Жүрегіммен жеке қап – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Жүрегіммен жеке қап» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 925
І
Жан емеспін үйренген сөзін бұлдап,
Өзгеге емес, өзіме өзім қымбат.
Жанарымда мөлдіреп жарық дүние,
Көз алдымда тұнады көгілдір бақ.
Тереңдегі ашсам деп сыр қатпарын,
Дымқылданған кірпікті құрғатпадым.
Тастай қатып кей сәтте үн қатпадым,
Кейде байыз таба алмай сырғақтадым.
Нар жүрегім!
Жүгімді көтеріп бақ.
Емес пе едің, япыр-ай, өте мықты-ақ?!
Дауыл тұрса,
Үскірік боран ұрса,
Бәрі сенен басқаның кетер ықтап.
Жалғыз қалсам мұңдасым сен ғанасың,
Бұлқынасың, булығып, долданасың.
Тулап-тулап тынасың,
Басыласың,
Бұзып шығар дәрменің болмағасын.
Сәулеленіп тұрғанда санам мына,
Бұл дүниенің барлығы – маған мұра.
Саған ғана сенемін!
Сенген сайын
Қымбатырақ сезінем бағаңды да.
Тылсымы көп дүние, сыр бүкпелі,
Тереңдердің түбіне сүңгіт мені.
Не ұйқыда, немесе ояу ұста,
Жүре алмаспын ешқашан мүлгіп тегі.

ІІ
Қалжыратсам, жүрегім, кешір мені,
Қанша жерге жеткізер көшім мені.
Аз дейсің бе
Ақ қағаз-көңіліме
Өткен күннің жазғаны, өшіргені.
Көкіректе қаттаулы –
Хатта бәрі.
Оқығанға оп-оңай жатталады.
Араздардың ағаттау даттағаны,
Ағайынның артықтау мақтағаны –
Бәрі, бәрі осында сақталады.
Жарымадым ба уызға, жарыдым ба,
Марқайдым ба немесе арыдым ба?
Айналдым ба Алауды көбелекше,
Қайралдым ба қиындық шарығында –
Таңбалаған өзімнің танымымда.
Қабыл алып келемін барлығын да:
Көлеңкесін тірліктің, таң нұрын да.
Боранын да, аязын, жаңбырын да.
Қилы-қилы дүниенің хикметі
Қиысады қызықты тағдырымда.
Жатыр қанша қысым мен жазым әлі,
Талай-талай оқиға жазылады.
Қылығымен, мұңымен базыналы,
Күрделі де өмірім, қазыналы.
Қуаныштың кестелеп суретін,
Танытса екен адамдық құдіретін.
Ізгіліктен түскен із көп болса екен,
Қалғанының табармыз бір ретін...

1980-1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жүрегіммен жеке қап өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Жүрегіммен жеке қап өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жүрегіммен жеке қап өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Жүрегіммен жеке қап өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері