Сәкен – сұңқар
СӘКЕН ТУҒАНДА
Күзді күн.
Қазан айы.
Қарашілік.
Арқаның асау желі аласұрып.
Жер тарпып –
Сейфолланың сәйгүлігі
Түн бойы байлап қойған таң асырып.
Тыпыршып тұра алмады байлауында,
Ортауда,
Ескененің жайлауында.
Сезетін Сейфолла да,
Көп ұзамай,
Бір тойдың болатынын қойлы ауылда.
Содан ба,
Тұр жаратып сәйгүлігін.
Жолатпай маңайына тай-құлынын.
Болған соң
Астыңдағы атың сайлы –
Басқаның керегі не байлығының?!
Күз мынау,
Мінезімен сәл бұзақы,
Бұрқанып,
Бұзылуға қалды жақын.
Әзірге Сейфолланың қолындағы,
Бары да,
Нары да сол – жалғыз аты.
Бұл күнде байлық бар ма аттан басқа,
Жоқ және жебеушісі – Хақтан басқа.
Алдына ат түспейді,
Арғымақтың –
Сол үшін,
Болмас енді,
Мақтанбасқа?!
Серінің бір машығы – мақтанышы,
Қол созбас оңайлықпен атқа кісі.
Керек ол –
Қасындағы досы түгіл,
Ығысып жүру үшін жат танысы.
Сегіз күн сәйгүлікті ұстап-баптап,
Жабуын ақ киізден тыстап-қаптап.
Су беріп,
Сұлы беріп,
Көп кездіріп –
Қалдырмай бір құмалақ тышқақтатып.
Таң асып,
Тыпыршиды – ұмтыла ма?!
Сәйгүлік құрақ ұшпай, құр тұра ма?
Байлаулы бесіктегі бала түгіл,
Байлаулы болу қиын – жалқыға да.
Бұл да бір серіліктің ісі ме еді,
Белгісіз – өңі ме еді, түсі ме еді?!
Таң ата құлан иек,
Қыл шылбырлы,
Құлагер қайта-қайта кісінеді.
Осылай сәйгүлікке салмақ түсіп,
Қырандай құла түзде алмақ па ұшып?!
Хас сері Сейфолланың асыл жары,
Жамалды –
Түні бойы толғақ қысып...
Сәйгүлік сәл сабырсыз,
Тұр кісінеп,
Беттеді Сейфолла да білгісі кеп.
Тұлпарға «шұрқыраған»,
Шырқыраған,
Қосылды сәби үні –
Тұңғыш рет!
Тұр еді әп-әдемі күн жылынып,
Күздікүн – аспан асты мың құбылып.
Құйғанда қар аралас қара жаңбыр,
Болмастай кімді байқап, кімді біліп.
Қазан да, жылдың ерек – ғажап айы,
Болмайтын шаруаның маза жайы.
Дүние алай-түлей,
Күн күркіреп,
Бар және жарқ-жұрқ еткен нажағайы.
Еткендей соның бәрін дала нәсіп,
Көк дауыл қара бұлтпен жағаласып.
Асығып ақ адырдың бұлақтары,
Жан-жаққа бара жатыр ала қашып.
Қара жер жатушы еді түрін бермей,
Шөп басы көтеріліп тірілгендей.
Қыран да осы сәтті байқап қалып,
Тұмсығы қаршығаға ілінгендей.
Дүниені ұстап тұрған уысына,
Дүлей күш қарар емес туысына.
Аздан соң,
Аң мен құстар
«Ақадырдың» –
Тыншыды кіріп алып қуысына.
Байлаулы бағанадан бір ағашқа,
Бұлқынып,
Жұлқынады құла қасқа.
Сәйгүлік сәлден кейін сабыр тапты,
Тағдыры салғаннан соң, сірә, басқа.
Дүние тірлік күйін толғағандай,
Табиғат тілін тауып қолдағандай.
Жадырап шыға келді –
Жарықтық Күн,
Жап-жаңа...
Енді ештеңе болмағандай!
ЖАЙЛАУДАҒЫ ТОЙ
Әуелден жыр құшағы,
Ән қойнауы,
Атақты Ескененің хан жайлауы.
Ғажап қой –
Бұл араның бұлағы да,
Тіліңе татып қалсаң – балдай демі.
Бұл күнде жатар дейсің кім жайланып,
Асыққан бәрі тойға ыңғайланып.
Сан ғасыр жайбарақат жатқан жартас,
Әп-сәтте шыға келді шыңға айналып.
Әр жерде шоғырланған тал-қайың да,
Таулардың жапырлап тұр шалғайында.
Тұлпардың бір тер бардай тал бойында,
Сұңқардың бір ән бардай таңдайында.
Ақ адыр бірте-бірте ажарланып,
Дүние бара жатыр базарланып.
Әнеки, шың басында қыран отыр,
Бір сәтке қылт еткенді назарға алып.
Таң ата ұлан тойға бері асығып,
Аттанды «Қайдасың, – деп, – Қарашілік?!»
Байлаулы Сейфолланың сәйгүлігі,
Бұлқынып, тыным таппай аласұрып.
Елеңдеп, бір дүбірге елегізіп,
Тұлпар да,
Тұра алмай тұр,
Дене қызып.
Жан-жақтан хан жайлауға
Жиылған жұрт,
Қарайды,
Дегендейін:
– Кәне, қызық!
Бәрі де сәйгүліктің маңайына,
Жиылып,
Таңдау түсті талайына.
Жас та жүр түбіт мұрты тебіндеген,
Қарт та жүр қырау түскен самайына.
Біреуі:
– Ғажабын-ай, ғажабы!... – деп,
Біреуі:
– Айта алмаймын озады, – деп.
Бірі айтты:
– Барған сайын бауырын жазып,
Арқасы шапқан сайын қозады! – деп.
– Бір мін жоқ, – деді біреу, – тұлғасында,
Жүйрік жоқ бұдан асар бұл ғасырда! –
Сейфолла мұның бәрін естіп-біліп,
Күлімдеп құр әшиін тұр қасында.
– Жә! – деді сосын,
– Ел-жұрт сауық көрсін,
Тұлпардың алды толы қауіп пен сын.
Тараңдар!
Содан кейін білерсіңдер,
Алдымен топқа түсіп шауып көрсін.
– Сейфолла! – деді бірі соңына еріп, –
Тұрған соң сөз сұрайын жөні келіп.
Аты кім нәрестеңнің, өзің айтшы,
Ат қоса біз де алыстан келіп едік.
Шаттықты қалар дейсің сезінбей кім,
Ұшқыны байқалғандай көзінде ойдың.
– Аты оның – Садуақас, білгің келсе,
Жақында түс көріп ем... өзім қойдым.
Ашпайтын жан сарайы – есігін көп,
Сейфолла көңілінің хошы гүлдеп.
Бұрылып жүре берді әлгі байғұс:
– Бұрында естімеген есімім! – деп.
Сейфолла жақтыртпастан жалт қарады,
Бардай-ақ әлгі жанда шарт-талабы.
Тұрды да сәл бөгеліп,
Содан кейін...
Қалың ел Тойтөбеге тартқан әрі.
...Таулары Ақадырдың қатпар-қатпар,
Мүдіріп, сүрінбейді шапқанда аттар.
Кеткендей күздің өзі жазға айналып,
Әр жерден қылаң беріп ақтаңдақ қар.
Болса да кеше дауыл, кеше дүлей,
Күн бүгін қатқыл емес кешегідей.
О, ғажап!
Ат жарысқа қосылыпты
Әбеннің әкесінің есегі де.
Аттардың алмас ешкім есебін де,
Белгісіз созылары неше күнге.
Қосылған қос ғашықтар,
Түн жамылып,
Тып-тыныш жата алмады төсегінде.
Толассыз ән айтылып, жыр айтылып,
Қалған жоқ есті сөзден былай тұрып.
Күндіз-түн қымыз ішкен ақсақалдар,
Дүкенін әңгіменің құрай тұрып.
Қыз қуу,
Палуан күрес,
Айтыс – ақын.
Түрі жоқ бір-бірінен қайысатын.
Солардың шет жағында кедейлер жүр,
Тебініп торы шолақ – байғұс атын.
Кедейлер аямайды жанын ізгі:
– Ағартып атыратын таңымызды,
Паһ, шіркін!
Бір ұл нағып тумады, – деп, –
Біздің де ойлайтұғын қамымызды!...
Алыстан естілгенде ат дүбірі,
Жаңғыртып даңғараны қақты бірі.
Жалпақ ел соған қарай жанталасты,
Жалғанның ашылғандай бақ-ғұмыры.
Адырдың әр жағынан көтеріліп,
Қою шаң – бейне жанған от өріліп.
Алыстан қылаң берді құла қасқа,
Құр босқа кетпегендей бекер үміт.
Аттар да жақындады тасырлатып,
Шу басып құлағыңды,
Басың қатып.
Әртүрлі көйлек киген шабандоздар,
Көз алдын –
Қызылдатып, жасылдатып.
Ақ шаңның арасынан дара шығып,
Айдынын басқалардан сәл асырып.
Көрінді құлақасқа
Көзге айқын,
Содан-ақ біліп қалды шамасын жұрт.
– Ой, мынау Құлақасқа!
– Құлақасқа!
Дегенге Сейфолла да құлақ асқан,
Жан-жақтан,
Жапырласып-дүрліккен жұрт,
Көз көріп,
Кім екенін сұрамастан.
– Ой, мынау, Сейфолланың кер құласы,
Сілтенген семсердейін ер құлашы.
Болса да қанша қатты –
Сәтке тәтті,
Қобалжып,
Кірпігіне келді жасы.
Куә ғой – Сейфолланың тойы бұған:
Көзінің мөлт-мөлт еткен мойылынан.
Сипалап сауырынан,
Жалын құшып,
Құшақтап тұрды біраз мойынынан.
Ат жақты,
Ашаң жүзді, қарыс маңдай.
Кісі еді Сейфолла да арыстандай.
Қос сызық маңдайдағы
Тағдыр жолы –
Ұзарған бір-бірінен қалыс қалмай.
Думаншыл, әрі сері, аңсақ еді,
Талайдан осы күнді аңсап еді.
Білмейді,
Асарында,
Жасарында,
Қалған жер –
Қанша асу, қанша белді?!
Ат мініп,
Ақыл-есін білген кезден,
Қырандай қаршығаны ілген кезден,
Күбірлеп тұрды ішінен,
Дәл қазір де:
– Уа, Тәңір!
Сақтай гөр, – деп, –
Тіл мен көзден!
СӘДУАҚАС – СӘКЕН
Тәй-тәй басып,
Қаз-қаз тұрып,
Талпынады – Сәдуақас.
Талаптанып,
Қанат қағып,
Шарқ ұрады – Сәдуақас.
Ұясында,
Қия-шыңға,
Ұмтылады – Сәдуақас.
Тұрмай үйде,
Ән бе, күй ме,
Бір құмары – Сәдуақас.
Өнер қуған,
Той мен думан,
Аңсағаны – Сәдуақас.
Ақындарға,
Батырларға,
Тамсанады – Сәдуақас.
Тақпағыңды,
Айтқаныңды,
Ұғады әлі – Сәдуақас.
Үміт толып,
Жігіт болып,
Шығады әлі – Сәдуақас.
Қатарынан ерте жетіп,
Өтер жолды – Сәдуақас.
Елі-жұрты
Еркелетіп,
Сәкен болды – Сәдуақас.
Сол Сәкен –
Жігіт болды барып-барып,
Мақсаты,
Мұраты да анықталып.
Шүлдірлеп үш жасында өлең айтып,
Үлгерді бес жасында әріп танып.
Алтыға келгенінде атқа мінді,
Жетіде жыр-дастанды жатқа білді.
Аң аулап он бір жаста,
Ерте оянып,
Үйренді қолдан құрып қақпаныңды.
Он үште қолға құйттай домбыра алып,
Күй шертті он саусағы мың бұралып.
Он бес пен жиырманың арасында,
Оралды Ақмола мен Омбы барып.
Бүлінбес ұстай білсе ел арасы,
Арбаны сақтап тұрған бел-ағашы.
Отызда Елордасы –
Орынборда,
Сейфуллин – Совнарком төрағасы.
Осымен сәл тоқтатып сөздің басын,
Тағдыры талай жайға кез қылғасын.
Азырақ өткен күнге оралайық,
Шығарып шер мен шемен – көздің жасын.
НІЛДІДЕ
Орысша үйренсін деп тіл сындырып,
Еркені еркін жүрген қымсындырып.
Табыстап «тамырына» тастап кетті,
Көңілін жас баланың күрсіндіріп.
Сейфолла – қатал еді балаға тым,
Жанына Жамал сынды – Ана жақын.
Үйінде қала берді жылап-сықтап,
Шын тілеп саулығы мен саламатын.
Қорқады солмаса деп жаны көктей,
Қарны ашып қала ма деп халі жетпей.
Сәкен де сағынады,
Анасының
«Әу» деген құлағынан әні кетпей.
Анасы үзілтіп бір ән салғанда,
Елжіреп елі-жұрты тамсанғанда.
Тынығып,
Тазарып бір қалушы еді,
Шалдығып шама келмей – шаршауға да.
Даланың қуанатын гүлін көрсе,
Жалына жармасатын құлын көрсе.
Тыңдайтын Анасының әсем әнін,
Түн бойы көзі ұйқыға ілінгенше.
Сонан соң таңғажайып түс көретін,
Ауылға жазда кетіп, қыс келетін...
Тек қана Анасының айтуымен
Үйдегі барлық шаруа істелетін.
Мән беріп әрбір сөздің мысалына,
Әл беріп қанат жайып ұшарына.
Кең жайлау,
Аунап-қунап алатұғын –
Ананың еніп кетсе құшағына.
Ауылдың ажар көркі – сәні қандай,
Өтеді көз алдынан бәрі қалмай.
Осыны ойлағанда бала Сәкен,
Жүрегі сағыныштан
жарылардай.
...Әлі күн соны ойласа ет жүрегі,
Езіліп кететіндей... деп біледі.
Аулаға шығарып ап,
Жалқын Сары,
Қараны –
Қақпа ішінде тепкіледі.
Қарасы – қарт жұмыскер,
Сары – бастық.
Істеткен әрі байлық, әрі мастық,
Жазығы –
Жалшы байғұс жалғыз сөздің,
«Ала алмай ақымызды арып-аштық».
Осы сөз шаншу болып Сарыңызға,
– Тидің, – деп, – артық айтып арымызға.
Таяқтың астына алды сары сайтан,
– Жоқсың, – деп, – біздің санат-санымызда.
– Сандалған сен сияқты белсендінің,
Сұрамас ешкім келіп өлсең – құның.
Дандайсып ен далада кетіпсіңдер,
Жабайы мал боп кеткен өңшең жырын.
Қақпаның тесігінен мұны көріп,
Жас Сәкен ызаланды – жыны келіп.
Адамды айуандай қор санаған,
Іс еді жан шошынып – түңілерлік.
Заманның бұл да болса
қатесі екен,
Бастықтар басқаларға жат-өш екен.
О, сұмдық!
Оңбай мынау таяқ жеген,
Баланың Омар деген әкесі екен.
Омармен оқушы еді Сәкен бірге,
Жалдаған қатар келіп пәтерді де.
Алдында бала Сәкен,
Дәл бүгіннен,
Тұрғандай қауіпті жол – қатерлі де.
Дүниеге болған дейсің кім керегі,
Тірлігің күн кешкендей түрмедегі.
Баласын оқытам деп әке байғұс,
Заводқа жалшы болып кірген еді.
Тап келіп мына жайға тосын қандай,
Сәкеннің жас жүрегі шошынғандай.
Жарлыға жарық күннің өзін қимай,
Кемсітіп,
Кем-кетікті басынғандай.
Халы бар
Ардақты да, айбарлы да.
Біледі ол қулық, сұмдық, айлаңды да.
Дәл бүгін Сәкен көзі жетті анық,
Адамның бөлінерін бай-жарлыға.
Төзімі тастай болып шегенделді,
Сезімі көрер көзге көгенделді.
Сөнбейді,
Бұдан былай сенбейді ол –
«Адамның бәрі бірдей...» дегенге енді!
Қалайша бәрі бірдей көрінеді,
Бай болып,
Кедей болып бөлінеді.
Адамның тең құқығын сақтау үшін,
Заманның табу керек жолын енді.
Шарықтап жас қиялы осыны ойлап,
Біресе жалшы шалды,
Досын ойлап.
Алдағы тағдырынан елес берер,
Тар кезең,
Қызыл қырғын,
Жасыл аймақ!
АҚМОЛАДА
Жетті олар үш күн жүріп Ақмолаға,
Шәкіртке бұдан артық бақ бола ма?
Әкесі ақ Сәкенін ертіп алып,
Түскенде қызыл іңір – тап қонаға.
Тағы да түсті үйіне орыс шалдың,
Жаны ашып, жөні шығар болысқанның.
Есімі – Димитрий,
Ол – дәрігер
Демейді және ешкімге борыштармын.
Ағаш үй.
Іші жылы, сырты көркем.
Жасыл тал іргесінде жайған өркен.
Аулада бала Сәкен алаңдайды,
Бұл үйді табамын деп қайдан ертең.
Қасында тағы бір үй дәл осындай,
Еңселі бұдан гөрі – дара шыңдай.
Екеуі бірін-бірі толықтырып,
Тұрғандай бір-біріне жарасып-ай!
Дәрігер Дмитрий ұзын сары,
Кісіге қарамайды жүзін салып.
Бірден-ақ Сейфоллаға сөз тастады:
– Қиналып, қысылмаңыз сіз мұншалық?!
Дегенге Сейфолла да разы боп,
Ел жайлы әңгіме айтты біразырақ.
– Келесі келгенімде, семіз тоқты,
Байлаулы босағаңда тұрады, – деп.
– Ал, мынау,
Ауылымыздың майы, құрты.
Соғымы біздің үйдің семіз жылқы.
Әкелдім қазысынан дәм татсын деп,
Осы ғой бұл қазақтың әдет-ғұрпы.
Қазыны көрген орыс көзі жайнап,
Кесетін бәкісін де қойды ыңғайлап.
– Сейфолла! – деді сосын Дмитрий, –
Мейлі ғой біздің үйде жатсаң да айлап.
– Жоқ, ойбай! – деді Сейфең, –
– Кетем ертең, –
Үйіңді көріп тұрмын өте көркем.
Осы үйдің бір бұрышын Сәкенжанға
Оқуға түскенінше жалға берсең...
Дегенде, Дмитрий:
– Не дегенің?! –
Сол болсын демегенім, жебегенім.
Көк тиын сұрамаймын қазақ достан,
Сен мені танымасаң неге келдің?!
Сейфолла:
– Айналайын, «тамырым-ай»,
Жамандық көрмесінші жаның ұдай.
Қол берші, қияметтік дос болайық,
Төбеден көріп тұрса кәні, Құдай.
Басты да орыс шалын бауырына,
Тірліктің басылғандай дауы мына.
Бетінен Сәкенінің бір сүйді де,
Сейфолла қайтып кетті ауылына.
Көшеге шықты Сәкен ертесіне,
Емініп жатқан қала ерке Есілге.
Мына бір қоңыр үйдің күмбездері,
Түйенің ұқсайды екен өркешіне.
Дүкендер бір-бірімен қатарласып,
Жасайды орыс – сауда,
Татар – кәсіп.
Қолынан осылардың не шықса да,
Қазаққа болған дейді бәрі нәсіп.
Көрінген анау – мектеп,
Мынау – мешіт.
Шіркеу тұр одан әрі мойны көсік.
Көк қоршау,
Айналасы аздаған тал,
Есілдің тербетеді самалы есіп.
Ордасы – базар маңы шу-дүбірдің.
Сарт та сұрт,
Ызы-қиқу,
Үргін-сүргін.
Бәрінен тұрқы бөлек,
Сырты да ерек,
Зәулім үй, кімнің үйі?
– Кубриннің!
Кубрин бұл қалада алпауыт бай.
Жан адам бара алмайды жол тауып жай.
Коймасы – дүниенің қазынасы,
Қоймайды бесеу алып, алтау ұтпай.
Шет жаққа шығып еді сәл-ақ аттап,
Жабысты балағына қара батпақ.
Соғады ызғар шашып күздің желі,
Көшеде қара суық.
Дала қатқақ.
Димекең ас ұсынып сұрамай-ақ,
Көрген жоқ ештемесін мұнан аяп.
Алайда, талай күндер өтсе-дағы,
Ақмола қойды бірден ұнамай-ақ.
Даланың дауылына, аптабына,
Қаланың қара суық – қатқағына.
Бәріне иліккенмен біздің Сәкен,
Қойғаны көндіге алмай батпағына.
Сәкенге таза болу – қатал кесім,
Жүргізіп жігіттіктің қатар көшін.
Ақ көйлек,
Қара костюм,
Қара шалбар,
Сүртеді қайта-қайта бәтеңкесін.
Жүргенде шалбарының қыры сынбай,
Үстіне шаң-тозаңды бір ұшырмай.
Бөлекше мархабат бар бұл ісінде,
Ерекше салтанат бар жүрісінде.
Мейірімді шапағат бар көздерінде,
Мерейлі махаббат бар сөздерінде.
Сәкенге сыпайылық танытатын,
Кезіккен ұстаздардың өздері де.
Өздері ұстаздардың бағалайтын,
Кішілер ардақ тұтып «ағалайтын».
Сәкеннің бір мінезі,
Ерте тұрып,
Ақ қайың –
Есіл бойын жағалайтын.
Ойынға ертелі-кеш ерінетін,
Өзінше елден дара көрінетін.
Ішіне ен тоғайдың еніп алып,
Тамаша қиялдарға берілетін.
Бойында шалқар шабыт,
Терең ақыл.
Ойында өрілгендей өлең ақыр.
Не керек,
Айтып-айтпай,
Біздің Сәкен –
Өзгеше бала болып келе жатыр!
СӘКЕН МЕН ИМАНЖҮСІП
Ауылы Иманжүсіп
– «Күйгенжарда»,
Шарапат-шапағаты тиген жанға.
Әуенін әуелетіп ел айтады,
Арналған – «Қалқатайға», «Сүйген жарға».
Халықтың қиссасындай қалыптасқан,
Айтады әнмен жырын жалықпастан.
Ғажайып бір аңыз бар ел ішінде:
«Бір түнде сегіз қызды алып қашқан».
Батырмен Балуан Шолақ бақасқанын,
Қарысып Қажымұқанмен тақасқанын.
Бақыртып бір орыстың шашын жұлып,
Түрмеге түсіп әбден шатасқанын.
Ішінде қашып шығып үш аптаның,
Тасада тұрып алып кісі атқанын.
Тағы да толып жатқан істері бар,
Айтпай-ақ қояйықшы ұсақтарын.
Сармойын тұлпар мініп тулатқанын,
Төбеден жасын ойнап зулатқанын.
Қаратып «Қараөткелді» талап алып,
Ел-жұртын түн ішінде шулатқанын.
Қасына қорқып бармай «сар жағаның»,
Есілді өрлей өтіп, шарлағанын.
Бір түнде қойдай тізіп әкеткенін,
Аршын төс – Қараөткелдің «маржаларын».
Аң қоймай кең даланың қиырынан,
Айрылған жылқысынан, сиырынан.
Түрмеге тоғыз түсіп босатылып,
Бес рет атылуға бұйырылған.
Қорықпаған басын байлап бір өлімге,
Қылы бар қаймықпайтын жүрегінде.
Ояздың басын жарған
Бұрын-соңды
Болмаған мұндай сұмдық қыр елінде.
Баспайды ауылына саяқ қадам,
Барғанды бас-көзіне таяқтаған.
Имекең осы күні үйінде отыр,
Қырандай тұғырында тояттаған.
Түп-түгел ауылының мал мен басы,
Бар ептеп баяғыдан қалған кәсіп.
Дүниені дүрліктірген
Сол Имекең,
Бұл күнде Сейфолланың жан жолдасы.
Бөрідей Иманжүсіп даладағы,
Талайды,
Кейде өзі де таланады.
Болса да қанша қырғын,
Қанша сүргін,
Бөлініп көрген емес аралары.
Табады бірін-бірі сағынысып,
Бұйырған несібені қағып ішіп.
Жүрсе де бірі – Қырда,
Бірі – Сырда,
Бас изеп,
Бір-біріне бағынысып.
Домбыра тартып бірі,
Бірі ән салып.
Бебеулеп биігінде тұрар шабыт.
Сонан соң,
«Бұғылыны» бетке алады,
Түз жортып,
Түлкі қуып,
Қыран салып.
...Сәкен де жүрмек болып сол ізбенен,
Атаға сәлем берер жол іздеген.
Ауылдың баласы ғой
Адал ниет,
Дәстүрден әлі күнге қол үзбеген.
«Күйгенжар» естуші еді талай жер деп,
Ол жаққа қалай барып, қалай келмек.
Әкесі Сейфолла да еске салған:
Жүсіпке жол түсіріп, сәлем бер деп.
Жүсібі – кәдуілгі Иманжүсіп,
Қайтуға сәлем беріп, қолын қысып.
Бір күні іргедегі «Күйгенжарға»,
Сәкеннің келіп қалды жолы түсіп.
– Ассалаумағалейкум, Иман аға,
Өлең-жыр жүрегіне жиған аға.
Сәлемнің сәті түсіп келіп қалдым,
Тағдырдан бұдан артық сый бола ма?!
– Мынау кім?
Тақылдаған қай баласың,
Сөйлеске кім болсаң да сай боларсың.
– Сәкенмін.
Сейфолланың баласымын,
Арнайы іздеп келген сайлы ағасын.
Әп-сәтте ұшып тұрып Иманжүсіп,
Сәкенді құшағына ап,
Сүйді құшып.
Амандық сұрасқан соң,
Айтты әңгіме:
– Қайтасың қонағым боп, дәм-тұз ішіп.
Сәкен де басқа уәж айта алмады,
Көңілін атасының қайтармады.
Үйінде Имекеңнің басын қосты,
Ауылдың өңкей жақсы-жайсаңдары.
Біреуі – күй тартады,
Біреуі – ән сап,
Қалыпты сағынысып жүрек аңсап.
Үйіне Имекеңнің кешке қарай,
Жан-жақтан тыңдаушылар келді самсап.
Имекең шаттанбасын енді қайтіп,
Ән салып,
Арасында әңгіме айтып.
Бар және ел білетін батырлығы,
Көрмеген тау мен тастан беті қайтып.
Имекең аяна ма ойлы жастан,
Осылай аз отырыс тойға ұласқан.
Қызықтап әңгімесін айтып берді,
«Бір түнде сегіз қыздың қойнын ашқан...»
Әуені барған сайын ұнап дәйім,
Қойылар айтушыға сұрақ дайын.
«...Кәпірдің аузы түкті талайларын
Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын!»
Дегенде, сөздің бағын жандырғандай,
Айызын тыңдаушының қандырғандай.
Бірінен бірі кейін шалқып жатты,
Па, шіркін, көкелері әннің қандай?!
Жаралған өлең шіркін жан бауырдан,
Қыранның бір кем емес самғауынан.
Екі-үш күн
«Күйгенжарда» жатып қалды,
Кете алмай бала Сәкен әлгі ауылдан.
Байқады
Иманжүсіп бала жанын,
Бойында ақыл барын, сана барын.
Сәкен де айналшықтап жүріп алды,
Қасынан бір шыға алмай жан Ағаның.
Қылт етіп көңілінде алғаш үміт,
Күтті ол түні бойы таңды асығып.
Қос атты ерттеулі дайындатып,
Ертесін қайтамыз деп аңға шығып.
Бала да баса алмады қанша аптығып,
Жүректе жасыра алмай жан шаттығын.
Сезімі сергек, дана Иманжүсіп,
Сәкеннің байқап қалды аңсақтығын.
Сәкеннің байқап қалды жан құштарын,
Аралап ен жайлауын,
Бар қыстауын,
Бүғылы-Тағылының бұғып жатқан.
Қайтпаққа дүрліктіріп аң-құстарын.
Ертесін тартып кетті Ерейменге,
Жол салып қалың арғын, керейлерге.
Сәкенге бәрі қызық,
Тізілген тау –
Қызығып,
Қарайғанға, серейгенге.
Таулардан әрі қарай ашыққа алып,
Әуелден қалған кәсіп машықтанып.
Мылтығын ұмсынады Иманжүсіп,
Көзіне қылт еткенді басып қалып.
Құтқармай қасқырын да, түлкісін де,
Дәл бұлай көздей алмас бір кісің де.
Қыраннан қашып шығып,
Қаршығаны –
Бұлаңдап бара жатқан бұлт ішінде.
Құлатты,
Құс мылтықпен бір-ақ атып,
Талайын киіктердің тұралатып.
Аңшыға қанжығасын қандап қайтса,
Болмас-ау бұдан артық, сірә, бақыт.
Куә ғып, ашық күнді, жарық айды,
Кей аңға атқан оғы дарымайды.
Әйтсе де, даладағы қанды қасап,
Сәкенге әрі қызық, әрі қайғы.
– Апыр-ай,
Қандай қатал аңшы жаны, –
Сәкеннің таусылғандай жан шыдамы.
Ақбөкен жаңа ғана атып алған,
Аққан жас – жанарынан тамшылады.
Кеудеде алай-түлей ойы мына,
Көзінің шыдай алмай мойылына.
Атынан қарғып түсіп,
Бала Сәкен
Жармасты ақбөкеннің мойынына.
Жас келіп жанарына,
Жаны жасып,
Қалған кез –
Қара түнге таң ұласып.
– Қайтайық! – деді Сәкен атасына,
Дауысы діріл қағып, қаны қашып.
Көңілі алып ұшқан кішіргендей,
Қай сөзбен дәлелдемек ісін нендей.
Сәкенді бауырына басты Атасы,
Баланың нәзік жанын түсінгендей.
Бұл жайды Атасы да аңдағандай,
Аңшының бүгін бағы жанбағандай.
Естілді шаңқ-шаңқ еткен қыран үні,
Тап келген бір соққыға әлдеқандай.
Тағдыры тап келгендей атқан оққа,
Тигендей қақ жүрекке, нақ қанатқа.
Тіксініп қарап тұрды,
Бала Сәкен –
Түнерген тау ішіне,
Шатқал жаққа.
ОМБЫДА ОҚЫП ЖҮРГЕНДЕ
Аяқтап,
Аз оқуын Ақмолада,
Аттанды жігіт Сәкен жат қалаға.
Омбыда оқитұғын күн туған соң,
Қуанбай –
Қу жаныңда дәт қала ма?!
О, Омбы!
Тағдыры ортақ Отаныммен,
Достасқан Достоевский – Шоқаныммен.
Өзіңе білім іздеп, сусап келдім,
Қанша жыл дәм-тұзыңды татамын мен.
Десе де, оқу деген – тәуір кәсіп,
Сәкеннің жас жүрегі ауылға асық.
Шаттығын ішке бүккен,
Шулы шаһар,
Ол бірден кете алмады бауыр басып.
Ол бірден бауыр басып кете алмады,
Жат елге –
Діні басқа, бөтен жаны.
Алмасып тұратыны бар емес пе,
Өмірдің кермек дәмі – шекер балы.
Тым-тырыс.
Тылсым дүние – естілмеген.
Сүйсініп,
Сөйлеспейді ешкімменен.
Қым-қуыт,
Қилы тағдыр,
Қиын күннің –
Түйінін оңайлықпен шештірмеген.
Ойында-
Оқу менен өлең ғана,
Кең дүние,
Кереметтей кенен дала.
Ақылын аямайды,
Ағыл-тегіл,
Ақ басты профессорлар кемел-дана.
Сол ғана,
Селт етері,
Сенері де,
Сол ғана көңіл қойып, көнері де.
Қауызын жаңа жарған қызыл гүлдей,
Ашылып келе жатыр өнері де.
Жаңалап көйлегін де, костюмін де,
Сезгендей бірте-бірте өскенін де.
Қарайлап қатарына, тінте қарап,
Алаңдап іздейтіндей дос көңілге.
Өкінтіп,
Опындырып жыр жүректі,
Омбыда осылайша бір жыл өтті...
Сырласар досы болмай,
Хошы болмай,
Мұң басып,
Қам көңілді құр жүдетті.
Тағы да бір жаз өтіп,
Күз де келді.
Жүрекке ұялатып ізгі өлеңді,
Тілекке армандаған жеткізердей,
Қашанда көңіл табар іздегенді.
Сәт болды іздегенге сұрағандай,
Жамауын жыртық көңіл құрағандай.
Қою шаш,
Қалың қабақ,
Қыран тектес –
Екеуі қарап тұрсаң бір адамдай.
Тұрғандай бірін-бірі толықтырып,
Тағдырдың қойғанын-ай жолықтырып.
Қыран көз –
Бір-біріне бетпе-бет кеп,
Қарады бас-аяғын шолып тұрып.
Сонан соң,
– Мағжан.
– Сәкен.
Қол алысып,
Бір-бірін бауырына ала құшып...
Кешкісін,
Кәнігі бір ақындардай.
Табысып,
Тост көтерді шарап ішіп.
Жастықтың алау жағып денеде оты,
Көп күндер көз алдынан көлең етіп.
Екеуі кезек-кезек сөз сөйледі,
Екеуі кезек-кезек өлең оқып.
Еске алып,
Есіл бойын – Көкшетауды,
Еске алып Қызылжарды –
Ескі атауды...
Бурабай,
Қарқаралы,
Баянауыл,
Қаратау,
Алатауды – бақша-баулы.
Қазақтың қарасы мен ханы жайлы,
Еске алып –
Батыр Баян, Ағыбайды.
Аузының суы құрып,
Ақын Мағжан,
Айтады қайта-қайта Абылайды.
Айтады Абылайдың хан болғанын,
Айтады Нұрмағамбет паң болғанын.
Арқаны әнмен қырған,
Ақан-Біржан,
Атақты бірі – сері, сал болғанын.
Айтылып кейде әні, кейде өлеңі,
Қос сұңқар осылайша ой бөледі.
Сәкен де Көкшетаудың көркін айтып,
Тамсанып: «Біздің жақта...» – дей береді.
– Па, шіркін!
Біздің жақтың жазы қандай,
Күмістей сыңғыр қаққан сазы қандай?
Төс керіп Айнакөлдің айдынында,
Тербелген аққуы мен қазы қандай?
– Па, шіркін!
Біздің жақтың күзі қандай,
Егіннің орып алған ізі қандай?
Таудағы Алматының алмасынан,
Құмарың бір қанбайды үзіп алмай...
Еске алып туған жерді, өскен елді,
Еске алып Қарағанды, Өскеменді.
Еске алып айдай сұлу аруларды,
Арқада аққан бұлақ, ескен желді.
Екі дос –
Даласы мен Тауы сондай,
Жүр екен бір-бірімен қауыша алмай.
Талмастан таңға дейін әңгіме айтты,
Қызығын туған елдің тауыса алмай.
... Кезі еді – Дулатовтың дүрлеп тұрған,
Көңілді бірыңғайлап бірлеп тұрған.
Мамырдың майда желі жанды желпіп,
Бар маңай қызыл-жасыл гүлдеп тұрған.
«Міржақып – төмендердің аласасы»
Деген сөз бола алмайды арашашы.
Ертістің жағасында,
Ен тоғайда,
Өтетін тойдың не бір тамашасы.
– Міржақып үйленетін болыпты, – деп,
– Асылға қандай ару жолықты, – деп.
Гуледі Омбы елін әңгіме-сөз,
– Қай жерге,
Қай ауылға қоныпты, – деп.
Ауыл көп су бойында тізбектелген,
Табылар іздеп барсаң түз, бөктерден.
Осыдан үш жыл бұрын Омбы жаққа,
Міржақып Ахметті іздеп келген.
Заманға қарсы тұрып сор қайнатқан,
Іздеген шығады деп жол қай жақтан.
Екеуі туыс дейді,
Егіз қозы,
Тумысы, туған жері –
Торғай жақтан.
Көгеріп өмірінің көктемінде,
Бір жүрген өмір-асу, өткелінде.
Тоқыпты ғалам сырын,
Заман жырын,
Оқыпты – Ыбырайдың мектебінде.
Сөз тартсақ солай өмірбаянынан,
Тағдырдың құтылмаған таяғынан.
Ол кезде,
«Оян, қазақ!» елді оятып,
Туып тұр Міржақыптың айы оңынан.
Шығарып «Қазақ» газет Орынборда,
Ахаңмен бірге жүрсе қорынған ба?!
Омбыда оншақты күн қалың ойнап,
Деген кез:
– Уа, құдайым, жолымды оңда!
Бозбала болашаққа құштар күндей,
Ол кезде дос та бірдей,
Дұшпан бірдей.
Дәрігер Баймұраттың Омбыдағы,
Бойжеткен үш қызы бар – үш тал гүлдей.
Сарасы – ішіндегі естияры,
Секілді төлдің басы – көштің алды.
Ортаншы – Ғайнижамал,
Міржақыптың,
Ғашық боп соған ауған ес-қиялы.
Үйленіп, қандай жақсы қанаттанған,
Міржақып той жасауға талаптанған.
Кішісі – Гүлшаһра,
Көрген кісі,
Көркіне көзі тоймай қарап қалған.
Қыпша бел,
Қарақат көз,
Қалам қасты,
Ақ жүзі – жауған қардай ең алғашқы,
Жүрегі бозбаланың жарылардай,
Бір серпіп тастағанда қолаң шашты.
Жарасып ұзын бойы тұлғасына,
Беріпті бар сұлулық бір басына.
Назарың ажарына түскен кезде,
Мен кепіл босқа қарап тұрмасыңа?!
Қасында Міржақыптың Сәкен, Мағжан,
Бейне бір дәм татқандай шекер-балдан.
Махаббат машығы боп,
Ғашығы боп –
Күндіз-түн өлең-жырды төпеп жазған.
Үш тоты түлеп өскен бір ұяда,
Ығысқан Міржақыптан тым ұяла.
Қос ақын екі жақтан жұғысады,
Көз тігіп,
Гүлшаһра – Гүлияға.
Гүлия – ерке елік бұлаңдаған,
Бой жетіп бұл күндерде сылаңдаған.
Қосылып өлең жазған,
Қос жігіттің,
Қылығын
Қапелімде біле алмаған.
Ал, тіпті,
Білмек түгіл, мән бермеген.
Ұстайтын білегінен жан көрмеген.
Жүрегі алып-ұшып,
Жалын құшып,
Кеудеге күй ұялап,
Ән кернеген.
Алынбай махаббаттың тас қамалы,
Қос ақын құрығандай басқа амалы.
Кимелеп,
Киіп-жарып кетпек болса,
Тек қана Міржақыптан жасқанады.
Міржақып Мағжанға ұстаз,
Сәкенге де,
Парызы шәкіртінің өтелген бе?
Аяғын аңдап басып,
Екі сабаз –
Біледі қауіп қайда,
Қатер неде?!
Біледі сыйластықты, жарастықты,
Базарға барып талай бал аштыртты...
Оңаша қалған сәтте,
Тұрмай текке,
Туады екеуара талас тіпті.
Кісі еді –
Баймұрат та дара туған.
Ем жасап,
Ел дертіне ара тұрған.
Омбыға оқу іздеп ол да келген,
Мекені Қостанай жақ – Қарасудан.
Тірлікте іздемей ме жаның пана,
Жас жүрек жөн тапса да, жаңылса да.
Бітіріп училище
Отау тігіп,
Үйленді Қаржас қызы Қанипаға.
Ата-ана бағып-қағып, еркелетті,
Үш елік – ерте есейіп, ерте жетті.
Көре алмай үшеуінің бойжеткенін,
Баймұрат,
Әттең, дүние,
Ерте кетті!
Ертістің жағасында,
Көктемдегі,
Ән-думан көкке шалқып кеткен бе еді?!
Қаржастың ауылында,
Пай-пай, шіркін!..
Мұндай той өтпеп еді көптен бері.
Қазақша ән айтылып,
Күй тартылып.
Көрген жоқ тойда толас-сый сарқылып.
Коньяк,
Шампан-шарап,
Ағыл-тегіл,
Қалған жоқ ішілмеген бір жартылық.
Бәрі де әдетімен, әдебімен,
Құр емес сый-сыбаға кәделіден.
Қыз баптап,
Қымыз құйған ыдыс-аяқ,
Байқалған ою-өрнек бедерінен.
Осы ғой ер жігіттің тәтті арманы,
Бойына балдай сіңіп татқан дәмі.
Салады ескі әуенге естен кетпес,
Қызынып,
Қымыз ішіп қарттар жағы.
Жанына асыл сезім ұяларда,
Қыз-жігіт,
Бірін-бірі қия алар ма?
Билейді кезек-кезек,
Сәкен, Мағжан,
Шақырып Гүлияны би алаңға.
Екеуі кезек-кезек иіледі,
Тағдырдың тартқандайын сыйы нені?!
Етегін көйлегінің жел көтеріп,
Құшақтап қыпша белден үйіреді.
Қос жігіт кезек-кезек ұрынғандай,
Шіркін-ай,
Шыдам бар ма шыбын жанға.
Қыз-жігіт,
Қызба көңіл болған сәтте,
Не жетсін бірін-бірі ұғынғанға.
Екеу ғой, бірақ, бұлар,
Біреу емес,
Қылығын қыз байқатса кім елемес.
Сыр бермей,
Гүлия да күлім қағып,
Тұтанып кете ме деп бір ерегес.
Ішінен ізгілікті ырымдамақ,
Кектесіп,
Кетпесін деп қырын қарап.
Шәкірті Міржақыптың бала кезден,
Мағжанды білуші еді бұрыннан-ақ.
Ал мынау,
Сұлу мұртты – Сәкен атты,
Арындап арғымақтай өте бапты.
Жүректің түкпірінен тіл қатады,
Оятып қайдағы бір махаббатты.
Ұстап ап саусағынан Гүлияны,
Еріксіз еліктіріп жымияды.
Ерке қыз көңіліне секем алды,
Жігіттің осы ма деп «зымияны».
Бір шабыт шалқытты ма дем берерлік,
Бір лебіз балқытты ма ем берерлік.
Бөлініп басқа жұрттан,
Бөлектеніп,
Бір жаққа бара жатыр дөңгеленіп.
Қымтады қараңғылық бар алапты,
Оттарын жарқыл-жұрқұл қала жақты.
Ертістің жағасында,
Ен тоғайдың,
Ішіне,
Екеуі еніп бара жатты...
Бір шабыт шалқытты ма дем берерлік,
Бір лебіз балқытты ма ем берерлік.
Бөлініп басқа жұрттан,
Бөлектеніп,
Бір жаққа бара жатыр дөңгеленіп.
Қымтады қараңғылық бар алапты,
Оттарын жарқыл-жұрқыл қала жақты.
Ертістің жағасында,
Ен тоғайдың
Ішіне
Екеуі еніп бара жатты...
САРЫАРҚАНЫ САҒЫНУ
Үдетіп Сарыарқаның сағынышы,
Жүрегі келе жатыр алып-ұшып.
Кей кезде көлігінен қарғып түсіп,
Кәусары қанғанынша
Жата қалып,
Даланың бұлағынан қанып ішіп.
Құмарын құштарланып қандырады,
Шырағын жанарының жандырады.
Көз жетер жердің бәрін жырға бөлеп,
Ой жетер жердің бәрін ән қылады.
Сарыарқа –
Таза бұлақ, дала гүлі.
Сарыарқа –
Жақсы күннің жаңалығы.
Сарыарқа –
Жарқ-жұрқ еткен жастық шағы,
Жалаң бас,
Жалаң аяқ балалығы.
Сарыарқа –
Ертегідей ертедегі,
Көз тартар жері қандай көркем еді.
Төсінен туған жердің тыныс алып,
Есілген Есіл-Нұра,
Ерке өзені.
Нәр алып,
Жайсаң жаздан, қатты қыстан,
Бір-бірін қыз-жігіттей тәтті ұғысқан.
Сарыарқа –
Аймалап жел,
Айнала көл,
Алты ай жаз,
Айдынынан аққу ұшқан.
Сарыарқа –
Сағымды бел,
Сайын дала,
Шат көңіл,
Шабыт берген шайырға да.
Өзіне гүл бітеді тақыр жердің,
Қарағай,
Тіл бітеді қайыңға да.
Сарыарқа –
Қалың орман, сәнді бағы,
Бойыңа қуат кіріп,
Қан қызады.
Кей сәтте тізгініне ерік беріп,
Ақбозын астындағы ағызады.
Ақбоз ат астындағы ширақ еді,
Қаз мойын,
Қамыс құлақ,
Қима белі.
Омбыдан аттанарда,
Ойда отырған,
Қаржастың жігіттері сыйлап еді.
Ер Сәкен
Келе жатыр сол атпенен,
Ақбоз ат –
Құйрық-жалы шолақ дөнен.
Құтылып қалың орман арасынан,
Шабады,
Қоңыр төбе,
Қолатпенен.
Шабады жазық жерді таңдап алып,
Ой-шұңқыр,
Жар-жықпылды аңдап алып.
Сімірген бала жастан,
Салқын самал,
Ауасы бара жатыр жанға жағып.
Ақбоз ат
Ақын жігіт астындағы,
Үстінде – қыран мүсін, тас тұлғалы
Ағызып бір төбеден бір төбеге,
Даланың білінбейді тас-құмдағы.
Ақынның оған мойын бұрар жайын
Білгендей,
Тербетіліп тұрар қайың.
Көрмекке Көкшетауды
Қайран көңіл,
Ұшады қанат қағып қырандайын.
Серпіліп түннен кейін таң келеді,
Келтіріп көңіл күйін жан желегі.
Кенелтіп рахатқа,
Кең дүниені,
Кеудеге күмбір қағып ән келеді:
– Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар исі,
Көкірек қанша жұтсаң тоясың ба?
Ырғалған көкке бойлап қарағайы,
Қасында көк желекті аппақ қайың.
Жібектей желмен шарпып төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майы.
Басына атсаң-дағы оғың жетпес,
Көкпеңкөк шың басынан мұнар кетпес,
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан,
Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес.
Қарағай биік шыңды қиялаған,
Еш адам оны барып қия алмаған.
Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып,
Жалғыз-ақ көк қаршыға ұялаған.
Сары алтын Көкшетаудың ерте-кеші,
Тау мен күн сүйіскендей еркелесіп.
Суретті шежіресі өткен күннің,
Сілекей ағызады ертегісі.
АҚҚУ ӘУЕН – ӘУПІЛДЕК. ХАБИБА ҚЫЗ
Келеді Сарыарқаны Сәкен көктей,
Алдында қауіп пенен қатер көптей.
Ызыңдап күні бойы ескен желмен,
Бір әуен құлағынан қойды кетпей.
Бір әуен бірге соғып ескен желмен,
Сағымдай сылаң қағып көшкен белден.
Дариға-ай,
Дүниеде бар ма қызық,
Жастық шақ – күліп-ойнап өскен жерден.
Ақбоз ат,
Бір кем емес қыран құстан,
Кеудесін бір қуаныш, құмар қысқан.
Күйі бар,
Күмбірі бар мұң аралас,
Бір әуен естіледі тым алыстан.
Алыстан бір тылсым үн тіл қатқандай,
Бітпейтін, таусылмайтын ырғақ бардай.
Арқасы қозып кейде,
Арпалысып,
Жапанда жалғыз өзін жын қаққандай.
Ақын жан,
Айтқан сырды аз ұғар ма,
Көңілдің айтылмаған назы бар ма?
Әлемде әлі ешкімге естілмеген,
Әуенде сағыныштың сазы бар ма?
Шықса да жетіп болмас қанша қырға,
Таусылмас арман жатыр аңсарында.
Құлады бір ауылға сері Сәкен,
Кешкілік.
Қоналқының дер шағында.
Сыртынан әлгі ауылды байқап, аңдап,
Біріне ақ боз үйдің түсті таңдап.
Бай екен үй иесі,
Қонағына –
Қой сойып,
Қол қусырып, шәйін қамдап.
Асықпай содан кейін жөн сұрады,
– Қонағым, – бар, – дегендей, – еншің әлі.
Омбыдан шыққанына он күн болса,
Сөйлесіп, сырласайық кел, шырағым.
Деді де, шынтағына жастық тастап,
Бір қызық әңгімесін кетті бастап.
Күмбірлеп құлағына тұрып алды,
Естілген бір әуені әуел баста-ақ.
Шал айтқан әңгіменің бір ырғасы,
Жас ару өксуменен ғұмыр жасы.
Өтіпті сүйген жарын аңсап, іздеп,
Ағылып кеудеден – зар, көзден – жасы.
Сыңарын аққу – ару іздейді екен,
Айдында баяғыдай жүзбейді екен.
Келмеске кеткен жарды,
Бір көрсем деп,
Сыңарын қайта-қайта іздейді екен.
Ақсақал бітіргесін әңгімесін,
Сәкеннің сезім билеп жан-денесін.
Жөн сұрап тез аттанып кетті Сәкен,
Сол ару осы маңда бар дегесін.
Әлгі әуен құлағында қайта маздап,
Қосылып оны өзі де айта жаздап.
Аттанды ақсақалдың сілтеуімен,
Бар дертті жүректегі қайта қозғап.
Айтқаны ақсақалдың қабыл екен,
Атауы бұл ауылдың – «Шабыра» екен.
Есімі жас арудың – Хабиба қыз,
Жігіттің соры ма екен, бағы ма екен?!
Ауылға бірте-бірте жақындады,
Бейне бір ашылардай ақын бағы.
Сол әуен...
Әлгі өзіне таныс әуен,
Жүрегі жалын атып, лапылдады...
Бұл ауыл күнде жиын,
Күнде думан.
Жалығып көрген емес айғай-шудан.
Өңкей бір,
Өнері асқан қыз бен жігіт,
Баяғы ата-баба жолын қуған.
У да шу,
Ығы-жығы той осында,
Өнерін өңшең өндір аясын ба?
Қосылып ән салады екеу-екеу,
Тербеліп алтыбақан аясында.
Сәкен де жетіп еді тағат таппай,
Жүрегі кеудесінде тулап аттай.
Бір әуен шалқып кетті,
Балқып кетті –
Қалт етіп әлгі жерге қалды тоқтай.
Құлақтан кетпей қойған ғажап әуен,
Шарықтап аспан асты – таза ауамен.
Қалықтап қанат қағып тұрып алды,
Бұл неткен сиқырлы саз –
Гөзал әлем.
Салдыртып салқын самал сай көбелеп,
Телміріп аспандағы ай да кенет.
Сәкенді осы араға алып келген,
Қандай күш,
Қай құдірет,
Қай кереметі
Ару қыз –
Алқалы топ арасында,
Аққудай,
Тұр малынып бар асылға.
Қолында домбырасы,
Нәзік саусақ,
Шертеді –
Бір керемет бар осында.
Алдында бір ғажайып күй басталып,
Аяғы әнге айналды,
Сымбаттанып,
Нұрланып,
Сан қырланып ғажап әуен,
Танытты тәтті қылық,
Қимас қалып.
Жүректің осы шығар ізгі өлеңі,
Жігітке жақын тартып қыз келеді.
Барады барған сайын баурап әуен,
Сәкеннің осы еді ғой іздегені.
Сәкеннің осы еді ғой аңсағаны,
Ескендей қарсы алдынан таң самалы.
Арудың әуеніне,
Адам түгіл,
Айнала, бар табиғат тамсанады.
Бейне бір құдіреттей құрықталған,
Бұл неткен ғажайып саз ырықты алған.
Аққу-қаз айдынына қона қалып,
Аң біткен құлақ түріп,
Тұрып қалған.
Па, шіркін,
Хабиба қыз осы болар,
Он бес пе,
Он алты ма – жасы болар.
Жан-жағы жапырлаған құрбы-қыздар,
Бір-бірін құшақтасып қосып алар.
Үстінде зерлі қамзол,
Кимешегі,
Өзіне қандай әсем үйлеседі.
Қасына жетіп барып,
Тұрмақ болып –
Сәкен де,
Әрі-сәрі күй кешеді.
Тұрғанда дәл осылай шерменде боп,
Көйлегі етегінің желмен кенет
Кеткенде көтеріліп,
Хабиба қыз:
«Ей, жігіт, қарап тұрма, бермен кел!» – деп.
О, ғажап!
Дәл осылай тіл қатқаны.
Көңілдің арылғандай зіл-батпаны.
Оралып арулардың етегіне,
Жан-жағын қызыл-жасыл гүл қаптады.
Ән күші жас жігітті желіктетіп,
Еріксіз жүрек де еріп кетіп.
Ғажайып бір бақытқа кенелгендей,
Сол гүлдің арасына еніп кетіп.
Бұл да бір думан еді ел көргендей,
Кеудені қуаныштан жел кергендей.
Даланың барлық көлі толқып-шалқып,
Даланың барлық гүлі тербелгендей.
Асқар тау,
Байтақ дала,
Қалың орман,
Ән тыңдап,
Әсер алып, бағы жанған.
Ән ғана жеткізеді жүрек сырын,
Басқаның махаббаттан
Бәрі жалған.
Басқаның махаббаттан бәрі бекер,
Сол ғана тау-жартасты жарып өтер.
Ән ғана әлдилейді қам көңілді,
Өмірдің ән болмаса нәрі кетер.
Ән ғана шығарады ата даңқын,
Жандырып жүректердің махаббатын.
Арманды аңсар болған,
Сол әуенге,
Қосылды –
Хабиба қыз,
Сәкен ақын:
– Қамысы
«Әупілдектің» мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Бармас па ем, қалқатайға әлденеше...
Қар басты Әупілдектің қамыстарын,
Айтады әркім көрген қасірет зарын.
Түседі қайғылығы қара тұман,
Кім білген сол тұманның ашыларын.
Еріксіз Әупілдекті мекен еттім,
Жасым жас он алтыға жаңа жеттім.
Айырған қос ғашықты еңіретіп,
Ісіне бар ма шара құдіреттің!..
Байқады мұңлы қыздың сырын, кейпін.
Жүрегін қатты соғып, дірілдейтін.
Тылсымын,
Тұңғиыққа, ішке бүккен,
Басқаға бір өзінен білінбейтін.
Басқаға бір өзінен байқалмайтын,
Күй кешіп,
Бір оңаша ой толғайтын.
Таңсығын таныта алмай жүрегінің,
Жан сырын жан адамға айта алмайтын.
Іздейді –
Білмейді оның кім екенін,
Өтірік,
Әлде өткір шын екенін.
Шаттық па,
Шабытты шақ –
Шалқар көңіл,
Әлде зар,
Әлде зауық,
Мұң екенін.
Білмейді,
Өзге де оны біліп болмас,
Жанына ұяласа –
Ұмыт қалмас.
Бір күні –
Не ұрынар,
Не жұлынар,
Бәрібір бір қиялға іліккен Бас.
Сәкенге қарап қалды Хабиба да,
Көз нұры –
Жақұттан ба,
Лағылдан ба?
Апыр-ай,
Бірден баурап бара жатыр,
Бір сезім сөйтуші еді сағынғанда.
Бір сезім шарпығандай тұла бойды,
Дал болды түсіне алмай мына жайды.
Кіріптар күйге түскен мына қалпын,
Бірақ, ол –
Жан адамнан сұрамады.
Біледі жалғыз өзі – өзі ғана.
Басталып бір бақыттың кезі жаңа.
Сұлу мұрт,
Сыптығырдай,
Сұңғақ бойлы,
Жанып тұр шұғыладай көзі ғана.
Сол көздің шуағына оранғандай,
Алдынан жаңа мақсат жол алғандай.
Бел шешіп,
Бір биікке шықпақ болып,
Бекеніп,
Серт берісіп қол алғандай.
– Хабиба! – деді Сәкен, –
Өзің бе едің?!
Бір әуен естігенім, сезінгенім,
Бір әннің әуенімен ояндым да,
Іздедім,
Содан кейін көз ілмедім.
Талай күн болды соны іздегелі,
Тартты да қыран-қиял түзге мені.
Мінеки, енді соны тауып тұрмын,
Жалғасын сол әуеннің үзбегелі.
Жүріп ем,
Желіп бір күн, шауып бір күн,
Сол әнді іздей-іздей тауып тұрмын.
Дерт еді осы бір ен маған дағы,
Сол дертті өзің ғана сауықтырдың.
Жігіттің жаралғандай бағына бір,
Бұл неткен,
Сиқырлы саз мағына-жыр.
Аңсаған –
Жан шәрбатын қандырайын,
Шырқашы,
Осынау әнді тағы да бір:
– Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Бармас па ем, қалқатайға әлденеше
Жел соқты Әупілдектің қамыстарын,
Айтады әркім көрген қасірет зарын.
Түседі қайғылыға қара тұман,
Кім білер сол тұманның ашыларын?
Еріксіз Әупілдекті мекен еттім,
Жасым жас жиырмаға жаңа жеттім!
Айырған қос ғашықты еңіретіп,
Ісіне шара бар ма, құдіреттің!...
Қосылып айтты екеуі,
Тағы, тағы...
Қос ғашық ән тиегін ағытады.
Сәкен де қарап тұрмай,
Хабибаға,
Әзілмен арасында қағытады.
– Жан байғұс махаббатын тапты мәңгі,
Қайта бас көтерместей қатты уанды...
Өлеңнің сұр мергені өзім едім,
Ақыры іздеп таптым аққу әнді.
Самал жел,
Сахарада.
Сағым дала.
Ашқандай асыл ару бағын жаңа.
Тылсым сыр жүрегінен бастау алып,
Тіл қатпай тұра алмады – Хабиба да:
– Еркесі ер жігіттің елде болар,
Қызыл гүл,
Қызыққанға белде болар.
Сұр мерген өз аққуын іздеп келсе,
Ол аққу –
Шөлге қонбас,
Көлге қонар!
Жанары Хабибаның шоқтай жанып,
Жүрегі алау-жалын отқа айналып.
Алдында арман-асу,
Жол алыс-ты...
Екі жас қол алысты
Тоқтай қалып.
Жүректің бұзылса да тас қамалы,
Жоқ еді жолаушының басқа амалы.
Қимастай Хабибаның қолын қысып,
Таң ата,
Ақын Сәкен аттанады.
Ақын да тағат таппай ой толғанып,
Ғажайып мына жайға аң-таң қалып.
Жалғыз-ақ аттанарда айтқан сөзі,
– Мен тағы...
Келем, – деді, – қайта айналып!
Аттанды –
Аққу сезім құшағында,
Торығып жас кеудесі құса-мұңға.
Өзі де Аққу болып кеткендейін,
Білмейді қонарын да,
Ұшарын да.
Көңілін желпіндіріп майдан желік,
Білмейді
Қайдан кетті,
Қайдан келіп?!...
Ал, өзі –
Ақбоз аттың сауырында,
Тағдыры бара жатыр қайда өңгеріп!
Көрген жоқ мұндай ғажап,
Аққұбаны,
Кеудеде – құйқылжиды Аққу әні.
Маңдайға жалғыз рет жазылғандай,
Жалғанда –
Енді қандай сәт туады?!
Көңілі Сәкеннің де босай түсіп,
Әуенін махаббаттың қоса айтысып.
Шолпылдап «Шабыра» көл толқындары,
Қол бұлғап,
Қала берді қош айтысып.
Бір қарап қимастықпен жүрерінде,
Жырға орап мақсатын да, тілегін де.
Сәкенмен бірге кетіп бара жатты,
Сыңғырлап аққу әуен жүрегінде.
– ... Не сыр бар осы көлдің аясында,
Ну қамыс судырлаған саясында?
Естілді аққу құстың үні мұңлы,
Не сыр бар ақ сұлудың ұясында?..
Сұңкылдап аққу құс та жылай ма екен,
Ол дағы көздің жасын бұлай ма екен.
Айналып ұясында балаларын,
Елжіреп, сипап байғұс сылай ма екен?
Сыңси ма аққу жасын төгілдіріп,
Еңіреп, жүрек, бауырын егілдіріп.
Әлде ол ұясында қоштаса ма,
Толғанып ақ балапан көгілдірін.
Аққу құс іздей ме екен ұяласын,
Сұңқылдап төгіп мендей көздің жасын.
Аққуға Әупілдек құс ұн қосады,
Әупілдеп күңіреніп көлдің басын.
Әупілдек көл астында тұншығады,
Күңіреніп көл астынан үн шығады.
Серпіліп тұншықтырған қара тұман,
Зарлыға қашан жарық күн шығады?!
Әупілдек тұңғиықты көтереді,
Көтерсе, көлді ойран етер еді.
Тағдыр да рақымы жоқ, меңіреу ғой,
Күш берсе тұншыққанға нетер еді!
ТАҒЫ ДА АҚМОЛАДА
Ақмола.
Совдеп.
Қызыл үй.
Кірпішпен өрген қос қабат.
Қоңырқай салқын күзгі күй,
Айтатын болсақ нұсқалап:
Беріліп айқай-ызыңға,
Бірімен-бірі бақасқан.
Бөлініп,
Аққа-қызылға,
Тартысып, әбден тақасқан.
Бұлыңғыр аспан.
Буланып,
Тұмшалап бұлтпен түндігін.
Қызылдар жағы,
Қуланып,
Кедейді жақтап тұр бүгін.
Сәкенге ұнап бұл жағы,
Қызылға құлап қосылған.
Сұмдықты кеше
Қырдағы,
Көзімен көрін шошыған.
Еске алса,
Тырнап қайғы ішті,
Көзімен көрген жайларды,
Сорлатып,
Кедей байғұсты,
Борсықша сорған байларды.
Бәрі де бірден байқалып,
Шыққанда елге сапарға.
Кедейдің кегін қайтарып,
Қосуды ойлап қатарға.
Харекет етіп,
Қам жасап,
Кеңеске кірді еркімен.
Ту ұстап қолға,
Әнге сап,
Танбайды әсте сертінен.
Жүрсе де мейлі,
Қайда да,
Қазіргі елдің дерегі:
Ақмола жұрты
Айнала –
Сәкенге ғана сенеді.
Үркітіп елді жасқаған,
Секілді бейне аш бөрі.
Анненков жауыз бастаған,
Колчактың қалың әскері.
Үздірмек болып үмітін,
Сездіріп қаупін қатердің.
Қарауыл қойды,
Күні-түн,
Сыртынан торып Сәкеннің.
Қатерлі жағдай,
Кімге де,
Ертегі сынды елес күн.
Сөйлейді Сәкен,
Мінбеде,
Келбетін айтып Кеңестің.
Тақпайды жөнсіз, босқа айып,
Өзінің ғана жоспары.
Сөйлейді Сәкен,
Қасқайып,
Қасында бір топ достары.
Шетінен шешен,
Жауынгер,
Келмейтін іс жоқ қолынан.
Сөйлесе Сәкен,
Қалың ел,
Ереді қалмай соңынан.
Жау жағы,
Бастап «гөй-гөйді»
Бұғып бір атып белеңнен.
Сөйлесе Сәкен,
Сөйлейді,
Ұранды әнмен –
Өлеңмен.
Ақын ол,
Ақыл-санасы,
Кеңеске ғана берілген.
Қазақтың қара баласы,
Еркіндік алсын елімнен.
Деген бір оймен,
Мақсатпен,
Кеңесті ғана қолдаған.
Жаманаты жоқ,
Жақсы атпен,
Халқына сауал жолдаған.
Аямай,
Қайрат, күшін де,
Көңілде бір ой гүлдейді.
Кеңестің бұғып ішінде,
Не жатыр...
Әзір білмейді.
Аңғал ғой ақын,
Өйтпесе,
Алдауға әсте сене ме?
Биікке қарай беттесе,
Ол да бір
Өнер-өнеге.
Қолға алып қалам –
Қаруды,
Толғанып істің жөніне.
Қорғады асыл аруды,
Қосыла алмаған теңіне.
Кездессе жетім жолынан,
Жолықса бір жас жігерлі,
Жетектеп әкеп қолынан,
Оқуға тығып жіберді.
Заманның түзеп қатесін,
Қайтарып беру өзіне.
Әділетсіздіктің
Әкесін –
Танытып бірден көзіне.
Болсам деп заман батыры,
Көңілі толып нояға.
Алып бір тынбай,
Ақыры,
Аңдыған жау қоя ма?!
Оңаша оймен,
Қатерлі,
Отырған сұлық пішінде.
Ұсқынсыз біреу Сәкенді
Ұстады
Түннің ішінде...
ТҰТҚЫНДА
Ақмола.
Сәкен жатыр тас түрмеде.
Бағынбай тәртіпке де, дәстүрге де.
Қамалын күні бойы қабырғаға,
Таланып түні бойы аш бүргеге,
Ұрынып ұр да жықтың таяғына,
Ілігіп ақ патшаның аярына.
Бұл да бір бұлтартпайтын бүлік болды,
Даланың еркін жүрген саяғына.
У болып,
Ішкені де, жегені де,
Қара су – тиетіні тек ерінге.
Қырсығып,
Қыңырайып,
Қырын сөйлеп,
Көнбеді тергеушінің дегеніне.
Былапыт
сөздер айтып балағатпен,
Кезіксе көрер еді-ау, далада, әттең.
Есімі тергеушінің
тым танымал,
«Ярый Ялымов» деген атпен.
Жас Сәкен түсті бірге достарымен,
Аралас үлкен-кіші, жас-кәрімен.
Колчакты тас-талқан ғып,
Көрге тығып,
Кеңесті орнататын...
Жоспарымен.
Аралас орысы да, қазағы да,
Бәрі де жатқызылып жазалыға.
Ішінде тас түрменің,
Тас түйін боп,
Тағдырдың көніп жатыр мазағына.
Кеңеске бел шешкеннің бәрі осында,
Көбейтіп күннен-күнге қарасын да.
Катченко,
Грязнов,
Кременской...
Аздаған татарлар бар арасында.
Бәрі де большевиктер қатарында,
Үкімнің қиып түсер қаталында.
Мың күндік жан азабын тартып жатыр,
Бір күндік
тіршіліктің сапарында.
Жазығы – большевикке ергендігі,
Кеңестің айтқанына көнгендігі.
Түлкінің құйрығындай бұлғаңдатып,
Түк өнбес сөздеріне сенгендігі.
Күн сайын қайта-қайта кеңес құрып,
Көз алдын коммунизм – елес қылып.
Кешегі қаратаяқ
Қоқаңдайды –
Байларды кедейлерге теңестіріп.
Қисықты, кем-кетікті оңдаған боп,
Бейнесін коммунистің сомдаған боп.
Кедейдің бәрі бірдей керемет те,
Байлардың бәрі бірдей оңбаған боп.
Қызылға,
Бір халықты аққа бөліп,
Ұйысқан бір ауылды қаққа бөліп.
Ақыры ақ патшаның көзін құртып,
Таласты партиялар таққа келіп.
Бірі боп, сол заматта алымдының,
Танытты большевиктер залымдығын.
Мәселен, тартып алу кімге тәркі,
Біреудің құдай қосқан қалыңдығын.
Сұмдығын саясаттың сезіндіріп,
Еңсесін аз ұлттардың езілдіріп.
Қиратып мешіттерді, шіркеулерді,
Дінінен талайларды безіндіріп.
Ұрпақты «Құдай жоқ» деп ұғындырып,
Бұқтырып,
Былқ еткізбей,
Бұғындырып.
Халықты бір-біріне айдап салып,
Шаруасын шаш етектен шығын қылып.
Көрсетіп содыр ісін сораңының,
Сарп етіп, күш-қайратын, мол ақылын.
Біліп пе,
Қайран Сәкен,
Кереметтің –
Бәрі де керісінше болатынын.
Әзірге тас түрмеде.
Ақмолада.
Тағдырдың талқысына тап бола ма?
Алдында қандай мақсат,
Қандай арман –
Алла жар болсын дейік –
Хақ тағала!
АЗАПТЫ ЖОЛДА
Бозала таңнан тұрғызып,
Бозбала –
Өңкей өрімді.
Ниеті жаман,
Тіл – бұзық,
Бәрінен Сәкен жерінді.
Сұстанған –
Сұрғылт реңдер,
Сідігі шыққан бетінен.
– Атады! – деді біреулер,
Тұрғызып алып шетінен.
Тұтқындар түгел үрейлі,
Біле алмай істің анығын.
Алладан ғана тілейді,
Қалуын шыбын жанының.
Жүрегі күйіп-өртенген,
Шыға алмай әбден далаға.
Үшеуден,
Тіпті төртеуден,
Отырып алып шанаға.
Барары қайда белгісіз,
Бір жаққа қарай беттеді.
Азапты адам көргісіз,
Сабаздар тұр-ау шеккелі.
Тартады аттар табандап,
Табаны темір шананы.
Артына қарай алаңдап,
Сәкендер кетіп барады.
Автомат деген – бір тетік,
Адамда ақыл азырақ.
Шетке бір шықсаң,
Қылп етіп,
Тастайды атып қазір-ақ.
Қарайды бәрін ұнатпай,
Кісінің сол ғой саязы,
Қариды бетті.
Шыдатпай,
Қаңтардың қызыл аязы.
Айнала орман,
Омбы қар,
Білмейсің бағыт-бетіңді.
Қызылжар,
Бәлкім, Омбыға,
Апара жатқан секілді.
Ақмола қалып бір бетте,
Ағаштар басын сілкеді.
Мынандай үлкен дүрмекке,
Түрменің керек үлкені.
Аптыққан аттар,
Манадан,
Жүрісі әбден баяулап.
Түсіріп бір кез шанадан,
Айдады бәрін жаяулап.
Қасірет қайдан жолықты,
Басын бір тіккен қатерге.
Бәрінен қиын болып тұр,
Серікбайұлы Бәкенге.
Шыққандай бейне жау елден,
Аз емес ақтың лаңы.
Әлжуаз еді әуелден,
Әлсіреп барып құлады.
Жатқан жоқ оған алаңдап,
Жылжиды дүрмек бөгелмей.
«Өлмесең мейлі, өрем қап»,
Керегің қанша, – дегендей.
Бораннан, желден қалқалап,
Айналып қамқор панаға.
Бәкенді Сәкен арқалап,
Апарып салды шанаға.
Айдап бір сосын өңгесін,
Әкетті әрі – сәл жырақ.
– Қадірлі Бәкен – жан досым,
Қалдың ба солай, қалжырап.
Кубрин үйі – мекені,
Түседі еске бір кезек.
Балконда тұрып екеуі,
Сөйлеп бір еді-ау, тіл безеп!
Сәкендер сол күн құлады,
Тайынша деген қалаға.
Қалжырап жолда біразы,
Қалыпты өліп... далада.
Сонан соң
Бәрін тоғытып,
Қамады салқын сарайға.
Қатігездіктің қамыты,
Мойыннан түспес, қалайда?!
Бір-екі сағат тындырып,
Қайтадан сосын айдады.
Күн жүріп,
Әбден түн жүріп,
Қызылжар шетін жайлады.
– Сенбісің қайран Қызылжар,
Мағжанның туған мекені.
Айтылмай жатқан біздің зар,
Жан досқа қалай жетеді.
Адаспа, сен де шатаспа,
Күтеді сенің жолыңды ел.
Жан досың жатыр қапаста,
Қайдасың, Мағжан, қолың бер!
Шетінен бәрін жазалап,
Түсірді күйге қатерлі.
...Осындай ойлар мазалап,
Ұйықтатпай қойды Сәкенді!
ОМБЫДАН ҚАШЫП ШЫҚҚАНДА
Ішке түйіп мол мұңын,
Өмір – өлім – екі жол.
Өзі оқыған
Омбының
Түрмесінде отыр ол.
Лас киім,
Кір дене,
Қол-аяғы талғандай,
Бірте-бірте түрмеге,
Бойы үйреніп алғандай.
Газет-журнал – баспасөз,
Жетпей жатса,
Не дерсіз?!
Боқауыздан басқа сөз,
Бұл арада беделсіз.
Тәртіп тіпті қатайды,
Әңгіртаяқ – әңгіден.
Фамилияңды атайды,
Боқтап алып алдымен.
Қайран Омбы,
Қалың ел –
Сайраңдаған кешегі.
Енді, міне,
Тәнінен
Суық ызғар еседі.
Темір торлы терезе,
Қалай оған қарамас.
Түрмедегі ереже,
Еркіндікке жарамас.
Бір бөлмеде он кісі,
Бәріне де бір айып.
Қайран жастық – Омбысы,
Қарайтындай мұңайып.
Қайран Омбы – осы еді,
Есіне алып күнбе-күн.
Кең көшеге кешегі,
Сыймай жүрген күндерін.
Енді міне,
Тас түрме,
Тастай бүріп тастаған.
Сәкен емес жас күнгі,
Отырғандай басқа адам.
Мына заман,
Қай заман?
Қайда апарып соқтырар.
Қай есірік,
Қай надан –
Маңайына тап қылар?!
Отыр Сәкен,
Отырғын –
Қанатыңды кере алмай,
Омбыдағы
Оқудың
Игілігін көре алмай.
Осылайша,
Ол өзін –
Күндіз-түні қайрайды.
Сынап-мінеп мінезін,
Құр ішінен сайрайды.
Іші толы құса-мұң,
От-жалын боп лаулайды.
Аша алмастан құшағын,
Қабырғаны баурайды.
Шыдатпайды күш мүлде,
Талабы да таудай-ды.
Тас еденнің үстінде,
Дөңбекшиді, аунайды.
Отыра алмай жан бағып,
Өлшеп мүйнет, сағатын
Қырандайын қомданып,
Қанатын да қағатын.
Кез болар ма,
Дүние-ай,
Еркін самғап кететін.
Бармаса да үйіне,
Ен далаға жететін.
Самғап ұшқан бетімен,
Тауға-тасқа ұрынса...
Туған дала шетіне,
Жетіп барып жығылса.
Көрсетуге зор ісін,
Бөлек тұлға,
Ерек бой
Адам шіркін
Ол үшін
Қыран болу керек қой.
Қыран болу –
Сәкеннің
Бала күннен арманы.
Деді дағы:
– Әкеңнің!...
Саусақтарын қармады.
Отырмады ойланып,
Шешім еді бұл өзге.
Хас қыранға айналып
Шыға келді
Лезде!
Сәкен – сұңқар,
Хас қыран,
Қаққан кезде қанатын.
Өзі оттай,
Жас Ұлан –
Көзі шоқтай жанатын.
Жанып қана қоймайтын,
Алаулайтын,
Лапылдап.
Найзағайдай жайнайтын,
Аспанға да жақындап...
Енді, міне,
Еркіндеп,
Қағып-қағып қанатын.
Тұрды жігіт сертінде,
Жас жауынгер,
һәм ақын.
Күшің барда бір көрін,
Қойсын мейлі арқандап...
Темір торын
Түрменің
Қанатымен талқандап.
Қанатының астынан
Шашыраған шоқ қалып...
Зымырайды,
Хас қыран,
Туған жерді бетке алып.
Жерге түссе,
Хас тұлпар,
Бауыр жазып далада...
Зымырайды жас сұңқар,
Бұлтқа,
Желге қарамай.
Жан жүрегін кек қысып,
Бетпе-бет кеп,
Дәуірмен.
Кетті сұңқар,
Көкке ұшып,
Араласып дауылмен!
БАЯНАУЫЛҒА БАРҒАНДА
Арқаның бір бөлшегі – Баянауыл,
Қашаннан қазақ үшін аяулы ауыл.
Бұл дала нұрланады, гүлденеді,
Заманы туған кезде таяу дәуір.
Қазірдің өзінде де тұр жарқырап,
Бар болса көретін көз, тыңдар құлақ.
Құйрықты жұлдыздайын,
Аз ғұмырда,
Қалдырды Сұлтанмахмұт жырдан шырақ.
Мекені – Жасыбайдың,
Олжабайдың.
Кісіге ол дағы – айбар,
Ол дағы – айбын.
Майра мен Естай ақын ән салғанда,
Қол соқпай,
Қалар дейсің қолдамай кім?!
Қазаққа оны көру биік арман,
Қажымұқан бұл өлкеде жиі болған.
Бұл жердің тарихының сырын-мұңын
Жүсіпбек жүрегіне жиып алған.
Өлеңмен бұл өлкенің аты қалған,
Ән-жырдың бал-шырынын татып алған.
Шорманның Мұстафасы,
Намыстанып,
Мұсаның астындағы атын алған.
Сол Мұса содан кейін жаяу қалған,
Көңілде құса болып, қаяу қалған.
Мұсаның әнін есту,
Өзін көріп,
Қаз басқан қазақ үшін аяулы арман.
Көп еді зары неткен,
Мұңы неткен,
Талайлар іштен тіпті тынып өткен.
Жоқтаған батырларын
Бұқар жырау
Бұл тауды талай-талай күңіренткен.
Таулары түйдек-түйдек,
Тізбектелген.
Бұлттарды құшағына құз бөктерген.
Бағзыдан бір аңыз бар
Ел аузында,
Баянды Қозы Көрпеш іздеп келген.
Содан ел «Баянауыл» атап кеткен,
Аңыз боп ен далаға атақ кеткен.
Аспанның өзі дағы
Тауды сүйіп,
Бауырын тұрады екен тақап көктен.
Төбесі тиіп тұрған аспанға да,
Шыңдар бар,
Басына шық, жасқанба да!
Кемпір тас,
Керегі тас,
Әулие тас –
Демеңіз жаралған ба тастан ғана.
Аңдасаң – тау деген бір жарықтықтан,
Ғасырлар құпиясын барып тыққан.
Көп сыр бар –
Аршаларда,
Шыршаларда,
Тастардың көкірегін жарып шыққан.
Жасыбай,
Жасыбайтақ – «Сабындыкөл».
Ақбеттау арасынан сабылды жел.
«Торыайғыр» сабасында толқып жатқан,
Сарыарқа – одан әрі, сағымды бел.
Биік шың Торыайғырдың жағасында,
Сәкенді алып келді тап осында.
Қазаққа сыйлас болса бәрі туыс,
Бәрібір жиенің де, нағашың да.
Бұл ауыл – ер Сәкенге нағашы еді,
Көңілдің сағынышты сабасы еді.
Жарасқан әзілі де, қалжыңы да,
Туыстан бетер жақын ағасы еді.
Нағашы қай кезде де артық еді,
Сол болып бар пейілі, бар тілегі.
Құтылып абақтының азабынан,
Бірден-ақ Баянтауға тартып еді.
Шарқ ұрып,
Баянтауға құстай ұшып,
Қиналған аза суын қыстай ішіп...
Кеңесті қолдадың деп,
Кей туыстың,
Келіспей қалғаны бар түс шайысып.
Сонан соң,
Елге бармай –
Баянауыл,
Болар деп шаршағанда сая – бауыр.
Түйіп ап шыбын жанын шүберекке,
Көңілге ем іздеді қаяулы ауыр.
Көңілге ем іздеді жұбанбаққа,
Қалың ел барғысы жоқ Дуан жаққа.
Қыр жаққа қиыр жайлап, жайлау іздеп,
Шалғайға кеткісі бар шығындап та.
Көксоқта,
Қарлы қыстың аяғында,
Тастамай қолындағы таяғын да.
Аралап әр ауылды келе жатыр,
Жеткізбес оңайлықпен Баяның да.
Баянда ер Сәкеннің нағашысы,
Әзірге ешкімде жоқ аласысы.
Тынығып,
Жан шақырып,
Тыншып алу –
Көбейтіп кеткеннен соң талас ісі.
Сегіз ай түрмедегі жазалы жан,
Көлбеңдеп кетпей қойды көз алдынан.
Құтылу әсте мүмкін емес еді,
Атаман Анненковтың азабынан.
Құр сүлдер –
Қатты қинап, ашықтырып,
Жігерін жіберді әбден жасыттырып.
Сүйегі сонда қурап қалар ма еді,
Әйтеуір, аман қалды қашып шығып.
Сондағы Баянауыл таңдағаны,
Осы еді сонда жолда аңдағаны.
Қалың қирап жатқан –
Жадау,
Жүдеу,
Апыр-ай қайда барып жан бағады.
Қашанда керек болар дарынға бап,
Жан-жақтан мүмкіндіктің бәрін қарап.
Бой жазып,
Аяқ созып, кең көсіліп,
Бір жерде болып еді дамылдамақ.
Ештеме шығар емес онысынан,
Тартсаң да теңелмес-ау қол ұшынан.
Көшкен ел,
Дағдарған жұрт,
Жұртқа ұрынып,
Өзінің өзі безіп қонысынан.
Бұйығып қыстауында көше алмаған,
Түйінін шаруасының шеше алмаған.
Алыста – тау ішінде,
Ауыл жатыр,
Қиындық қамытынан босанбаған.
Сарсылтқан сағыныштың бар ма шегі,
Бұл жаққа айдаса да бармас еді.
Сәкеннің нағашысы – Ілияс шал,
Арғынның Айдаболы – Қаржас еді.
Жүріске жанкештілік бір ай шыдай,
Жалықпай жоқ іздеген бір аңшыдай.
Үйіне келді Сәкен Ілиястың,
Ауылын нағашының сұрай-сұрай.
Үйіне кіріп келді сәлем беріп,
Тұрғанын сездірместен әрең келіп.
Жатыр шал төсегінде төрт бүктеліп,
Құлағы естімейді кереңденіп.
Тайыпты бетінен әр, көзінен нұр,
Сөйлеуге тіл келмейді, сөзі былжыр.
Бір елес тым алыстан байқалғандай,
Баяғы алғаш көрген кезінен бір.
– Ассалаумағалейкум! –
Керең құлақ
Естіді еміс-еміс әрең бірақ.
Шал байғұс бірдемені болжағандай,
Еңсесін бұрды бермен төмен құлап.
Сонан соң,
Ұзақ қарап сығырайып.
Еткендей адам емес, ғұмыр айып.
Кемсеңдеп жылады шал,
Біраздан соң,
Қай жақтан түсірді деп мұны ғайып.
Селкілдеп жылады шал:
– Сәкенбісің?!
Тәңір-ай осы кезде жетермісің?
Өзім де ойлап едім бір келер деп,
Түн бой болмай көрген бекер түсім...
Деді де, жая берді шал құшағын,
Сездіріп кәріліктің сел нышанын.
Сәкеннің бұл дағы бір сапары еді,
Болғандай арты – азап, алды – сағым.
Ертесін Баянтауды тамашалап,
Ер Сәкен шыға берді оңашалап.
Толықсып арнасында «Торыайғыр» көл,
Таулардың етегінде аласарақ.
Бұл көлдің жазық дала шығыс жағы,
Сәкен де солай қарай жылыстады.
Көрініп анадайдан «Найзатас» тұр,
Таулардың ішіндегі зымыстаны.
Шаншылып найза десе, найзадайын,
Қол жатыр етегінде айнадайын.
Жаз бойы осы араны мекен еткен,
Жиылып қырда – туыс, ойда – ағайын.
Жаз – жайлау,
Қыста – қыстау – жолындағы,
Айнала көл жағасы – қорымдары.
Бұл ара –
Баяғыдан атамекен,
Қаржастың
Қара қоныс орындары.
Айналып «Торыайғырдың» терең көлін,
Тамсанып: «Жер жоқ-ау, – деп, – сенен керім!».
Ертеден бала Сәкен естуші еді,
Сүйсініп Сұлтанмахмұт өлеңдерін.
Ұйытқан өлеңімен жамағатын,
Шынында, Сұлтанмахмұт ғажап ақын.
Осыдан үш жыл бұрын,
Ажал жеткен –
Ел түгел азалапты азаматын.
Қашанда қайран қазақ хас асылын,
Тисін деп берекеті батасының.
Қастерлеп қойған екен қорымының
Қосына Шоң, Торыайғыр атасының.
Тынғанша ажал жетіп қашан оған,
Қаламнан қолы бір сәт босамаған.
Алаштың соңғы ақыны – Сұлтанмахмұт,
Топырақ бұйырыпты осы арадан.
Ақыл-ой еркіндігі – шын азаттық,
Ақынға көре тұра кінә жаптық.
Сипалап жас топырағын қолмен ұстап,
Бас иіп тұрды біраз мінажат қып.
Қалықтап қиялына құстай үміт,
Көрмеген алған беттен еш тайынып.
Үйренген әкесінен бала жаста,
Оқыды «Хүлқуаллаһын» үш қайырып.
Осылай басын иіп ұлы ақынға,
Бастығып келді Сәкен бір ақылға.
Содан соң...
Қырға беттеп бара жатты,
Қарсы алды –
Қара дауыл – сұрапылға!
БЕТБАҚДАЛА БОЙЫМЕН
Арқаның Бетбақ деген даласы бар,
Ақтаңдақ, боз топырақ, қарашұбар.
Бір жылы сол Бетбақты көктей өткен,
Қазақтың Сәкен сынды баласы бар.
Сол Сәкен келе жатыр Бетпақпенен,
Аңызақ,
Арпалысып аптаппенен.
Бір құдық кезігеді ара-тұра,
Ауызын жауып кеткен қақпақпенен.
Ұқсайды бір жауынгер жарадарға,
Ағызып қан күреңін барады алға.
Білдіріп бір тіршілік бар екенін,
Ұшады анда-санда ала қарға.
Жүрісі қан күреңнің ұлы жортақ,
Бәріне келе жатыр ол таңырқап.
Баялыш, бетегенің басын шалып,
Соғады анда-санда жел қоңылтақ.
Осы ғой көңілінің аңсағаны,
Ер Сәкен бәрін көріп тамсанады.
Өзінен өзге жанды сезбеген соң,
Айқайлап өз өзінен ән салады.
Қаумалап кеудесінде сан сұрақтар,
Санасын сансыз рет сансыратқан.
Қалт етіп,
Сәкен әнін тыңдай қалған,
Інінен жаңа шыққан саршұнақтар.
Өзі де шабыттанып, көріктеніп,
Бекініп ат үстінде,
Беріктеніп.
Жазықта бауыр жазып алады бір,
Құйғытып –
Қанкүреңге ерік беріп.
Жатқанын
Жүрегінде дертін жұрттың,
Сездіріп –
Сергіттің де,
Серпілдірттің.
Сегіз ай тас түрмеде жатқан Сәкен,
Қадірін жаңа білді еркіндіктің.
Бетбақтың жері тұйғын,
Шөбі шүйгін.
Табиғат баға жетпес берген сыйдың.
Салт атпен
Сардалаға шыққан кезде,
Күмбезін көтереді көңіл-күйдің.
Ақ сояу, қоңыр жусан, қара жусан,
Табылар сайдың бойын ала қусаң.
Итсигек, түйеқарын, сартораңғы,
Изені ебелек пен... қанша мың сан.
Бәріне Қанкүреңді қарайлатпай,
Қасына аң-құстарды маңайлатпай.
Жүре алмас ақын адам айдалада,
Көңілге күй кіргізіп, ән ойнатпай.
Кезіксе қарсы алдынан түлкі, қарсақ,
Жүргені – мың күн тілеп, бір күн аңсап.
Ағызып Қанкүреңнің терін алып,
Қалғандай болар еді-ау шері тарқап.
Қарашы, ойда жоқта мына кепті,
Бірдеме дөң астынан бұлаң етті.
Сәкен де Қанкүреңін бір тебініп,
Соңынан жеде қабыл қуа кетті.
Бесатар белдігінде алған түйіп,
Қол салып,
Болжап қояр бойын жиып.
О, ғажап!
Көлденеңдеп өте берді,
Алдынан,
Арып-ашқан ақсақ киік.
Қалт етіп тұра қалды Сәкен аяп,
Қалды да ақбөкенге сәл-пәл таяп.
Шылбырын баялышқа іле салып,
Атынан қарғып түсті ойланбай-ақ.
Қашпады байғұс бөкен,
Қалжыраған.
Жасаурап көзінен жас сәл жылаған,
О, ғажап!
Терісіне тұр ілігіп,
Бөкеннің бір сирағы салбыраған.
Қандай жан аңды атып,
Құсты құртып.
Қуған-ау ақбөкенді ышқындыртып.
Сирағын ақбөкеннің орап-байлап,
Жалма-жан
Көйлегінің жеңін жыртып.
Бөкенді жараланған аяп енді,
Армансыз арала деп сая-белді.
– Ал, енді жолың болсын,
Ақбөкен – деп,
Бір сипап сауырынан қоя берді.
Ақбөкен ойнақ салып соны ұққандай,
Бойынан тез ыдырап торыққан жай.
Адамның аяулысы,
Ақ ниетті,
Аялы алақанға жолыққандай.
Берсін деп бойға қуат дала нәсіп,
Бір сезім алға қарай ала қашып.
Жөнеді ақбөкен де,
Бетбақ шөлде –
Сар дала,
Сар сағыммен араласып.
Сонда да ақбөкенге таяу барып,
Жүрісі бірте-бірте баяуланып.
Ақбөкен асыр салып кеткенменен,
Ақынның жүрегінде қаяу қалып.
Біреудің көңілі бай, жаны жарлы,
Тең етпей, тәңір шіркін, жоқ пен барды.
Аяған ақбөкенді ақын байғұс,
Ағытты көкіректен ащы зарды:
– Бетбақтан келе жатыр ақсақ киік,
Бір жүріп, бірде тоқтап басын иіп.
Қоярға шыбын жанын жер таппайды,
Көзіне аңшылардың болып күйік.
Тамады қара жерге аққан қаны,
Қиналып ентігеді шыбын жаны.
Боялып ақ денесі қызыл қанға,
Келеді әлі кетіп жығылғалы...
Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Басқаға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді,
Адамның баласынан кем көрмедім.
Азайды соңғы кезде байғұс бөкен,
Мың-мыңдап баяғыда жүреді екен.
Бұл күнде келе жатқан жолаушыға,
Кездесер анда-санда саяқ-некен.
Кей адам әдет қылған киік атып,
Мүйізін пайда қылып шетке сатып.
Сандалған бір киікті ұшыраттым,
Бір жылы Бетбақ шөлде келе жатып.
Сандалып келе жатты ақсақ киік,
Бір тоқтап анда-санда әлін жиып.
Ақбөкен сахараның ботакөзі,
Атты екен қандай адам көзі қиып.
Ақбөкен сахарада қына терген,
Кім екен жапан түзде сені көрген.
Аяныш сезімі жоқ бір адам-ау,
Дәл көздеп жүрегінен атқан мерген...
АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ
Екпіндеп кетіп қапты елден қашық,
Аққудай шөлге қонған көлден қашып.
Бұл Сәкен ауылына келе жатыр,
Бетбақты бір-ақ өтіп белден басып.
Өтсе де, сан құбылып, не түрленіп,
Бұл өмір бірте-бірте бетін беріп.
Көңілінде «Ақсақ киік» күй-әуені,
Өзі де ақсақ киік секілденіп...
Жеткенше ауылына асықты үміт,
Кеудеде бір сағыныш тасып-тұнып.
Мінеки, жеті ай бойы жасырын жүр,
Омбының түрмесінен қашып шығып.
Қаншама одан бері ай, күн өтті,
Ыдырап көңілдегі қайғы кетті.
Барғаны Баянауыл –
Байыз таппай,
Содан да ақын жүрек айнып өтті.
Ақынның көңілі пәс, ғаріп жаны,
Ат мінбей,
Жаяу жүріп арықтады.
Дұрыстап бір дем алып жатпақ еді,
Тыныстап қайда барса жарытпады.
Баяннан бермен қарай бет алғалы,
Ауылынан ұзап ақын кете алмады.
Жасырын жүрген жанның
Жөні бөлек –
Жеткісі келсе дағы,
Жете алмады.
Бәрібір табады ғой сүйсең жүрек,
Жағдайға күнбе-күнгі икемді боп.
Өзгертті –
Түрін,
Түсін,
Киімін де,
Есімі Сәкен емес,
Дүйсенбі боп.
Өтті ол –
Талай асу, талай белден,
Бұл күнге аман-есен қалай келген?!
Көздерден күдік алып қашқақтады,
Өзіне қайта-қайта қарай берген.
Өмірдің жолықса да дауылына,
Тірліктің бітпесе де дауы мына.
Сонда да сағынышы сейілмеді,
Аяулы анасына,
Ауылына.
Көрсетпей көпшілікке жүзін дәйім,
Гүрс етіп құлағандай ұзын қайың.
Дүңк етіп жайсыз хабар жетті дағы,
Жоғалып кетті сосын ізім-қайым.
Содан соң –
Хабар да жоқ, ошар да жоқ.
Алдантып алар да жоқ, қосар да жоқ.
Түзде ме,
Түрмеде ме,
Өлі-тірі –
Жат хабар,
Жаман хабар боса да жоқ.
Келсе де табылмайды іздегісі,
Қосылып қарлы қысқа күздегі ісі.
Алты ай жаз,
Аң аулаған Сейфолланың
Көп еді үйдегіден түздегісі.
Қаумалап қалың ойлар қамағанда,
Сарсылтқан салмақ салып санаға да.
Жөн сұрап,
Өткеннен де,
Кеткеннен де –
Әйтеуір, шырылдаған Ана ғана.
Алқынып алыста да, жуықта да,
Шарқ ұрып ыстықта да, суықта да.
Ананы,
Баланы да,
Екі жақтан,
Сақтаған
Сар сағыныш – үміт қана.
Көздегі,
Көңілдегі қырағылық,
Толассыз қиялында тұр ағылып.
«Үф» десе,
Үзіліп-ақ кетердейін,
Сөнбеді көңілдегі шырақ-үміт.
Түскендей,
Сабыр-сана сабылысқа,
Көнбейді көңіл шіркін бағынысқа.
Үлкейіп шырақ үміт,
Жана-жана,
Алаулы –
Айналғандай сағынышқа.
Ауылы Ақадырдың қабатында,
Айдын көл, салқын самал сабатында.
Шіркін-ай,
Одан асқан бақыт бар ма,
Сол сәттің,
Сағынышты сағатында.
Тәңірім, туған жерге жат қылмасын,
Құтты күн –
Қайтатұғын сәт туғасын,
Тізгінін тежеместен,
Тартты Сәкен,
Ауылға тура бұрып аттың басын.
Ешкімге сәлем айтып, хабарласпай,
Ешкімді елеңдетпей, алаңдатпай.
Кісіге қашып жүрген қаңқу сөз көп,
Қызыл сөз – қызыл отты жалаңдатпай.
Ешкім де шешіп болмас ақылменен,
Кеңесіп, келіссең де мақұлменен.
Ауамен, желмен жетіп жатты хабар,
«Ауылға Сәкен келе жатыр», – деген.
Аттарын біреу ерттеп, біреу жайдақ,
Ызғытып біреу шауып, біреу жәйлап.
Қалың ел
Қауымдасып,
Қарсы алдынан –
Сәкеннің шыға келді андағайлап.
Жүректің жазылмастай жарасына,
Ем болар –
Елім деген дәрі осы да.
Сәкен де
Құстай ұшып кіріп кетті,
Күмп беріп,
Халық толқын арасына!
Білмейді сүйерін де, құшарын да,
Білмейді қанат қағып, ұшарын да.
Қараса,
Есін жиған бір сәтінде,
Тұр екен Анасының құшағында!
Жамалдың зары:
Еңку-еңку ел асып,
Асу-асу бел асып,
Арманыңа жол ашып,
Аман-есен жеттің бе,
Айналайын құлыным!
Достарыңмен жарасып,
Дұшпаныңмен таласып,
Жан-жағыңа қарасып,
Аман-есен жеттің бе,
Айналайын құлыным!
Өзің анда, біз мұнда,
Еріп дырду-ызғынға.
Қызыл деген құзғынға
Жем болмашы,
Құлыным!
Батыл, батыл бас алға,
Қолың беріп нашарға,
Қатарыңнан қашанда
Кем болмашы,
Құлыным!
Әділеттен аспасаң,
Қиянатқа баспасаң,
Бай мен кедей ешқашан
Тең болмайды,
Құлыным!
Ағайынның арасын
Дау санама, құлыным.
Мұсылманның баласын
Жау санама, құлыным.
Бір сөзімде жалған жоқ,
Көкірегімде арман көп,
Айтып бәрін
Анашың –
Тауыса ала ма, құлыным.
Тауыса ала ма,
Құлыным!...
Анасы осылайша зар қаққанда,
Еңіреп көзден жасын парлатқанда.
Ананың еміренген үнін естіп,
Жиылды ел –
Бер жақтан да, әр жақтан да.
Есімі
Анасының Жамал еді,
Құшағы – жұпар иіс, самал еді.
Төрт болып екі көзі төңірекке,
Сәкеннің келер күнін санап еді.
Сәт сайын сағынышы үдеп еді,
Қан жұтып,
Қамыққаннан жүдеп еді.
Күні-түн
Баласының амандығын,
Құдайдан бір көрсем деп тілеп еді.
Тілегін алла бүгін нәсіп етіп,
Бөктерін Сарыарқаның басып өтіп.
Белгісіз қуанғаны, уанғаны,
Еңіреп жылай берді есі кетіп.
Анасы сұлу еді асқан керім,
Қиғаш қас,
Қарақат көз,
Қызыл ерін.
Аңырап біразырақ, мауқын басып,
Ағытып көкіректе қайғы-шерін.
Ауылына жеткен кезде,
Ала таңда,
Сәкен де ұқсап кетті балапанға.
Жамалды демеп,
Жебеп жиылған жұрт,
Көтеріп алып кетті алақанға.
Сәкеннің шыдай алмай жан-жүрегі,
Қамығып,
Қарауытып қалды реңі.
Тұр екен анадайда
Жерді тарпып,
Күрсініп, кісінеді Қанкүреңі.
Таниды Қанкүреңі қабағынан,
Иіскеп құшақтады сағағынан.
Әдепкі әуеніне салды Сәкен,
Айтатын күрең жайлы баяғыдан:
– Күрең ат, күрсінесің, зорықтың ба?
Тыныштықтан күдер үзіп торықтың ба?
Мендей-ақ тыным таппай елден безіп,
Сен дағы сергелдеңге жолықтың ба?
Күрең ат, жабырқайсың, қамықтың ба?
Сағынып Сарыарқаны тарықтың ба?
Тыныштықтан безіп жүрген бір адам мен,
Жолдас боп арып-ашып талықтың ба?
Күрең ат, жабырқама, арқаң босар!
Үйірден бөлген тағдыр қайта қосар!
Жарқырап алдыңнан ай, маңдайыңнан,
Қуаныш, бақытты күн бізді тосар!..
ОРЫНБОРДА
Орынбор,
О бастан-ақ біздің қала,
Жем болып –
Қарғаға да, құзғынға да.
Кеңестің кебін киіп
Қызыл тулы,
Тиген соң,
Ел билігі – тізгін жаңа.
Білмеймін жас қала ма,
Бас қала ма?
Тарихы жазылғандай тасқа жаңа.
Қаз тұрып,
Қазақ елі –
АССР боп,
Айналды ең алғашқы Астанаға.
Патшалар отыратын тақты ойлаған,
Басқалар басқа түсер бақты ойлаған.
Ежелден –
Шақшақұлы ер Жәнібек
Қалаға қазық қағып, ат байлаған.
Біз қалай,
Босқа бұғып жан бағамыз,
Тарихты оқып-біліп таңданамыз.
Орнында Орынбордың
Орда тігіп,
Орныққан Әбілхайыр хан бабамыз.
Қала бұл –
Кенесары дабыл қаққан.
Абылай ақбоз атын ағындатқан,
Күйлерін Құрманғазы күмбірлетіп,
Жырларын жас Махамбет жалындатқан.
Ептілер тізелерін батырған жер,
Тектілер бармақ тістеп отырған жер.
Абайдың алдыменен сөзі жетіп,
Ыбырай Алтынсарин оқыған жер.
Батырлар семсер ұстап серттескен жер,
Ақындар жыр тұлпарын ерттескен жер.
Ат қойып газетіне «Қазақ» деген,
Ахмет, Міржақыптар тер төккен жер.
Сол жердің,
Орталығы Орынборда,
«О, Тәңір, бастай гөр, – деп, – жолымды оңға».
Совнарком төрағасы –
Сәкен отыр,
Ширыққан от пен алау-жалындарда.
Дауысы сұңқар сынды жетіп төрден,
Шыңға да биік шырқап кетіп көрген.
Батыры ол
Бүгінгінің,
Біз білетін –
«Тар жолдан... тайғақ кешу» өтіп келген.
Өзі де арғымақтай арындап тұр,
Билікті бір қолға ұстап, қарымдап тұр.
Кеңестің кезі келген сәтін қолдап,
Жырлары – жай оғындай жалындап тұр.
Аянып қалар жер жоқ қазағынан,
Сәкеннің ары таза о жағынан.
Түрменің темір торын быт-шыт қылып,
Құтылып абақтының азабынан.
Қыран ол,
Қиып түсер нағыз қыран.
Сол үшін терін төгіп, ағызды қан.
Ән-жырын жүрегіне тоқып, жаттап,
Ерлігін елі-жұрты аңыз қылған.
– Қырғыз да батыр халық,
Ақын – ерен,
Тарихы, тағдыры бір –
Затыменен.
Қазақты – қазақ дейік,
Қай елді де,
Өзінің атау керек атыменен.
Осылай «Еңбекшіге» тастап ұран,
Тудырмай шежіреге босқа күмән.
Қойды ол
Ел мүддесін жоғарыға,
Өзінің күйкі тірлік,
Бас қамынан.
Осы ғой –
Елдің еркін азаттығы,
Туғанда Замананың ғажап күні.
Кеңседе іс қағазы,
Қай кезде де,
Үстемдік алып тұрсын қазақ тілі.
Іске асып айтқаны да, жазғаны да,
Өкімет гүлдеп жатты өз бағында.
Мәселе шешуінде іс түйінін,
Мәселе қалай соны қозғауында!
Халқының батырларын, берендерін,
Тарихын, ел құлағы елеңдерін.
Ақанның әндеріне сұрау салып,
Жинақтап Шәкәрімнің өлеңдерін.
Бәрін де жүрегіне жақын етті,
Сондықтан шартарапқа аты кетті.
Көтеріп төбесіне,
Той жасады,
Алаштың ардагері – Ахметті.
Жігіттің алды – жақұт, арты бақыт,
Үмітін, болашағын халқына артып.
Ұстазды Нәзипадай үлгі тұтып,
Шолпандай жыр жұлдызын жарқыратып.
Бермеді шабыт кімге, бағыт кімге,
Шегесін шетін жердің қағып күнде.
Жетектеп өз үйіне алып келіп,
Оқытты Сәбитті де, Ғабитті де.
Құтқарып қиындықтан,
Әрі азаптан.
Салмақтап әрбір ісін саралатқан.
Арудың талайларын,
Алып қалып –
Еріксіз байға кетіп бара жатқан.
Қалған ол талайлардың сауабына,
Айтысса жауап беріп сауалына.
Батыр ол,
Қылыш – сөзін қару етіп,
Барса да қаймықпаған жау алдына!
Халыққа газет ашып,
Жорнал ашып,
Халіне нашарларлардың мол қарасып.
Елдің де еркіндігі сезілгендей
Болған соң,
Бойда – білім,
Қолда – кәсіп.
Көлденең жүрген жан жоқ,
Дау ізденіп,
Тәртіп бар –
Ішім-жемге ауыз берік...
Әттең-ай,
Бәрін быт-шыт қылды бірден,
Билікке Голощекин жауыз келіп!
СӘКЕННІҢ ӘЙЕЛДЕРІ
Рахима
Атақты Уәлидей байдың қызы,
Ажары – жарқыраған айдың жүзі.
Белсеніп «бәлшебекке» білек түріп,
Сәкеннің қалып жатыр айбынды ізі.
Соңында сала құлаш өсек деген,
Атуға дайын олар кесекпенен.
Уәли ер Сәкенге қызын берсе,
«Салықтан» құтылам деп есептеген.
Ерке қыз.
Елден ерек киімі де,
Оншама құштар емес иілуге.
Тәкаппар қылығымен, мінезімен,
Сәкенге сәті түсті сүйінуге.
Оқыған орысшаға, тілі сынық,
Заманның тұрған кезі бір ұшынып.
Сәкенде уақыт жоқ,
Жас жігіттей,
Қыздарды қызықтауға гүл ұсынып.
Жүрегін жүргендердің байлық құрып,
Сәкеннің семсер сөзі қаймықтырын.
Қызына құда түсіп барғандарға,
Уәли хабар берді ай күттіріп.
Сәкенді Рахима сүйгенменен,
Соншалық ессіз-түссіз күйге енбеген.
Қашаннан қалпы бөлек қала қызы,
«Совдептің» мүшесінен именбеген.
Болғандай іздегенге сұрағаны,
Ол рас, көңілінің құлағаны.
Сәкенге қызын беріп,
Аман қалу,
Ол дағы –
Уәлидің бір амалы.
Сүйгенді тұрар дейсің кім айыптап,
Жайы бар жан-жүрегін шынайы ұқпақ.
Қалалық Рахима – әсем қызды
Сәкен де бір өзіне лайықтап.
Содан соң, кісі салып құдалыққа,
Білдірмей біраз жайды жүдә, жұртқа.
Сәкен де сәтті күнгі айын күтіп,
Деген-ді: «Аз ғана күн шыдалық та...»
Ақыры, ай өткесін ұрын барып,
Сәкен де түсіндірді сырын қанық.
Көнген қыз әкесінің айтқанына,
Жігітін қабыл алды күлім қағып.
Көп сөзді ел ішінде туындатпай,
Бәле ғып «бәлешебектің» уын жақпай.
Болған соң байдың қызы – Рахима,
Үйленіп алды тез-ақ шуылдатпай.
Сәкенге бірер бөлме тигендігін,
Алдырып көрпе-жастық үйден жүгін.
Сездірмей тұра алмады ақын байғұс,
Болса да байдың қызы сүйгендігін.
Рахима расында қылықты еді,
Сәкен де жұғысуға құлықты еді.
Алпауыт әкесінің бай екенін,
Тұрса да бәрін іштей біліп тегі.
Барады Рахима көріктеніп,
Құралай қолға қонған елік делік...
Сәкен де жүрегінің кілтін ашты,
Маздаған махаббатқа ерік беріп.
Бір-екі ай өтіп кетті үйленгелі,
Рахима келін болып үйге енгелі.
Қаланың қалыбына қатып қалып,
Ауылдың дәстүріне үйренбеді.
Бұл жайды білген Сәкен бұрыннан-ақ,
Уақыт өтіп жатты зырылдап-ақ.
«Көкелеп» ауыл жақтан келгендерге,
Жас ару жүргені рас қырын қарап.
Мән-жайды ақын жүрек сезіп ерек,
Ұрымтал ұрынатын кезі керек...
Сән құрып, сылаңдаған жас аруға
Сәкеннің кісісі емес, өзі керек.
Кеңестің заң-зәкүні күшті болып,
Уәли шыға келді «істі» болып.
Бір жақтан мұны естіген Рахима,
Сәкенге салатындай тісті берік.
Басқан соң Уәлиді сары уайым,
Сәкеннің пайдаланбақ абыройын.
Қыңқылдап,
Түнемелік қол тигенде,
Айтады әкесінің халі-жайын.
– Байлардың баян қылма жат өрісін,
Қалайша қорғап қалам қатер ісін, –
Бір күні Сәкен айтты:
– Тоқтат сөзді,
Сен маған тиіп пе едің әкең үшін!
Сыйластық бұдан кейін әрі аспады,
Ақыры Уәлиге қараспады...
Енген соң үй ішіне
Есеп-қисап,
Дәм-тұзы екеуінің жараспады.
Гүлнар – Көкеш
Апыр-ай, бұл не деген қапас тірлік,
Тағдырдың шарғы жібі шатастырып.
Құлпырған қызыл гүлдей
Гүлнар қызды
Бір байға қойған екен атастырып.
Байғұс қыз,
Басы қатып, қапаланып,
Ертерек жастық гүлін отап алып.
Қалайша отырмақшы,
Қатын үсті,
Тал түсте «тоқал» деген атақ алып.
– Тәңірім бір тілекті беріпті деп,
Бұл күнде қыздың өзі ерікті, – деп.
Бір хабар Көкшетауды желдей есті:
– Сейфуллин – Совнарком келіпті... – деп.
Сөз тарап мына жақтан, ана жақтан,
Көп ойды көңіліне паналатқан.
Жас қыздың тағдырына араласты,
Шарасыз шалға шығып бара жатқан.
Бұл хабар Сәкенді де елеңдетті,
– Бітеді істің арты немен?!... – депті, –
Сұраймын ықтияры бар ма, жоқ па,
Сол үшін өзім барып көрем, – депті.
Аттардың таңдап жегіп жарауын да,
Қасында екі-үш жігіт қарауында.
Күн бата намаздыгер шамасында,
Желдіртіп жетіп келді сол ауылға.
Алдымен үйіне кеп ауылнайдың,
Аужайын біліп алды ауыр жайдың.
Сәкен де әбден әккі біліп алған,
Қай жақтан соғатынын дауыл қай күн?!
Кешкілік қоналқалап қыздың үйін,
Білуге барып еді жайы-күйін.
Еріксіз шалға қосып,
Еңіретіп,
Байлауы отыр екен болып қиын.
Сәкенде дәт қалмады қызды керіп,
Ғажайып қандай әсем ізгі көрік.
Бұл қыздың бағын байлау үлкен қылмыс,
Күніне мыңды алсаң да, жүзді беріп.
Айрылып қалу күнә,
Мына қыздан.
Ғажайып ертегідей, шын аңыздан.
Тәкаппар қыз да бірақ сыр бермеді,
Аспады жалғыз сөзден – «сұраңыздан».
Сәкен де қыздың жайын сұрап білді,
Уәжді айтқанына құлақ түрді.
Жарасар кербез десең, керім десең,
Әр сөзі көкейіне ұнап тұрды.
Сонан соң Сәкен айтты:
– Жолыңды оңда,
Еретін шал соңына сорың бар ма?
Біраз күн Бурабайда аялдаймыз,
Сонан соң алып кетем – Орынборға.
Оқисың Орынборда білім алып,
Кеудеңе керегіңді іліп алып.
Азбайсың,
Адаспайсың,
Жүрген болсаң –
Ағаңның мына мендей тілін алып.
Бұл сөзге болды Көкеш түсінгендей,
Мән-жайға мойынсұнып, кішіргендей.
Әңгіме осыменен болды тәмам,
Кептесіп шай да біраз ішілгендей.
Шын аты Гүлнар қыздың Көкеш екен.
Парызын алдындағы өтесе екен.
Келісіп байға бермек болып жүрген,
Баяғы қыз байғұстың әкесі екен.
Көкеш те ерке болып өскен екен,
Көкейін талайлардың тескен екен.
Әкесі «жұтқа» ұшырап,
Кедейленіп,
Қалған соң –
Осылайша шешкен екен.
Сәкенді жаны қалап жолыққаннан,
Аңғарды айтқан сөзін мол ұққаннан.
Кім білсін –
Бұл заманның сұры жаман,
Көндікті үкіметтен қорыққаннан.
Өткізбей уақытты бекер тегі,
Болады әрбір істің жетер шегі.
Көкешті білегінен ұстап алып,
Әкетті Орынборға Сәкен сері.
Құр босқа ұстай бермей қысылдырып,
Қыдыртып, қала жайын түсіндіріп.
Оқытып, сауат ашар білім беріп,
Үйретті біраз жайды ысылдырып.
Үй жылы, тамағы мен оты дайын.
Жатқан жоқ тіршілікті етіп уайым.
Тек қана,
Сәкен үйге сирек келіп,
Тарықты торға түскен тотыдайын.
Сонда да келешектен бір түңілмей,
Сыр бермей – іші жылап, сырты – күлмей.
Талықсып,
Таңға дейін
Талып ұйықтап –
Шығады түні бойы кірпік ілмей.
Осылай көңіліне мұң артқандай,
Алыстап, өткен қызық мұнартқандай,
Келгенде анда-санда,
Сәкен үйге,
Көкеш қыз күйеуіне кінә артқандай.
– Сәкен-ау,
Қалайша бұл кешіккенің,
Қайда едің,
Хабарыңды есітпедім.
Кеземін күні-түні
Тағат таппай,
Тар үйдің
Төрт қабырға, есік-төрін.
Ішкенім осындайда у бола ма?
Сөйлеймін іштен тынып, шу бола ма?
Әдейі Көкшетаудан алып келіп,
Қойдың ба күзетші ғып қу молаға! –
Дегенде, жанарынан жас домалап,
Жұмылып ыза буып қас пен қабақ.
– Онан да бір жағына құртпайсың ба,
Қойғанша кіріптар ғып босқа қамап!
Дегенде, Сәкен айтты:
– Көнбесіңе
Болмайды, алып келдім мен несіне?
Дем алып біразырақ төркіндеп қайт,
Сағынып алып жүрсең елді есіңе.
Көкештің қуанышы қойынына
Сыймады –
Орындалып ойы мына.
Шығарып салды Сәкен,
Сәл илігіп,
Орынбор-Көкшетаудың пойызына.
Хас ару
Сол кеткеннен оралмады,
Сәкеннің асыл жары бола алмады.
Қоспады басын қайта
Қос асылдың
Өмірдің дауылдары,
Борандары!
Гүлбаһрам
Жаралған жанған нұрдан Гүлбаһрам,
Нәр алған ән мен жырдан Гүлбаһрам.
Сәкенді бір көргеннен тәнті қылып,
Өзіне таңғалдырған Гүлбаһрам.
Көміліп көрінбейді жон-арқасы,
Төгіліп иығынан қолаң шашы.
Көрді ол қазақ қызын
Қызылжарда,
Керілген ұзын кірпік, қалам қасы.
Күлім көз,
Пісте мұрын, бидай өңді,
Қыпша бел,
Құлын мүше, сидам белгі.
«Қарындас» деген сөзді желеу етіп,
Сәкен де қоштасқанды қимай енді...
Қызылжар.
Совпартшкол.
Сол бір қызды.
Есілден ескен самал сол бір күзді,
Есінен шығара алмай жүрді Сәкен,
Қою шаш,
Жіңішке қас,
Мөлдір көзді.
Ұмытпай содан бері бір мезет те,
Көрді ол –
Ой ұшырып, тіл безеп те.
«Қарындас... Совпартшкол» деген өлең
Басылып үлгіріпті бір газетке.
Хат жазып қайта-қайта өлеңменен,
Бақытқа ақын бар ма бөленбеген.
Сарғайтып,
Сағындырып,
Сол бір қызға –
Сәкеннің махаббаты тереңдеген.
Жас ақын жан жүрекпен жырлағанда,
Қыз жоқтай одан гөзал бұл ғаламда.
Алғашқы көргеннен-ақ,
Сыр білдірмей,
Сәкенді сүйіп қалған Гүлбаһрам да.
Қашанда қу болмай ма қыз деген бір,
Үздігіп өз жігітін іздеген бір
Гүлбаһрам шынында да –
Сабағынан
Толықсып,
Қауыз жарып, үзбеген гүл.
Қолына Қарағанды қарлығашы,
Қонғанша өтетіндей жарым жасы.
Тегі де тегін емес,
Алтай Арғын,
Атақты –
Қайып ақын қарындасы.
Ол заман,
Орны бөлек, қызық ол да.
Қосылып, қол ұстасып ұзын жолда.
Алғашқы отау тігіп орныққан жер,
Бақ дарып,
Қыдыр қонған Қызылорда.
Болды олар –
Орынборда, Ташкентте де,
Ақмола,
Алматы мен Мәскеуде де.
Алымды,
Алғыр қыран,
Дауылпаз боп –
Жалынды жырлар туған жас кезде де.
Қалған жоқ Гүлбаһрам жетегінен,
Айрылмай ата қоныс-мекенінен.
Сынбасқа, жығылмасқа,
Сертін беріп,
Сәкеннің мықтап ұстап етегінен.
Ақыры –
Көнді, төзді бәріне де.
Өмірдің қаһарына, көріне де
Қара бұлт айналса да,
Айдалса да,
Бәрібір өлемін деп барып елге.
Өмірдің қауібінен-қатерінен,
Арықтай көкке шығып көтерілген.
Аққудай айрылса да Сәкенінен,
Тағдырдың өткелінен өте білген.
Тағдыр да шалды талай аяғынан,
Келгенін білмей қалып қай жағынан.
Қайрылды қос қанаты қоса қирап,
Айрылды Лаурасы...
Аянынан.
Белгілі бақ-таланы көп кісіге,
Қазақтың тиген таяқ тектісіне.
Еңсесін езіп қатты,
Еңсерсе де,
Тағдырдың төзіп бақты тепкісіне.
Жылады –
Талай рет аңырады.
Қуыс үй – төрт қабырға қаңырады.
Сақтады арын берік,
Бәрін көріп –
Сәкеннің аман қалды шаңырағы!
ГОЛОЩЕКИН – «ҚУ ЖАҚ» КЕЛДІ
Еліме басшы болып «Қу жақ» келді,
Жоқ-барды ойдан-қырдан қузап келді.
Көріне әр ауылдың адам толып,
Төріне әрбір үйдің тулақ келді.
Қусырып елді түріп, қыра келді,
Бағытын басқа жаққа бұра келді.
Арызға ерік беріп,
Айдап салды –
Онсыз да бір-біріне қырағы елді.
Қоңданған Қазақстан халін көріп,
Байлардың мыңғыраған малын көріп,
Төскейде төрт түлікті түгел құртты,
Төтеннен Голощекин залым келіп.
Айдады арыстарын айыпты етіп,
Айтқан сөз, берген серттен тайып кетіп.
Қорықты,
Қолымызға түспейді деп,
Түбінде Қазақстан байып кетіп.
Алаштьң онда алысқа аты кетті,
Мағжанды,
Міржақыпты,
Ахметті,
Сәкенді,
Бейімбетті,
Ілиясты –
Қамады абақтыға қасіретті.
Бәрі де сүт бетінің қаймағы еді,
Халқына әрбір ісі пайдалы еді.
Тізімдеп –
Тергеместен,
Тексерместен,
Шетінен «итжеккенге» айдап еді.
Бәрі де абақтыда жатып еді,
Түрменің ащы дәмін татып еді.
Аман-сау қайтып келсе,
Қайта қамап,
Азаптап –
Ақырында атып еді.
Үдетіп,
Бойда дертті меңдеткелі,
Уақыт жан жарасын емдетпеді.
Патшаның жанұясын,
Жаһаннамға,
Жөнелтті Голощекин жендеттері.
Мерт болып, елдің қамын жеген ердің,
Құзғынға толған кезі төбелердің.
Жіберген Бас жендетті басшы қылып,
Соры бар Қазақстан деген елдің.
Халықпыз қайғысы мен шері бөлек,
Ойрандап лаң салып төріме кеп.
Оларға –
Ұлтыңнан да,
Жұртыңнан да,
Қазақтың ұлан-байтақ жері керек.
Сәкеннің сол күндерде сәні кетті,
Жылаған жүрегі – мұң,
Жаны – кекті.
Тағдырдың тас маңдайға бұйыртқаны,
Таңбасын тарихыма салып өтті.
«Қу жақпен» Сәкен сөзі жараспады,
Айтса да, хал-жағдайға қараспады.
Қуылып қайда барса қызметтен,
Бәрінен барған жердің аластады.
Күйі бар,
Қамыққандай, қайғырғандай.
Хас қыран қанатынан қайрылғандай.
Құлазып құла түзде қалған жаны,
Қызықтың барлығынан айрылғандай.
Көрді ол –
Көрге тыққан аштықты да,
Көрді ол –
Қан қақсатқан қастықты да.
Жұтынып –
Жанарына жас үйіріп,
Тұтығып –
Тамағына тас тықса да.
Серпіліп тал бойынан барлық күмән,
Үйінде отыра алмас қалғып қыран.
Өлуге азаттықтың ақ жолында,
Серт беріп өзіне-өзі жарлық қылған.
Сезініп дүние сырын жаныменен,
Шарпыды тар кеудесін жалын – өлең.
Баяндап «Қызыл аттың» хикаясын,
Жыр жазды –
Жүрегінің қаныменен.
«ҚЫЗЫЛ АТ» ТУРАЛЫ ОЙ
Өкініш толы өмірі,
Торығып,
Толған іші – кек.
Көндікпей қойды,
Көңілі –
«Қызыл ат» болып кісінеп!
Беріліп әбден жолына,
Болуға дайын құрбаны.
Қызыл Ту ұстап қолына,
Қызына сөйлеп тұрғаны.
Көңілі иіліп сол мұңға,
Пейілі талай бұзылған.
Көзінің енді алдында,
Қызыл Ту емес –
Қызыл қан.
Құлағы толы ызыңға,
Керісіп, әбден кимелеп,
Қызығады екен,
Қызылға –
Құзғындар ғана үймелеп.
Болсаң да мейлі хас тұлға,
Өзіңе артып кінәні.
Қызылға төнген
Қасқыр да
Қақпанға түсіп тынады.
Біледі мұны кім-кімде,
Жері сол түбі баратын.
Қызарып батқан
Күннің де,
Әр жағы қою қара түн.
Арғымақ еді –
Қызыл ат,
Арындап алға шабатын.
Кететін жүйткіп,
Ызғып-ақ,
Қырандай самғап қанатын.
Сөйтіп бір жүрген арғымақ,
Сүрініп кетті бір күні...
Талайды тергеп, салғылап,
Талқыға түсті тірлігі.
Бойына бітіп күш кенет,
Кісісі қалмай сенетін.
Алдына келсе тістелеп,
Артынан өтсе тебетін.
Мінезі мүлде қызық-ақ,
Қызғаныш тырнап ішті бір,
Соңғы кез...
Байғұс қызыл ат,
Күйгелек күйге түсті бір.
Кеткендей аттың киесі,
Басқа емес,
Ойы – бас қамы.
Күндіз-түн мініп иесі,
Арытып әбден тастады.
Арыды қайран арғымақ,
Қойған соң мініп оттатпай.
Құлағы төмен салбырап,
Сұйылып жалы тоқпақтай.
Осы ғой,
Дүние аярың,
Қалмады атта құр сиық.
Қалтылдап басып аяғын,
Қабырғалары ырсиып.
Қарайды көзі алайып,
Жанына бір дерт батқандай.
Айнала түгел қарайып,
Жоғалып бара жатқандай!
МИРЗОЯН – МЫРЗАЖАН
Шықса бір, шіркін,
Анық Ер.
Арылып мұңнан мың батпан.
Құтылды –
Қайран,
Қалың ел –
Қынадай қырған «Қу жақтан».
Басылып әлек-әбігер,
Арылып дерттен меңдеткен.
Құтылды –
Қайран,
Қалың ел –
Жалмауыз жебір жендеттен.
Қуанып кәрі, жасы да,
Өзіне бүкіл ырза жан.
Қиналған елдің басына,
Мирзоян емес –
Мырзажан!
Қазақтың жері – бір Ғалам,
Бақытқа бірден бөленді.
«Мырзажан» – десе,
Мырза жан,
Шуағын төге жөнелді.
Жайдары жарқын жүзі ұнап,
Кеткендей жібіп тас-дағы.
Тұралап қалған «Қызыл ат»
Қайтадан тұра бастады...
Сәкен де
Сергіп,
Серпіліп,
Сеніммен,
Сергек қарайды.
Жүрегі жылып,
Желпініп,
Ақ жүзі –
Айдай арайлы.
Жырлады.
Жырлай жөнелді,
Кеңестік кезең кеңдігін.
Бағалап белес-белеңді,
Сарапқа салар енді кім?
Қырыққа келді хас қыран,
Жиырма жыл –
Елеп еңбегін.
Шарапат осы – жақсыдан,
Барса да қайда,
Төрде орын.
Мәскеуге барды,
Он күндік.
Орден де тақты төсіне,
Сол достық,
Шіркін, сол бірлік,
Түседі жиі есіне.
Калинин өзі қол беріп,
Фадеев қақты арқадан.
Сыйлады бәрі жол беріп,
Шығарып биік ортадан.
Келтірер емес ұйқыңды,
Орап бір ыстық жалынға.
Па, шіркін!
Қандай сүйкімді,
Поляк қызы – Галина.
Галина айтты:
– Сен, Сәкен,
Кел біздің бүгін «дачаға».
Шертейік сырды теңбе-тең,
Беріліп көңіл – патшаға.
Жүр едім шерім тарқамай,
Әйелге ұнау – ер ісі.
Азиат көрдім мен талай,
Аз бірақ, сендей серісі.
Дәмі ме бал мен шекердің,
Баса алмай біраз желігін...
Осындай ойлар Сәкеннің
Өсірген талай көңілін.
Тойлады түгел Алматы,
Қырыққа келген ақынын.
Қазақтың байтақ ел-халқы,
Ардақтай білді асылын.
Жеміріп,
Жауын жанышқан,
Жалықпай шырқап жұрт әнін.
Жиырма жыл,
Желмен жарысқан,
Биікке самғап сұңқарым!
Жүрген соң заман жолымен,
Сүйсініп елі сұңқарға.
Мирзоян өзі қолымен
Мінгізді темір тұлпарға.
СӘКЕН ҰСТАЛҒАН КҮН
Аспанның бұлты сіркіреп,
Сездірді барын қатердің.
Жиырма бесінші қыркүйек,
Ұсталған күні Сәкеннің.
Заманда мынау кер кеткен,
Ажалын тұрмас кім күтпей?!
Жетіп бір келді –
Жендеттер,
Ішуге шайын үлгіртпей.
Келді де «ордер» ұсынды,
Түскенін айтып тұтқынға.
Түсінді Сәкен...
Түсінді –
Айтылмай сөзі жұтқында.
Әлде бір іске алаңдай,
Қабағы сол сәт түйілді.
Сонан соң,
Тойға барардай,
Дұрыстап тұрып киінді.
Таңғалтар жұртты көркімен,
Өзі ғой нағыз кісінің.
Басына құндыз бөркі мен
Үстіне киіп ішігін.
Ішінен айтып «мақұлын»,
Алапат ойлар астасып.
ЬІғыса берді,
Ақырын,
Көзімен ғана қоштасып.
Жан-жаққа сосын қарамас,
Әр жағы бұлдыр тұманды.
Өкініш-өксік аралас,
Гүлбаһрам бір үн шығарды.
Жалғасып және сол үнмен,
Көшенің желі уілдеп.
Кетпеді күдік көңілден:
«Ғұмыр-ай, ғұмыр, ғұмыр!» – деп.
Көшеде талдар қалтырап,
Күз желі жұлып жұтатқан.
Сарғайған соңғы жапырақ,
Сырғып бір түсті бұтақтан!..
ТҮРМЕДЕГІ ТҮН
Кесапат,
Кердең,
Көргенсіз,
Қатып бір қалған тас-қына.
Сұмырай,
Сұп-сұр тергеуші,
Сұрақтың алдың астына.
– Орысқа болдың отар, – деп, –
Сарнаған сенсің о баста.
Ахметіңді – Ахаң деп,
Бүйрегің бұрды Алашқа.
Өткенді аңсап, кер тартқан,
Білінбес әккі аңшы ізі.
Жасырын жүріп,
Жол тартқан,
Жапонның сенсің жансызы.
Шыққпассың аман түрмеден,
Тағылған айып, басты мін,
«Қызыл ат» деген бірдемең,
Қызылға қылған қастығың.
Бағытың бұлдыр, көмескі,
Болғанмен жазғыш, жақсы ақын.
Қанатын жайған кеңесті
Құлатып тыну – мақсатың!
Кесапат,
Кердең,
Көргенсіз,
Алған соң шексіз билікті.
Соны айтып,
Сойқан тергеуші,
Сәкенге қарай шүйлікті.
Жемеген таяқ тіріден,
Сәкен де мығым, қуатты.
Жендетті
Қолдың қырымен,
Бір ұрып,
Бірден құлатты.
Сол екен –
Жендет екі-үшеу,
Жабыла келіп кеткені.
Жарылып басы,
Беті ісіп,
Алты күн азап шеккелі.
Жендеттің ісі тұр үдеп,
Қайтеді Сәкен, ал сонда –
Қыңқ етер тіпті түрі жоқ,
Қоң етін кесіп алсаң да.
Шартпа-шұрт,
Шатақ –
Төбелес,
Тергеуші біткен безілдеп.
Халықтың жауы мен емес,
Сұмырай,
Сенің – өзің! – деп.
Айтса да сөзін саңқылдап,
Санаға кірер емес тек.
Жанары оттай жарқылдап,
Өткен күн көзге елестеп.
Сарыарқа – сайын даланы,
Есіне бір сәт алғаны.
Қамыққан көңіл –
Қаралы,
Осы ғой дүние – жалғаны.
Осынау өмір –
Бір күндік,
Төтеннен келген тосын жай,
Арбасқан дүние,
Қу тірлік,
Ақырғы түбің – осындай.
Дүниенің мынау жосығы-ай,
Жарамай қалған керекке.
Зор болып туып,
Осылай –
Қор болып өлу керек пе?!
Тергеуші тағы өшікті,
Көбейіп сұрақ-шатпағы.
Сарт та сұрт темір есікті,
Алып бір жауып жатқаны.
– Сөзімде тұрам, сертімде,
Баратын жерім – қара үңгір.
Атсаң да мейлі – еркіңде,
Ассаң да дарға – бәрібір!
Амалы құрып тергеуші,
Бармады дәті қарарға.
– Сендейден қорлық көргенше,
Өлгенім артық онан да!
Қайсарлық,
Ерлік бар мұнда,
Ұрымтал сөздің ұтымын –
Үрпиген «үштік» алдында,
Өзінің оқып үкімін.
Саңқ етті сұңқар-қырандай,
Ант етті –
Ардың атынан.
Естіліп сөзі ұрандай,
Кем емес жайдың отынан.
– Арман жоқ, енді өлсек те,
Ел үшін мәңгі мақұлмын!..
Табиғат тыншып,
Сол сәтте
Тыңдады сөзін
Ақынның!
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Жаным безінді,
Тәнім сезінді,
Халқым, тыңдап қал
Соңғы сөзімді:
Туым жығылды,
Нуым бүлінді.
Түрме тұтқыны
Түрім бүгінгі.
Бермей дерегін,
Болмай керегім.
Не үшін туыппын,
Не үшін өлемін?!
Белім қайысты,
Гүлім майысты.
Тілім кесілді –
Сүйген сайысты!
Асау тұлпарым,
Асыл сұңқарым,
Бұлай кім білген
Басын құртарын?!
Қайран сұлулар,
Сайран құрыңдар,
Балдай еріндер,
Талдай бұрымдар.
Ғұмыр аз болған,
Барға мәз болған.
Айдын көлдерім,
Аққу-қаз қонған.
Ауыл, ауданым,
Бақша-бауларым.
Аспан тіреген
Асқақ тауларым.
Жаным елжіреп,
Жасым мөлдіреп.
Қайран көзіме
Көрін соңғы рет!
Күлкім тыйылды,
Мүлкім жиылды.
Үздің, дүние,
Шіркін, күйіңді!
Қазақ қанымды,
Азат жанымды
Алып тамұқтан,
Айтар әнімді.
Заман нұрланар,
Ғалам гүл болар.
Өзім өлсем де,
Сөзім бір қалар.
Үнім – зар болса,
Жырым – нәр болса,
Ұғар сырымды
Ұрпақ бар болса!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі