтың да ұқтым сырын,
Байға жақ, ақшасызға екен қырын,
Бәрін, ит, бәрің доңыз, бәрің зәлім,
Сендерге сөйлеп тұрған сөзім шығын.
Амал жоқ, осы күйде өлтірсе атып
Осы кек жүрегімде жүрер қатып.
Егер де босанатын күнім болса,
Шалармын талайыңды қорқыратып!»
Деді де, қыл кескендей тұра қалды,
Қара отыр, дегендей боп «табам қанды»,
Бұрынғы таныс тере «кәне, жүр!» деп,
Жетектеп абақтыға алып барды.
Кішкене көрден де тар сасық бөлме,
Темірден терезеге құрған керме.
Есігі сырт жағынан құлыптаулы,
Шығар ма одан бұзып тірі пенде.
Қуланып, кескіндері гүл-гүл жанып,
Құланы жетегіне байлап алып,
Қара да терезеден өте берді,
Жануар барады екен оқыранып.
Болаттың іші мұз боп жүре берді,
Сонда да босамады, қайрат жеңді,
Қарасы үзілгенше қарап тұрып,"
Ышқынып зорға ғана алды демді.
IV
Абақты — азап орны, жанды жейді,
Сүліктей сорып, жан мен қанды жейді.
Сүзек болған адамдай сүлде құрып,
Бойда қуат, баста ақыл, әлді жейді.
Абақты адамды естен тандырады,
Өзекті өртеп, жүректі қан қылады,
Тұншықтырып сасық иіс, дем алғызбай,
Бір жұтым таза ауаға зар қылады.
Ала қыс сол тамықта Болат жатыр,
Улы ой көкірегінде көрмек татып,
Қамаудағы долданған арыстандай,
Қан жоқ, сөл жоқ, бозарып қалды қатып.
Басынан жатса-тұрса шықпайтын ой!
Шешесі, қалыңдығы, құла аты ғой.
Шешесінің дауысы құлағына
Кеп тұрғандай, зар илеп,
Деген «ойбой!»
Ананың, ызыңдайды жылағаны,
Жалғызға қиын ана шыдамағы.
Болады да тұрады қасына кеп
Кісінеген сықылды құла-дағы.
Алтыны не жайда екен, о да танық,
Әлдекім барымталап қойды ма алып?
Болмаса, еркі өзінде,
Сөзін сақтап,
Болаттың шығар күнін жүр ме бағып?
Бар серік күндіз-түні ұйқы, тамақ,
Наны шикі, шайы ақ су,
Сорпа шалап,
Ашыққанда адамзат не жемейді.
Болат ішті оларды балға балап.
Бір орыс Болаттың бар серігі еді,
Болат кейде іші пысып ерігеді.
Әуелде «орыс қой» деп жат көрсе де,
Сынаса орыс тәуір көрінеді.
Сөйлесіп, кеңестерден туып кеңес!
Кейде тыңдау сөздері,
Кейде егес.
Екеуінің тоқтарлық жалғыз сөзі —
Үкімет те, байлар да әділ емес.
Біраздан кейін орыс ашты сырын: —
«Мен байға қас ем,— деді — мұнан бұрын.
Мен большевик.
Мақсаты большевиктің
Кедей мен жұмыскердің жоқтау құнын.
Бізге қас, бізді жеуші байдың табы,
Патшашыл үкімет те соның жағы.
Байдың малын, патшаның тағын билеп,
Еңбекшінің гүлденер жақын шағы.
— «Босансаң сол күреске қосылар ма ең?»
— «Қасық қаным қалғанша осылармен
Алпарысып етер ем!»
— «Онда жігіт
Болдың сен, жігітсін деп бас ұрам мен!»
— «Сен өзің абақтыға неге түстін,?»
— «Білініп сыры байға қастық, істің.
Бір жалған дос адамның сатуымен
Жыл болды абақтыға келіп түстім».
Тан, ертең түгендеуге тұрғанынан,
Орыстың шықпай Болат «жұмбағынан»
«Большевик болып байды ойран қылып,
Байлардың құтылсам деп — тырнағынан!»
Сол тастай ауыр оймен үш ай өтті,
Бір күні бір танысы «шешең кепті»
Дегенде қанша қажыр еткеніменен,
Ер Болат шыдай алмай жасын төкті.
Жүрегі көргенінше тыным бермей,
Денені бұрынғыдай қайрат жеңбей,
Түн бойы көздің шырын бір алмастан,
Көз жасын сорғалатып төкті көлдей.
Күткенде таң ата ма, жуыр маңда,
Күткен үміт денені қуырғанда,
Бір кезде бозғылданып сөгілді таң,
Көз нұрын қараңғылық суырғанда,
Не керек таң атқанмен есік жабық,
Үстінен албастыдай басқан тамық.
Есіктің тұтқасына қолын салып,
Күзетші түгендеуін тұрды бағып.
Күзетші бір кезде кеп құлып ашты,
Түгендеп тұтқындарды етті басшы.
Қатықсыз қара суға дағдыланған,
Шай ішпек боп тұтқындар жанталасты.
Шай ішпей Болат бүгін татпай нәрді,
Тықылдап жүрген дыбыс есік алды.
Бір кезде тар әйнектен сығалап күн,
Қадалып қайғылы ерге қарай қалды.
Абақты іші буалдыр көкшіл түтін,
Бөлмелер қара көмір, жоқ қой күтім.
Сықылды көрген өрмек тарамданып
Түтіннің күн сәулесі алды құтын.
Есікте екі көзі қайғылы ердің,
— Болат деген жан бар ма? –
Менмін, менмін! —
Деп ентелеп дауысқа жетіп барса,
Естілді «шешең келді, жүр» деген үн.
Шешесі еңіреп тұр, шыға келсе,
Қояр ма еңіремей мұң-зар жеңсе,
Аз күнде өңі кетіп, жүдеп қалған,
Еңкейіп белі имиіп, түсіп еңсе.
Бассалды «Құлыным» деп құшақ жайып,
— «Аяғың неден қалқам кетті тайып.
Жұлдызым, басымдағы бақыт құсым,
Қай жаққа мені тастап болдың ғайып!
Ботам-ау, боздаттың ғой сорлы анаңды
Өзегі сорлы анаңның өрт боп жанды.
Ұры деп ақ басыңды қаралауға
Иттердің батылдары қалай барды.
Доптай ғып жоқшылықты тепкен, қалқам,
Қайтпаған бір бет алған беттен, қалқам.
Жоқ болсам да кісіден кем болмаймын,
Деп басыңа қайратың жеткен, қалқам.
Жарық шамдай жарқылдап жанған, қалқам,
Жылы суға қолымды малған, қалқам,
Бір болса да бірегей болып туып,
Сыртымда асқар пана болған, қалқам.
Қалқам-ау, сенсіз күшім көрдей екен,
Барыңда қадіріңді білмейді екем.
Арсыз жаным шықпаған орныңда,
Жылағанмен тірі адам өлмейді екен.
Көрем деген қызығым Алтынымды,
Айдай толып нұрланған жарқынымды
Қара болыс алыпты тоқалдыққа,
Бір соғып қоймай тәңірі, артық ұрды!»
Аузынан анасының шыққан жалын,
Күйдірді алпыс екі тамырларын:
Солқылдап құшағында құлақ салды
Шер басқан сорлы ананың, тыңдап зарын.
Сасық үй зарлы үнге күңіренді,
Зар илеген дауысқа тас та еріді.
«Тәртіпсіздік қылмаңдар, жыламаңдар!»
Деп ақырып бір кезде күзет келді.
Мұң-зарды құлағы естіп қанған күзет,
Айрылған аяушылық ардан күзет,
Шерлінің шерлі сырын естігенде
Шімірікпей қызара жанған күзет,
Не қылсын сорлылардың мұңды күйін,
«Бұл сенің айқайлайтын емес үйің!»
Деп дікеңдеп, қабағын қарыс жауып,
Аузынан сөйлегенде соқты құйын.
Сорлы ана, өзегі өрт боп басқан қайғы,
Айрылмай қайта-қайта, қанат жайды.
Төсіне төсін басып қайта-қайта,
Болаттың ыстық жаспен бетін шайды.
— Жылама,— деді Болат анасына,—
Қылмыссыз күйдім байдың жаласына.
Ер жігітке өткелден өту керек,
Не келіп, не кетпейді ер басына.
Жылама, жалғыз ботаң жатпас мәңгі,
Көп болса енді бір жыл татар дәмді,
Осы күйге салармын тірі болсам,
Бізді бұлай жылатқан залымдарды.
Жасыма, беліңді бу, шира, пысы,
Тым жасып ауыр ойға кетпе түсіп.
Ер жігітке бұл жара — жара емес,
Бұл ерінге байқаусыз шыққан ұшық».
Жұбанып зарлы ана тұрғанымен,
Жасымай қайраттылық қылғанымен,
Денеде қайрат пенен қажырсыздық,
Боп тұрды сол уақытта нақ теңбе-тең.
Қақтаған сықылданып күміс жамбы,
Бұралған елестетіп нәзік талды.
Қадалтып қара көзін, қабақ шытып,
Алтын да қарсы алдына келе қалды.
Келе сала құшақтай алғандай боп,
Көзі жас, лебі оттай жанғандай боп,
«Мен жазықсыз,
Болатжан, мені құтқар!»
Деп кез жасы мөлтілдеп тамғандай боп.
«Мені құтқар, Болатжан!» дегендей боп,
Әрбір сөзі жүрекке қадалған оқ,—
Сықылданып:
Болаттың өзегіне
Тағы түсті құла аттан молырақ шоқ.
Қарауыл Болатты алып жеме-жемге,
«Уақыт бітті, жүр!» деді қайғылы ерге.
Азалы ана баласын құшақтай ап,
Қалқам-ау, барам деді мен де бірге.
Қарауыл Болатты айдап алып кетті,
Анасы шыдай алмай талып кетті.
Болаттың да кескіні қуқылданып,
Талықсып қан тамыры зорға тепті.
V
Көкте бұлт қоюланды, жұлдыз сөнді,
Аспан жерге жанаса келіп төнді.
Ызылдаған жалғыз-ақ желден басқа,
Жанды, жансыз дыбыс жоқ түгел «өлді».
Талай ай абақтыда жатқан Болат,
Қыс бойы құтылудың жолын қарап,
Жүретін де, ретін келтіре алмай,
Осы түн сыртта қалған жанасалап
Бір минут тарыққанда жылдан ұзақ,
Айнала тастан қорған шықпас тұзақ.
Қақпаларда күзетші.
Қорған биік,
Қалай ашар,
Қорғанды қалай бұзад?
Құба-құп,
Құтыла алса тым-ақ жақсы.
Егер де қолға түссе не болмақшы?
«Қашақ» боп күнә үстіне күнә жамап,
Жазаға қоса тағы жаза алмақшы.
Қолында күзетшінің қылыш, мылтық,
Олардан алмақ қалай оны жұлқып?!
Атпасын сол арада кім біледі.
Не көріп, не болмаса тапса тінтіп.
Төрт шамды төрт бұрышқа қойған жағып:
Түп қараңғы болғанмен,
Қорған жарық.
Төрт бұрышта төрт солдат мылтық ұстап,
Жан-жағына алақтап отыр бағып.
Астында бір қоқымның үйіп қойған
Сығалап жатыр Болат шықпай ойдан.
Маңында күзетшілер көргенінде,
Жүрегі дүрс-дүрс соғып болды ойран.
Басына оның ауыр түсті бір сын,
Ер жұмса қиынға көз, солай жұмсын;
«Құтылмай!» «өлем!» ойда алпарысып,
Жүрегі ат шапқандай қақты күрсіл!..
Болғанда түн ортасы тұрды ептеп,
Қасына қақпасының келді еңбектеп.
Шап беріп қапылыста күзетшіні,
Уыстап қылғындырды кеңірдектен.
Шеңгелін жібергенде қысып қатты
Абайласа өңешін үзіп апты.
Қалтасынан жалма-жан кілтін алып
Қақпаны ашып шығып, қайта жапты.
Бұрышта қарауылдар көріп қалып,
Тоқтатпақ болды әуелі айқай салып.
Тоқтамады.
Тұс-тұсынан оқ жаудырды,
Жанынан өтіп жатты жанай ағып.
Еңкейіп кеудесімен жерді құшып,
Өкпесін қолына ала жүгірді ұшып.
Құтылып аман-есен жауған оқтан,
Бір сайға домалана кетті түсіп.
Дем алып аяңдады сайды өрлей,
Маңдайдан тер құйылды болып селдей.
Қаладан ұзап шығып алған кезде
Тоқтады өз көзіне өзі сенбей.
Сағынған ен ауаны жұтып еркін,
Көз тойып, табиғаттың көріп көркін,
Үстіне жасыл шөптің, аунап жатып,
Серпілтті іштегі ауыр улы дертін.
Көп жатып абақтыда кеткен әлі,
Жиналды денесіне тағы-дағы.
Жер де, көк те, жұлдыз да аспандағы
«Жаса Болат!» дегендей жамырады.
Бір нәрсе осы кезде етті қараң,
Қараса арба жеккен жолаушы адам.
Жолаушыда дыбыс жоқ,
Аты жолмен
Келе жатыр,
Болат тұрған жерге таман.
Тарантас құрғақ жолда салдырады,
Салдырында тымық түн жаңғырады.
Ат үркпесін дегендей тұрды Болат
Қолына алтыатарын алды-дағы.
Ат қасынан аяңдай өтті желіп,
Жолаушы арбадағы бейне өлік,
Дыбыс жоқ,
Арбасының арт жағына
Асыла Болат-дағы мінді келіп.
Божыны ең әуелі қолына алып,
Ұйқылы жолаушыны түртіп қалып,
Оятты да,
«Түрегел, кімсің!» деді,
Жолаушы көзін ашты ыңыранып.
Арбадан жат адамды көріп көзі,
Сескеніп ол адамнан шошып өзі,
«Сен кімсің.
Түс арбамнан,
Неге міндің?
Түс кәне, қалжыңдама!»
Болды сөзі.
Саспастан «өзің кімсің?» деді Болат,
— «Мен Қараның ортаншы ұлы Орақ!» —
Дегенде кескініне төніп Болат,
Қадалтып отты көзін тұрды қарап.
— Мін кіммін?—деді Болат,— танимысың?
— Жоқ,
Сені танымаймын.
Жарып исің
Мұрнымды барады!»
— «Түс атымнан!
Сен ұрысын.
Сенің де қанық исің»..
Болатты Орақ қарап танымады,
— «Танымасаң мен Болат жаныңдағы,
Абақтыға салып ең, одан шықтым
Бар ма істерін, «мырзаеке» тағы-дағы.
«Қолыма түстің» бәлем ажал айдап,
Таусылып еді тістің мөрі қайрап» —
Деді де алтыатармен тартып қалды,
«Аһ» деді де сұмырай түсті жайрап.
Көзіне көкпеңбек оқ жарқ еткенде,
Жыландай пысылдақ оқ сарт еткенде,
Кешегі күн жазықсыз жара салған
Қас дұспаны алдында жалп еткенде.
Көптен бері жүректе қатқан құсық,
Арылғандай боп кетті құсып-құсып.
Желкеден көптен бері басқан салмақ,
Кеткендей болды қазір о-дағы ұшып.
Орақты қыр-қыр етіп өлмей жатқан,
Итеріп сылқ еткізіп түсірді аттан.
Мінген не жылқы екен көрейін деп,
Атқа барды еліріп жерді тартқан.
«Құр-құрлап» маңына ол келген кезде,
Тізгінге қолын сала берген кезде,
Кісінеп жіберді ат танығандай,
Түсі жылы ұшырап кетті көзге,
Құла екен. Екі көзі жанды шамдай,
Ер Болат өз көзіне өзі нанбай
Үңіліп қарап еді,
Нағыз өзі,
«Жануар!» — деді
Болат шыдай алмай.
Ағытпай құлақ бауды қиды Болат.
Сайманды тез сыпырып үйді Болат.
Құшақтап жібек жалын, жасын төгіп,
Аймалап өз құласын сүйді Болат.
— Жануар! —
деді менмін сүйген иең,
Сен үшін нәлет қамыт киген иең.
Түрме кәріп, қандала, битке жем боп,
Қу тақтайға жамбасы тиген иең.
Зарығып қара суды татты иең.
Қара тұнық қайғыға батты иең.
Адам затта мұң шағар жан таба алмай,
Қалаған тасқа зарын шақты иең.
Аң болып қанжығаға байланды иең,
Байлардан құтылуды ойлады иең.
Есік, кісен, терезе, темірден тор
Айналмадай қаңғырып айналды иен,.
Сол тамұқтан азат боп босанды иең.
Соның бәрін көтерген осал ма иең.
Кім өзіне озбырлық қылса, соны
Өзіндей қылмай көңілін басар ма, йен.
Сен де азат, мен де азатпын; Алтын қайда?
О да тұтқын адамдай зар қылмай ма?
Үшеуміздің басымыз түгелденбей
Мұратқа жетіп түгел тұру қайда?
Олай болса,
мен ерттеп мінем сені,
Жүректің тарқап болмай түгел кегі,
Үстіңнен ер алмаймын,
Шабысыңды
Көрсет сен, маған енді бәйгідегі!»
Деді де, құла атқа мінді ырғып,
«Шүу!» — деді.
Тартты құла желдей сырғып.
Шабыстан қарсы алдынан соққан желді,
Ішке Болат қымыздай жұтты сыңғып.
Көрсетті тан, белгісін Шолпан ымдап,
Қарсы алды таңды аспанда торғай шырлап.
Бусанып көтерілді жердің шығы,
Жасыл жібек қаланы түгел дымдап.
1928—1929 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі