Ерлік дастаны
Иван Иванович Иванов Ленинградта туған. Соғыс кезінде, он тоғыз жасар жігіт шағында, өзінің туған қаласын қорғады. Ауыр жараланып, екі аяғынан айрылды. Ұзақ емделгеннен кейін Қазақстанға келді, осы өлкеге бауыр басты. Еңбек Ері атанды.
Газеттен
І
Жұмыр жер!
Айнала бер кіндігіңде,
Қарамас ойлы көзбен кім бүгінде?
Мына әлем – алып мұхит, сен – кемесің,
Самғаған самалалы нұрлы күнге.
Білмеймін – қанша көктеп, түледің сен,
Білмеймін – қанша қурап, жүдедің сен.
Тірліктің бесігі – сен,
Біле білсем:
Жаным – сен,
Қаным да – сен,
Жүрегім – сен!
Куәгер тарих талай жат қылыққа,
Тап болдың таршылыққа, тапшылыққа.
Дүние шөлдеп келді, шөлдеуде әлі
Достыққа,
Ізгілікке,
Жақсылыққа.
Тартпасақ алға қарай тірлік көшін,
Адам боп анамыздан тудық несін?
Жұмыр жер!
Гүлің болып өссем деймін,
Құлпыртып кең төсіңнің бір нүктесін.
Адамзат құдіретіңнің көріп күшін,
Іңкәр боп құпияңа келіпті шын.
Қалайда мына бізбен бақыттысың,
Қалайда мына бізбен көріктісің.
Сүйемін әр тасыңды, еміренем,
Толқимын, теңіздейін тебіренем.
Сен менің – бар тірлігім, бар тынысым,
Қой бағам,
Кен қазамын,
Егін егем.
Маңдайдың терін төккен сан қырыңа,
Адамдар ынтығады таң нұрына.
Күдіктің қара бұлты сейілгенше,
Қамығып алаңдайды тағдырыңа.
О, күдік!
Қасіретті неткен күдік!
Шаншыған жүрегімді кектендіріп.
Өшкен жоқ көз алдынан адамзаттың
Үстіне Хиросима шөккен бүлік.
Жұмыр жер!
Айнала бер кіндігіңде,
Қарамас ойлы көзбен кім бүгінде?
Гагарин жанарымен шолдым сені,
Ғарышта қолым созып нұрлы күнге.
Сеңгір тау, саялы орман, мөлдір бұлақ,
Саф ауа, қырмызы гүл, өндір құрақ.
Сонау бір ғажайып, пәк қалпыңменен,
Жұмыр жер!
Көз алдыма кел бұлдырап...
ІІ
Ленинград!
Жаралы, қансырады.
Сөніп қалды сан үйдің шамшырағы.
Бетін басты сұмдықтан таң шуағы,
Бейбіт күннің көз жасы тамшылады.
Ана-қала үстінде оқ борады,
Оқ борады дамылсыз, тоқтамады.
Жау тұмсығын бірақ та батырмады,
Беріспеді болаттай кек қамалы.
Еркін басып есіктен өлім кірді,
Мұндай сәтте есіркер өмір кімді?
Аштан өлген бөбегі құшағында,
Мәңгілікке аналар көзін жұмды.
Снарядтар, бомбалар, зулап оқтар,
Аза тұтты сәулетті ғимараттар.
Аза тұтты музейлер, ескерткіштер,
Аза тұтты қоладан құйған аттар.
Бір сәт тартып дүние демін ішке,
Телмірді мынау сойқан көрініске.
Ей, алапат!
Елірме, аласұрма,
Қарсы шықты ізгілік долы күшке.
Әділет!
Әділет тізе бүккен емес,
Ешқашан ұшырамас жеңіліске.
Тұр еді ғой кеп-кеше жайнап аспан,
Шақ еді ғой күн мен түн аймаласқан.
Ваняның да дал қылды бал қызығын,
Ойда жоқта сұм дұшпан майдан ашқан.
Гүлдер солды құлпырып, жайнамастан,
Бұлбұл тынды бақтарда сайрамастан.
Он тоғызда.
Қылыштай қылпылдаған,
Жігіт еді ол жігері қырқылмаған.
Жағасына Отанның жау ұмтылса,
Неге керек
Өз жағаң жыртылмаған?
Неге керек
Қайратың бұлқынбаған?
Неге керек
Айбатың ұмтылмаған?
Бал дәуренге хош айтты ол – көктеміне,
Толды ызалы жүрегі кекке, міне.
Көз алдында қирады туған үйі,
Көз алдында өртенді мектебі де!
Салтанатты, сәулетті сағаттарда
Жалау ұстап шығатын парадтарға
Көшелері қаралы, жаралы енді,
Арсыз өлім аңдып тұр әр аттамда.
Қиян-кескі алапат басталды бір,
Дүниеге дүмпуі тастап дүбір.
Қорған болып қалаға кеудесімен,
Небір боздақ қиылып, жастанды қыр.
Қаншама рет, белгісіз, құлап тұрды,
Астаң-кестең айнала, құлақ тұнды.
Керемет күш көрместен тымақ құрлы,
Сонадайға Ваняны лақтырды.
Не болғанын білмеді одан әрі,
Тепкен доптай әйтеуір домалады.
Санасында сібірлеп әлсіз сәуле,
Жанады да қайтадан жоғалады.
Көз алдына қып-қызыл қан келеді,
Түсіне алмай әуре әлденені.
Омырауын оқ тескен, арпалысқан,
Аппақ әлем алыстан шаң береді,
Бір әлсіреп, біресе әлденеді.
Осы ма еді өмірден тілегені?
Жаңа еді ғой, жаңа еді түлегені.
Бала жігіт басында үйіріліп,
Қара түні қайғының түнереді,
Түнереді біржола түнегелі...
ІІІ
Неше күндей білмеген не болғанын,
Жапа шегіп, жанының тоналғанын.
Енді ғана сезінді мүгедек боп,
Екі аяқтың мәңгіге жоғалғанын...
Оқ алғанын, әп-сәтте омалғанын.
Шоқ басқандай жүрегін қарып жалын,
Күйік қысты шыжғырып жарым жанын.
Деді ол іштей: «Мұнан да артық еді-ау
Жер жастанып, топырақ жамылғаным!»
Атой салып алаңсыз балалық шақ,
Жеді жанын жегідей нала қыстап.
Кешкен ғұмыр, кешегі көрген қызық –
Бәрі, бәрі... елеске барады ұқсап.
Қайда қалды әкесі, қайда анасы,
Қайда туған қарындас, қайда ағасы?
Басын неге бірі кеп сүйемейді,
Не боп кетті, ойпыр-ау, айналасы?!
Достар қайда қарулас-майдандасы?
Қайда апарып соғады қайғы арнасы?
Биіктегі жұлдызы жерге түсіп,
Қор болды ма шынымен қайран басы?!
Көрінгендей дәл қазір бәрі жалған,
Үзілді үміт біржола, тәрік – арман.
Махаббат та енді оған теріс қарап,
Терезесін секілді жауып алған.
Жүрегінің басынан зар төктіріп,
Күлетіндей дүние тәлкек қылып.
Ақ қайыңдар қашқандай одан аулақ,
Мазақ қылып, миына қан тептіріп.
Ой тұра ма мұндайда сабасында,
Екі сезім шайқасты санасында.
Шыбын жаны жігіттің шырқырады
Қасірет пен қайраттың арасында.
Аңдиды өлім қасірет қабатында,
Шалқиды өмір қайраттың қанатында.
Ырық бермей қасірет қу маңдайлы,
Улы тілі от шашып сумаңдайды:
«Тізе бүк,
Басыңды и маған!
Нең қалды сонша қимаған?!
Қасірет деген мен болам,
Жаныңды жаншып қинаған,
Азапты ауыр сыйлаған.
Қайыр жоқ саған ешкімнен,
Түс ауып, күнің кешкірген.
Тірелдің шықпас тұйыққа,
Жолыңды барлық кестім мен.
Қолыңнан енді не келер?
Көне бер маған, көне бер.
Тосқауыл бермес тасқын да
Көлденең түссем бөгелер.
Жеңгемін бәрін пенденің,
Жыныма тиме сен менің.
Денеңнен бөліп тастадым,
Екі аяқ болса сенгенің.
Мұң болар жүру түрегеп,
Мүгедек! Атың – мүгедек!
Таяққа күнің қалған соң,
Тағдырың соғар дүрелеп.
Өмірге көңіл толмаса,
Қайғының бұлты торласа,
Тік басып туған жеріңе
Тұратын табан болмаса,
Тірлігің сенің далбаса».
Бар тірлігі көміліп құса-мұңға,
Ол тұншықты қасірет құшағында.
Алып шығар кімі бар шыңыраудан,
Торыққанда тағдырдың тұсауында?
Өктем дауыс шықты бір күле кіріп:
– Иванов!
Көтер басты, бұ не қылық?
Сен нағыз Совет солдаты емеспісің,
Берік бол!
Босай берме, құр егіліп.
Тұрған шақта зор майдан – зұлмат егес,
Жалғыз өзің, ер болсаң, мыңға теңес.
Жау жағадан алғанда, аяқ түгіл,
Жаның Отан арынан қымбат емес!
...Ваня кенет бұл сөзге елең етті.
Япыр-ау, тоқта, тоқта... не деп өтті?!
Тұр алдында комиссар Калашников,
Ойда жоқта қарашы кереметті!
Бар қуатын шақырып, қайрап тісті,
Мінді сонда қаһарға қайрат күшті:
– Кетердей қара жерге еніп,
Отырсың неге сенделіп?
Несіне сонша жасисың,
Өзіңді өзің кем көріп?
Берілме ойға боркемік,
Еңсеңді көтер сілкініп,
Тудың ғой сен де ер болып!
Қасірет – туған жеріңнен
Жан болсаң мәңгі бөлінген.
Опасыз сатқын сен болсаң
Отаның, елің жерінген.
Қасірет – туған анашың
Көрсе бір жаудың табасын.
Шырылдап титтей сәбиің,
Таппаса сенен панасын.
Қасірет – бастың қамы үшін
Ездіктің терсең тарысын.
Аяғың емес, мертіксе
Ұятың, арың, намысың!
Қасірет – жылап адалдық,
Жымыңдап тұрса арамдық.
Жасаса жердің бетінде,
Жақсылық емес, жамандық.
Қасірет – өрбіп іштарлық,
Жалғаса берсе дұшпандық.
Сөнсе егер отты кеудеңнен
Өмірге деген құштарлық.
Аспаның шайдай ашықта
Жігердің жүзін жасытпа.
Күтіп тұр өмір сапары,
Жетесің небір қашыққа.
Әлі де сенің балдағың
Көтерер өмір салмағын.
Әнеки, қолын бұлғайды
Үмітің менен арманың.
...Әлгіндегі қасірет айбат шеккен,
Қара бұлтын қай жаққа айдап кеткен?
Жігіт бойы жеңілдеп сала берді,
Құдіретті ең соншама, қайрат, неткен?!
Жан азабы тұрса да жолды құрсап,
Қайсар жігіт жігерге берді мұрсат.
Арпалысқан оқ пенен от ішінде
Көз алдына Отаны келді бір сәт.
Кешір, Отан!
Жан беріп, жан алғанда,
Жау оғы кеп, жағаңа қадалғанда,
Топшысынан үзіліп бір қыраның,
Жатыр, міне, ұша алмай, амал бар ма?!.
Күйінеді сондықтан, күйінеді,
Қайдан ғана қырсық кеп тиіп еді?
Соңғы жауды сұлатып өз қолымен,
Атпау қандай соңғы оқты қиын еді?!.
ІV
Адам жүгін көтерер сан қайғының,
Бір ілессе, соңынан қалмайды мұң.
Екі аяқтың орнына ағаш жалғап,
Алғаш рет жер басу қандай қиын?!.
Қазыққа әкеп тас қылып байлағандай,
Бір орында тұр, міне, айнала алмай.
Қырсыққанда ырыққа жүрер емес,
Көнер емес,
Табылар айла қандай?
Алға қарай басуға ұмтылады,
Салмақ салып балдаққа бұлқынады.
Билей алмай денесін қалт-құлт етіп,
Бір жығылып, орнынан бір тұрады.
Күншілік жер сияқты қарға адымы,
Көз ұшындай көреді алдағыны.
Бас білмейтін асаудай балдақ құрғыр,
Жығатындай апарып жарға мұны.
Қарауытты көз алды түнге айналып,
Аяғына зіл батпан тұр байланып.
Құлап түсті гүрс етіп, тағы міне,
Ұмтылғанда жүруге ыңғайланып.
Өртенуде жүрегі күйіп-жанып,
Аяз ойлар барады миын қарып.
Тұра алмаса, осыдан жүре алмаса,
Дей бер онда қыршыннан қиылды анық.
Сынық қанат балапан талпынуда,
Жан ұшырып, қарманып алқынуда.
Тісін қайрап, ызадан булығады,
Тас кептеліп қалғадай алқымында.
Жанталасып, жалма-жан түрегелді,
Түрегелді, түнекті түре келді.
Бір нәзік қол сол сәтте демей берді,
Демей берді, қаз басып жүре берді.
Ағаш аяқ адымдап бірінші рет,
Бірінші рет қарады ол күлімсіреп.
Көкжиегі үміттің кеңи түсіп,
Бүкіл дүние тұрғандай: «Жүгірші!» – деп.
Қауныш-ай, қуаныш сол шақтағы!
Жанарынан мөлдір жас моншақтады.
Асау жүрек тулады кеудесінде,
Әттең, бұзып шығарға жол таппады.
Шөкті барып шыңырауға қара тұман,
Күн сүйеп тұр, қыз емес, қанатынан.
Сүйе берді қолынан сестраның,
Алғыс айтып адамдық ар атынан.
Азапты күн жалғасып тізбектері,
Қыс пен жазы, алмасып күз, көктемі,
Жылдар бойы жатқанда емханада,
Осы бір қыз таяныш іздетпеді.
V
Өтті уақыт ұлғайтып сағынышты,
Жалғыздыққа болды ол бағынышты.
Үй ішінен тым құрыса бір сыбыс жоқ,
Сан тарапқа қиялы алып ұшты.
Достарының айырылып біразынан,
Жұртта жалғыз қалғандай құлазыған.
Күндіз ойдан шықпайды, түнде түстен,
Ана даусы кетпейді құлағынан.
Қарындасы қайда екен – қарлығашы?
Ақты көзден ойласа қанды жасы.
Тіл қатпады сұраса ормандар да,
Тіл қатпады таулардың қарлы басы.
Ұлы туы желбіреп Жеңістің де,
Орнаса да тыныштық жер үстінде,
Жетпей қойды бір хабар ескен желмен,
Тіл қатпады дүние тегіс мүлде.
Тым болмаса бірінің жүзін көрмей,
Жүргенде өстіп үміті үзілгендей
Сағынышын арқалап бір хат келді,
Бар қуаныш-қайғысы тізілгендей.
Дірілдеді саусағы хатты ашарда:
Ойда жоқта осы хат бақты ашар ма?
Әлде сұмдық естіртіп суық хабар,
Қайғы үстіне қайғы кеп қаттасар ма?
«Ағатайым, бармысың, қарашығым,
Жалғандағы жалғызым, жанашырым!
Жер бетінде сен тірі жүр екенсің,
Бәйтерегім, биігім, дара шыңым!
Сұм соғыстың көтеріп ауырлығын,
Өтті біздің бастан да дауылды күн.
Анашымыз қоршауда аштан өлді,
Қоя алмадым қолыммен қабір гүлін.
Әкеміздің әлі де дерегі жоқ,
Күтудемін бір хабар келеді деп.
Суретімді көнерек салдым, аға,
Кетті деме соншама неге жүдеп...»
Табыла ма қайғылы көңіл емі?
Ваня қатты өксіді, еңіреді.
– Мама! Мама! Мама! – деп түсті құлап,
Тұрды бірге күңіреніп төңірегі.
VІ
Азапты күн кешегі қашық қалған,
Шаттық ашып құшағын тасытты арман.
Балдаққа да сүйенбей, таяққа да,
Қазір еркін жүруге машықтанған.
Аяғының кемдігі білінбейді,
Көлеңкесіз қабағы күлімдейді.
Сүріндіре алмаған соғыс оны,
Енді, сірә, өмірде сүрінбейді.
Әрбір істі салмақтар нарқын біліп,
Қарсы алды оны директор жарқын күліп.
Бар жағдайын түп-түгел баяндады,
Сырын шертті, қалайша қалсын бүгіп:
– Орындауға тілегін туған елдің,
Көппен бірге мен-дағы тыңға келдім.
Өз алдыма беріңіз бір трактор,
Жүйткітейін жонында бұйра бедің.
Өзгешерек ұғыңыз мән-жайымды,
Жағдайымды және де қандайымды.
Тағдыр желі тасқа ұрып маңдайымды,
Қайғы шөлі қаңсытқан таңдайымды.
Жойқын жылдар жылымға мың батырды,
Жанталаста жоғалттым қымбатымды.
Қымбатымды келіп ем қайта алғалы,
Жастығымды, сәнімді, сымбатымды.
Келдім өзім сұранып тілегіммен,
Осы араға туымды тігемін мен.
Жан емеспін жалт етер жыл құсындай,
Сендіремін арыммен, жүрегіммен!
Қайда тудым, белгілі қайдан келдім,
Өзегінде оқ жатқан майдангермін.
Өмір деген майдан ғой,
Майдан!
Майдан!
Майданда өстім, келеді майданда өлгім!
...Жігіт сөзі сілкінтіп құдіретті,
Директордың жүрегі шымыр етті.
Қанды майдан қаралы елестері
Көз алдынан әп-сәтте жүріп өтті.
Мейірлене жігітке қарап қапты,
Шартарапқа қиялы қанат қақты.
Тәуекел деп тілегін орындады,
Тәртіп қатты болса да, талап қатты.
Күн құшағы әлдилеп, түн құшағы,
Шыңға ұшады еңбектің тұңғыш әні.
Шалқар дала төсіне туын қадап,
Шарықтайтын Ваняның туды шағы.
Бусануда борозда – қара барқыт,
Маужырауда масайрап, дала балқып.
Отыр Ваня трактор тұғырында,
Жер иісі мұрынды жарады аңқып,
Жарады аңқып, іңкәрі барады артып.
Ойпыл-тойпыл даланың мінезіне
Күдіктене қарайды күн көзі де.
Қиын-қыстау шақтарда сездіргендей,
Сену керек екенін бір өзіне.
Қол бұлғайды көкжиек сонадайдан,
Шалғайына жеткізсін дала қайдан?
Соқтығып қап соқталы содыр нөсер,
Асау желі Арқаның салады ойран.
Айналсоқтап, орнынан зорға сырғып,
Құрыстаса көктемгі қорғасын бұлт,
Сынық жілік сыр беріп, саны сыздап,
Сырқырайды, батады жанға сұмдық.
Төзу керек, қалайда жеңу керек!
Жүгі қайтіп жеңбесе жеңілдемек?
Тістенеді тұтқаны қатты қысып:
– Берілме, – деп, – жүрегім, жеңілме! – деп.
Бәз біреудей бұрылмай қалтарысқа,
Түсті тағы алапат арпалысқа.
Көк дауылға қасқайып қарсы жүзді,
Жетер екен қайығы қанша алысқа?
VІІ
Басқаша еді-ау, басқаша кеше мүлде,
Көзін ашты емхана төсегінде.
Мына дүние, япыр-ау, не боп кетті,
Мына қырсық созылар неше күнге?
Түстім бе деп шыңырауға шыныменен,
Дөңбекшиді аһ ұрып түніменен.
Сорым қалың соншама болар ма деп,
Сапарымның бітер деп түбі немен?
Қайтып енді далаға орала ма,
Кешегідей ертеңі бола ала ма?
Бір шығады, бір батып түпсіз ойға,
Тап болғандай сүреңсіз өліараға.
«Осы ма еді, ойпыр-ау, жеткен жерім,
Төккен қаным зая ма, төккен терім?
Жоқ, болмайды! Жетемін дегеніме,
Көктем гүлін құшамын, көктем желін.
Қайтар әлі уыты бұл азаптың,
Әурелер көп болса біраз-ақ күн.
Қосыламын ертең-ақ қатарыма,
Өлсем сауға тағдырдан сұрамаспын!»
Тұла бойын буғандай қара суық,
Жатты осылай бір апта аласұрып.
Терезеден қиырға көз тастайды,
Сағаттарын санаумен таң асырып.
Күту деген қиын-ақ сірә мұнда,
Келген сайын дәрігер сұрануда:
– Босатыңыз, жазылдым, өтінемін,
Жетер емес әріге шыдамым да.
VІІІ
Алтын дәнге толтырып омырауын,
Күмбірлетіп күз келді қоңырауын.
Деп тұрғандай: «Диқаным, барыңды сал,
Долы бұршақ соқпасын, долы жауын».
Дәннен тауып жанына жұбанышты,
Ваня қазір ерекше қуанышты.
Шымыр дене ширығып қорғасындай,
Бұлшық еті ойнайды бұла күшті.
Қайсарлық бар тотыққан реңінде,
Қайрат оты маздайды жүрегінде.
Жанарында тұңғиық сабыр тұнып,
Мейірлене қарайды бұл өмірге.
Күміс күнді түсірмей иығынан,
Арқа аспаны күледі миығынан.
Комбайнын барады кең жүздіріп,
Көзін алмай егістің қиырынан.
...Қиындықтың түнегін сөгілдіріп,
Дән тасқынын шанақтан төгілдіріп,
Биігінде Ваня тұр Миллиард-таудың,
Әрбір дәннен сөйлейді өмір күліп.
Кімді жолда сұм соғыс тонамады,
Жан жарасы қалайша жоғалады?
Уысына толтырған алтын дәнге
Жанарынан ыстық жас домалады.
Оған әсте қайғы ма қара басы,
Тұрсын, мейлі, алдында дар ағашы!
Қоршауда қап, азаппен аштан өлген
Елестеді көзіне жан анасы.
«Жан ана! Дән-ана!» – деп күбірледі,
Жүрегі қатты соқты, дүбірледі.
«Жер-ана! Бесігіңді тербете бер,
Сөнбесін Бейбітшілік – Күнім!» – деді.
ІХ
Жұмыр жер! Ризасың бір ұлыңа,
Ғұмырын сыйлар сенің ғұмырыңа.
Сөйлейді ол болашақтың мінбесінен,
Даңқтың шығып алтын тұғырына.
Жұмыр жер! Аян оған бар тынысың:
Қуатың, қозғалысың, тартылысың.
Жаралдың гүлденуге, түрленуге,
Атомға жаралмадың балқу үшін.
Үмітке тұрақ болған, армандарға,
Жалындап арпалыста жанғандарға
Тілейді жаратылыс Бейбітшілік,
Жетелер Бейбітшілік таңдарды алға!
1978
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі