Өлең, жыр, ақындар

Жетісай – жеті қазынам

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1659
Құштарлықтың күшімен
Келе жатқан бетіміз.
«Жетісайдың» ішінен
Шыға келсе жеті қыз.
Жаралғандай бағыма,
Кетпей ойым теріске,
Жетіп келсе жаныма
Жеті бірдей періште.
Бұл ғажапты көретін,
Сірә, мендей жоқ пенде.
Жетеуіне беретін
Жеті жүрек жоқ менде.
Бәріне де көнемін,
Досым, менен қызғанба!
Менің жеті дегенім,
Бәлкім, жеті музам ба?
Осы сырдың себебін
Бұзбас ешбір сарапшы.
Менің жеті дегенім,
Бәлкім, «Жеті қарақшы»?
Дүниені аралап,
Талса егер де қанатым,
Сол жеті қыз мені әлі-ақ
Аман сақтап қалатын.
Демеңіздер құр үміт,
Құрдай ұшып кетеді.
Бара жатсам сүрініп,
Кұрақ ұшып жетеді.
Қалмай менен бір елі,
Таймай «сүйем» деуден де.
Жеті қыздың жүрегі
Дүрсілдейді кеудемде.
Бұлақ болып бұлқынған
Көкжиегім кеңейді.
Сол жеті қыз сыртымнан
Ылғи мені жебейді.
Аққу болып ақ таңда,
Ой-қиялым есейді.
Құлап бара жатқанда
Қанаттарын төсейді.
Қалар емес қапталдап
Құлағымнан сиқырлы ән.
Ұйықтап бара жатқанда
Оятады ұйқымнан.
Жарқыраған нұр жүзім,
Ойын-күлкім – базынам.
Айым,
Күнім,
Жұлдызым,
Анам,
Жарым,
Ұл,
Қызым –
Осы жеті қазынам!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қапшағай теңізі

  • 0
  • 0

Сен болған соң жаңбыр да, бұлттар да көп,
Ағылады жолаушы сырттан да кеп.
Қариялар жатады қалбаң қағып:
«Көзің тиер, соншама сұқтанба», – деп.

Толық

Серіктер

  • 0
  • 0

Бұл өмірге қуаныш боп,
Көрік боп,
Адалдыққа, махаббатқа жерік боп,
Өмір сүріп жүргендердің ішінде,

Толық

Батыраштың балтасы

  • 0
  • 0

Құлагердей, дүние-ай, ат қалмады,
Соны ойлаудан сабыр мен дәт қалмады.
Әлі күнге жатқандай толастамай,
Арғымақтың арқырап аққан қаны.

Толық

Қарап көріңіз