Қыстың күні – Қимада
Есімде...
Бәрі есімде,
Қарындас-құрбы,
Сыйлы аға.
Боранды түннің кешінде
Барғаным бір күн Қимаға.
Жалаңаш талдар,
Селт етпей,
Жарқабақтарға жармасқан.
Өзеннің өзін көрсетпей,
Қапысыз жерді қар басқан.
Сары аяз бетті қариды,
Қымтана түссең құп көрмей.
Терезелері әр үйдің
Телміріп сені күткендей.
Қолына нан мен тұз алып,
Қарсы алған дәстүр, салты бай.
Қонағы келсе қуанып
Қалатын қайран халқым-ай!
Сыйластық деген – бір әлем,
(Сыйластық болса, жоқ қой жау).
Қапсырып бәрін тұрар ем,
Құшағым, әттең, жетпейді-ау!
Есіл бір тасып-толған соң,
Келсең ғой, шіркін, көктемде.
Қимайтын жерлер болған соң
«Қима» деп атап кеткен бе?!
Қалмассың, сірә, қалжырап,
Жанарың толып ұшқынға.
Көктем де жақсы-ау,
Ал, бірақ,
Бөлек қой жөні қыстың да.
Даланың көріп дидарын,
Күшейген көңіл құзыры...
Қыста да тіпті Қиманың
Таусылып болмас қызығы.
Сәт сапар тілеп жолыңа
Тұрғанда ел-жұрт, мекені.
Домбыра ұстап қолыңа,
Ән салғың келіп кетеді.
Қалдырып бәрін қапталда,
Төбесін, тауын, жотасын,
Ақ «Волга» мініп
Ақ қарда –
Ағызып бара жатасың...
Тартасың ылғи ілгері,
Тағы бір жерге жетем деп.
«Осынау қайран күндерің
Қайтадан келер ме екен» деп.
Әуелден көңіл дос, ғашық,
Сүйген ғой жүрек даласын.
Қимай да қимай қоштасып,
Қимадан кетіп барасың.
Риза бол,
Есіл осыған.
Ризамын мен де өткенге.
...Ағыл да тегіл тасыған
Көрсем ғой сені көктемде!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі