Мұқағали – желтоқсан
І
...Шама жоқ Жаратқанмен таласатын,
Қарсы алар жiберсе де ғарасатын.
Есiгiн екi дүние кезек ашып,
Кезiп жүр кең жаhанды елес-ақын.
Фәнидiң шақырды ма зобалаңы,
Жұмақтан жерге қарай домалады.
Зәнталақ не болады,
Не болады,
Жалғасса жан азабы одан ары?
Түнекке аттанғаны – әлдеқашан,
Жасаған, жарар едi алдамасаң...
Көрiнбес құдіреттiң ғайып құсы,
Қалықтап түсер екен жерге қашан?
Белгiсiз – фәниде ме, бақида ма?
Килiктi шым-шытырық уақиғаға.
Тынымсыз шыр айналған өмiр-өлiм
Ұқсайды сиқырлы бiр сақинаға.
Соғады қайда апарып мына сүрең,
Дүние алмаса ма расымен?
Қайтадан Алматымен жүздесе ме,
Шөл басып қызылкүрең сырасымен?
Әйтеуiр көрiссе екен,
Көрiссе екен
Жыласып Қарасаздың тұмасымен.
Құдай-ау, шығып кеткен көкке неге,
Мұны әлде жер-бесiгi жек көре ме?
Бақиға бауырыңнан ұшып кеткен
Балаңа, ей, Алатау, өкпелеме!
Кеңсайда жатыр, әне, тас құндағы,
Тiл қатпас тас түнектiң астындағы.
Жалғаннан жаhаннамға өткеннен соң,
Тамшыдай танылмай тұр тасқындағы.
Бөлiнген жаны мұнда, тәнi қайда?
Шынымен өзiн-өзi танымай ма?
Киесi қасиеттi өлең-жырдың,
Иесi ұлы рухтың қалың ойда...
Тас-талқан – ойлағаны, тiлегенi,
Не деген қарғыс атқан түнек едi?
Жұтып ап жұлдыздарды самаладай,
Көрсоқыр мешкей аспан түнередi.
Тәнтi едi таңғажайып тағдырына,
Алланың жүзiп жүрген ақ нұрына.
Кенеттен қайдан ғана түсiп кеттi
Түбi жоқ тұңғиыққа ендi мына?
Қара бұлт қалбаңдайды жан-жағында,
Жүнiндей албастының алба-жұлба.
Шаhардың үстi толған қарға-құзғын,
Қаhарын төккен бе әлде Алла мұнда?
Құжынап құбыжықтың бәрi осында,
Бәлекет жынмен ауыз жаласуда.
Сұрапыл – жер мен көктiң арасында,
Шырылдап перiштелер адасуда.
Япыр-ау, мұнысы не, мұнысы не?
Тәңiрдiң таңырқайды бұл iсiне.
Бiр сәуле iздеуменен жұбанарлық,
Үмiтпен үңiледi түн iшiне.
Түксиген үрейлi түн сұрқы жаман,
Шығады ащы дауыс шырқыраған.
Қаланың қақ ортасы азан-қазан –
Қызыл өрт, қара түтiн бұрқыраған.
Кешегi гүлге оранған жоқ астана,
Қалғандай сұлулықтан елес қана.
Көшелер аза тұтып азынап тұр,
Қаралы Алматысы, не масқара?
Ашынған асау толқын кең алаңда,
Атойлап тепсiнуде зобалаңға.
Сұстанып, сары аяздай шашады ызғар,
Сұп-сұр үй бет қаратпай жан адамға.
Қалың жас лапылдаған отты кеуде:
«Әдiлдiк! Әдiлдiк бер!» – деп тiлеуде.
Алшайтып арамдықтың бөркiн киген,
Төбесi қиянаттың көк тiреуде.
Сұр иттей сумаң қағып сақшылары,
Сұстанып сызданады хатшылары.
Ажалға кiрпiк қақпай қарсы жүрдi
Жанкештi жалпақ жұрттың жоқшылары.
Қақаған қарлы боран, ақ қырауда,
Алдынан мұздай сумен атқылауда.
Өңкей бiр темiр аяқ, темiр таяқ
Аяусыз тепкiлеуде, соққылауда.
Сенделiп сең соққандай сансырауда,
Кiм келер қысылғанда хал сұрауға?
Жаратқан, жар бола гөр,
Жар бола гөр,
Қиылып қыршындары, қансырауда.
Қалайша байқамаған бұрындары,
Ит екен. Иттен туған бұның бәрi.
Жендеттiң қолында жүр бұратылып
Бүлдiршiн қыздарының бұрымдары.
Құрыққа iлiнгенде құлындары,
Атылды ата кектiң тығындары.
Кiм бiлсiн жерде кiмнiң естiгенiн,
Әуеде Мұқағали шырылдады.
Қынадай қырылады-ау бала-шаға,
Түспесе өзi барып арашаға.
Қарап тұр империя терезеден,
Колбиннiң көзiменен «тамашаға».
Биiкте бұғып отыр қара қабан,
Сескенiп аласұрған заманадан.
Iшiнен айтақтайды көп иттерiн,
Алаңды қамалаған, абалаған.
Дүлей күш билiк деген мiнген атқа,
Құлқы жоқ көптiң сөзiн тыңдамаққа.
Жастарды қызыл ала қанға бөккен,
Дамылсыз сүйрелеуде түрме жаққа...
«Уа, баба, Райымбек, Райымбек!
Сеп болар жалғыз өзiм сыңайым жоқ.
Қозғалып түгел аруақ қолдамасақ,
Алатау теңселiп тұр құлайын деп.
Суалып тiршiлiктiң алтын бағы,
Теңiзiң түнерiп тұр тартылғалы.
Жәннатта қалай шыдап жата аларсың,
Ұрпаққа зауал төнсе артыңдағы?!
Аталар, аттаныңдар, аттаныңдар,
Аузында ұландардың аттарың бар.
Ұл-қызың медет тұтып сыйынуда,
Белдескен батырларға жақ болыңдар!
Жәдiгөй бетiн ашып ақырында,
Жұртыңды су түбiне батыруда.
Аруақтар, ояныңдар барлығың да,
Тiрiлер шақыруда, шақыруда!
Қайдасың Хан Абылай, Ер Қабанбай,
Күн туды ел басына әлдеқандай!
«Баласы барлық ақын бiр ананың»,
Сендер де тез жетiңдер жолда қалмай!»
...Шарлады шырқ үйiрiп түн қабатын,
Аруақтың байлап қояр кiм қанатын?
Шешiлмес жұмбағы көп дүниенiң
Тиянақ, тиегi боп тұрған ақын.
Шертумен шежiресiн тау-тасының,
Шер буып еткен едi жантәсiлiм.
Арқалап ендi ұшып жүр қанша сырын,
Өлi мен тiрiлердiң баршасының.
Жар салып, жақындарын шақырды да,
Жiбердi жер мен көктi сапырды да.
Аспанда жебеушiлер – жанашырлар,
Астында жанталас боп жатыр мына.
Аруақтар алаңдайды, алаңдайды,
Қалмаса қыр соңынан арам қайғы.
Жамылып Қарқараның қасiретiн,
Жәмеңке, Ұзақ батыр қараңдайды.
Әрiден қара дауыл борандайды,
Әттең-ай, адам қайта жаралмайды!
Алдаспан Кенесары желкесiнде,
Жыландай ысқырады, жалаңдайды.
Шұбырған қаралы көш шаң бередi,
Еңiреп көш соңында шал келедi.
Қосылып Нысанбайдың дауысына,
Жоқтайды қара қобыз Хан Кененi:
«Қырсық түспей желкеден,
Зар төгемiн ертеден.
Қызыл тiлiм – қара қыл,
Көкiрегiм – шер-шемен.
Опасы жоқ жалғанның
Жал-құйрығы келтеден.
Боздағанда шанақпын,
Үнсiз қалсам – қалақпын.
Ақсұңқардың баласын
Құзғындарға талаттым.
Бүйтерiң бар, құдайым,
Баста несiн жараттың?
Шанақ емес – қобызбын,
Қайғыменен егiзбiн.
Хас тұлпардың тұқымын
Қасқырларға жегiздiм.
Алтын басын табам ба,
Түбiн тiнтсем теңiздiң?
Қара түнмен таластым,
Хан иемнен адастым.
Ханмен бiрге құлады
Азаттығы Алаштың.
Отқа жансам болмай ма,
Қобыз емес – ағашпын!
Ағаш емес – қазақпын,
Көп емеспiн, аз-ақпын.
Қара жердiң үстiнде,
Астындамын тозақтың.
Кiсiнеуiн қарашы
Хан ием мiнген боз аттың!»
...Аңыраған ащы зардың жалғасы кеп,
Жартасқа соғылады Алласы жоқ.
Ақындар күңiренедi Абай бастап,
Көбiнiң кеудесiнде қорғасын оқ.
Ақындар не кешпеген, не көрмеген?
Көрiп тұр қан-қасапты көгендеген.
Келiп тұр бұлттай боздап Асанқайғы,
Ақ басты желмаясын шөгермеген.
Түбiнде жүрегiнiң мұң жататын,
Келiп тұр Махамбет пен Дулат ақын.
Аруақтар ашуына шындап мiнсе,
Түрi бар жер мен көктi тулататын.
Жердегi өмiр өртке шарпылуда,
Көктегi әулиелер шарқ ұруда.
Тылсымның тұңғиығы астаң-кестең,
Жетi қат бiр-бiрiне тартылуда.
– Уа, Муза! Муза! – дедi, аласұрды,
Зұлматқа қарсы ағызбақ қара суды.
Найзағай күркiредi жасын ойнап,
Әйгiлеп аспандағы бар ашуды.
Көз жұмып, кiмге сенген, кiмге сенген,
Кiм келiп құтқарады бұл кеселден?
Сәуленiң ұшқыны да жылт етпейдi
Әлемдi жарылқағыш күн көсемнен.
Алданған алапатқа тентiреткен,
Ақ көңiл, аңғал едi халқы неткен?
Сұлбасы Сталиннiң сес бередi,
Мұрты мен қабағына қан түнеткен.
«Бармысың, «Мавр-Фред», «Мавр-Фред»,
Адыра қалған жоқ па не бiр тiлек?
Бәрi де сенгенiнiң өлiмсiреп,
Ортадан опырылды темiр тiрек.
Уа, Пушкин, сеземiсiң, сардар аға,
Сен жақтан зауал соқты сар далама!
Сенбесең, судай аққан қанға қара,
Бар үмiт сенде ғана, сенде ғана!
Ей, Сергей, ойран салды перiлерiң,
Перiңнен көрдiң бе жұрт жерiгенiн?
Түскенде сергелдеңге серiк едiң,
Сырласым, сенен қалай бөлiнемiн?
Жүзiме тура қара, кел, шошыма,
Достықтың, татулықтың сертi осы ма?
Тас тыққан тұқымдарың қалтасына,
Халқымның қанжар ұрды қолқасына!
Елiмнiң естiгенше жылағанын,
Құрдымға неге ғана құламадым?
Бауырлар, тапсаңдаршы бiр амалын,
Сендерден сұранамын, сұранамын!
Бәрiне жердегiнiң аспан жаршы,
Түсер ме қолдан кiсен, бастан қамшы?!
Бiлемiн жайларыңды, тым болмаса,
Тажалдың көзiн байлап тастаңдаршы.
Жыртқыштар қан уыстап қанасынан,
Хайуан боп қалай туған анасынан?..
Түрменiң түкпiрiне тығып алып,
Жан шошыр жалаңаштап сабасынан.
Балаған ағасына – панасына,
Бұлар да большевиктiң баласы ма?
Осылар емес пе едi отандасы –
Көзiнiң ағы менен қарасы да...»
Төгiлiп тас жылайды тауындағы,
Егiлiп орман-тоғай бауырдағы.
Мәскеуге Момышұлы ақырады,
Буркасы желмен ойнап сауырдағы.
Молайып мұң мен зардың дариясы,
Өкiнiп отыр Жамбыл қариясы.
Кiм үшiн өлгенiне жiп таға алмай,
Боздайды Мәншүк пенен Әлиясы.
Жырлаған Мұқағали кiмдi кеше?
Тұншығып талықсиды түн бiресе.
Сәкен мен Iлиястар елестейдi,
Соққының тиген жерi күлдiресе.
Шын аты абақтының – азапхана,
Азаптың құрбандығы қазақ қана.
Қазақты қазақ отқа сүйрелесе,
Ей, тағдыр, мазақтама, мазақтама!.
Сорың да, соқпағың да жеке-дара,
Бұл заман не боп кеттi, Сәкен аға?!
Зулаған «Қызыл сұңқар», «Экспресс»
Қиямет – қылкөпiрден өте ала ма?
Қызылдар қызыл етке болды жерiк,
Тұрсың ба, Iлияс аға, ендi көрiп?
Сойылып Құлагердiң құлындары,
Ақсуың атып жатыр қанды көбiк!
Қалайша шыдайсыңдар шамырқанбай,
Тәңiрден түстi ме әлде әмiр сондай?
Жалғанда жамбасақың өтелмейдi,
Түрменiң түкпiрiне қаның тамбай.
Төндiрген тұтқиылдан тiрiге өлiм,
Тажалдың тiсiн көрiп түңiлемiн.
Сендердi шегелеген орындықта
Бүгiлiп отыр, әне, iнiлерiң!
Қадалып қастандықтың оғы тура,
Қапастың көмейiне тоғытуда.
Таянып төбемiзге ақырзаман,
Құлағын топан судың ағытуда.
Бәрi де бiр Алланың бұйрығында,
Осылай ширығуда, ширығуда.
Қараса, Мағжан ақын келе жатыр,
Жарқырап аққан жұлдыз құйрығында.
Ақынды жiбергендей күннiң өзi,
Шамданып, тұлданады түн мiнезi.
Жанады жұлдыздарға шағылысып,
Мағжанның маржан төккен мұңлы көзi.
Жұлдыздар жамыраған аты көкте –
Арыстар жаны бiрге ақыретте:
Келедi шоғырымен шұғыла шашып
Әлихан, Сұлтанмахмұт, Ахмет те!
Шәкәрiм, Жүсiпбектер, Мiржақыптар –
Алашқа аңыз болған кiл жақұттар.
Ал, кәне, Мұқағали, алдынан шық,
Кiм бiлсiн, келе жатқан бiр бақыт бар!
Тигiзер шапағатын солар саған,
Бiр жұмбақ осы шығар сен аңсаған.
Өшкенiң қайта маздап қалар мүмкiн,
Табылып жоғалғаның жол ортадан.
Көк дауыл көтерiлдi сен көрмеген,
Түсiрме желкенiңдi жел кернеген.
Өмiрмен жасырынбақ ойнайды ақын,
Әйтпесе, әншейiн сөз өлген деген.
Маңдайдан сор арылған жоқ демесең,
Бiр қайтар қас дұшпанда кеткен есең.
Құдайға, халыққа да қолғанат боп,
Жасайсың жерде де сен, көкте де сен!
Пайғамбар Гүннен туған – Күн ұланы,
Қағады қара түннiң жынын әлi.
Сарқыты Махамбеттiң – Мұқағали,
Мағжанды сен ұқпасаң, кiм ұғады?!
Бiр тылсым құштарлықпен ақындағы,
Мағжанға Мұқағали жақындады.
Тәңiр-ау, бекер екен, бекер екен
Мағжанды шыңырауға батырғаны!
Сыймаған басы тағдыр ноқтасына,
Түрменiң тартты Мағжан қақпасына.
Күңiренiп осы сәтте сала бердi
Қиырда Күлтегiннiң көк тасы да.
Аруақтың ұмытылмас аманаты,
Өшкенше жер бетiнен адам аты.
Жатқандай аза тұтып сол дауыстан
Оянып көне Түрiк қағанаты.
Дәуiрлер шаң боратып тозаңдаған,
Қайғыға қайғы ұласты озандаған.
Жауыздар жанталасты бұл қазаққа
Әлi де көрi бардай қаза алмаған.
Қосылып қарлы боран үсiкпенен,
Қастандық қыңсылайды күшiктеген.
Көз жазбай Мағжан ақын қарасынан,
Келедi Мұқағали түсiп төмен.
Алапат түрмеде де, алаңда да,
Торғайдай шырылдайды тамам бала.
Мұндайда мiз бақпайды, алшаңдайды
Қанды көз, қара ниет, арам ғана.
Бәрi де бiткенi ме шыныменен,
Деп пе едi шыныменен мұны көрем?
Алматы өртке оранып түнiменен,
Көкке ұшып кетер ме екен күлiменен?
Алматы қалтырайды сұрқы қашқан,
Мәскеудiң мысы басып мылтық асқан.
Намыстан назаланды Мұқағали,
Үндi естiп шыңыраудан шырқырасқан.
«...Күңiрентiп түсiргенде көктен менi,
Халқымның осы ма едi жеткен жерi?
Жағасын жалпақ жұрттың қандағанда,
Шетiнен iнге кiрiп кеткен бе ерi?
Байланып қалған ба әлде тасқа бәрi,
Жұбаннан қайда мұның басқалары?
Кiрмейдi көрге неге қаптаған шал,
Бергенше қойдай тiзiп жас баланы?
Айтпақшы, Олжас қайда, Олжас қайда?
Алыптың жағасына жармаспай ма?
Көрмесе қорланғанын қалың елдiң,
Жанарын ақындардың шел баспай ма?!
Шырматып қол-аяғын албастыға,
Шегелеп тастады ма Олжасты да?
Аруағы көтерiлген халқым менiң,
Түнектiң түсе қоймас ендi астына...»
Кенеттен, уа, құдiрет, тiрiлер ме,
Көрсетiп өрт шалғандай түрiн елге?
Құлаған баудай түсiп боздақтардың
Орнына өзi барып тiгiлер ме?
Булықты бәрiн көрiп, бәрiн көрiп,
Жан алып жатыр жастар, жанын берiп.
Армансыз бiр шайқасып арсыздармен,
Қайтадан кетер ме едi қолында өлiп?
Қырсықса, дүние қайта дөңгеленер,
Тағы да табытқа сап, көрге бөлер.
Аспанда құдай жалғыз, жерде қазақ,
Жаратқан, жалғызыңа жар бола гөр!
Жалғыздың белi сынса демде шөгер,
Жанашыр, бар болсаңдар селбесе гөр!
Толқынды арпалысқан өзi бастап,
Қасқайып тұрмас па едi өлмесе егер?!.
II
Үрейлi үңiрейген түрме түбi,
Түрмеде қияметтiң қылкөпiрi.
Тебендей шаншылады тергеушiлер,
Секiлдi сатқындықтың бiр кепiлi.
Сақшысы, прокурор, соттары да
Айналған саясаттың шоқпарына.
Боздатып бауырларын өз қолымен
Түрменiң тығып жатыр оқпанына.
Үкiмi әлдекiмнiң оқылуда,
Бұйырды бүлк етпестен атылуға.
Байқаса, Мағжан ақын қаhарланып,
Сазарған сотқа қарап ақыруда.
Япыр-ау, Мағжан ба өзi, Мағжан ба өзi,
Жасарып кеткенi ме тарлан бозы?
«Ел үшiн еркек тоқты құрбандық!» деп,
Шатынап от шашады жанған көзi.
Бiресе Мағжан емес мына тұрған,
Жас жiгiт жолбарыстай тiк атылған.
Қайнайды «Атам десең, атыңдар!» деп,
Қаймықпай қарсы соққан сұрапылдан!
Түссе де бағынбаған басқа құрық,
Сен неткен ғаламат ең, асқақ рух!
Лағынет!
Лағынет саған, ей, зұлымдық –
Аранын аждаhадай ашқан ұлық.
Жортады қараңғыда қас қылғалы,
Қанды ауыз қиянаттың қасқырлары.
Алдында қастандықтың қасарып тұр
Ең соңғы Бостандықтың жас құрбаны!
Жұтқандай жалмауыздар ертедегi,
Жөнелтер жаhаннамға ертең оны.
Күндердiң масқараға куә болған,
Ұяттан бетi күйiп, өртенедi...
Көресi көрер екен қазақ қанша,
Зорлықтың қанталаған көзi аққанша?
Қарыздар ата-баба киесiне,
Осыдан күнi туып, азат болса!
Аруағы бабалардың тебiрендi,
Аунады арпалысқан өмiр ендi.
Аспанның көкiрегi қақ жарылып,
Жұмақтан жақсылықтың лебi келдi!
Желтоқсан ызғары тұр шарпып әлi,
Мұзбалақ Мұқағали шарқ ұрады.
Шашырап шартарапқа жан шуағы,
Сәуледей дiрiлдейдi тамшыдағы.
«Мейiрiм төгер болсаң, уа, Жаратқан,
Халқымды құтқар, – дедi, – ғазауаттан».
Көк байрақ жарқылдады көктен сонда,
Үзiлген көк жалындай ғажап оттан!
Киелi Көк байрақ кеп қонды жерге,
Қанатын дүрiлдетiп кердi желге.
Ақ бұлттай бiр ақсақал бата бердi,
Жиналған ту түбiне барлық елге!
Тiрiге танытпастан өзге сыңай,
Рухтың Болашақпен кезедесуi-ай!
Көп өтпей Тәуелсiздiк келетiнiн
Сол сәтте Мұқағали сездi осылай.
Тыншыды ұлы сезiм аласұрған,
Ертеңгi елiн көрiп, бағы ашылған,
Қия алмай Алматысын үш айналып,
Асты да ғайып болды ала шыңнан.
Артына алаңдамас ендi бiлем,
Қарсы алар жәннат оны зер гүлiмен.
Аруақтар емес пе деп елеңдеймiн,
Ғарыштың жұлдыз ақса зеңгiрiнен!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі