Махамбет және Жәңгір хан
ДАСТАНҒА БАРАР ЖОЛ
1
Армысың,
Асыл
Алдаспан!
Арнадым саған
Ал, дастан!..
Ғұмырың сенің ғадауат
Ғасырдан ғасыр жалғасқан.
Әлі де бар-ау жауларың,
Әлі де көп-ау дауларың,
Алыста жүріп аңдасқан.
Жаныңда жүріп жандасқан.
Кейбіреу іштен шалады,
Кінәрат жерді дәл басқан.
Қазақта қанша ұл туса да,
Опынып әлі келеміз –
Орының тіпті толмастан.
Кимылы қабыл ер қайда,
Қиналған жерде қолдасқан?!
Отқа бір түсіп,
Атойлап,
Отанын,
Елін қорғасқан?!
Жаулардың қолы қынулы,
Жұмырығы жұмулы –
Жағаға әлі жармасқан.
Тұлпар жоқ тегі өзіңдей,
Төрт аяғын тең басқан.
Патша да,
Хан да
Жоқ әлі –
Арыны күшті арбасқан.
Шіренеді шенеунік,
Кіреуке –
Көзін шел басқан.
Бұл күнде түйір пайда жоқ
Ағайын,
Достан,
Жолдастан.
Соларға куә қашаннан –
Орманым мынау шуласқан,
Тауларым анау қар басқан.
Тағы бір батыр туар ма,
Елім үшін егескен,
Халқым үшін қандасқан?!
Құбыладан соққан
Көк дауыл,
Көгілдір Туды желпиді,
Көңілім таза –
Таңғы аспан!
2
Махамбетті
Мандыта алман
Мадақтап.
Маған оны
Мүмкін емес
Мүсіндеу.
Анда-санда
Ойларымды сабақтап,
Бар қолымнан келгені –
Сөздің құнын түсірмеу.
Кейде тіпті
Батырмен де шендесіп,
Кейде тіпті
Ақынмен де шендесіп,
Иықтасып, белдесіп,
Тиіп-қашып, селбесіп,
Себін тауып,
Әйтеуір,
Алпауыттың алдында –
Аласармау,
Кішірмеу!
3
Махамбетті
Түсіре алман
Тұлғалап.
Түрін,
Түсін,
Табиғатын – болмысын.
Жүрегінің жігерін,
Құдіретті қол күшін.
Ақылы мен айласын,
Садағы мен найзасын.
Арын және намысын.
Арғымағын арынды,
Жан құмарын – дарынды,
Қос білегін қарымды,
Дос жүрегін жалынды,
Бәрін,
Бәрін сипаттап,
Айтып беру
Ақын үшін – сын нағыз.
Ал, әйтсе де,
Ақын болып,
Ақ қағазға жол салған соң,
Батыр болып,
Қорамсаққа қол салған соң,
Қайту қиын райдан,
Медет сұрап Құдайдан,
Болашаққа аттанып,
Сеңгір көкті бетке алып,
Міндетімді атқарып,
Тартып кеттім –
Нар тәуекел!
... Мені де бір тыңдаңыз.
МАХАМБЕТТІҢ АТА-ТЕГІ
1
Аңыз бар ел ішінде баяғыдан,
Басталған Махамбеттің баянынан.
Тараған Құлмәліден қауым елді
Сырт елдің келген дейтін саяғынан.
Шын аты – Құлманияз, Құлмәлінің,
Тарихтың жылдам өткен жылдарының.
Кісі жоқ көктен түскен, жерден шыққан,
Біледі жалғыз Құдай бір мәлімін.
Арқауы шежіренің бұзылмастан,
Бір ұрпақ бір ұрпақтың ізін басқан.
Қысқасы, Махамбеттің арғы атасы
Парсыдан келген дейтін –
Қызылбастан.
Жазмышын болашақтың жазым-себін
Болжалдап білген дейсің әзірше кім?!.
Болыпты Құлманияз
Жалғыз ұлы
Парсының бір патшасы –
Нәдіршенің.
Қарт Каспий,
Теңіз суы жерінен көп,
Жан-жақтан құйылады керуен көп.
Патшаның жалғыз ұлы кемеменен
Айдынға шығады екен серуендеп.
Қауыммен күтушілер – нөкерімен.
Қара ертпей жалғыз кеме – жеке жүрген.
Ішінде ызы-қиқу,
Қызық-думан,
Қаперсіз уақыттың өтерінен.
Кездейсоқ – қасірет те,
Қуаныш та,
Тап келіп
Төтен соққан бір ағысқа.
Күн бойы айдын кезген жалғыз кеме
Кетіпті көзден таса – тым алысқа.
Сәлден соң
Асау толқын бұратылып,
Бұрқанып –
Бір басылып,
Бір атылып,
Кемені қақпақыл ғып,
Қол добындай –
Ұстайды кейде уыста – тұра тұрып.
Күшейіп қара дауыл бағанадан,
Бір тынбай,
Жан алқымды сағалаған.
Аспаннан ағып түскен
Қара құстай
Су бетін қанатымен сабалаған.
Арпалыс –
Ала шапқын,
Бір ерегес,
Атылған ақ жол толқын – үдере көш.
Кемені бір батырып,
Бір шығарып,
Жеп-жеңіл –
Жаңғақ құрлы көрер емес.
Кей сәтте көз ілеспей екпініне,
Қылыштай жарқ-жұрқ етіп кетті мүлде.
Алдында бір көрешек күн болмаса,
Теңіздің кім шыдайды тепкініне.
Он күн бе,
Одан да көп –
Он бес күн бе?
Оқиға адам айтса сенбес мүлде.
Бір кеме
Жағалауға жығылыпты,
Жалғанда керек болмай енді ешкімге.
Көрген жан бұл сұмдықты түсіне алмай,
Маңына маңайлауға кісі бармай.
Кемені Парсы жақтан
Қарсы жаққа
Шығарған құдіреттің күші қандай?!
Көрген жан сенер емес өз көзіне,
Дауылдың бір сұмдығын сезгені ме?!
Кемені
Дал-дал болған көріп тұрып,
Дал болды қазақтардың өздері де.
Жиылып көрші ауылдар қапталдағы,
Қызығып көрмесіне дәт қалмады.
Үдере –
Үш күн бойы
У-шу болды
Каспийдің қазақ жайлап жатқан жағы.
Өткенді егжей-тегжей сұраған кім,
Тап келген бейнеті ме пірадардың?!
Беріштер бұзып алып жатқан кезде
Денесі табылыпты бір адамның.
Қараса,
Өлген емес,
Ол – тірі адам.
Қалжырап,
Қатып-семіп,
Қалтыраған.
Дембелшең – сала құлаш денесі бар,
Тек емес,
Жас та болса батыр адам.
Тап-таза,
Үлде-бүлде үсті-басы,
Азырақ өсіп кеткен сақал-шашы.
Белінде – күміс кісе белдігі бар,
Қолында – сағаты мен сақинасы.
Шамасы, жасы – жиырма,
Үйленбеген,
Кісіге ұқсамайды күй көрмеген.
Бет-аузын жалын шарпып,
Бырыстырып,
Саусағы шала-шарпы күйген неден?!
Басқаша бір жерін де бүлдірмеген,
Көз көріп,
Құлақ естіп – дым білмеген.
Кірпігін әзер ашып,
Қимылдайды –
Әйтеуір,
Жаны шығып үлгірмеген.
Беріштер бір-бірімен қауымдасқан,
Бір ру –
Баяғыдан бауыр басқан.
Денені сұлық жатқан киізге орап,
Көтеріп бірі – аяқ, бірі – бастан.
Дайындап біреуінің киіз үйін,
Бірігіп кетсе беріш – іске түйін.
Ем жасап,
Екі ай бойы –
Ес кіргізіп,
Түзеді жолаушының халы-күйін.
Түрі бар,
Тұрпаты бар бір көрерлік.
Толысып – қалған дене жүлгеленіп.
Сезініп қамқор елге тап келгенін,
Сөйледі біраздан соң тілге келіп.
Қызылбас – айтты өзінің кім екенін,
Мұсылман,
Мұхаммедтің құлы екенін.
Парсыда атақ-даңқы дүрлеп тұрған,
Патшаның Нәдіршедей ұлы екенін.
Беріштер сөзге – мығым, іске – берік,
Кей кезде берері бар күшке де ерік.
Беріштің бұл ісінен үлгі алса екен
Жүргендер бір қазақты үшке бөліп.
«Олжаны» әкелген соң ауылына,
Болғаны қызығы да, сауығы да.
Беріштің бір кісісі – Жауғаш деген,
Бала ғып басыпты оны бауырына.
Құл емес,
Құлманияз ұл боп өсті.
Дүниеден беті қайтпай дүрлеп өсті.
Көрген жоқ парсы деп те,
Қарсы деп те –
Қазақтың баласымен бірлеп өсті.
Сақтаған ата-баба жол бұзылмай,
Адайдың қосты аруын хор қызындай.
Жауғаш та жаны қалмай бағып-күтті,
Құдайдан сұрап алған жалғызындай.
Осылай өте берді жылдар үдеп,
Беріштің болғанменен ұлдары көп,
Есімін ел ішінде еркелетіп,
Атанды Құлманияз
Құлмәлі боп.
Құлмәлі жігіт болды өте күшті,
Көрсе де қиналмайтын теперішті.
Еткен соң Алла нәсіп
Дүниеге
Келтірді Шыбынтай мен Өтемісті.
Ақыры Өтемістен он ұл тарап,
Он ұлы атқа мінді жауға жарап.
Аттанып қанды айқасқа кете барды –
Мойнына асынды да қару-жарақ.
Атты әскер бермеген соң билеп тыным
Жеткен соң зеңбірегін сүйреп мығым.
Қорғады алдыменен туған жерді –
Тайсойған,
Қызылқоға,
Бүйрек құмын.
Бірі жоқ омырайып үйде қалған,
Тентек те болған емес шүйде жарған.
Айшуақ хандық құрған
Сол бір тұста –
Өтеміс біразырақ би де болған.
Бәрі де –
Бөрі дерсің даладағы,
Құлдықты құртып тынып санадағы.
Би түгіл,
Ханыңа да қарайламай,
Елдіктің еркіндігі – қалағаны!
Махамбет –
Бәрінен де дара туған.
Жан еді ол
От-жалыннан жаратылған.
Халықтың қасіретін жанмен ұғып,
Қастандық атаулыға ара тұрған!
2
Арғымақ тектес Махамбет,
Арғы атасы – Беріш-ті,
Бәрінің басын қосқанда
Бір дүрлігер жер үсті,
Қыздары да – қылықты,
Жігіттері – келісті,
Бұдан артық таппассың
Ел ішінен кенішті.
Жорықтарда,
Майданда
Жеңілуді білмеген,
Мақсат тұтқан жеңісті.
Жүрген жері беріштің
Жетпегенді жеткізіп,
Өтпегенді өткізіп,
Толтырады кемісті.
Төр қылады тауларды,
Өр қылады еңісті.
Бұралаңды дұрыстап,
Түзетеді терісті.
Сипатына қарасаң –
Нағыз сұңқар ең ұшқыр.
Тұрпатына қарасаң –
Нағыз тұлпар желісті!
АЙҚАС АЛДЫНДА
Жосылды ғаскер,
Жан-жақтан түгел жосылды,
Жәңгірдің жағы
Байланып бағы – шошынды.
Беріштен – бес жүз,
Адайдан тағы – алты жүз,
Жаппастан бүгін жеті жүз жігіт қосылды.
Шөмекей,
Шекті,
Төртқара,
Таз бен Тама бар,
Жетіру,
Әлім,
Байұлын барып паналар.
Қарасын болар,
Қолында қағаз-қаламы,
Арасында оның –
Аздаған Арғын және бар.
Құр емес әскер,
Қоңырат,
Қыпшақ,
Керейден,
Шешендер де бар,
Шеркештер де бар серейген.
Бір шеті анау
Алатау жақтан – Шыңғыстау,
Бір шеті мынау
Ақмола жақтан – Ереймен.
Шетінен батыр,
Шетінен ылғи тарландар,
Тарландар түгел
Айқасқа шықса не арман бар?!
Жетісу жақтан ентелеп жетті ерлерім,
Жалайыр,
Жаныс,
Қалқаман,
Суан,
Албандар.
Батылдар кілең,
Батырлар кілең – шетінен,
Айқасқа ғана,
Шайқасқа ғана бекіген.
Айтатын емес
Бір айтқан сөзін екі рет,
Қайтатын емес
Бір алған, сірә, бетінен.
Махамбет бүгін
Өзгеден ерек көңілді,
Жігері бойда,
Жеміріп тастар темірді.
Өзімен бірге,
Майданға қосты жетектеп
Өтемістен туған он ұлды.
Исатай батыр,
Баласы қайда Тайманның,
Біліп бір болмас
Келіп те жатыр қайдан кім?
Бөгенбай батыр,
Қабанбай батыр ұрпағы
Қайтпайтын қайсар
Қанжығалы мен Найманның.
Пай, пай, пай, шіркін!
Исатай әбден разы,
Таусылған білем, хан Жәңгірдің де лажы.
Тайсойған батыр,
Ішінде Сегіз сері бар,
Сол жерде туған оғландардың біразы.
АТТАНЫС
1
Аттан да,
Аттан,
Арқырап ұшып,
Аптығып.
Ақ семсер жүзі
Аспанның бетін қақ тіліп,
Ағады аттар,
Ағып бір барып құлайды,
Ағысы қатты дариядайын – шаптығып.
Ат жалын құшып,
Атыс та шабыс – қан майдан.
Ата жау тегі
Алмай да қоймас шаужайдан.
Атылып тұрған
Арыстан сынды
Ақыры –
Атты әскер шығар,
Асығып жеткен шалғайдан.
Атты әскер шығар
Атағы кеткен
Алысқа,
Атойлап сосын,
Ат қосып бәрі жарысқа.
Арманды жанның
Артында қалған
Арудай,
Аңсатқан өмір,
Айналып бәрі ғарышқа.
Соғыстың заңы,
Түсінген ж
анға тым қатал,
Таң атар талай,
Түк білмегендей күн батар.
Алдында айқас,
Содан соң,
Шайқас тынған соң,
Соңынан барып,
Қайғы мен зарын тыңдатар.
2
Жарқ-жұрқ етіп
Алдаспан,
Шақ-шақ етіп
Ақ қылыш.
Сойыл-шоқпар қосылып,
Тақ-тақ етіп көк қанжар,
Басталды бір арпалыс,
Басталды бір қақтығыс.
Осы болар түбінде
Ақтық майдан,
Ақтық іс.
Шұбар атты Исатай,
Күрең атты Махамбет,
Бір жағында – құм Нарын,
Бір жағында – Ақжайық,
Арасында –
Қатты ұрыс!
3
Орағытып шабады,
Орай-орай Орданы.
Атты әскерге қосылып
Жаяу әскер жолдағы.
Бұл недеген бұлқыныс
Бітпей қойған толғағы?!
Жайық бойы көк түтін,
Жалын атқан жан-жағы.
Көк түтіннің ішінен
Түгендейді Исатай
Батырларын қолдағы.
Зеңбіректер зіркілдеп,
Жаяу әскер жапырлап.
Қанаттарын қомдады.
Ызы-қиқу ел іші,
Өзен,
Тоғай,
Орманы.
Жатып қалды
Жәңгір хан,
Сорға айналып зор бағы.
Жан-жағына алаңдап,
Мойын бұрып қарайды
Асыл ару – Фатима,
Ақсұңқардай тордағы...
Дүрс-дүрс етіп жүрегі,
Ел үстінде тілегі.
Кім жеңеді – кім құлап,
Кім қуанар – кім жылап,
Өзегімен өртенген
Өзі ғана біледі.
Осы екен-ау
Ойласаң –
Дүниенің жалғаны!
Исатай мен Махамбет
Ойлағаны ел қамы.
Екеуі де асыл ер,
Ел-жұртының ардағы.
Дәл осы бір айқаста,
Екіталай
Егесте
Екеуінің бірінің
Шыбын жаны қалмағы!
ЖӘҢГІРДІҢ ЖОЛЫ
Жаралған жақсылыққа жан-жүрегі.
Жәңгірдің айналасы ән-жыр еді...
Аң аулап, саят құрар
Анда-санда,
Астында –
Тоқпақ жалды қан күреңі.
Ертіп ап
Серілерін,
Серкелерін,
Сұңғыла сұлуларын – еркелерін.
Аралап қайтқандайын болатұғын,
Құм емес,
Таңғажайып ертегі елін.
Қолтықтан –
Қоян,
Түлкі,
Қасқыр қуып.
Асауды үйрететін бас білдіріп.
Суытпай ат аяғын,
Суыт жүріп,
Алатын таң асырмай асқындырып.
Ол күнде шын дос еді Махамбетпен,
Бірге еді дәм-тұзы да татар көппен.
Қыз қуып,
Қызық қуып,
Думандатып –
Даңқы да,
Дақпырты да қатар жеткен.
Дос еді – арасынан қыл өтпестей,
Көңілдің қылауы жоқ – кірлетпестей.
Мылтығын бір-біріне ұмсынғанда,
Сенісіп,
Жүректері дір етпестей.
Бөлінбей қараға да,
Төреге де.
Жатсынбай жаңаға да,
Көнеге де.
Тартатын безілдетіп,
Кезек-кезек –
Қобызды іліп қойған керегеге.
Сағынса бірін-бірі тосып алып,
Сонда да осы қауым, осы халық.
Үшеуі аңға бірдей аттанатын,
Қасына Исатайды қосып алып.
Не жетер өлең айтып, ән білгенге,
Жадырап тоят табар – жан күлгенде.
Беделі Исатайдың
Бір кем емес
Халқына
Хан баласы Жәңгірден де.
Жәңгірдің жаттығы жоқ,
Жаны – жайсаң.
Сымбатты
жігіт еді,
Өзі бойшаң,
Кескінді,
Келте сөзді,
Кесек мінез,
Кісіні кешірмейтін «серттен тайсаң».
Жастықтың өтті талай сынар күні,
Бағамдап білген дейсің кім арғыны.
Бір міні
Бойындағы сол ғана еді –
Билікке бала жастан құмарлығы.
Кім жүрер бәрін байқап,
Бәрін қымтап.
Диірмен де тарта бермес үнемі ұнтақ.
Әттең-ай,
Қатар алып кім жүріпті,
Кісіге бұйырғанда бақ пенен тақ.
Тағдырдың жолы бар ма тағайынды,
Қас қылған бір-біріне ағайынды.
Қаланған тас кірпішін татулықтың
Мансаптың айбалтасы қақ айырды.
Кісінің қуанғаны – қамыққаны,
Жадырап жұбанғаны – жабыққаны.
Екіге ел айрылды,
Амал бар ма,
Хан жағы,
Болып және
Халық жағы.
Басталды
Алас-күлес,
Қуғын-сүргін.
Басылар күні бар ма дудың бір күн.
Батырлар семсер ұстап, серт берісті,
Бәрібір «өлдім бір күн, тудым бір күн».
Қоздырып тайталасты патша жағы,
Ағайын бірін-бірі жат санады.
Халықтың қайсарларын, жайсаңдарын
Төрге емес,
Көрге қарай қақпалады.
Осылай күндер өтті қасіретті,
Арада талай-талай ғасыр өтті...
Артында – Ақындардың сөзі қалып,
Алдында – Батырлардың басы кетті!
***
Бірі – Батыр,
Бірі – Хан.
Бірі – Ақын,
Бірі – Нән.
Бірі – Сері,
Бірі – Паң.
Қатар тұлға,
Қос тұғыр.
Аңыз болған достығы,
Көк аспанның қос күні,
Қара жердің қос шыңы.
Әттең, дүние,
Не керек,
Айыруға келгенде,
Ақыл-айла жетпейді
Екі бірдей жақсыны!
МАХАМБЕТ ПЕН ЖӘҢГІРДІҢ
ЖАУАПТАСУЫ
Махамбет:
– Өрнектеп өлеңімді түрлеп едім,
Көңілді бірге жүріп бірлеп едім.
Асауды бала жастан ерттеп мініп,
Атылған ай астынан сұр жебе едім.
Жәңгір:
– Атыңды естіп едім бала жастан,
Кемді күн кезіміз бар араласқан.
Бұл заман алмағайып болған кезде,
Қай тағдыр басқа жаққа ала қашқан?!
Махамбет:
– Кәпір деп есептеймін орысыңды,
Орысқа ойрандатып қонысыңды.
Төре боп төбемізге шығып алдың,
Қараға бермей қойдың қол ұшыңды.
Жәңгір:
– Махамбет, енді маған маңайлама,
Айтасың қарсы тұрып қалай ғана?!
Сен түгіл қаңғып келген...
Бере алмаймын,
Бұл жерді
Беріш,
Шеркеш,
Адайға да!
Махамбет:
– Түбінде деп жүруші ем түсінерсің,
Өзіңмен Махамбеттің ісі болсын!
Ендігі кездесер жер,
Ант етемін –
Ат үсті,
Ақ найзаның ұшы болсын!
Жәңгір:
– Түбіңді деп жүруші ем асыл болар,
Ісіміз енді бізді
ң насыр болар.
Ұмсынған маған деген қара найзаң
Өзіңе қайтып барып – басыңды алар!
Махамбет:
– Сөзіңе шыдай алман ашындырған,
Ісіңе шыдай алман басындырған.
Патшаның ала добы сенің басың,
Ал менің халқым үшін басым құрбан!
ЖӘҢГІРДІҢ ҚАТЫНДАРЫ
1
Сөз бастайын, ал, тыңда,
Ата-баба салтында.
Алған дейді төрт қатын –
Шариғаттың шартында.
Ақыл-қайрат мол берген,
Ақиқатты жөн көрген.
Біздің Жәңгір ханымыз
Жүрген екен сол жолмен.
Пенде болса жалғанда,
Қарап босқа қалған ба?
Қалыңдықты таңдапты
Қарадан да, ханнан да.
Күйіп-жанып, жалындар,
Құшағына қабылдар.
Ақылына көркі сай
Аз болмаған арулар.
Кім бар жолын шектеген,
Жеке дара кетпеген.
Неше қатын алса да,
Фатимаға жетпеген.
2
Алғаны ең алғашқы Жүзім еді.
Ол да бір өткен дәурен – қызық еді.
Керме қас,
Пісте мұрын,
Қарақат көз,
Тістері маржандайын тізіледі.
Білеміз Мүсіреп би – Құшекенің
Кіші Арғын –
Қараманның ізі екенін,
Бас Сардар –
Әбілхайыр ханымызға,
Атақты Бөкенбайдың қызы екенін.
Он үшке заманында толған дейді,
Көркіне ақылы сай болған дейді.
Бөкенбай жасандырып – жасаулатып,
Жүзімді ұзатыпты қолдан дейді.
Жүзімнің жаны – жайсаң,
Жүзі – жарқын.
Бұзбаған әке жолын, ата салтын.
Жаңылмай,
Жас болса да
Жөнін тауып –
Бағамдап сөйлейді екен алдын-артын.
Келсе де түнде мейлі, таңда мейлі.
Жас ару аузын ашып үндемейді.
Жүзімді үзілдіріп үйінде ұстап,
Жәңгір хан жиі шыққан аңға дейді.
3
Ақыры қолы жетіп Фатимаға,
Бай екен ажарға да, ақылға да.
Өзінше екінші етіп алмақ болып,
Бұл іске кірісіпті батылдана.
Бақытқа ашылмайды бекер есік,
Көңілің өбектесе кетер өсіп...
Жәңгір хан жәрмеңкеде жолығысып,
Алыпты іле-шала некелесіп.
Фатима жасап істің нық-түйінін,
Бірден-ақ қамын ойлап құт-күйінің.
Әкесі – Мұхамеджан Құсайынов,
Қызы екен Орынбордың мүфтиінің.
Көрініп басқалардан дара ғашық,
Екпіні күннен-күнге барады асып.
Білегін бір сыбанып, татар қызы
Билікке кетті бірден араласып.
Молшылық Құдай беріп жатқан нәсіп,
Жәңгірге туа бітті жаққан кәсіп.
Фатима келе сала,
Ханыңыздың
Қасынан қалмай қойды қапталдасып.
Талайлар таңғалып жүр «ғажап!» десіп,
Талайлар алданып жүр азап кешіп.
Кетеді Фатимаңыз
Хан сыртынан –
Көп жайды өзі-ақ пішіп,
Өзі-ақ шешіп.
Артында жыр қалдырып,
Ән қалдырып...
Сұңқардай қия-шыңда самғап жүріп.
Алайда,
Фатиманың сұлулығы
Тәнті етті –
Талайларды таңғалдырып.
Өлеңнің өрнек жатыр айшығында,
Құр босқа ұшырамас бай шығынға.
Фатима әзір солай жүре тұрсын,
Келейік үшінші әйел –
Айсұлуға.
4
Дерек аз
Үшіншіден бізге жеткен.
Құр сөзді қуып қайтем тізбелеткен.
Қызы екен Орта жүздің бір байының,
Соғымы қыста сойған күзге жеткен.
Шын күліп,
Шын қуанып,
Шын еркелеп,
Өтпелі өмір деген бірер күн деп...
Жалт етіп, сөніп қалған от-жалындай,
Айсұлу кетіп қалған тым ертерек.
Кім білген,
Жар қадірін кім білмеген?!
Күн қайда көңіл шоғын күнде үрлеген.
Бұл күнде ізі де жоқ, түзі де жоқ,
Байғұстан бала қалып үлгермеген.
5
Зылиха!
Жәңгір ханның төртіншісі,
Көңілдің көкке өрлеген еркін құсы.
Бағзыдан текті тұқым – түбі қожа,
Ішінде Есауылдың серпіндісі.
Әкесі Қарауылқожа – ел данасы,
Атақты Бабажанның бел баласы.
Жәңгірге қайын жұрт боп,
Бөлек шығып,
Өзгеден асып тұрған мейманасы.
Әзірден байқалып тұр даралығы,
Жәбірлеп жарлы менен жаралыны.
Барады күннен-күнге
Үдеп,
Өсіп
Қан құмар,
Қарауылқожа қаралығы!
Бір-бірлеп,
Билік құрып әр ауылда,
Қалдырды қалың елді талауында.
Елдегі телі-тентек,
Қашқын-пысқын,
Бәрі де –
Қарауылқожа қарауында!
Тонатып мекен-жайды,
Үй -мүлікті.
Өртетіп,
Көп ауылды күйдіріпті.
Ақыры
Хан Жәңгірге қарсы шығып,
Салды әне
Қарауылқожа қиғылықты!
Жолатпай біліктіні, білімдіні,
Құтқармай құлын мүше – тұлымдыны,
Ісіне Жәңгір ханның жауап берген
Бұл-дағы Зылиханың зұлымдығы.
Деген сөз көп ішіне кетті кеулеп,
Қосылып бір-біріне қырсық-нәубет.
Ұрда жық уақытты
Ұрандаған –
Өлеңі Махамбеттің тұр бебеулеп!
МАХАМБЕТ:
– Дүние мынау аһ ұрған,
Бар шатақты шақырған,
Есіл заман,
Естінің
Етегіне жармасып,
Алып жатыр тақымнан.
Дуа кетті данадан,
Бәтуа кетті пақырдан.
Өтті зауал өкпеден,
Соқты дауыл қапылдан.
Қарауылқожа қырт болып,
Айрылғандай ақылдан
Осының бәрі,
Білгенге –
Батырдан да кінә жоқ,
Ақыннан да кінә жоқ.
Барлық бәле – қатыннан,
Барлық жала – қатыннан!
ЖАНКІСІ ЖЫРАУ МЕН БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАННЫҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ
Жанкісі жырау:
Бай да емессің, Баймағамбет,
Жай да емессің, Баймағамбет.
Сен бұрын – ұлтыңның ұлтаны едің,
Енді бүгін –
Жұртыңның сұлтаны болдың.
Сені бұл орынға қонжитқан
Патшаңыздың өзі,
Халқым сені сайлаған жоқ!
Төреге еріп,
Төменнің
Төбесінен қарадың.
Халқыңның
Қай кәдесіне жарадың?!
Шелділермен шендестің,
Семіздермен селбестің.
Малдыларды мақұлдап,
Қоңдылардың қасында қонақтадың.
Кедейді кекетіп,
Малайды мұқатып,
Халқыңды жұтатып,
Елім деп еңіреген ерлеріңді
Етекке тарттың.
Исатайдың соңынан
Ит қосып қуып,
Махамбетті маңыңа жолатпадың.
Ей, Баймағамбет!
Тай күніңде теліндің,
Бай күніңде бөліндің.
Енді Сұлтан болғанда,
Етегін бастың еліңнің,
Еңсесін бастың еріңнің.
Исатай мен Махамбет,
Қос арысым бар болса,
Жалғыз Құдай жар болса,
Қаз басқан қазақ сау болса,
Бар екенін ұмытпа
Қазулы тұрған көріңнің!
Баймағамбет сұлтан:
Ей, Жанкісі, Жанкісі,
Ақындардың әңгісі.
Сендей есер жоқ шығар,
Көріп едім сан кісі.
Үрерге иті жоқ,
Сығарға биті жоқ,
Сұмырайдай сөзі бар.
Байдың байлап қойған,
Тәбеті боп абалаған,
Босағасын сағалаған,
Сен кешегі –
Сіңірі шыққан кедей едің.
Енді бүгін –
Исатай мен Махамбетке ілесіп,
Тұрысың мынау сіресіп,
Ертең басың байланып,
Алдыма келсең айналып,
Сонда маған не дер едің?!
Жанкісі жырау:
А, онда ма, онда ма,
Қыран ұшар қомдана.
Тұлпар шабар құйғытып
Бауырында –
Кең дала.
Батырдың арқа сүйері
Патша да емес,
Хан да емес,
Қара халық –
Ел ғана!
Ту көтерер
Түбінде,
Төбеден түскен
Төре емес.
Бесікте жатып,
Бес түлеп,
Бес қаруын асынған,
Хас дұшпанын басынған,
Жаратылған асылдан –
Қазанаты қазақтың,
Махамбет сынды Белбала!
МАХАМБЕТТІҢ ОЙЫ
Өзің үшін ханымсың,
Менің үшін жанымсың.
Сені алдаған аярға
Жалғыз оғым жалынсын!
Әй, Фатима, Фатима,
Қолым жетпей,
Қор болдым
Дәл өзіңдей қатынға!
Орансаң да бүлдеге,
Кенелсең де жүлдеге,
Бір жадырап күлмейсің
Бұлай болдың, бұл неге?!
Әй, Фатима, Фатима,
Қолым жетпей,
Қор болдым,
Дәл өзіңдей қатынға!
Оңбай қойды райың,
Шықпай қойды шырайың.
Сағыныштан сарсылған
Бар-ау, сірә, сыңайың.
Әй, Фатима, Фатима,
Қолым жетпей,
Қор болдым,
Дәл өзіңдей қатынға!
Алтын жібек жаппадың,
Атқа мініп шаппадың.
Қара қоста
Қасымда,
Қатарласып жатпадың.
Әй, Фатима, Фатима,
Қолым жетпей,
Қор болдым,
Дәл өзіңдей қатынға!
Елжіремей сөзіме,
Көрінбедің көзіме.
Бір амалын таппасаң,
Өз обалың өзіңе.
Әй, Фатима, Фатима,
Қолым жетпей,
Қор болдым,
Дәл өзіңдей қатынға!
ЖӘҢГІРДІҢ ОЙЫ
Ақындықта артық ең,
Батырлықта артық ең,
Бұра тарттың асаудай
Бауырыма тартып ем...
Әй, Махамбет, Махамбет,
Тірі пенде ішінде
Қаперің жоқ,
Қатең көп.
Ақ түсті ме шашыңа,
Дақ түсті ме басыңа?
Менің ерім осы деп,
Ертіп едім қасыма.
Әй, Махамбет, Махамбет,
Тірі пенде ішінде
Қаперің жоқ,
Қатең көп.
Бір жамандық көрдің бе,
Көкірегің шер күнде.
Иісіңмен бездірдің
Исатайға ердің де.
Әй, Махамбет, Махамбет,
Тірі пенде ішінде
Қаперің жоқ,
Қатең көп.
Жырын жырлап өзгенің,
Күйін кештің кезбенің.
Лаң салған мен емес,
Лаңдатқан өздерің.
Әй, Махамбет, Махамбет,
Тірі пенде ішінде,
Қаперің жоқ,
Қатең көп.
Миды улаған сананың
Таба алмадым амалын.
Қасқыр болып туғам жоқ,
Қасқыр қылған – Заманым!
Әй, Махамбет, Махамбет,
Тірі пенде ішінде
Қаперің жоқ,
Қатең көп.
ФАТИМАНЫҢ ОЙЫ
Салып едім ақылға,
Көнбей қойдың мақұлға,
Темірдейін тезі бар –
Тиме деп ем Батырға,
Жәңгір-ай,
Ойламап ем,
Болар деп
Дәл қазіргі хәл бұлай!
Гүл шықпайды тақырға,
Жыр шықпайды пақырға.
Тегеурінді сөзі бар,
Тиме деп ем Ақынға.
Әй, Жәңгір-ай,
Жәңгір-ай,
Ойламап ем
Болар деп
Дәл қазіргі хәл бұлай!
Тусаң-дағы төреден,
Болсаң-дағы көреген,
Сыйынатын кез келді
Тәңіріңе жебеген.
Әй, Жәңгір-ай,
Жәңгір-ай,
Ойламап ем
Болар деп
Дәл қазіргі хәл бұлай!
Толғап атқан жебеден,
Торғай ұшты көдеден.
Запыраны,
Зары бар
Заман болды не деген?
Әй, Жәңгір-ай,
Жәңгір-ай,
Ойламап ем
Болар деп,
Дәл қазіргі хәл бұлай!
Орда тіктің далаға,
Сапар шектің қалаға.
Ақ сүйекпін десең де
Тиме деп ем қараға.
Әй, Жәңгір-ай,
Жәңгір-ай,
Ойламап ем
Болар деп
Дәл қазіргі хәл бұлай!
***
Фатима ханым
Қия ма жанын құр босқа,
Бір күндік сәуле,
Бірер күн дәурен бір басқа.
Сүйдірді,
Сүйді,
Күйдіріп,
Әбден жандырып,
Ант еткен
сынды
Мойынын бері бұрмасқа!
Фатима ханым
Жүрегі жалын күй басқа,
Қа
рамай тегі
Құрбыға,
Досқа – сыйласқа.
Бәрін де билеп,
Бәрін де илеп,
Игеріп,
Ант еткен сынды
Айылын енді жимасқа!
ИСАТАЙДЫҢ СОҢҒЫ ШАЙҚАСЫ НЕМЕСЕ БАТЫРДЫҢ ӨЛІМІ
1
Исі қазақ ішінде
Исатайдан асқан ер бар ма?
Бекетай құмның бауыры,
Тастөбеде деген жер бар ма?
Құба дала,
Құм Нарын –
Қуалай қонған ел бар ма?
Исатайды жоқтаған
Махамбеттің жырындай
Көңілге түскен шер бар ма?
Енді осыны еске алып,
Өткен күнге өкініп,
Болашаққа бекініп,
Баян етіп бәрін де,
Жұбататын көңілді –
Өлеңнен артық ем бар ма?
2
Тізесі батқан талайдан,
Төренің төпеп ауылын.
Келеді батыр Исатай,
Соңына ертіп қауымын –
Кегін алып жауының.
Келе жатқан кезінде,
Байдалы дала төсінде,
Желе-жортқан кезінде.
Екі мың сарбаз еншісі –
Басқада емес, өзінде.
Жедді айының ортасы,
Бейсенбі күн,
Бесінде –
Жел соғады желігіп,
Көрсетіп сұсты сесін де.
Аранын ашып тұрғандай –
Артына сақтап дауылын.
Ауыл – елді басынған,
Бес қаруын асынған.
Соңында бес мың қолы бар,
Құрулы тұрған торы бар,
Кезігіп қалды Исатай
Әскеріне орыстың –
Истомин деген дәуінің.
3
Истомин аздық еткендей,
Геке келді бір жақтан.
Екі мыңдай қолы бар,
Жеке келді бір жақтан.
Қалың құмға ұрынбай,
Төте келді бір жақтан.
Исатайдың әскері
Қажып, әбден қалжырап,
Кезеңі еді –
Құр жатқан.
Мезгіл еді,
Дүние-ай,
Қараңғылық құрсаулап,
Жаңа ғана күн батқан...
4
Толастатпай шайқасты,
Таңға дейін айқасты.
Түні бойы екі жақ
Бірін-бірі байқасты.
Жарық түсе,
Таң ата,
Жарақты жау
Аранын
Әбжыландай қайта ашты.
5
Жалын отын төндіріп,
Зіркілдеді зеңбірік.
Бара жатыр еріксіз
Жаудың жағын жеңдіріп.
Исатайдың ерлері,
Қолдан намыс бермеді,
Қалың топқа лап қойды –
Аз болса да тең жүріп.
Аңдағанға осы сәт,
Аласапыран,
Қым-қуыт,
Ызы-қиқу,
Сергелдең,
Жаңа ғана өзеннен
Кеткендей-ақ сең жүріп...
6
Ойламады Исатай
Осы жолы өлем деп.
Жарды соққан тасқындай,
Жауды қуды кемерлеп.
Қарсы келген хас дұшпан
Талайлары құлады,
Көз алдында сереңдеп.
Алаңдайды Исатай,
Алды-артына қарайлап,
Жан-жағына елеңдеп,
Ер Махамбет бастаған,
Елден жиған қалың қол
Енді қашан келер деп...
7
Таң мезгілі бұл әлі,
Көкжиектен нұр тайған.
Өзіміздің Исатай,
Өкіре кеп құлады,
Өте беріп бір сайдан.
Одан әрі сөз қылман,
Бұл сұмдықты қарашы!
Қалың айқас сәтінде,
Қанға бөгіп,
Көз жұмған –
Келіні мен баласы.
Күн күркіреп,
Жер налып,
Көктен жасын түсті ме?
Бар төңірек зар қағып,
Күйін шертті
Күштіге.
Қанша батыр болса да,
Құлап түсті Исатай
Қос боздақтың үстіне.
8
Мейірлене аса бір,
Бауырына баса бір,
Қос құлынын құшқанда.
Қарап жатпай нәтінде,
Дәл осы бір сәтінде
Қармап қалды дұшпан да.
Оқшырайып оқпаны,
Зеңбіректің доптары,
Топырлады толассыз –
Дәл осы бір тұстарға...
9
Өлді Исатай,
Осылай –
Қос құлынын құшақтап.
Қып-қызыл қан сай іші,
Аспан – қара,
Қыс – аппақ.
Жанталасқан жауыздар,
Арыстанды ақыры
Торға қамап түсірді,
Зорға қамап түсірді –
Жан-жағынан тұзақтап!
10
Мұны естіген
Махамбет
Тұла бойы дерттеніп.
Жауды жайпап құртпаққа,
Өз-өзіне серт беріп.
Мұздай темір құрсанып,
Бес қаруын бөктеріп,
Алқымға ыза кептеліп.
Соңына ертіп,
Сан қолды –
Ата жаудың соңынан
Қуып кетті
Кектеніп!
МАХАМБЕТШЕ ТОЛҒАСАМ...
1
Жегідей жеген
Жер-көкті.
Жедінің желі ұрып тұр,
Алай да түлей
Айнала –
Құралай салқын – суық тұр.
Нәмұрт көңіл қалжырап,
Заманға –
Зауал жуық тұр.
Кешегі өткен жампозым,
Иманы хасым –
Исатай –
Қазасы қайғы қоздырып,
Жүректі шемен буып тұр.
Қораланып Ай дағы
Шалқасынан туып тұр.
Көкірек қарып,
Кек болып,
Кептеліп қалған алқымда,
Кет-Бұғының зарындай
Кеудеде бір үн ұлып тұр.
Әдебінен айрылып,
Әдетінен жаңылып,
Дінін ойлап жабығып,
Ділін ойлап қамығып.
Даң-дұң болып
Дүние –
Діңкесі әбден құрып тұр.
2
Міне алмадым алаға,
Шыға алмадым далаға.
Ұшынған мынау
Замана –
Ұшырадым жалаға.
Алаң болып күн өтті,
Алдымдағы ағаға,
Артымдағы балаға.
Еділ – Жайық арасы,
Елім кетті бөлініп,
Тоқсан тоғыз тарауға,
Сексен сегіз салаға.
Бойым сыймай бұлаға,
Миым сыймай санаға.
Ханның көрдім қаһарын
Қарасам деп қараға.
Шипа болар ем бар ма
Жанымдағы жараға.
Ұлық біткен ылыққан,
Ынсабы жоқ параға.
Ойда жоқта –
Опынып,
Отқа түсіп
Отырмын –
Орынбор деген қалада!
3
Білтелі мылтық асынып,
Білекті түрген күндер-ай.
Түлкіге салып қалықпан
Түлеп бір жүрген күндер-ай.
Қаршыға құсты қайырып,
Аққуды ілген күндер-ай.
Күдеріден бау тағып
Бадана киген күндер-ай.
Көңілді қалса кір басып,
Сұхбаттасып-сырласып,
Мәнісімен машурат
Мауқымызды бір басып,
Сұлуды сүйген күндер-ай.
Қарақат көздің қандайын
Тапқанша таңдап таңдайың,
Майрылғанша маңдайың
Тасқа бір тиген күндер-ай.
Орай шауып Орданы,
Орағытып әр жақтан,
Одан-бұдан қосылып,
Отырыс жасап,
Ой айтып –
Ойнап бір күлген күндер-ай!
4
Біз неткен ер,
Неткен ер,
Аза тұтып ел үшін
Азап-бейнет шеккен ер,
Өкпелетпей
Өз елін –
Өткелектен өткен ер,
Өкіметін орыстың,
Ұлықтарын патшаның
Өті жарылып кетсе де,
Өкінішін көп айтып,
Өтінішін дөп айтып,
Көрместей боп кеткен ер.
5
Біз неткен ер,
Неткен ер.
Шыбын жанын пида етіп,
Қызыл қанын шұбыртып,
Қара терін төккен ер.
Тіміскіні тұқыртып,
Жымысқыны жек көрер.
Белдескенге беріспей,
Елдескенді еп көрер.
Серіктесіп, жарасып,
Бір-біріне қарасып,
Селбескенді сеп көрер.
Қандай жауыз,
Кім екен?!.
Мынау бес күн тірлікте –
Тәңірінің өзі сыйлаған
Аз қызығын көп көрер!
ИСАТАЙДЫ АҢСАУ НЕМЕСЕ МАХАМБЕТТІҢ МҰҢЫ
1
Бар ма еді
Исі қазақта,
Исатайдан асқаның.
Қапыда кеткен,
Қайран Ер,
Хас тірлікте –
Қас-қағым.
Опасыз мынау дүниеде
Олай-бұлай болам деп,
Ойламаған бас қамын,
Аялаған арудай,
Аямаған жас жанын.
Күйген,
Сүйген,
Туған жер –
Ақжайықтың толқынын,
Атыраудың атырабын,
Маңғыстаудың тастарын.
Бүкіл қазақ даласын,
Даласының
Аспанын.
Қу медиен өлкеде,
Өлемін деп ойламай,
Қатар-қатар қос тігіп,
Бір-біріне дос қылып,
Басын қосты,
Қазақтың –
Қуғыншысын, қашқанын.
Қасына қоныс қондырмай,
Қонғаны болса – оңдырмай,
Қиядан қағып қас жауын.
Кетті сабаз дәлелдеп,
Дұшпан барын,
Дос барын.
Беріп едің жұртыңа,
Төрт түлігін түгендеп,
Сыртқа шашау шығармай,
Танасы мен баспағын.
Қарыны ашпай жас бала,
Өзегі талмай күн көрді
Қара қостың ішінде,
Қара қазан түбінен
Қолын созып,
Қармап жеп,
Қармасы менен қаспағын.
Арыстаным өлген соң
Шайқалды
Қара шаңырақ.
Халқың қалды аңырап,
Жұртың қалды жамырап.
Бағусыз да, қағусыз
Маң далада –
Маңырап.
Қарайлаған заман-ай,
Қабағына басқаның.
Еділ-Жайық толқыны,
Еңіреп,
Жылап,
Боздайды,
Жапырағымен жайқайды,
Жағасында жас талын.
Еңку де еңку жер шалмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Батыр болып бас салмай,
Ақын болып толғанбай,
Ендігі күні не болар
Мен сияқты қасқаның.
Ал, Махамбет, бар болсаң,
Алғаусыз қара нар болсаң,
Ақ жүректің зарымен,
Ақ қылыштың қанымен
Ақ қағазға жаз бер –
Арманды ердің дастанын!
2
Айы оңынан толғанда,
Айналаны шолғанда,
Берен мылтық ұстаса
Бетіне келер жан бар ма?
Айқасқа шықты Исатай,
Арыстандай ақырып,
Әруағын шақырып,
Қолында найза шашақты,
Жанына жиып жасақты.
Жасанған жауын жапырып,
Арыстандай ақырып,
Күлкісіз күнді өткеріп,
Ұйқысыз таңды атырып,
Соңына ерген халқының,
Сойылын соғып,
Сойы боп,
Жақсылығын асырып,
Жамандығын жасырып,
Қарсы келген дұшпанның
Қайтатын еді-ау
Хас сабаз –
Қарасын әбден батырып!
Патша,
Ханға беріспей,
Уәзіріне уанбай,
Уәжіне келіспей.
Қалқан тұтқан
Қалың ел,
Батыс,
Шығыс,
Теріскей.
Аттан салып,
Атойлап,
Атқа мінген асығып.
Арманда кетті
Асыл Ер,
Бес күн мынау тірлікте,
Белін буып жата алмай,
Бес қаруын асынып.
Еміреніп елі үшін,
Күңіреніп жері үшін
Кеудесіне кек толып,
Көрген күні көп болып...
Қапыда кетті-ау
Қайран Ер –
Қас жауына иілмей,
Қас тағдырға бүгілмей,
Халқына ғана бас ұрып!
ЖӘҢГІР ХАН НЕНІ ОЙЛАДЫ?
Әуел баста
Жәңгірдің –
Ойлаған ойы бек еді...
Халқына деген парызы
Шашынан да көп еді.
Ердің жайын қолайлап,
Елдің қамын жеп еді.
Ертеден азан шақыртып,
Алланың сөзін айттырып,
Сәждеге басын тұқыртып,
Іші-сыртын жайнатып,
Мекен-жайын сайлатып –
Мешіт салсам деп еді.
Елдің бәрін дулатып,
Қуандырып,
Қунатып,
Төрт мезгілде –
Бес түлеп.
Бесіктен шыққан жас бала,
Бес жасына жеткен соң,
Бес саусағын он санап,
Бір харекет еткен соң,
Бүлдіршінін ойнатып,
Бір мекен-жай сайлатып,
Мектеп салсам деп еді.
Алтын ұя
Ақ бесік,
Алты Алаштың аймағы –
Бүлінбеген арасы,
Бұзылмаған қаймағы,
Алысы мен жақынын,
Ақыны мен батырын,
Жақсысы мен жайсаңын –
Тілін тауып баршаның
Қатар-қатар тұрғызып,
Ақ Ордаға кіргізіп,
Басын қоссам деп еді.
Әттең, дүние,
Не керек?!
Ой дегенің – керемет.
Ірің болып ішкені,
Желім болып жегені,
Өкінішпен
Өтті ғой –
Орындалмай дегені!
ТӨРЕЛЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ
Қазақтың бір елі бар – Төре деген.
Уықтай – бастау алған керегеден.
Жиылып көтереді шаңырақты,
Құралып –
Желбау,
Үзік,
Дөдегеден.
Тұрған соң
Шаңыраққа тіреу болып,
Бетіне тиіспейді біреу келіп.
Төрінде төбедей боп
Төре отырар –
Құрысып қан тамыры білеуленіп.
Құрбан боп төлеңгіттер жолдарында,
Жапырлап жүреді ылғи жан-жағында.
Көтеріп шаңырақты тұрғаннан соң,
Түндікті ашып-жабу қолдарында.
Іргесі – Ақорданың қара халық,
Батырлар шыға қалса дараланып.
Жалғыз-ақ бас тартары солар ғана,
Қалың ел қала ма деп жараланып.
Солармен бірге болып ой-талабы,
Халқына беріп,
Оны қайта алады.
Қозғалса қара халық,
Қалың толқын –
Іргесі Ақорданың шайқалады.
Толысып болмаған соң байлығы әлі,
Төрелер содан ғана қаймығады.
Ақыры арызданып,
Қарызданып,
Жүрегі Ақ патшадан шайлығады.
Сол еді Ақ патшаңа керегі де,
Батырып ұстау керек тереңіне,
Батыры,
Ақыны да өз қолында,
Күн санап кірбің түссе ел өңіне.
Бұл елдің пайдалы емес бай болғаны,
Оқуы аз,
Өнері кем – жай болғаны.
Ұнайды о бастан-ақ төрелерге,
Халықтың қайыршыға айналғаны.
Әйтпесе,
Батыр шығып баса-көктеп,
Ақыны оны тағы қошеметтеп.
Төренің төбесінен жай түсіріп,
Қолынан келгендерін жасап өтпек.
Жәңгір хан –
Тумысынан киелі еді.
Халқымен жұмысы да жүйелі еді.
Қазақты алдарқатып азын-аулақ,
Түбінде Ақ патшаға сүйенеді.
Ақ патша бірде олай,
Бірде бұлай,
Бой тартып,
Кейде қашып,
Кейде құлай.
Там-тұмдап,
Қызықтырып жем тастайды,
Қисайған кем-кемтігін жөндеп ұдай.
Соған мәз төреңіз де, қараңыз да,
Айналып айтқан сөздің бәрі аңызға.
Серт еткен Ақ патшаға көрінуге,
Секілді түк болмаған арамызда.
Қалпымен өмір сүріп, жамау-жыртық,
Шендіні шетке шыққан тергеп, тінтіп.
Жолданған Ақ патшаға арыз-халді,
Жеткізбей жоғалтады жолдан құртып.
Әйтсе де, елдің іші – ырың-жырың,
Бірі жоқ әдет-ғұрып бұрынғының.
Қол бастап шығып еді –
Исатай Ер,
Жол бастап кеткен жоқ па Сырым бұрын.
Сол жолдың ізі қайта шиырланып,
Қияннан, басын қосып қиырдан жұрт,
Дегендей харакетке кіріскендей
Қапыда қалмайық деп биыл да аңғырт.
Бұл бір жай қазаққа да, татарға анық.
Ел шеті бірте-бірте отарланып.
Қар жауып қабағынан
Қара халық,
Қалың ел бара жатыр қаһарланып.
Болмай тұр кедейге де,
Байға рахат,
Төреге одан кейін қайбір атақ.
Дөңбекшіп,
Дауыл – халық
Тулағанда –
Жәңгір де жата алмады жайбарақат.
Ер Жәңгір
Ежелден-ақ тегі мықты,
Халқының қапасы мен кегін ұқты,
Білім ап Астраханның қаласынан,
Билікке жастайынан жегіліпті.
Білгенге арғы әкесі Нұралы еді,
Қырандай құла түзде қырағы еді.
Ойда – орыс,
Қырда – қытай тимесін деп,
Халқының басын жиі құрап еді.
Болатын Әбілхайыр арғы атасы,
Хан еді домалаған өрге тасы.
Жан-жақтан қалың елін
Жаудан сақтап,
Кетпеген бостан-босқа ел батасы.
Оқушым,
Дұрыс болар ұғынғаның,
Халқының сақтамақ боп шыбын жанын
Қоқаңдап бірде қытай,
Бірде қоқан
Орыстың қолтығына тығылғанын.
Қауіптен құтылмаққа оқыс төнген,
Араз боп ағайынмен кетіскенмен.
Кіріптар болмаса егер,
Кірер ме екен –
Жат жұрттың қолтығына жетіскеннен.
Бөкейдің өзі болса бел баласы,
Жәңгір хан – осы күні ел данасы.
Орал мен Орынборды таңғалдырған,
Жыл толып хандығына берген асы.
ФАТИМАНЫҢ СИПАТЫ
1
Ай нұрындай ажары,
Бұл ғаламның гөзалы.
Төңірегі думан-той,
Тарқамаған базары.
Ақыл-естен айрылар,
Түскен жанның назары,
Ғашықтықтан кісінің
Аз болмаған азабы.
Оған қоса көрсеткен –
Қорлығы мен мазағы,
Қасындағы хан түгіл,
Басын иген
Патша да,
Сол емес пе ғажабы!
2
Көзің тоймас көркіне,
Жетпей қоймас сертіне,
Шоқтай көзі бір түссе
Шыдатпаған еркіңе,
Күйіп-жанып өлгенің
Махаббаттың өртіне.
Жан-жараңнан жазылмай,
Дерт қосады дертіңе.
Айға ұмтылған, қор болып,
Арыстандай мертіге...
Содан кейін жаза алмас
Жалғыз Құдай болмаса,
Құшнаш та,
Емші де!
3
Өлең өзі – жыр өзі,
Шуақ өзі – нұр өзі.
Қайда салсаң –
Бесаспап,
Бес тіл білген бір өзі.
Татар тілі – сөз тілі,
Қазақ тілі – өз тілі.
Орысшаға ағып тұр,
Французға жағып тұр.
Қасындағы хан түгіл,
Петерборда патшаңыз
Одан хабар алып тұр.
Лебізін лезде,
Желге ұшырып жібермей
Айтқан сөзін қағып тұр.
Әр адымын бағып тұр.
Айтып-айтпай не керек,
Фатимадай ханымның
Бағы бүгін жанып тұр!
***
1826 жыл.
Көктем еді.
Даланың бүршік жарған көк терегі.
Алған соң
Ақ патшаның шақыруын
Бір дәурен бастан былай өткен еді.
Кеш еді.
Сол бір ғажап Мәскеудегі,
Шалқыған Фатиманың жас дәурені.
Жүзіне бір қараса дәті қалмай,
Жібітер қатып қалған тас кеудені.
Қалпың жоқ қарап қалсаң таңданбасқа,
Таңданып,
Тебіреніп,
Толғанбасқа.
Қасына жолап кетсең,
Жолың болып,
Бақыттай көрінеді қонған басқа.
Николай Біріншінің қабылдауы,
Мүмкін бе, ханның бұған бағынбауы.
Онсыз да Ақ патшаға
Жәңгір ханның
Бар еді бір аздаған шағым, дауы.
Патшаның кеудесінде жанып үміт,
Кәделеп,
Қаумалаған кәнігі жұрт.
Осы сәт тұрғандай-ақ,
Фатимамен –
Салтанат сарайының сәні кіріп.
Жанары Фатиманың шам жаққандай,
Жәңгір хан алған дерсің таңдап қандай?
Аққудың көгілдірі,
Аппақ құсты –
Ақ патша отыр қалай аңдап қалмай?!
Кербез бе?
Бәлкім, оны паң дерсің бе?
Тал бойы жарасып тұр жан-көркіне.
Көркі – күн,
Көңілі – күй,
Айналасы –
Әлде бір,
Әуелеген ән дерсің бе?
Ақ шәлі –
Ақша бұлттай басындағы,
Ақ жанат –
Иығына асынғаны.
Ақсұңқар –
Қолға қонған осы болса,
Жәңгір хан –
Қыран сынды қасындағы.
Періште –
Пейіш – нұрдан жаралғандай,
Тамыры –
Туған жерден нәр алғандай.
Толықсып,
Тоқсан түрлі түрге еніп,
Тоты құс –
Таң алдында таранғандай.
Осылай әсер етіп көзге ілгені,
Көміліп кеудесінде сөздің кені...
Қылп етіп, жан-жүрегі
Біріншінің,
Бірақ та,
Бүгін іште сездірмеді.
Әйтсе де тұра алмады төзіп кеуде,
Қаймықпай сұқты көзден – сезіктен де,
Шаһардың
Шат-шадыман
Ақсүйегі –
Даланың кербезіне кезіккенде.
Патша да жаралған ғой сүйек-еттен.
Жүрегін – пәк сезімге тиек еткен.
Ақсұңқар алдында тұр,
Аққу мойнын,
Ақырын,
Әдеп сақтап иеді еппен.
Патшада сол бір сәтте тағат қалмай,
Еріксіз ерке сылқым қол артқандай.
Ақсұңқар бауырына ене берді,
Ақ жүзі баурап алып,
Абат таңдай.
Қараса қалың шашы –
Қара ормандай.
Ақ шуақ –
Ақ жүзінен таралғандай.
Ішіне сол орманның
Бірте-бірте,
Еріксіз еніп кетіп, жоғалғандай.
Патша ғой...
Ете бермес сырын шығын.
Уақыт зырылдатып тұр ұршығын.
Ақсүйек –
Қанша асқақ көрінгенмен,
Бүйрегі бүлк еткендей Біріншінің.
Бір кезде күміс күлкі сыңғыр қағып.
Кеткендей көкірегі күмбір қағып.
Жасырып –
Жұлдыз жүзін,
Ай да ығысып,
Төбеден қарағандай күн де ұрланып.
Ол кезде –
Жәңгір ханның жайы қандай,
Қақ-сұқты,
Қараулықты ойына алмай,
Қарайды қиығымен олар жаққа,
Көркі де,
Көңілі де байығандай.
Әнеки, бара жатыр дөңгеленіп,
Сәт бар ма тәтті күйге тең келерлік.
Қара жер шыр айналар,
Адам түгіл,
Дүние беріп қойса пендеге ерік.
Қосылған қала менен қиырдайын,
Тағдырдың тап келтірген сыйын дайын.
Түсініп бірін-бірі,
Патша-Ханым
Билейді үйіріліп құйындайын.
Патшаға барын салып Фатима да,
Жол тауып алыстауға, жақындауға.
Соншама иілмей де,
Сүйінбей де,
Байлығын байқатады ақылға да.
Елпілдеп,
Ентелемей – құрақ ұшпай,
Сұқтанып,
Сұғын салып – сыр алыспай.
Сезеді жүрегімен,
Желкесінде –
Жәңгір хан тұрғандығын қыран құстай.
Билейді шабыттанып, шалқып – талмай.
Аспанда құс ұшады қалқып қандай?!
Даланың аруының
Жусан иісі –
Патшаның жан-жүрегін балқытқандай.
Әуен де барған сайын толастамай,
Патшадан ханымың да қалыс қалмай.
Көз алды –
Көгілдір тау,
Көгілдір көл...
Көкжиек –
Болашаққа жол ашқандай.
Музыка тынды бір сәт, талып барып,
Бір сезім алаулады жанып барып.
Арудың айтып қалған
Арман-мұңын
Биікке тастағандай алып барып.
Шашырап аң шуақтай – жандағы арай,
Би болды,
Дүйім халық таңғалардай.
Аққуды алақанға салғандайын
Патшаңыз пейіл бұрды ханға қарай.
Сол еді күткені де Фатиманың,
Ханның да басын иіп мақұлдауын,
Бәрін де көзбен көріп,
Жанмен сезіп,
Басылмай бойындағы лапыл-жалын.
Пәк жүрек,
Періштеге ұқсады да,
Ақсұңқар аз-ақ қалып ұшарына...
Кеудесі –
Шоқтай жайнап,
Оттай жанған
Жәңгірдің еніп кетті құшағына.
МАХАМБЕТТІҢ ОЙЫ
Тайып кетіп «тобадан»,
Қанға құмар
Неге Адам?!
Алас ұрған
Алпауыт,
Аласысы бардай-ақ,
Аз ғана топ-момынды
Алып жатыр жағадан!
Мың ішінде бір әңгі,
Еске салар бұл әлгі,
Сұсы бар да,
Сұры жоқ
Сумаңдаған жыланды.
Қарғаларды қаптатып,
Құртып жатыр қыранды.
Байқамаса болмас-ты,
Дауың емес баяғы,
Жауың емес сыралғы...
Ісі ылғи ұр да жық.
Құрғақ айқай-ұранды.
Халқыңа да қарамай,
Қалпына да қарамай.
Алдына да қарамай,
Артына да қарамай.
Сары алтындай сақтаған,
Сара жолдан қайтпаған
Салтына да қарамай,
Тасыр туған бір әңгі,
Таса жерден
Тас атып,
Таптап жатыр құранды,
Тітірентіп Тұранды –
Салып жатыр лаңды!
***
Аспан аспан
болғалы,
Талай-талай Күн шығып,
Талай-талай Ай батты.
Жаралғалы қара Жер,
Қаншама рет гүл шығып,
Қаншама рет қар жапты.
Қанша қырғын,
Қиянат,
Қапа шегіп қалың ел,
Жапа шегіп қара жер –
Жазықсыздан-жазықсыз,
Қалып малсыз, азықсыз,
Қайран қазақ
Зар қақты.
Көкіректен қан ағып,
Көздің жасын парлатты.
Ер деген бір – кебенек,
Ел деген бір – ебелек.
Айуаннан кем көріп,
Алтын басты Еріңді,
Ат артына өңгеріп,
Көсеміңді кескілеп,
Шешеніңді тепкілеп,
Шеберіңді шеттетіп,
Шенеунікке шен беріп.
Айхай, дүние, өтті ғой,
Айтып-айтпай не керек?!
Айылын да жимайды,
Айыр тілді –
Албасты!
Атаңа нәлет,
Ата жау,
Қойнауына гүл толған
Даламызды шаңдатты.
Күмбездерін күн шалған
Қаламызды қандатты.
Зұлымдығын аңдатты.
Одыраңдап ойда орыс,
Қырға салды салмақты,
Батырларым, қайдасың
Баса көктеп,
Баяғы –
Қойдай қырған қалмақты!
БЕКЕТ АТАҒА ТАБЫНУ
Бекет Ата!
Бер батаңды,
Белді будым сынбасқа.
Бекер туып,
Бекер өлсем,
Бұл дүниеге
Босқа келген
Бір пенде,
Болғаным да баяғы.
Белді будым...
Бекер қарап тұрмасқа.
Енді менің сезгенім,
Ерлік жолы бір басқа,
Елдік жөні бір басқа,
Көрем соны,
Өлем сосын,
Тайталасып,
Тақасып,
Тағдырымның не салғанын
Бір Басқа!
Бекет Ата!
Жерге қимас Басымды
Елге қисам деп едім.
Көрге ұмтылмай,
Төрге ұмтылдым –
Бір қазақтың баласына
Бар шығар деп керегім.
Не болса да,
Тағдырымнан көремін.
Тауларымдай биік едім,
Өр едім.
Маңғыстаудың даласындай
Кең едім.
Жалдап өтіп
Ақжайықтың тереңін.
Бар кезінде
Исатайым – беренім.
Жел жағымнан жүрген кезін
Көрмеп едім төренің.
Бекет Ата,
Бер батаңды,
Алдыңда тұр –
Махамбеттей өренің.
Исатайым –
Арыстаным кеткен соң,
Артта қалған,
Мен,
Мен едім,
Мен едім!
Шапсам – қылыш,
Қисам – қанжар,
Ақ семсер –
Өзегімді жарып шыққан өлеңім.
Исатайға –
Ер соңына,
Еріп едім,
Енді қалған күнімде
Ел соңына еремін.
Міне, қолым,
Міне, кеудем,
Міне, Бас.
Құл халқыма,
Құрбан болсам деп едім.
Бекет Ата,
Бер батаңды,
Шейіт кетсем,
Арман жоқ.
Тарих өзі
Тауып алар дерегін!
ЖӘҢГІРДІҢ МОНОЛОГЫ
Мен Жәңгірмін,
Жәңгірмін!
Кейіпкері ән-жырдың.
Ел мейірін ңандырған,
Жер мейірін қандырған
Білгендерге –
Бар менде
Құдіреті жаңбырдың!
Қорғап дала, тауымды,
Қорғап жекжат, бауырды,
Қолдап шаһар – қаланы,
Сақтап қалған қауымды,
Халқым сүйген ханыңмын.
Тиіп кетсең от болған,
Киіп кетсең шоқ болған.
Атылатын Жанартау –
Алаулаған жалынмын!
Мен болмасам
Егер де
Еркелетіп ұстаған,
Қасымдағы хас сұлу
Қасиетін кім білген –
Фатимадай ханымның,
Құдай қосқан жарымның!
Мен болмасам
Егер де
Исатайды кім білген?!
Махамбеттің ісі анау,
Алты алаштың
Арасын
Алатайдай бүлдірген.
Тектілер де
Тек тұрмас
Телі менен тентекке
Текеметін тілдірген.
Кім бар дейсің
Қай күнде,
Құйқылжыған қыранын
Қаршығаға ілдірген.
Бажайласа бұл көптің
Оңы менен терісін,
Исатай мен Махамбет,
Бұлаңдатып құйрығын,
Лаңдатқан ел ішін.
Екеуінің сүреңі
Екілесіп келгенде
Есі бардың ісі ме,
Ел қадірін шын білген!
МАХАМБЕТШЕ ТОЛҒАСАМ...
Заман да, заман, заман-ай,
Заманым болды лайлы.
Қалың тұман,
Қатыгез
Тұмшалап тұр
Күн-Айды.
Дүр-дүр етіп
Дүние.
Дір-дір етіп
Қара жер,
Қамығатын сыңайлы.
Тас-талқан боп бұзылды
Табиғатым шырайлы.
Бастау алған
Бәйтерек
Терең тартып тамырын,
Түбінде –
Түбін күрт кесіп,
Дүр сілкінтіп
Дүниені,
Дүңк етіп,
Бір күн құлайды.
Бассыз қалған халықтың,
Басқаменен ісі жоқ,
Басқаратын кісі жоқ.
Батыл айтар күші жоқ.
Батыр болып туса да,
Ақын болып туса да,
Ақ найзасын тот басып,
Қызыл тілін шоқ басып,
Медет қылған жанына
Жалғыз ғана Құдайды.
Тәулігіне төрт рет,
Тәңіріге тәу етіп,
Басын иіп сәждеге,
Амандығын Елінің
Бір Алладан сұрайды!
МАХАМБЕТТІҢ БАСЫ (сипаттау)
Махамбеттің Басы –
Жұмыр Жер шары:
Таулары бар айбынды,
Қос жанары –
Қатар жатқан жұлдыздай,
Қос құлағы –
Қатпар-қатпар шың-құздай.
Маңдайы – Маңғыстау,
Мұрыны – Үстірт
Ауызынан ақтарылған ақ жалын.
Сөзі – оқтай
Тілі – шоқтай,
Тізіліп түр тістері,
Қатар-қатар қылыштай,
Қатып қалған құрыштай,
Екі жағы семсердей,
Қасы – қанжар,
Кірпігі – найза,
Қуысына мұрнының
Қос ат сыйып кеткендей.
Сүйегі – күміс,
Еті – алтын,
Еріндері – батпандай,
Кеңірдегі – кетпендей.
Екі езуі –
Ақжайықтың ернеуі,
Ажарында –
Азап-мұңның белгісі,
Түрінде тұр
Замананың өрнегі.
Арғы жағын
Айтып-айтпай не керек,
Салып болмас сүгірет,
Бір ғажайып құдірет,
Аспанда емес,
Жердегі!
ЖӘҢГІР ХАН МЕН МАХАМБЕТТІҢ БЕТТЕСУІ
Жәңгір:
– Қайт райдан,
Махамбет!
Қайтпасыңа хақың жоқ,
Қолыңа ұстар қылышың,
Астыңа мінер атың жоқ.
Ептесерсің ептессең,
Кептесерсің кептессең,
Кеңкелесіп келгенде
Кәпірден басқа жатың жоқ.
Егесерсің егессең,
Кеңесерсің кеңессең,
Екілесіп келгенде,
Екеумізден жақын жоқ.
Қол бер десең –
Қол бердім,
Жол бер десең –
Жол бердім.
Мақұлдасып кегенде,
Маған айтар датың жоқ!
Махамбет:
– Ей, хан Жәңгір,
Хан Жәңгір!
Тас төбеңнен қан жауғыр.
Талтүсте талап халқыңды
Кезің бар ма
Кем түскен
Жырыңды –
Жыртқыш аңнан бір?!
Сақтай алмай тағыңды,
Баптай алмай бағыңды,
Заманың қайтіп, қағынды!
Тақымыңды атқа бердің,
Ақылыңды сартқа бердің,
Қатыныңды жатқа бердің.
Елді екіге айырып,
«Кәлимаңды» қайырып,
Айтқызатын кез келді
Өзіңе өзің «тобаңды».
Құр даурығып не керек,
Ұрандасып шыққан соң,
Ұрысатын жеріңді айт,
Тұрысатын жеріңді айт,
Алатынын алып болды
Ақ патшаң,
Енді сенің –
Басыңнан басқа не қалды?!
Жәңгір:
– Ақ патшаның
Қара мылтығының қарауылына,
Алдымен –
Сенің басың ілінер!
Махамбет:
– Халқым үшін қазір-ақ,
Қажет болса –
Бас құрбан.
Ат тұяғы таптаған,
Төрт түлік мал қаптаған,
Атамекен жерімді
Қызыл қанға боятып,
Құзғындарға бастырман!
МАХАМБЕТТІҢ ИСАТАЙДЫ ЖОҚТАУЫ
1
Данадан туған –
Дара еді.
Қарадан туған –
Хан еді.
Жұртына іңкәр жүрегі
Халқына қамқор жан еді.
Тақырларға таяныш,
Пақырларға пана еді.
Сұңқар болса – қанаты,
Тұлпар болса – жалы еді,
Қанша жүкті салсаң да,
Көтеретін қайыспай,
Нарын құмның
Нары еді,
Қайшылықта – хас батыр,
Жайшылықта сал еді.
Ақ Еділдің нуы еді,
Ақжайықтың талы еді.
Айтып-айтпай не керек,
Кешегі өткен Исатай
Осындай бір жан еді!
2
Құба жонның жайлауы
Құм Нарынның қойнауы.
Ақ Жайықтың жағасы,
Ақ Еділдің өн бойы,
Ел қондыру –
Ойы еді.
Басын қосып ағайын,
Тайраңдатып талайын,
Мамырлатып маңайын
Мал толтыру –
Ойы еді.
Арғымағын сайлатып,
Бағланын байлатып,
Сандуғашын сайратып,
Жүрген жері –
Той еді.
Айтқан сөзін себелеп,
Атқан оғын жебелеп,
Айтып-айтпай не керек,
Кешегі өткен Исатай
Ер жігіттің
Сойы еді!
«ХАН ОРДАСЫ»
Нарын құмнан –
Жасқұстан,
Жау анталап тұс-тұстан.
Қара тобыр –
Қор болды,
Ханың болды
Қас-дұшпан!
Күмбір қақпай –
Күй асыл,
Қыран ұшпай –
Қиясы.
«Хан Ордасы» емес ол –
Әбжыланның ұясы!
Елге тимей пайдасы,
Асып түсті айласы.
«Хан Ордасы» емес ол –
Құпияның қоймасы!
Артып жатыр атағы,
Жетіп жатыр шатағы,
«Хан Ордасы» емес ол –
Аярлықтың апаны.
Келер емес қыдығы,
Кереңі мен быдығы.
«Хан Ордасы» емес ол –
Қу құлқынның құдығы!
Жиі тартып жазаны,
Халқым мынау азалы.
«Хан Ордасы» емес ол –
Күні-түні бір тынбай,
Бұрқ-сарқ қайнаған,
Қасіреттің қазаны!
БАЙМАҒАМБЕТТІҢ БАЙЛАМЫ
Бір айла ойлап тапты Баймағамбет,
Бойында ашу-ыза, қайнаған кек.
Түбінде бір сұмдықтың болары анық,
Зұлымдық кімге қашып пайда бермек?!
Білгенге бұл сұмдықтың сұры жаман,
Байекең Махамбетті қырына алған.
Жәңгірге жаман хабар айтқалы тұр,
Бұрында естілмеген тірі жаннан.
Құм іші.
«Жасқұстағы» тамаша бақ.
Бұл жердің аспаны – нұр,
Даласы – абат.
Сейілдеп аз ғана топ жүрген жерден
Жәңгірді алып шықты оңашалап.
Байекең хан алдында байпаң қағып,
Сыйқырдай сан құбылып –
Сайқалданып.
Сан толғап,
Сайлап алып айтар сөзін,
Бекініп келді ақыры қайта айналып.
Көңілге секем салмай,
Сенім кіріп,
Жүйелеп әңгіме айтса жөнін біліп.
Мақсаты – жіберсе тек
Махамбетті
Жәңгірден біржолата жеріндіріп.
Қоймақшы кіжіндіріп,
Кектендіріп,
Ішіне жүрген жай бұл көптен бүгін.
Жатпай-ақ
Оң шығарып, ұрандамай,
Сыртынан сойқан салған –
Неткен бүлік?!
– Мықты бол, – деді, – Жәңгір! –
Жалпаң қағып,
Содан соң сәл кідірді,
Сәл толғанып.
– Айтайын Махамбеттің масқарасын,
Қайтейін, бұл сөзіме нансаң нағып?!
Кісіге кім сенеді заты бөтен,
Қу «кірме» қай кезде де жатық екен.
Ашығын айтар болсам ащы сөздің,
Махамбет Фатимамен «жақын» екен.
Бұл бір жай,
Бүгін емес, біраздан-ды,
Сұмдықтан бізге талай сірә, із қалды.
Айтарым:
Басын алып,
Басындырмай
Біржола құрту керек
Бұл азғанды!
Содырдың қорқушы едім саяғынан,
Бұл бәле келіп қалған қаяғынан.
Естуші ем,
Әсте сенбей жүруші едім,
Білсем де
Бұл сұмдықты баяғыдан.
Жалғанның атар таңын,
Батар күнін
Зар қылып,
Көрсет ісін қаһарлының!
«Татар бар деген жерде – қатер бар» деп,
Фатима танытты ақыр татарлығын.
Бір болып қуанышың, шаттығың да,
Алаңсыз думандатып жаттың құмда.
Кім артық өз жарыңнан,
Өз жаныңнан –
Мәселе, Фатиманың жаттығында.
Жегіздің жемес асын, татпас дәмін,
Онсыз бір болатындай атпас таңың.
Ақыры –
Тайраңдатып қойдың мүлде,
Алдына алып барып Ақ патшаның.
Білесің Ақ патшамен билегенін,
Ұмытып түздегі – Елін,
Үйдегі – Ерін.
Білесің, бәрін...
Бірақ,
Білмейсің Сен –
Сыбырлап құлағына не дегенін!
– Не депті? – деді Жәңгір, тым сұрланып, –
Жайылып кеткен жұртқа бұл сыр нағып?!.
– Бер депті сарай салып, өзіме арнап,
Менің кім екенімді білсін халық!
Осылай қалдырам деп есімімді,
Шығартып алған дейді шешіміңді.
Салынған Фатиманың арқасында
«Ставка» хан сарайың осы күнгі!
Деп ел-жұрт айтады әлі аңыз қылып,
Термелеп,
Тілінен бал тамыздырып.
Махамбет өлеңіне қосқан дейді,
Қоятын кек қайнатып, қан қыздырып.
Төріңде телі-тентек тайраңдаған,
Төре боп туғаныңа қайран қалам?!
Аң аулап,
Айдалада жүргеніңде,
Махамбет сарайыңда сайрандаған.
Махамбет Фатимаға ғашық екен,
Екеуі бір-біріне ашына екен! –
Кемсеңдеп Баймағамбет көзін сүртті, –
Ендігі көрмегенім осы ма екен!
Жәңгір хан әлденені сезінді ме,
Жоқ әлде,
Бұл дүниеден безінді ме?!
– Бар! – деді, – Баймағамбет, –
Бұдан былай!
Көрмейін,
Естімейін сөзіңді де!
***
Көк аспанның жиегі
Түріп тастап іргесін.
Қара қошқыл,
Қып-қызыл,
Қанға бөгіп тұр бесін...
Айтыңдаршы?!
Апыр-ай,
Сұм дүние – жалғанда
Сұмдық болып жүрмесін.
Тебіреніп
Қара Жер,
Тұлан тұтып
Аспан тұр,
Бір бәлені білгесін!
БАС ТУРАЛЫ
Осы кезде «атойлап»
Бастап шығар Бас керек.
Астындағы аты ойнап,
Асқақ шығар жас керек.
Қорықпайтын жауынан
Жүрек керек десек те,
Бұл дүниенің дауынан –
Өтірік те,
Өсек те.
Тасынған кім,
Тасқан кім?!
Қараулықты қолдаған.
Миы мықты Бастардың
Күйі төмен болмаған.
Басы барлар көп емес,
Ерек болған елге ісі.
Алашапқын, төбелес,
Бассыздықтың белгісі.
Небір айла – шарғымен,
Барын салып қолдағы,
Батырлардың алдымен
Басын құртпақ болғаны.
Қандай зұлым,
Пәтшағар,
Адалдық па осы да!
Батырлардың
Патшалар
Құмар болар болған Басына.
Бұл не сұмдық,
Мұншама,
Отырып ап бөстекте.
Қылыштарын жұмсаған
Қылша мойнын кеспекке!
МАХАМБЕТТІҢ ОЙЫ
(Ықыласқа)
Ей, Ықылас,
Ықылас!
Атыңа сай емессің –
Сыртың бүтін болғанмен,
Ішің – ірің, ып-лас.
Аңнан артық кейпің жоқ,
Адам болып жүргенмен
Киім киіп, жұтып ас.
Кейбіреудің бұл күнде,
Көзі – көтен,
Бұты – бас.
Қыранмын деп ойлама,
Қыран шіркін
Қашанда
Қарға болып,
Қор болып,
Өз боқтығын шұқымас!
Қанға көзің құнығар,
Жан болмасаң жыны бар.
Елдің бәрі ебелек,
Сайтан болып кетпесе,
Бұл ісіңді кім ұғар?!
Сумаңдатып тіліңді
Безейсің де жүресің.
Қанжарыңды сыртымнан
Кезейсің де жүресің.
Мұның қандай сыры бар?
Айтарыңды жасырма,
Менің алтын басымда
Алты алаштың мұңы бар.
Сол басыма қызығып,
Ойың әбден бұзылып,
Қыр соңымнан қалмастай –
Қай әкеңнің құны бар?!
МАХАМБЕТТІҢ МҰҢЫ
1
Алды...
Алды бәрін де,
Несі қалды алмаған.
Алты басты алпауыт
Айналасын жалмаған.
Ала құйын секілді
Алай-түлей бір заман
Жер мен көкті жалғаған.
Ел билесе
Ес кетер –
һәм нақұрыс,
һәм надан.
Қусырылды
Қу Дүние,
Қайда барып жан бағам!
2
Құм Нарынды алғаны –
Тал бесікті талқандап,
Құндағымды алғаны.
Ақ Жайықты алғаны –
Арғымағымды арқандап,
Аяққа тұсау салғаны.
Қиғашымды алғаны –
Қимасымнан айырып,
Қиқуды басқа салғаны.
Тептерімді алғады –
Қызғалдақты құла түз,
Бөктерімді алғаны.
Ойылымды алғаны –
Оймақтай жер қалдырмай
Ойранды әбден салғаны.
Қиылымды алғаны –
Күйігімді көбейтіп,
Қиындықтың болғаны.
Еділімді алғаны –
Ерегескен дұшпаным
Ерлерімді мерт қылып,
Елдікке таңба салғаны!
3
Қара Жер мен Көк аспан,
Жаратқанда о бастан,
Діні басқа болған соң,
Қаны басқа болған соң,
Тілі басқа болған соң,
Ділі басқа болған соң,
Қол-аяғын матап бір,
Қойсаң-дағы қосақтап,
Қосылмайды нәтінде...
Жатыры бөлек болған соң,
Батыры бөлек болған соң.
Ханы менен патшасы,
Хакімі бөлек болған соң,
Орман-тоғай тоғысып,
Өзен-суы жұғысып,
Жақындамас –
Жат ірге...
Құдайдың берген жеріне,
Қол сұқтырмай төріме,
Қоқаңдатпай қоқанды,
Қайқаңдатпай қалмақты
Қойдай қырып,
Қуып ем –
Бұл қазақты Батыр де!..
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
«Аттандасып» алған жер.
Ат үстінде мерт болып,
Айнымасқа серт беріп,
Ата-бабам қалған жер,
Айнымасқа
Анты бар,
Атамекен – қонысты
Қойғаным ба
Қор қылып
Аузы түкті кәпірге!
***
Ақи көзі
Аларып,
Алды уақыт мұршаны,
Қорғасындай
Қара бұлт
Құбыланы құрсады.
Дүбір тілеп,
Дүние,
Дір-дір етіп
Дегбірі –
Қашып тұрған бір шағы.
Дәл осы бір кезеңде
Сұм жүрегі сезер ме?..
Жады мықты Жәңгір хан,
Зады мықты Жәңгір хан,
«Байбалам салмай
Басу айт,
Қарсы бір шаппай
Қашып айт!
Деген сөзді нығарлап,
Қайтсаңшы деп бір аңдап»...
Қайтсаңшы деп бір аңдап,
Баймағамбет сұлтанын
Махамбетке жұмсады.
МАХАМБЕТ ПЕН БАЙМАҒАМБЕТТІҢ БЕТТЕСУІ
Баймағамбет:
– Ай-жұлдыздың аманында,
Хан Жәңгірдің заманында
Мойныңа
Тұмар емес,
Пәле тағындың
Қайтіп қағындың,
Махамбет!
Махамбет:
– Өзің еркіңмен,
Айтқан сертіңмен,
Тайқып бағындың,
Ханға –
Көріндің,
Патшаға –
Берілдің.
Халықтан қара үзіп,
Жұрттан жеріндің.
Өстіп өлердей,
Қорлық көрердей
Саған не ғылдым,
Баймағамбет?!
Баймағамбет:
– Дүниені даң қылдың,
Дүйім елді қан қылдың.
Хан екен деп қарамай
Қатынына қол салып,
Қарап жүрмей –
Лаң қылдың.
Жалпақ елді
Жайғастырғаннан басқа,
Жұлынғанды
Жалғастырғаннан басқа
Жазығы не
Жәңгірдің?!
Махамбет:
– Жәңгірдің жазығы,
Қажыған халықта,
Еңіріген елде,
Жапа шеккен Ерде!
Баймағамбет:
– Жәңгір періште емес,
Пенде!
Соны білсең,
Келсеңші жөнге.
Махамбет:
– Болғанмен пенде,
Ақылы жоқ емге.
Соңымнан сонша қалмастай,
Қай әкесінің
Құны бар менде!
Баймағамбет:
– Сабыр, сабыр!
Сабаңа түс, батырым.
Аптықпай сөйле,
Ақырын...
Қайтып ашар есігің,
Ханға жаса кешірім,
Хан қаһарынан қайтса,
Батыр райынан қайтса,
Онда –
Оның несі мін?!
Кешірім!
Сауға батыр, сауға.
Басыңды сұқпа дауға!
Махамбет:
– Не деп тантып тұрсың,
Кешірім сұрайтын мен бе?!
Алжасқан екенсің
Сен де!
Мойнына алып кінәсін.
Ханың менен емес,
Елден кешірім сұрасын!
Баймағамбет:
– Айтар болсам, расын.
Мұның енді
Біле алмадым сірәсын...
Махамбет:
– Онда
Күтпесін менен рахым!
ҚАРАОЙДАҒЫ ҚАРАЛЫ КҮН
Қара түн –
Қара мақпал – ай қараңғы,
Қара бұлт –
Қара аспанды жайлап алды.
Қасында,
Қапталдасып,
Қатарласып,
Қос болып жүретіндер
Қайда қалды?!
Қасында қасы да жоқ, досы да жоқ,
Қайран ер дамылдады,
Қосына кеп...
Қосылып бала-шаға, жан жарына,
Қызығы бұл өмірдің осы ма?! – деп.
Қалт етіп мұрша бермей ойлауға да,
Құшақтап төсін ашып ойнауға да.
Қапысыз,
Қасіреттің қара бұлты,
Қонжиды,
Қараойдағы
Қойнауға да...
Қараулық –
Қара жердің былғанышын,
Қалайша
Құр жіберер – бұл намысын.
Қолында қанжары бар...
Қарақшылық –
Қараойда,
Қара түнде
Қылған ісін!
Құтыртып,
Құйындатқан желдің күшін,
Қуалап үркіткендей көлдің құсын.
Қаулады –
Қауға тиген өрттей болып,
Қаралы хабар жайлап елдің ішін.
Батыстың тұлан тұтып бар аймағы,
Қазақтың аспанында зар ойнады.
Сол күні...
Салтанатты шеру жасап,
Патшаның күмбірледі сарайлары.
МАХАМБЕТ:
Халқым!
Мені көрдің бе?
Кеудесі бар,
Басы жоқ.
Жауы бар да,
Досы жоқ.
Жүрегінің қаны жоқ,
Көңілінің хошы жоқ.
Кім айтады –
Еліме,
Исатайдың барында,
Ақжайықта,
Нарында.
Ақ найзасын ойнатқан,
Қызыл тілін сайратқан.
Атқан оғы адырна,
Жау біткенді жайратқан,
Дұшпанға тісін қайратқан,
Кім айтады –
Кешегі,
Кескекті де,
Көшелі
Махамбетті осы деп.
***
Өртеніп өмір өзегі,
Сұм жүрек нені сезеді?!
Бұлқынып шығып
Бір хабар,
Бар дүниені кезеді.
Бауыры бүтін жан болса,
Бұған кім енді төзеді?!
Хайуанға қарай жақындап,
Адамнан адам безеді.
Өлімге қарсы кім тұрар,
Бәрі де болса,
Орнымен,
Өлшеулі өмір –
Межелі.
Байлар да болған – бір жұттық,
Батыр да болған – бір оқтық,
Қайтесің келсе кезеңі.
...Ісіне Зордың сөз бар ма,
Жәңгірге келе жатқандай...
Жәңгірге келе жатқандай,
Ендігі Бастың кезегі!
***
Бір сұмдық Николайдың басын жайлап,
Онысын және ішіне жасырды ойлап.
Төбеден жай түскендей...
Солқ етті жер –
Бір жасын –
Құм Нарынның төсінде ойнап.
***
Тәлкегі бұл тағдырдың,
Тұл дүние – түнерсе.
Көзін жойып Жәңгірдің
Жаһаннамға жіберсе.
Енді соған қамданып,
Күндер өтті бірнеше.
Ешкім оны аңғарып,
Және ешкім білмесе.
Осыны ойлап Николай,
Бұқтырмақ боп бұл елді.
Құм Нарынға бірталай
Өкілдерін жіберді.
Жатқан ауыл қамсыз боп,
Қайырмастан малын да.
Жүрді бірі –
Жансыз боп,
Хан Жәңгірдің жанында.
***
Жан алғыштың нағыз өзі,
Жалтылдайды – ұстара.
Көкшіл көзді,
Жылпос жігіт –
Хан Жәңгірді қасына алып,
Шашын алып,
Қаранады жан-жағына сұстана.
Қаранады жан-жағына...
Хан Жәңгірдің желкесіне
Қонақтаған құзғындай.
Жан-жағына...
Жын мен шайтан
Көшіп-қонып ызғындай.
Қаптап кетті,
Таптап кетті
Хан Жәңгірдің ауласын.
Сақал-шашын қырып жатыр,
Тұрып жатыр,
Тұқыртып,
Хан Жәңгірдің
Саудаға сап,
Сау басын!
Жарқылдайды,
Жалтылдайды ұстара,
Жалған дүние – қыл үстінде,
Ұзақ па әлде,
Қысқа ма?
Жүрмейді ол тура жолмен,
Көнбейді ешбір нұсқаға.
Жәңгір ханның
Жан-жағы жау,
Ішінде де, тыста да!
Мына бір жау,
Нағыз жансыз,
Кіріп алып ішіне.
Сұр жыландай сумаңдайды,
Жылмаңдайды
Сыр білдірмей кісіге.
Апырай, ә,
Апырым-ай...
Жылан көзі
(лаң ба өзі!)
Әр тал шашты тінтіп бір,
Қолындағы ұстарасы,
Ұстатпастай қылпып тұр.
Жатқаның ба,
Жат қолында –
Ханның басы қор болып –
Қандай сұмдық түртіп тұр.
Жалт-жұлт еткен ұстараңыз
Жарқ-жұрқ еткен қанжар ма?
Ханның басы доптай ұшып,
Қанжығаға байланып...
Бірте-бірте мына дүние,
Дау-дамайға айналып...
Мұндай сұмдық болады екен жалғанда!
Сумаңдаған ұстара,
Жылмаңдаған ұстара,
Таба білсе ұтырын
Ұстара да, дұшпан, ә!
Қашып барып шындықтан,
Әлдеқандай сұмдықтан
Сыр тартқандай ұстара,
Тіл тартқандай ұстара
Қанжар емес,
Қылыш емес,
Ханның басын қиып түсті...
Құртақандай ұстара.
Жауға бармай жасандырып,
Ұстараға бас алдырып,
Бұдан артық –
Бола ма екен масқара!
Жанталасып жауда өлмей,
һәм таласып, дауда өлмей.
Сән-салтанат жасамай,
Атқа мініп сау желмей.
Қапияда –
Қамсызда,
Құрбан болып жансызға.
Шаш алам деп ұстара,
Басын алды –
Масқара.
Масқараға – не шара!
МАХАМБЕТТІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
1
Есем кетті тағдырға
Басқа түгіл –
Бас кетті...
Көзімнің жасы көл емес,
Теңіз дерсің теңселген
Шендестірсең жетпейді –
Себелеп жауған жаңбыр да!
Ағайын кетті араз боп,
Жанымнан жалған дос кетті.
Арыстан еді-ау,
Исатай,
Исі қазаққа не істепті?!
Қатепті қара нар еді,
Ер еді нағыз кескекті.
Халық та – қайың,
Толқынның
Ығыса берер ығымен,
Қос қолдап,
Білек сыбанып,
Ұстамаса ескекті!
2
Келешектен Күн көрем,
Болашақтан Нұр көрем.
Мендегі осы бар Арман.
Бұл дүниеде,
Мен білсем,
Ғұннан туған қазағым,
Нұрға айналар түбінде.
Менің халқым ақ алмас,
Жырдан ғана жаралған.
Менің халқым ақ шуақ,
Нұрдан ғана жаралған.
Нұр – Дүниенің жұмағы,
Келешекте туады,
Нұрға шомар күн әлі...
Ұлым менің – Нұрсұлтан,
Нұрдың басы сол болар,
Жырдың басы сол болар.
Нұрсұлтаным бар жерде,
Шаттық орнап жерімде,
Шартарапқа жол болар.
3
Менің ұлым – Нұрсұлтан,
Орны бөлек болған соң
Орынборда оқыттым,
Дүниенің бар сырын
Жүрегіне тоқыттым...
Нұрсұлтаным – үмітім,
Қамын ойлап халқымның
Жүрсе екен деп күні-түн.
Отқа салдым аямай,
Топқа салдым аямай,
Дауға салдым аямай,
Жауға салдым аямай,
Аямаған ұлыма
Абырой бер, ой, Алла-ай!
4
Менің туған халқымды
Нұр билейді түбінде,
Бүгін – Ертең
Болмаса,
Бір билейді түбінде...
Қазағымды –
Қазанат
Ұл билейді түбінде!
Нұрсұлтаным –
Нар ұлым.
Жалғандағы жарығым.
Елден ерек,
Дара бол,
Адастырмас өзіңді
Атаң салған қара жол.
Тұстас болма пақырмен,
Істес болма кәпірмен.
Алыс болма жатпенен,
Шалыс болма жақынмен.
Қылышыңды қымқырып,
Қанжарыңды жымқырып,
Күн өткізбе «мақұлмен».
Бір қолыңда – қаламың,
Бір қолыңда – айбалта,
Айлаң болсын ақылмен.
5
Уа, Жаратқан,
Сақтай гөр
Нұрсұлтандай ұлымды.
Жарқыратшы айымды,
Жадыратшы жанымды.
Бүлінбесін дүние,
Қамсыз өссін қайғыдан
Бүлдіршіндер тұлымды.
Лайлатпа,
Лайым –
Өзен-көлім – суымды.
Орман-тоғай,
Асқар тау,
Құдығымды,
Құмымды...
Барлық Нұрдың атасы,
Атаңның осы батасы,
Нұрсұлтаным, қайдасың,
Бердім, міне, өзіңе
Аласұрған астымда
Арғымақтың тізгінін.
Елің үшін еңкейтпей
Ерлігімді жалға деп,
Жарылқасын Алла деп,
Бердім саған Туымды!
МАХАМБЕТ ХАҚЫНДАҒЫ МАҚАМДАР МАХАМБЕТПЕН МҰҢДАСУ
1
Уа, Махамбет –
Арлы ата!
Көңілдің күйін зарлата,
Көзімнің жасын парлата.
Ақ дауылы аралас –
Жаңбырлата,
Қарлата...
Тәңірге тартқан тасфиқтай,
Отыз мәрте оралтып,
Қырық мәрте қайырып,
Жыр жолдадым толғата.
Сен сияқты асылға,
Қабіріңнің басында,
Қайысып тұрып
Қабырғам –
Дұға қылып,
Қол жайған,
Болсын менен сол –
Бата!
2
Өзіңсіз таңды атырып,
Өзіңсіз күнді батырып.
Өтеді уақыт аһ ұрып...
Басқан ізім байқалмай,
Ақиқатты айта алмай –
Дәл өзіңдей батырып.
Сарқылмайтын қазына,
Таусылмайтын тақырып,
Аяғы жоқ,
Басы жоқ,
Жып-жылмағай,
Жып-жылтыр
Жыр жазамын қатырып.
Ерің кетті атылып,
Жерің кетті сатылып,
Ұландарың қор болды,
Ашық күннің астында
Шынжыр емес,
Білегі –
Шуда жіпке шатылып.
Артыңдағы ұрпағың,
Айтып-айтпай не керек,
Дауды қумай ақырып,
Жауды қумай жапырып,
Айналып бір келгенде –
Ақырында болып тұр
Адам тектес,
Мақұлық!
3
Басылмаған бұрқағы,
Дүние түтеп тұр тағы...
Ұлылығын халқымның,
Ұғынған жоқ жұрт әлі.
Қайдағы бір қаймана,
Аласұрған алпауыт
Бағамызды түсіріп,
Жағамызды жыртады.
Бай болам деп бола алмай,
Байбалам салып
Бақырған
Бишікештер көбейді –
Алынбаған мұрты әлі.
Дауласатын даң-дұң боп,
Жауласатын Жәңгір жоқ
Тұрып қалды Заманның
Тамағымда қылқаны...
Тар кеудені тепкілеп,
Тарқаған жоқ бұлт әлі.
Айхай, дүние, не керек.
Айылыңды жимастан,
Айыбыңды тимастан,
Айызыңды қандырып,
Айтып-айтып тастайтын
Баяғының болмай тұр –
Баймағамбет сұлтаны!
МАХАМБЕТ ДЕСЕМ...
Махамбет десем –
Махамбет десем, тегі мен,
Мына заманның,
Бишікеші мен бегінен,
Теперіш көріп,
Құлын да даусы шырқырап,
Қызғыш құс көрем,
Кете алмай жүрген көлінен.
Махамбет десем –
Мазасыз күйге беріліп,
Қыранды көрем,
Ұша алмай қанат керіліп,
Құланды көрем,
Құла дүз кезіп,
Қу дала,
Қаңғып бір жүрген,
Қағынан өзі жерініп.
Махамбет десем –
Соғады дауыл долданып,
Қаламым – қару,
Қаламын мен де толғанып.
Батыр да болам,
Ақын да болам сол сәтте,
Еремін мен де,
Егеулі найза қолға алып.
Махамбет десем –
Ай туып сол сәт оңымнан,
Шыға да келер,
Жарқырап жұлдыз солымнан
Соңында өзім,
Алдымда ақын
Алдаспан,
Қасыма келіп,
Қақпайды ешкім жолымнан.
Махамбет десем –
Кетпейді есем кімге де,
Жорықта жүріп,
Жалықпай күндіз, түнде де.
Содан соң барып,
Қолымды сілтеп,
Оңды-сол,
Оқимын өлең,
Шығып бір алып мінбеге.
Махамбет десем –
Маңайым толып әскерге.
Теуіп бір доптай
Домалатамын тасты өрге.
Оқыған жаңа
Өлеңнің әрбір әрпін мен
Атамын сосын
Оқ қылып, жауыз – қаскөйге.
Махамбет десем –
Мақтанбай қалай тұра алам.
Арманым осы,
Алладан тәубе сұраған.
Амандық берсін,
Аманат етіп,
Ақ тілеп,
Артына мәңгі қалдырып кеткен мұрадан!
МАХАМБЕТ ҚАБІРІ БАСЫНДАҒЫ ОЙ
1
Махамбеттің көріп тұрып қабірін,
Тарихтан алу керек тағылым.
Ақылға – ақау,
Ойға – харам,
Бойға – дерт,
Түспес үшін –
Көкірекке – тағы мұң.
2
Махамбеттің көріп тұрып зиратын,
Мінажат қып,
Қылша мойын – и басын.
Жер бетінде сөзі қалды,
Ал, өзін –
Жатыр солай,
Жер астына қиғасын.
3
Махамбеттің көріп тұрып моласын.
Қамыққандай,
Жаңа ұққандай боласың.
Әлі күнге –
Еңірейді,
Жылайды,
Қимасынан айрылған Ел ең асыл.
4
Махамбеттің көріп тұрып қорымын,
Опындырған,
Опа бермес орынын.
Осы арада –
Тыпа-тыныш жата алмай,
Атып тұрып,
Бастап кетсе жорығын.
5
Махамбеттің көріп тұрып күмбезін,
Әркім биік сезінеді – шыңда өзін.
Одан әрі –
Жасыл аспан,
Жарық күн,
Жарық күннің
Жаба алады кім көзін?!
6
Махамбеттің көріп тұрып мазарын,
Көп сыр ұғар,
Аударған жан назарын.
Әр тасында жазулы тұр,
Оқиды ел –
Қапы кеткен,
Қасіреттің ғазалын.
Сақтап бойда –
Дүлей дауыл,
Сел күшін.
Шемен болып қатып қалған
Шер – мүсін.
Көрген кезде –
Қан толады көзіңе,
Қаройдағы
Қарау ойдың белгісін!
***
Қабіріңе
Қойылғанмен бір нүкте,
Қадіріңе кім жетіпті тірлікте?!
Туға айналып,
Тулап шығып жүректен,
Сенің жырың
Шақырып тұр Бірлікке!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі