Көктемімнің қарлығаш – қыз қонағы – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Көктемімнің қарлығаш – қыз қонағы» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1167
Көктемімнің қарлығаш – қыз қонағы,
Кетер күлсең көңілдің ызғары әлі.
Көре алмастар атыңа күйе жағып,
Сенің мынау көркіңді қызғанады...
Мейлі, мейлі, сыртыңнан кінәласын,
Көрерің көп, сау тұрса мына басың.
Ақ көңілім болмасқа бордай тозып,
Болымсызға несіне мұңаясың?
Жасымашы, жабырқап, қарашығым,
Қара шашты еркелеп тарашы бір.
Жанарыңмен жарқ еткен серпіп жібер
Көлеңкелі көңілдің бар ашуын.
Ашылмастан көктемгі гүлің әлі,
Неге өмірден көңілің суынады?
Тоңып жүрген шуақсыз менің жаным
Жанарыңмен өзіңнің жылынады.
Көтер басты, қабақтан бұлтыңды айда,
Сұлуларда мұң емес, сыр тұрмай ма?
Айтшы, жаным, кешегі еш кінәсыз
Сылдырлаған бұлақтай күлкің қайда?
Тазалашы, күлкіңмен жушы бәрін,
Білмейсің бе бұлттан соң күн шығарын.
Дерті болса жүректің жазылсыншы,
Күніндей бір көктемнің күлші, жаным!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері