Өлең, жыр, ақындар

Шіріген гильза сыр айтар

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 491
(Әзілхан Нұршайықовқа)

Сұмдық бар қанша мұңайтар
Соғыстан қалған гильзада.
Шіріген гильза сыр айтар
Қаралы күннен зілзала.
Өмірлік естен кетпейтін,
Адамға жау бар – оқ дейтін.
Жері жоқ тесіп өтпейтін,
Жері жоқ ұшып жетпейтін.
Топыраққа түссе шіриді,
Дән емес қайта көктейтін.
Көлдетіп елдің көз жасын,
Басына қайғы торлатып,
Гильзадан ұшқан қорғасын
Талайды кетті сорлатып.
Обалы кәрі-жастың да
Алапат қанды тасқынға.
Гильзалар жатыр қаншама
Топырақтың шіріп астында,
Көмейі толып тас-құмға.
Көрсетпес ажал күш кімге,
Ұшқанда оқтар тызылдап?
Жып-жылы қанның үстінде
Гильзалар жатты шыжылдап.
Борандай оқтар бұрқады,
Санына оның жетті кім?
Гильзалар толған қырқаны
Көмкерді қалың шөп бүгін...
Ақтарып майдан-төбені,
Көзінен ыстық жас парлап,
Ақ шашты аға келеді –
Кешегі өрім жас солдат.
Кешеде, кеше, кешегі...
Қан кешкен жері осы еді.
Қатыгез қасірет кеселі
Көкейден қалай өшеді?!
Алдынан көздің кешегі
Сұрапыл сурет көшеді.
Селдеткен оқтың нөсері
Денесін жердің теседі.
Әнеки, анау досы еді,
Омырауын оққа төседі.
Найзадай үшкіл жүрекпен
Ажалдың шоғын көседі.
Әлдилей ала жөнелді
Қара жер – қалың төсегі...
Жаңғырып, жаны сілкініп,
Теңіздей тулап бұлқынып,
Үдере көшіп барады
Елестің бұлты жыртылып.
Арқалап асыл парызды,
Іздеп тұр кешегі әр ізді.
Майдандас достар жаны ізгі
Қасына келген тәрізді.
Табылған окоп түбінен,
Қолында гильза шіріген.
Сезілер қасірет салқыны
Суытқан мынау түрінен.
Талқыға салар талайды
Өмірдің өр мен қиясы.
Гильзаға суық қарайды
Секілді ажал ұясы.
Осынау сырлы ғаламда
Таусылар ма арман адамда?!.
Толғантып дүние тағдыры,
Төгеді мұңын қаламға...

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сілкініп ақ бүркіттей

  • 0
  • 0

Тоқсанға аман­-есен келдің, аға,
Асқарға ақиықтай қондың, аға!
Ұқсаған өмірің бар керқұлаға,
Ұқсаған көңілің бар домбыраға.

Толық

Сағындың ба сен мені?

  • 0
  • 0

Жыл құстары қиқулап,
Көшкенде өзен сеңдері,
Көкірегіңде күй тулап,
Сағындың ба сен мені?

Толық

Сарыала қазым саңқылдап

  • 0
  • 0

Сарыала қазым саңқылдап,
Сайранда сазда салқындап,
Қуанышымның көл-көсір
Қазаны қайнар сарқылдап.

Толық

Қарап көріңіз