Абайдың ақбоз үйінде – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Абайдың ақбоз үйінде» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 808
Көзін тіккен шартарап,
Ақбоз үйі Абайдың.
Шаңырағына
Шалқалап,
Қайта-қайта қараймын.
Көтеріп ой азабын,
Қасіретке көнді Абай.
«Қалың елі қазағын»
Бүгін көрсе... дер қалай?
Сілкінбейік қалайша,
Айналамыз толы аңыз.
Бәріміз де Абайша
Ой толғаған боламыз.
Сөйлегенде топшылап,
Май тамызар тіл ғажап.
Ортамызда жоқ бірақ
Күпі киген бір қазақ.
Шығарғандай күнді өрге,
Сілтеп отыр талай жан.
Біреу үшін бұл жерде
Ұяласың Абайдан.
Сабаздарды санайды
Кеткен үміт ақтамай.
Бізге сынай қарайды
Әміршідей ақ сарай.
Алдымызда бар мәзір,
Сөз – дария, ой – теңіз.
Абай атам дәл қазір
Кіріп келсе... қайтеміз?!

1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері